Талғат Бигелдинов: "Иманды адамды Құдайдың өзі қорғап жүретінін сонда білдім."

Соңғы жылдары қазақтың қаһарман ұлы Талғат Бигелдинов қоғамнан оқшау өмір сүргендей сезілді. Батырмен сұхбаттасу талай тілшінің қол жетпес мақсаты болды-ау. «Жас қазақ» ұлттық апталығында қызмет етіп жүрген кездері біз де бірнеше рет онымен тілдесудің орайлы сәтін таппадық. Атамыз да, апамыз да қаламады шамасы.

Діни басқарманың баспасөз хатшысы қызметіне қабылданған кезім. Ол кезде Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі еді. Бір күні ол кісіден Талғат Бигелдиновтың қажылыққа барғанын естіп, баяғы (сол сұхбат алу ғой) әрекетіме кірістім. Қажылық парызын өтегені жайлы хабар бізді, тіпті қамшылады. Сонда да сәті түспей қойды. Сөйтіп жүргенде Әбсаттар ағаны Шығыстану институтына шығарып салдық. Ақпан айының 19-ы болатын. ҚМДБ құрылтайында Ержан қажы Малғажыұлының кандидатурасын бірауыздан қолдап, сайладық. Ә дегенше көктем келіп, мамыр айы да жетті. 9 мамырда соғыс ардагерлерінің үйін жағалап, ахуалын сұрағыштап, науқаншыл болып кететін әдетіміз бар емес пе?

Бас мүфти бастап, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз қоштап, өткен жылы Талғат Жақыпбекұлының жанұясына бардық. Дінбасына құрмет білдіріп, Ержан қажы Малғажыұлын есік алдынан батырдың өзі күтіп алған еді. Қадамы ширақ, тың болатын. Киімін өзі киіп, кітап оқи беретін. Орындыбике апамыз ет асып қойған екен. Дастарханға отырғанда апамыз: «Ағаларыңның бөлек тамағы бар. Ол – саумалы қымыз. Тек соны ішеді», – деді.

«Біле білсеңдер, мұның сыры – саумалыда, қарақтарым», – деп күлімсіреді. «Сонда қалай?» деп таңырқай қараған түрімізді көріп, сөзін жалғады: «Әжем Қадиша марқұм 101 жасында дүниеден өтті. Үнемі саумалы ішетін. Бізге де беретін. Өзі ауру-сырқау дегенді білмейтін. Біз бала кезімізден бастап бие сүтін ішуді әдетке айналдырдық. Соның себебі ғой, Құдай жарылқап, қартайсақ та сыр бермей жүргеніміз», – деп қарқылдап бір күліп алды.       

Батырмен біраз әңгімелестік. Өзі де қуанып қалды. Біз, тіпті мәзбіз. Өйтпегенде ше? Суретін тек кітаптан көріп, теледидардан тамашалайтын әйгілі ұшқыш алдымызда отыр. Бетпе-бет сұхбаттастық. Орындыбике апамның: «Анауыңды әрі тарт, жазушы болма», – дегеніне қарамастан, ұрланып, сол әңгімені «пысықсынып», диктофонға жазып алыппын. Сұхбатты сол қалпында беріп отырмыз.

 

Ержан қажы Малғажыұлы: Талғат аға, ұшаққа отырғанда ең алдымен не нәрсе есіңізге түсетін еді?  

Талғат Бигелдинов: Ұшақта барлық адам жанын шүберекке түйіп отырады ғой. Марқұм әжем діндар болатын. Бізді имандылыққа, инабаттылыққа үйретті. Жаны таза жан болды, жарықтық. Маған мынадай бір дұғаны үйретіп, құлағыма әбден сіңдіріп тастапты. Арапшасын айтып, жаттатқызды.

Ержан қажы Малғажыұлы: Ол қандай дұға еді сонда?

Талғат Бигелдинов: «Бисмилләһи, тәуәккәлту ъалал-лаһу уә лә хаула уә лә қууатә иллә биллә».

Ержан қажы Малғажыұлы: Үйден, яғни сапарға шыққанда айтылатын дұға ғой. Мұның мағынасы: «Ей, Алла, өзіңе өзімді тапсырдым, түрлі қауіп-қатерден сақтай гөр. Тәуекел еттім». Әжеңіз сізге күшті дұға үйреткен екен.

Талғат Бигелдинов: Иә, бірақ біз оның мағынасын бала кезде түсіне бермедік қой. Қанша рет ұшсам да, ұшаққа отыра сала осы дұғаны оқитынмын. Оны орыстар түсінбейтін. «Не айтып жатырсың?» – деп сұрайтын. «Бұл менің ұшар алдындағы Құдайға құлшылығым» деп жауап берем. Аллаға шүкір, осы дұғаны айтып, аман қалдым. Дұға маған көп көмектесті. Иманды адамды Құдайдың өзі қорғап жүретінін сонда білдім.

Ержан қажы Малғажыұлы: Дұрыс айтасыз, Талғат аға! Дұға – мұсылманның қаруы деген. Қуатты болыңыз, шаршамаңыз, аға. Бізге де батаңызды беріп, дұға жасап қойсаңыз.

Талғат Бигелдинов: Айналайын, Ержан балам, жортқанда жолдарың болсын. Алла қолдасын, қарағым. Халық алдында жүздерің жарық болсын.

P.S. Содан бері Талғат Бигелдиновтың отбасымен ахуал сұрасып тұрушы ек. Дәм-тұзы таусылған екен. Не шара? Отанын қорғаған пенде о дүниеде Алланың алдында абыройы асқақтап, ардақты құлдарының қатарына қосылады деседі ғұламалар. Дәйім солай болғай.

Әкесі Жақып пайғамбар есімімен аттас. Бұл да кездейсоқ емес-ау. Соған қарағанда, Талғат атаның әжесі, жалпы әулеті дінге жақын болған секілді. Өзі де қажылық парызын өтеді. Өмірін өнегемен өрнектеген аты аңызға айналған Талғат Жақыпбекұлының жаны жәннатта болғай. Алла алдынан жарылқасын. Иманы серік болғай! Толғаныстан туған мақаланы осынау тілекпен түйіндедік.

Ағабек Қонарбайұлы                                                            Дереккөзі

 

(суреттерді түсірген – автор)

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Соңғы рет өзгертілді: 24/03/2015

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!