Сейсенбі, 10 Ақпан 2015 00:00

Жұмағали Өмiрбек: "Шетi бұзылса да, ниетi бұзылмаған ел"

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Арқалыққа барған сапарымызда, қаланың кешегiсi мен бүгiнгiсiн көзден өткерген адамдардың бiрi Жұмағали Өмiрбек ағамызға жолығып, аз-кем әңгiмелесiп едiк. Жұмекең жай ғана көптiң бiрi емес, осы Торғай өңiрiнiң рухани тiрлiгi мен мәдениетiне бiр кiсiдей араласқан адам. Кезiнде облыстық ғылыми-әдiстемелiк орталықтың директоры болып, облыстық филармонияға жетекшiлiк жасап, драма театрын басқарған кiсi. Облыс тарап кеткесiн, қалалық мәдениет бақармасына жетекшiлiк етiптi. Өнерпаздығы да сондай, ондаған ән мен күйдiң авторы. ҚР Мәдениет қайраткерi. Ең бастысы, Өзбекәлi Жәнiбеков секiлдi бiртуар азаматтың қарамағында қызмет iстеп, тәрбиесiн көрген адам.

 

Торғай өңiрi десе, ең алдымен аузымызға басқа емес, Өзекеңнiң аты түседi. Осы кiсiнiң жанында көп жүрдiм дейсiз. Шамалы әңгiме қозғасаңыз.
– Өзекең алғаш 1968 жылы көрдiм, онда ол Орталық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы едi. Мен сол жолы Амангелдi аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшылығына бекiп қайттым. Кейiн ол кiсi қызмет бабымен Арқалыққа ауысып, обкомның идео­логия жөнiндегi хатшысы болып келдi ғой. Ол жөнiнде әркiм әртүрлi айтып жүрдi, бiрақ Өзекеңнiң бұл жаққа келуi өңiрдiң рухани түлеуi үшiн баға жетпейтiн шаруа бол­ғанын соңынан бiлдiк қой..
Мысалмен айтсаңыз...
– Ұлтжандылығы ерекше бо­латын, мысалы, осы Арқалықта музыкалық драма театрын ашып бердi. Жан-жақтан актерлердi шақырды. Тiптi теа­трға директор қылам деп Қанабек Байсейi­товтi де алып келгенi бар. Бiрақ ол кiсi 3-4 күн болып, Алматыға қайтып кеттi. Сосын бiр ғажабы, әртiс­тердiң сахнада қандай киiм киетiнi, олардың гримдерiнiң қандай болу керектiгiне дейiн өзi бақылайтын. Актерлердiң сахнадағы қимыл-қозғалысына, сөз саптасына барынша мән берiп, ескерту жасап отырушы едi. Тiптi олардың күн­делiктi киетiн киiмдерi мен шаш қойысына дейiн ақыл-кеңесiн айтатын. Спектакль басталғасын, шам сөнгеннен кейiн көрiнбей ғана кiрiп, артқы орындардың бiрiне келiп отыратын едi. Егер алдыңғы жақта көрiнiп отырса, актерлер абыржып, ойнай алмай қалатын кездерi болады. Кейiн Арқалық театры барынша дүркi­реп, республикалық байқауларда белгiлi театрлармен үзеңгi қағыстырып, оза шауып жүрдiк. Сол кезде Серағаңның, Серке Қожамқұловтың бiздiң ұжым жайлы: “Мынау өзi шалғайдағы театр емес, маңдайдағы театр екен ғой!” деген сөзi әлi де талайлардың есiнде.
Сондай-ақ, облыстық филармония құрып, оның жанынан “Шертер” деген фольклорлық-этнографиялық ансамбль ашты. Сол үшiн Алматыдан Болат Сарыбаевты шақыртты. Домбыра мен қобызды қатты қуаттайтын. Бұл “Шертер” кезiнде Одақты былай қойып, шетелге де шығып, халықаралық ХII фестивальға қатысып қайтты. “Торғай әуендерi” деген өнер фестивалi өтетiн. Соның арқасында облыс көле­мiн­дегi ел-жұрт, өнерпаздар бiрiн-бiрi танитын болды. Ол ол ма, он жетi мың ғана халқы бар Арқалықта пединститут ашуға қол жеткiздi. Осының барлығы Өзекең болмаса, iске асар ма едi деп ойлаймыз қазiр.
