Аян Жұмашев: "Жастар саясатының «механизмін» түгел үйренгім келеді"

    Чешенстан президентінің Аянға жайдан-жай «құда түспегені» аян. Аян оқушы кезінен-ақ талай халықаралық жарыстарда топ жарған, талай ірі жобаларды дүниеге әкелген талапты жігіт. Олардың барлығын тізбелеп жатпай-ақ қояйық, тек соның ішінде ең сүбелі жобасы – балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Жас ұлан» ұйымы. Кезінде, балалар мен жасөспірімдер ұйымын құру туралы идеяны Елбасымыз көтерді. Дегенмен, президенттің тапсырмасымен тап осы жобаны өмірге әкелген – Аян. Кейіннен Аян осы «Жас ұлан» ұйымына жетекшілік те жасады. Волонтер болып та бірнеше мекемеде тер төкті. «Жас Отан» жастар қанатында волонтер болып, біраз жобаны жүзеге асырды. Әрине, оның еңбегі ескерілді де. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің талантты деген жастарына арналған  республикалық «Жастар» сыйлығы тапсырылғанда Аян да ескерусіз қалмады. Ол «Жыл еріктісі» аталымының иегері атанды. Сол тұста Аянды әңгімеге тартып, сұхбат алған болатынбыз. Сұхбатында Аян жұмысынан алатын ақшаның маңызды емес, бастысы, сол жұмыстан жинайтын тәжірибесінің маңызды екенін айтқан еді. «…Ақшасы маңызды емес, мен үшін басты орында – тәжірибе. Ал тәжірибелі жас далада қалмайды…» деп жауап берген Аян шынында да далада қалған жоқ. Назарларыңызға сол сұхбатты қаз қалпында ұсынып отырмыз.  

 

 – Ерікті деген кім? Алдымен осыны түсіндіріп өтсең.

– Волонтер ұғымы Батыстан келген. Осыдан жиырма жыл бұрын төрімізге озған тың тіркестің қазақша мағынасы – «ерікті» ұғымын білдіреді. Яғни, жастардың ерікті түрде қоғамдық жұмыстарға араласуы деген сөз. Еріктілердің қызметі ақысыз атқарылады. Кейде оларды көптеген ұйымдар науқандық жұмыстарға ақысын төлеп уақытша қызметке қабылдайды. Шетелде бұрыннан қалыптасқан үрдісті  әп-әдемі игеріп алдық. Дегенмен, белсенділердің қоғамдық жұмыстарға етене араласуы бізге таңсық емес. Өйткені, кеңестік кезеңде жастардың қайырымды істері ақысыз атқарылатын.


– Сені ақысыз қызмет несімен қызықтырды? 

–Бес жылдан бері қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген жастардың бірімін. Түрлі жастар ұйымдарының шараларына араластым. Өзімді онсыз елестете алмаймын. Өйткені, бұл менің сүйікті ісім. Сондықтан ақшасы маңызды емес, мен үшін басты орында – тәжірибе. Ал тәжірибелі жас далада қалмайды. Ерікті бола жүріп «Жас Отанның» үлкен мектебінен өттім. Күні кеше мектеп бітіріп келген мені қанатының астына алып, тәрбиеледі. Қарапайым хат жазудан бастап халықаралық жоба дайындау деңгейіне дейін өстім. Өз ойымды ашық айтуды үйрендім. Осылай едәуір баспалдақтан өтіп, кәсіби тұрғыда біраз «пістім».

– Қарапайым еріктіден «Жас ұлан» сияқты іргелі ұйымның жетекшілігіне қалай келдің?

– «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымын құру жөніндегі идеяны Елбасы көтерді. Президенттің тапсырмасымен дайындалған жоба бұл. Осы уақытқа дейін жиырмаға жуық жоба дайындасам, солардың ішіндегі ең ірісі, сүбелісі – «Жас ұлан». Сондықтан ұйым жетекшілігіне кездейсоқ келгенім жоқ. «Жас ұлан» туралы таратып айтсам, ұйымның басты міндеті – жеткіншектерді отансүйгіштікке баулу, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттау. Қазіргі таңда «жасұландықтар» қатарына қабылданғандар 20 мыңнан асып жығылады. Бес бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Ғылыми жоба жұмыстарымен айналысатын, халықаралық білім додаларында жүлде алып жүрген дарындыларды қолдап, сол сияқты шығармашылық жолындағы жеткіншектердің шығармашылығын шыңдау үшін әрқайсысымен жеке жұмыс жасап, шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. «Рух» деп аталатын бағыт бойынша, жастарды рухани тәрбиелеуге көңіл бөлінуде. Бұған баланы дұрыс сөйлету, дұрыс ойлау сияқты жан тазалығын жатқызамыз.

 – Жиырмаға жуық жобаның авторы екеніңді айтып қалдың. Жалпы, бір жобаны жазуға қанша уақыт жұмсайсың?

