Мұхтарбай Өтелбаев: "Перельман маған хабарласқан жоқ..."

 Астаналық математик-ғалым Мұхтарбай Өтелбаев әлем ғалымдары ғасырға жуық уақыттан берi жауабын таба алмай келген 7 есептiң бiрiн шешкенiн жариялады. Бұған дейiн бұл есептердiң бiрi – Пуанкаре гипотезасы деп аталатын теңдеудi Ресей ғалымы Григорий Перельман дәлелдеген едi. Ретi келгенде, бiз қазақ ғалымын әңгiмеге тартып, оған күрделi есеп жайында бiрнеше сауал қойған едiк.

– Мұхтарбай аға, жуырда сiздiң ең күрделi жетi математикалық тапсырмалардың бiрiн шешкенiңiз жайында ақпарат тарады. Әлем ға­лымдары жауабын таба алмаған бұл қандай жұмбақ есеп?

– Бұл есеп сұйықтық пен газдың жылдамдығын анықтауға арналған. Есептiң ғылымға енгенiне шамамен 80-90 жыл болды. Математикалық теңдеу Тайфунь, Цунами секiлдi жойқын табиғи құбылыстардың пайда болуын, қозғалысы мен жылдамдығын, олардың қай жерден бастау алып, қайда тоқтайтынын анықтауға мүмкiндiк бередi. Оның сыртында, есеп техника саласында да кәдеге жарайды. Мә­селен, ұшақтың қанатын жасауда, көлiктердiң жылдамдығын реттеуде де кеңiнен қолданылады. Әлбетте, ол үшiн инженер­лердiң талаптары ескерiлуi қажет. Жалпы, әлем бойынша шешiмi күрделi деп танылған бiрнеше мыңға жуық математикалық теңдеу бар. Әлемдiк математикалық конгресс осы мыңдаған есептiң iшiнен ең қиыны ретiнде 18 есептi бөлiп шығарды. Ал америкалық Клей институты әлемдiк ғалымдар шешiмi қиын деп тапқан 18 есептiң iшiнен тағы да 7 есептi аса күрделi деп бөлiп көрсетедi. Мiне, осы математикалық теңдеулер тезiрек шешi­мiн тапсын деп әр есептiң дұрыс жауабына тапқан адамға 1 миллион доллардан жүлде тiгедi. Қазiрде әлемдегi мықты деген математиктер осы есеп­тердi шығаруға күш жұмсауда. Өйт­кенi айтып өткенiмдей, бұл өмiр талабына жауап беретiн, күнде­лiктi қолданысқа жарайтын есептер.
– Ал теңдеудi шешудi сiз қашан қолға алдыңыз? Осыған тоқталып өтсеңiз.
– Дәл қазiргi уақытта дүние­жүзiнде осы есептi шешуге талпынып жүрген математиктердiң саны мың жарымға жуық. Кеңес өкiметi кезiнде Колмогоров, Арнольд, Манахов тағы басқа мықты математиктер теңдеудiң жауабын табуға тырысқан. Ал өз басым есепке докторлық атағымды қорғап болғаннан кейiн, нақты 1980 жылдардан бастап ден қойдым. Есептеп қарасаңыз, бiр есептi шешуге 33 жыл уақытымды арнаппын. 
– Мұхтарбай Өтелбайұлы, бiр есепке отыз жылдам астам уақытыңызды арнапсыз. Мұны ғылымға берiл­гендiк деп түсiнемiз бе?
– 1930 жылдары Кеңес өкi­метi қазақтың барлық көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтарын қырып салды. Оның iшiнде мықты математиктер де бар едi. Сол нәубеттiң кесiрiнен бiздiң матемтика саласының дамуы да бiршама жылға кешiккенi айтпаса да түсiнiктi. Тек 1970 жылдары ғана жастардың арасынан қолынан iс келетiн математиктер төбе көрсете бастады. Бiрақ оның өзiнде жастарды өзiмiздiң ғалымдар Мәскеуге, шетелдерге шығармайтын. Олардың орнына академик деген аты бар шал-шауқандар баратын. Соның әсе­рi­нен Одақтың ғалымдары бiздiң математиктерге менсiн­бей қа­рай­тынды шығарды. Мен осыған намыстандым. Сөйтiп, қазақтың есеп шығару қабi­летiнiң ерекше екенiн дәлел­дегiм келдi. Құдайға шүкiр, жастар сенiмдi ақтады. А.Жұма­дiлдаев, Т.Кәл­ме­нов, Ш.Сымағұлов, М.Мұсаханов, Е.Нұрсұлтанов, Р.Ойнаров тағы басқа ғалымдар шын мәнi­сiнде қазақ математиканы ше­мiш­кеше шаға алатынын көр­сеттi, дәлел­дедi. Дегенмен, әлi күнге бiздi мойындағысы кел­мей­тiндер бар. Себебi, өкiнiшке қарай, арамызда плагиатпен айналысатын ғалымсымақтар жүр. Осындай көшiрумен шұғылданатындар бiздiң ғалымдардың абыройына нұқсан келтiруде. Әрине, олар басқа саламен салыстырғанда, математикада аз. Дегенмен, “бiр құмалақ, бiр қарын майды шiрiтедi”.
