Алдан Смайыл: "Ұлытаудағы Елбасының сұхбаты уақыттан ұтылуға болмайтынын аңғарта түсті" Таңдаулы

Алдан Смайыл, Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы                         АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен айда Жезқазған өңіріне сапарлаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде сұхбат беріп, ұлт туралы толғаныстарын жұртшылыққа жеткізген еді. Сұхбат барысында бүгінгі экономика мәселелерінен бастап, ұлт тарихы, тіл тағдыры, дін ахуалы төңірегінде әңгіме өрбіген болатын. Қазақ елінің киелі мекені, рухани орталығының бірінен саналатын Ұлытаудағы Елбасы сұхбатының бір төркіні төл тарихымызға байланысты еді. Осыған орай, Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайылмен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

 

- Алдан Зейноллаұлы, Елбасының Ұлытаудағы сұхбаты тарихқа қатысты біршама жайтты аңғартқан тәрізді. Сіз не түйдіңіз?

- Президент Н. Назарбаев Ұлытаудағы сұхбатында шындығында біздің тарихымыздың терең екендігіне жан-жақты тоқталды. Жалпы қазақ тарихын, оның ішінде түркілердің, біздің ата-бабаларымыздың тарихын өзімізден гөрі өзгелер көбірек зерттеген екен. Ал осының бір кемшіні - тарих та қолмен жазылады, адам қолымен. Расын айтайық, күні бүгінге дейін біз өз тарихымыздың тұңғиық тереңіне бойлаған да емеспіз, арғы жағында не жатқанын ойлаған да емеспіз. Ұлы даладағы алғашқы тайпалардың, ұлыстардың қай жерді жайлағандығы, олардың басынан қандай оқиғалардың өткендігі, бабаларымыздың кіммен шекараласып, кіммен шайқасқаны, алысқаны, олардың наным-сенімі туралы деректерді біз көбінесе Қытайдан, Еуропа елдерінен іздеп келе жатырмыз. Тіпті, қолда бар, анық-қанықтың өзін жаңғырта алмай келеміз.

- Бұған не себеп сонда?

- Себеп көп. КСРО кезінде арнайы түркология зерттеулері бар еді, «Кеңестік түркология» атты журналы да шығып тұратын. Осы төңіректе жұмыс істеген ғалымдар әсіресе, Лев Гумилев секілді ғалымдар қазақ тарихын идеологиядан тыс, таза зерттеуге тырысты. Гумилевтің өзі ғұндар тарихын көп зерттеп, алғаш рет халықтардың ұлы көшін ұйымдастырған да, соған себеп болған да ғұндар екенін дәлелдеді. Егер біз жер бетіндегі ең алғашқы империя қайсы дейтін болса, онда ғұн империясын атауымыз керек. Сол империяны құрған, ғұндар көсемі - Еуропада Атилла аталған Еділ патша. Бұның өзі ғұндардың түп атасы болған Мөде ханның ұрпақтары ғой. Ал осы тарихты біз қай жағынан алып қарадық? Оны біздің мемлекетіміздің бастауы деп қарадық па? Жалпы тарихымыздың бір кезеңі деп қаралды ма? Міне, мәселенің бәрі осында тұр.

- Сонда мемлекеттігімізді қайдан бастауымыз керек деген маңызды сұрақ туындайды?

- Шын мәнісінде біз мемлекеттігімізді Тұмар ханымды тарих сахнасына шығарған сақтардан бастауымыз керек. Сақ мемлекеті болғаны рас, олардың парсыларға, гректерге қарсы жойқын соғыс ашқаны да рас. Өйткені, Дарий, Кир патшаларына, Ескендір патшаға қарсы жойқын соғысу тек мемлекет құрған елдердің қолынан ғана келетіні айқын. Ал мемлекет дегеннің өзі - бір орталыққа бағынған, бір орталықтан басқарылатын, қазіргі тілмен айтқанда армиясы, жері, шекарасы бар ел. Міне, сол заманда сақтар осындай мемлекеттілік деңгейіне жеткен болатын. Біз содан бастауымыз керек. Дегенмен, шынын айтайын, біздің тарихшыларымыз бір жағынан осыны зерттеп, дәлелдеп жатса, екінші жағынан бір зиялыларымыз оның бәрін жоққа шығарып бағады. «Сақтың қазаққа қатысы қанша? Ғұн кім, біз кім?» дейтіндер бар. Соның салдарынан біз, тарихымызды, мемлекетімізді бергі жаққа, бірден Керей мен Жәнібек ханға қарай сүйретіп әкелдік.