Өзекең сол кезде обкомның үшiншi хатшысы ғана. Бiрақ сөйтiп жүрiп Торғай өңiрiнде ұлттық рух үшiн атқар­ған қызметi ұшан-теңiз. Ол кезде саясат та бұндай мәселеге ерiк бере бермейтiн. “Сен ұлт мәселесiн көтерiп жүрсiң” деп бiрiншi хатшы бетiнен қалай қақпады екен деп ойлаймыз қазiр. Мысалы, қазiр бiрiншi басшының рұқсатынсыз, оның орынбасарлары сұхбат беруден де қашады...
Ол кезде Торғай обкомның бiрiншi хатшысы Сақан Құсайынов деген кiсi едi. Көр­генi мол, көшелi адам болатын. Ол кiсi Өзекеңе барынша ерiк бердi. Тiптi кейде бас қосылған жерде: “Мен бiлме­ге­нiмдi Өзбекәлi­ден сұрап аламын” – деп, оны кәдiмгi­дей қолпаштап отыратын. Екеуiн Арқалыққа әке­лiп, Құдай тағала әдейi тоғыс­тырған сияқты. Егер Сақан Құсайыновтың орнында ақылы шолақтау басқа адам болса, Өзекеңе мұнша ерiк берер ме едi, кiм бiлсiн...
Есте қалатын бiр мi­нездерi жайлы айтып берсе­ңiз.
– Қарапайымдылығы да ересен болатын. Бiрде Иманов кеңшарында ескерткiш орнатылып, сол себептен ауылға келдi. Торғайдың тасып жат­қан кезi болатын. Өзекеңнiң үстiнде спорт костюмы, екеу­мiз серуендеп, өзен жағалап шығып едiк, бiр әйел бажылдап жүгiрiп жүр екен. Не болды десек, сиыры ұйыққа тү­сiп кетiптi. Өзекең дереу ауылға кiсi жүгiртiп, арқан алдырып, жiгiттердi жиып жiберiп, өзi бас болып, әлгi сиырды ұйықтан сүйреп алып шықтық. Жаңағы әйелге әзiлдеп: “Мына сиырды сойып тастамаңыз, обком хатшысы батпақтан сүйреп шығарған тарихтағы тұңғыш сиыр”, – деп жатырмыз.
Арқалықтың қазiргi жағдайы жөнiнде, жалпы бүгiнгi қоғам жайлы не айтар едiңiз?
– Кезiнде күйi кетiңкiреп қалған Арқалық қазiр есiн жиып, ақырындап еңсесiн көтерiп келедi. Ең бастысы, қаланың шетi бұзылса да, халықтың ниетi бұзылған жоқ, соған тәубе. Бiрақ қалаға тек қаржылай ғана емес, рухани қолдау да қажет. Бұл – сол­түстiк өңiрдегi ең қазағы көп қала. Сондықтан Арқалық бi­реуден үйренетiн емес, бi­реуге үйрететiн ұлттық болмысы бар қала болып қалыптасса екен деймiз. Торғай – ежелден өнер­дiң өзегi үзiлмеген аймақ. Бұл елден шыққан өнерпаздар қазiр Қазақстанның әр облысында еңбек етiп жүр. Осы ұрпақ жалғастығы үзiлiп қалмаса екен, Арқалықтан Ұлттық музыка академиясының фи­лиалы ашылса деп армандаймын кейде. Ұлттың кiм екенiн танытатын оның мәде­ниетi ғой.
Мына Торғай мен Амангел­дi­де математикаға қабiлеттi балалар өте көп. Ал оларды әрi қарай дамытуға, оқытуға мұғалiм­дердiң де, ата-аналардың да мүмкiншiлiгi жоқ. Дарынды бала – ұлт болашағы. Осыларға мемлекеттiк тұрғыдан қолдау керек. Қазiр екiн­нiң бiрi заңгер, полиция, мұ­найшы болғысы келедi. Қазақстан тек заңгерлер мен қыл­мыс­керлердiң елi емес қой. Ертеңгi күнi мұнай да таусылады. Сосын не болады? Экономикасы дамыған ел болу үшiн, жастардың заманауи технологияны меңгеретiн, осы заман­ға лайық кәсiпке оқыту керек.
Әкiмдер жиi ауысып жатыр. Көбi жастар. Бұларға да тәр­биенi ақсақалдар беруi керек. Ал әкiмдi көзiнше мақтап, сыртынан жамандау ешкiмге абырой әпермейдi. Шама келсе, кемшiлiгiн көзiне айту керек.
 
Сайлау БАЙБОСЫН, Арқалық қаласы                                    Дереккөзі

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Оқылды 364 рет Соңғы рет өзгертілді: Жұма, 01 Мамыр 2015 11:15
Осы категориядағы басқа материалдар: Ерлан Біләл: "Бала тілінде көбірек сөйлесек дейміз" »

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!