– Есептiң дұрыстығын анықтауға қанша уақыт қажет?
– Шығарған есептi өзiмiздiң ғалымдар қарап жатыр. Ресейлiк математиктерге орысша нұсқасын бердiм. Бүгiнде олар да есептiң дұрыс-бұрыстығына көңiл аударуда. Ал шетелдiк ғалымдар өздерi ағылшын тiлiне аударып алып, оқуда. Бұйырса, күн жылыған бойда Мәскеуге барып, ресейлiк ғалымдарға арнап баяндама жасауды жоспарлап отырмын. Сосын жоғарыда тiлге тиек еткен америкалық Клей институтында құрылған комиссия да есептi тексерiп шығады. Егер елдегi және сырт­тағы ғалымдардың iшiнен тең­деудiң бiр жерi қате дейтiндер табылса, онда есептiң шешiмi дұрыс деген пәтуа алу үшiн екi жылдай уақыт кетуi мүмкiн. Неге десеңiз, ол адамдарға есептiң дұрыстығын дәлелдеуге де мерзiм қажет қой. Онсыз болмайды. Қазiрдiң өзiнде кейбiр әрiптестерiм менiң есебiмнен қате табуды ойлап, интернетке жазып жатыр екен. Оған мен қуанбасам, ренжiп жүргенiм шамалы. Қате табу мақсатымен оқы­са да, еңбегiме көбiрек көңiл бөлiнедi.
Негiзi, денсаулығы қалыпты, көзi жақсы көретiн жас адам қызығушылық танытып, мән берсе, бiр күнде бiр әдеби кiтапты тауысады. Математикада олай емес. Осы саланың “отымен кi­рiп, күлiмен шығып жүрген” маманның өзi толық түсiну үшiн күнiне небәрi бiр-екi бет қана оқи алады.
– Пуанкаре гипотезасын дәлелдеген Григорий Перельман атты ғалым кезiнде есептi шығарғаны үшiн берi­летiн түрлi атақ пен ақшадан бас тартыпты. Қауесеттерге қарағанда, осы ғалым сiзге хабарласып, өзi секiлдi сiзге де 1миллион доллардан бас тартуға ұсыныс жасапты-мыс... 
– Маған Перельман хат та жазбады, қоңырау да шалмады. Сондықтан ақшадан бас тарту туралы әңгiме де болған жоқ. Жалпы, менiң принципiм – бiр теңге пайда болса да, Қазақстанға келгенiн қалаймын. Ондай еңбекпен келген ақшаның бiздiң елге емес, өзге елдiң қажетiне жарауын күнә деп түсiнемiн. Сондықтан есептiң дұрыстығы анықталған соң ақшаны сөз жоқ аламын. Сосын кемпiрiм келiссе, қаражатты қазақ ғылымына садақа ретiнде бергiм келедi. Сонымен бiрге, егер осы ақша маған бұйырса, әл-Фараби бастаған Түркi елiнiң математиктерiн бiр жерден көруге мүмкiндiк жасайтын музей ашылса, соған аударар едiм деп те ойлап жүрмiн. Тек маңдай терiм сiңген ақша жемқорлардың қолына түспесе болғаны. 
– Лайым солай болғай. Ал ендi бiр-екi ауыз сөзбен өзiңiз жайында айтып өтсе­ңiз. Ғылымға қалай келдiңiз, қай жерде оқыдыңыз?..
– Қордай ауданының Қаракемер ауылының тумасымын. Бiлi­мiм жайында айтар болсам, көршi Масаншы ауылындағы кешкi мектептi 1962 жылы 20 жасымда бiтiрдiм. Содан кейiн Фрунзедегi (Бiшкек) Қырғыз мемлекеттiк университетiнiң механика-математика факультетiне оқуға түстiм. Оқып жүргенде жасым келiп, әскерге аттандым. Әскерден келген бетте оқуымды ары қарай жалғастыруды қолға алдым. Бағым бар екен. Сол кездерi бiздiң факультеттен бiрнеше адамды Мәскеу мемле­кеттiк университетiне (МГУ) ауыс­тырды. Арасында мен де бармын. ММУ-дi 1969 жылы аяқтап, 1972 жылы аспирантураны тәмамдап, кандидат атандым. Одан соң елге келiп, Қазақстан ғылым академиясына жұ­мыс­қа тұрдым. 1978 жылы докторлық қорғадым. Содан берi осы ғылым саласында еңбек етiп келемiн.        
– Әңгiмеңiзге рақмет!
 
Әңгiмелескен Өркен Жоямерген.                           Дереккөзі
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!