- Әйтсе де, тарихты беріге емес, арыға апарудың тетігі қайсы?

- Мен Мәжілісте жүріп осы Еуропаның талғамы жоғары жұртшылығына кеңінен таныс Атилла төңірегіндегі мәдени-рухани дүниелерді Қазақстанға әкелу туралы мәселені бірнеше дүркін көтердім. Италияның әлемдік деңгейдегі атақты композиторы Джузеппе Вердидің «Атилласы» Рим сахнасынан күні бүгінге дейін түскен емес. Әлемнің таңдаулы сахналары да, көршілес елдер де соны қойып келеді. Ресейдің Марий театры да қойды. Бұл біздің Астана опера театрында да кейіннен қойылды.

Ал мұны айтып отырған себебім, біз тарихымызды түгендегенде, дәлелдегенде оның бәрі сол күйі қалып қоймай, мемлекеттігімізбен, ұлттық өзегімізбен байланысты фактілер көркем-өнердің барлық жолдарымен жаңғырып, жұртшылыққа жақыннан насихатталуы керек. Ұлт тарихы тарихшының айтуымен, жазуымен ғана санаға сіңірілмейді, өйткені тарихшы деректі ғана айтады. Ал тарихты жұрт санасына жеткізетін, оны дәріптейтін, танытатын, халықтың мақтанышына айналдыратын сала - көркемөнер. Сосын Астана опера театрында «Атилланы» қойдық, осымен бітті деген де болмайды. Біз сақ заманынан бері қарайғы тарихымызды том-том болатын киноэпопея етіп түсіруге тиіспіз. Қазақтың телеарналары қайталай-қайталай Қытайдың Шыңғыс ханы мен Құбылай ханын, Түріктің Сүлеймен Сұлтанын, кәрістің тағы бір тұлғаларын қоя бергенше осыған ден қоюға тиіс еді.

Сосын бізге «Көшпенділер» секілді жарқ етіп шықпай жатып сөнетін кинолар қажет емес, кассалық дүние жасаймыз деп шетелдік актерларды шақырдық, соңынан «боевик» жасап алдық. Не ұттық? Кімнен не сұраймыз? Бала, жасөспірім не сіңірді? Түсініксіз!

Осы тұрғыдан алғанда, бізге классикалық тұрғыдан тарихи шындықты сақтай отырып, көрерменді әрі тарихқа әрі сол кездегі шындыққа қанағаттандыратын дүниелер ұсыну жетіспейді. Жұрт киноны көре отырып, сол кездегі ұлт басындағы трагедияны түсінуі керек, қайталанбас үшін қателіктерді көзімен көріп, санасымен сезінуі керек. Ал осының бәрін жасау үшін үлкен бюджет керек. Ұлытаудағы сұхбатқа орала отырып, Үкіметке айтатын базынамыз да осы.

Ақыр аяғы біз Үкіметтен бастап, қарапайым шенеунікке дейін осы іске жұмылып, өз жоғымызды өзіміз бүтіндеуге кіріссек қана, Елбасының Ұлытаудағы сұхбатында айтылған тарихын әспеттей аламыз. 

- Кино мен тарих демекші, Елбасы осы бір кездесуінде «Сұлтан Сүлеймен» секілді тарихи тұлғаларға арналған фильм түсіру  мәселесін де айтқан еді. Сіз бұндай тұлғаларға лайықтылардың қатарына кімді қосқан болар едіңіз?

- Шындығында, ұлт тарихы туралы көркем дүниелерді түсіру туралы мәселені Президент бір емес, бірнеше мәрте айтты. «Қазақфильм» миллардтаған долларға жаңа жабдықтар сатып алды, жаңа ғимаратқа көшті. Алайда Елбасы тапсырмасы еш орындалмай отыр. Неге? Ықылас жоқ па, қабілет жоқ па? Ықылас, қабілеті төмен адамдар ол жерде отырмауы керек! Ұлттың ісі болғандықтан ол жерге қолынан іс келетін, жан-жақты, қабілет пен дарыны жоғары, министрге дейін тікелей сөйлесе алатын абыройлы адам отыруы керек. Өйткені, тарих ешкімді де, ештеңені де тосып тұрмайды. Бір ғана «Жаужүрек мың бала» фильмі елдің, жастардың рухын қалай көтерді? Әрине, бұл фильм де кемшіліксіз емес, алайда ол фильмде ұлттық рух жатыр. Өзіміздің актерлер, өзіміздің сценарийшілер, бөтен ешкім жоқ. Шеттен ешкімді шақырған емеспіз, нәтижесінде жас таланттар қалай жарқылдап шықты. Шынайы ойнады. Осы фильмді көрген  жастардың өзі бір серпіліп қалды, ұлттық мақтанышы ояна бастады.