– Шынымды айтсам мен жоба жазуға сіз ойлағандай көп уақытымды «өлтірмеймін». Сенесіз бе, халықаралық додаларға дайындайтын жобаларымның өзін, байқауға бір күн қалғанда жазамын. Алдымен идеяларымды басымда әбден «қайнатып», «пісіремін». Сол ойымды қағазға түсіруге бір түн жеткілікті. Бірақ ол бір күндік шалағай дүние емес. Қайта қысылтаяң шақта «қысылып» дайындалған жұмыстың жауапкершілігі салмақты болады. Былайша айтқанда, байқау тақалған тұста стрестік көңіл күймен отырып жазылған дүниенің нобайы шынайы қалыптасады. Менің айтулы жобаларымның барлығы да бір-ақ күнде жазылған. Алда тағы бір қызу дода тұр. Жас ғалымдардың әлемдік экономикалық клубы ұйымдастырғалы отырған халықаралық конференцияға дайындық үстіндемін. «Мұнай өнеркәсібінің инновациясы» деген тақырыпта өз жұмысымды ұсынбақпын.

 – Демек мұнай өндірісінен де хабарың  болғаны ғой.  

– Жоқ, мұнай саласы менің «көсіліп шабатын» тақырыбым емес. Сол сияқты химия, физика да күрделі сала. Өзім экология, экономика және қоғамдық істерге қатысты жобалар дайындауға шебермін. Дегенмен, кейде жағдайға байланысты тың тақырыпты жазуға тура келеді. Мәселен, «Еуразия жұлдызы» Халықаралық жобалар жәрмеңкесінде де мүлде басқа саланы қаузадым. Яғни, «Қазақстандағы атом өнеркәсібінің дамуы» атты жұмысым (Ақтау қаласындағы атом электр стансасы жайында) өте күрделі болды. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бұл додада 4 мыңдай қарсыласым бақтарын сынады. Төрешілер арасында Қазақстанға жүлделі орын бермек түгілі, біздің елді елегісі келмегендер де болды. Осы жерде мен «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп, кәдімгі баса көктеп бас қоятын өжеттігіме бастым. Рас, атом өнеркәсібі туралы кейбір дүниелерден хабарым болмаса да, мен өз жұмысымды жатқа білетінмін. Жақсылап дайындалдым, қойылған сұрақтарға мүдіргенім жоқ. Көңілімді қалдырғаны, аяғымнан шалғысы келіп, мүлде тақырыпқа қатыссыз сауалдармен басымды «ауыртқандары» болды.

– Дегенмен, сен сол жолы елге олжалы оралдың емес пе?..

– Марапаттау рәсімі кезінде жүлделі бірінші, екінші орындарды атап өтіп, тіпті орын алмағандардың өзін түгел марапаттады. Қатысушылардың ешқайсысының көңілін қалдырмады. Бірақ менің атым әлі аталған жоқ. Тым- тырыс күтіп тұрмын. Жүлделі орын да, ынталандыру сыйлығы да бұйырмаған екен деп ойладым. Еңсем түсіп кетті. Осымен екінші рет халықаралық бәсекеден бетім қайтып, ренжіп тұрғанмын. Бір кезде мінбеге мені «сүріндірмек» болған төреші көтерілді де: «Бәйгеге түскен 4 мың жұмыстың ішінде жалғыз бір ғана жоба бас жүлдеге лайық деп танылды. Бұл жолы «Еуразия жұлдызы» Қазақстанға аттанады», — деп менің атымды атады. Өз құлағыма өзім сенбедім. Елге абыроймен оралғанға не жетсін!

– Бәсекелестерің көп пе?

– Былтыр жыл қорытындысында «Жастар сыйлығы» республикалық байқауының «Жыл еріктісі» атағын жеңіп алдым. Абыройлы атаққа үміткерлер аз болмады. Сонда байқадым, бәсекелестерім тым көп екен және осал қарсылас емес. Бәсекеден қорықпаймын. Қайта қарсыластарымның көп болғанын қалаймын. Өйткені, бәсеке болған жерде жұмыс қызады, сапасы да артады. Еріктілер арасындағы бәсеке аймақтарда да әжептәуір дамыған. Мысалы, Қызылордада Жандос Қалтаев деген ерікті туралы көп естідім. Негізі еріктілердің басым бөлігі – студенттер. Әрі оқып, әрі жұртқа пайдалы іспен айналысып жүрген белсенділер бүгінде біраз «ысылды».

– Алдағы жоспарларыңмен бөліссең.

– Менің негізгі мамандығым бухгалтер. Қазақ экономикалық университетінің соңғы курсында оқимын. Яғни, бес минутсыз есепшімін. Бірақ келешекте есеп-қисаппен айналысып, мамандығым бойынша жұмыс жасаймын деп айта алмаймын. Барлығын уақыт көрсетеді. Әйткенмен, бұл мамандықты кездейсоқ таңдағаным жоқ. Себебі есепші – «өлмейтін» мамандық. Келешекте жастар саясатымен айналысқым келеді. Мемлекеттік басқару ісі бойынша Мәскеудегі университеттердің бірінде оқу – басты жоспарда. Кемі 5-7 жыл жастар саясатын алаңсыз «қазып», бүге-шігесіне дейін білсем деймін. Қазір саясат мен үшін қарапайым қабырға сағатынан еш ерекшеленбейді. Себебі біз сағатқа қарап уақытты білгенімізбен, сағат тілін жүргізуде маңызды рөл атқаратын тетіктің қызметінен хабарсызбыз. Сол сияқты жастар саясатының «механизмін» түгел үйренгім келеді.

– Әңгімеңе рахмет.   

                   Ләззат Кемелбаева  

  Дереккөзі

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Соңғы рет өзгертілді: 11/06/2015

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!