Президент айтпақшы «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Сондықтан да, біздегі ұлт көсемдеріне арналған фильмдерді қаптатудың уақыты жетті, өтіп те бара жатыр. Ал «тарихи туындыларға кім лайықты» дегенге келсек, мені тыңдайтын болса, сонау сақ заманындағы Тұмар ханымнан бастау керек дер едім. Әлем таныған, ел басқарған Тұмар ханымдай әйел заты адамзат тарихында болған емес, болса да санаулы-ақ. Содан бастап бері қарай құлатсақ, Қытаймен алысып, оларға қорған салдырған ұлы қолбасшы, ғұндарды державалық күшке айналдырған Мөде туралы фильм де сұранып тұр. Одан бері Атилла бар. Құлтегін, Білге қағандарымыз, Тоныкөк те бір бөлек әңгіме. Қазақтың «Әз» атанған Тәуке ханы ше? Оның тұсында  біздің халқымыз мемлекеттілігін қайта тапқан жоқ па еді? «Жеті жарғы» секілді Конституцияны да жазды. Хақ Назар ханымыз да тұр, оның тұсында бүкіл алаш өркендеді. Әбілқайыр ханның дәурені, Төле, Қазыбек, Әйтекедей билеріміз бар. Абылай хан мен Кенесарының арасындағы хандарымыз, қол бастаған көсемдеріміз, сөз бастаған шешендеріміз - бұлардың бәрі бір-бір кинотуындыға лайықты. Тек ықылас пен қаражат керек. Ал ондай тұлғалар жай бір ғана кино емес, киноэпопеяға ұласса игі. Дегенмен, асықпау керек, сапалы жасау керек. Біз бастасақ келесі толқын жалғастырып әкетсе, әттең!

- Ұлытаудағы Елбасы сұхбаты осындай ұлт үшін игі істермен көмкеріліп кетсе дейсіз ғой сонда?

- Әлбетте, Ұлытаудағы сұхбат халықты дүр сілкіндіріп, оятып отыр. Елге айтылған уағыз секілді, жылы қабылданды, сіңімді болды. Ал енді халықтың осы сілкінісін ақын-жазушыдан бастап, драматургтерге дейін жұлып әкетпесе, бұл үлкен кемшілік болады деп санаймын, өз басым.

Сұхбатты талқылап жатырмыз, айтып жатырмыз, алайда бұл бір науқанға айналып кетпесін деп тілер едім. Талқылайық, айтайық, айта отырып білекті сыбана іске кірісетін уақыт жетті. Соған мән берелік. Сосын сұхбаттың және бір ұтар тұсы - Ұлытауды түлеттік, ұлт болып қайта құрметтей бастадық. Шындығында, қазақтың ел болып орнығуына Ұлытаудай қасиетті мекеннің тигізген шарапаты зор болған еді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Қасиетті Ұлытау - баяғыдан бергі Қазақ елінің тарихи және саяси кіндігі». Алайда, Елбасы сұхбаты болмаса, біздің былайғы жұрт қасиетті Ұлытауды да естен шығара бастағандай еді.

Осы тұрғыдан алсақ сұхбаттан түйер тағы бір ой - Қазақстанға мектеп туризмін дамыту қажет. Мұны да Мәжілісте көтергенмін. Жошы хан, Алаша хан, Ясауи кесенесі не үшін керек, балаларымыз танысып көрмесе? Бүгінгі балалар қолы ұзын әке-шешенің арқасында Еуропаның таңдаулы жерлерін аралайтын болды. Алайда, сол жеткіншектер өзіміздің тұнып тұрған тарихын, тау-тасын аралады ма? Жоқ! Өз тарихымызды аттап кетіп, басқа жаққа қызықтыруға да өзіміз жол аштық. Осы олқылықты түзетсек екен. 

Тоқ етері қасиетті Ұлытауда қасиетті сөз айтылды. Енді Елбасының сол айтқандарын тарам-тарамдап ары қарай ала кетіп, іске асырып жатсақ - құба-құп. Ең ақыры біз  бұған дейін уақыттан ұтылып келдік, енді бұлай ұтыла беруге болмайды. Ал ұтылмаудың бірден бір жолы - Ұлытаудағы сұхбатта айтылған дүниелерге дем беріп, іске кісіру.

Әңгімеңізге рақмет!  

 Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Дереккөзі

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Соңғы рет өзгертілді: 24/03/2015

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!