Өмiрбек Жұбаниязов: "Өнердi бағалауда өзбектер бiзден озды"

 Өмiрбек Жұбаниязов – Қазақстан суретшiлер одағының мүшесi әрi бiрiншi хатшысы. Бiршама уақыттан берi Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында шәкiрт тәрбиелейдi. Бұл күнде оның шығармалары Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында, РФ Мәдениет министрлiгiнде, Ватиканда, Санкт-Петерборда және Қытай, Қатар мемлекетiнiң мұражайларында, сондай-ақ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстiк Корея сияқты елдердiң жеке меншiк қорларында сақтаулы. Ө.Жұбаниязов – республикалық және халықаралық фестивальдердiң лауреаты. Белгiлi суретшiмен оның шеберханасында кездесiп, аз-кем сұхбаттастық.

– “Суретшiлер ешқашан зейнетке шықпайды” деп­сiз бiр сұхбатыңызда...

– Мен үшiн сурет салудан артық рухани ләззат жоқ. Ешкiм сенiң ой-қиялыңа тежеу сала алмайды. Еркiндiк деген осы емес пе?! Суретшiлердiң зейнетке шықпайтыны рас. Жер бесiкке дейiнгi ғұмырында қолынан қылқаламы түспей кеткен ұлы суретшiлер болғанын тарихтан бiлемiз.
Кейбiр жұрт демалу үшiн теңiз жағалап, шетел асып жатады. Ал мен шеберханамда өткiзген уақытымды демалысқа балаймын.
– Желтоқсан тақырыбына сурет салып жатқаныңызды естiп едiк. Ол шығарманы аяқтадыңыз ба?
– Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына және Желтоқсан көтерi­лiсiнiң 25 жылдығына арнап “Құрбандық” деп аталатын туын­ды салғанмын. Көрме ұйымдастырғандар әрненi желеу етiп, шығармамды көрмеге қатыстырмады. “Битке өк­пе­леп, тонын отқа жағатындардың” қатарынан емеспiн. Әр нәрсенiң өз уақыты болады.
Шовинистiк заманның салқыны бiзге де тидi. Алматыға 1987 жылы келдiм. 1986 жылы Желтоқсан көтерiлiсiне қатыспасақ та, ызғарын жан-тәнi­мiз­бен сездiк. Бұл – сол заманнан берi көкiректе пiсiп жатқан идея едi.
“Құрбандық” шығармасындағы бойжеткен – өзiмнiң қызым Ғайни. 1986 жылы туған. Қызымды бейнелеу арқылы қаһарман Қайраттар көрген заман мен бүгiнгi ұрпақтың заманын салыстырып көрсет­тiм. Әлдекiмдер айтқандай, мұны “саяси сауатсыз” жұмыс деп есептемеймiн. Оның бағасын халық бередi әлi.
Қызым Желтоқсанның құр­дасы болса, ұлым Мұратбек – тәуелсiздiктiң құрдасы. Тә­уел­сiздiгiмiзге 18 жыл тол­ғанда Мұратбек кәмелеттiк жасқа толды. Сол кезде “Кә­ме­лет” деп аталатын картина салдым.
– “Кездесу” деп аталатын картинаңызды 2002 жылы мемлекет басшысы Н.Назарбаев Рим папасы II Иоанн Павелге сыйлады. Картинаны өзiңiз ұсындыңыз ба?
– Жоқ, бұл картинамды президенттiң Рим папасына сыйлағанын студенттерiмнен естiдiм. 2002 жылы қыркүйекте едi, бiр студентiм хабар­лас­ты: “Ағай, сiздiң суретi­ңiздi президент Рим папасына сыйлады ғой. Құтты болсын!”, – дейдi. Таңданып қалдым. Кейiн бiлгенiмдей, Астанада өткен көрмеге “Кездесу” деген картинамды ұсынған едiм. Кейiн картина делдалдар арқылы сатылды. Кiм сатып ал­ғанын бiлмеймiн. Сол картинамды мемлекет басшысы ұнатып, Рим папасына сыйлапты. Мен мұны мәртебе деп қабылдадым.  
– Сiздiң “Кенесары хан” деген тамаша туындыңыз бар. Кенесарыны салуға не түрткi болды?
– Ұмытпасам, 1997 жылдары болуы керек, жердi сату туралы әңгiме шыға бастады. Жердi сату дегендi бұрын-соңды кiм естiген, қатты толқыдым. Содан әлдекiмдерге ой салу үшiн, ұлттық рухты ояту үшiн Кенесары ханның суретiн салмақ болдым. Кенесарыны ұзақ зерттедiм. Деректер жинадым, зерттедiм. Сурет сәттi шыққан болуы керек, газет-журналдарда, кiтаптарда “Ке­несары хан” картинам жиi басылатын болды. Жалпы, суретшi ғұмырында он мың сурет салуы мүмкiн. Алайда оның бiрдi-екiлiсi ғана халықтың есiнде қалады. Халықтың жадында қалған менiң бiр суретiм осы – “Кенесары хан”.
– Суретшiлердiң авторлық құқығы қаншалықты қорғалған?
– Авторлық құқық демекшi, “Кенесары ханды” Ресейдiң Алтай өңiрiнен шығатын, еркектiң қуатын арттыратын әлдебiр дәрiнiң сыртына ме­нiң рұқсатымсыз салыпты. “Абырой” авторлық құ­қық­ты қорғау ұйымының көмегiмен дәрiнiң қорабынан суретiмдi алғызып, заң бұзған дәрi шығарушы компанияға өтемақы төлеттiр­дiм.
– Бiздiң қоғамда сурет­шi­лердiң еңбегi бағалана ма?
– Қазақстандағы қадiрсiз өнердiң бiрi – сурет өнерi. Әрiге бармай-ақ қояйық, мы­на көршi Өзбекстанмен са­лыс­тырсақ, өнердi бағалауда өзбектер бiзден озды. Мәселен, Өзбекстанда көркемсурет академиясы бар. Бұл академияның ректоры ми­нистр­дiң дәрежесiнде. Тiптi қыр­ғыздарда да осындай академия бар. Ал бiзде жоқ. Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясында бiр факультет қанамыз. Күнi бүгiнге дейiн бiрде-бiр суретшi академияға ректор болып көрген емес. Әртiс немесе музыкант ректор болады.
– Шығармаларыңызды сатып, пайда табасыз ба?
– Бiзде сурет өнерi өз деңгейiнде бағаланбайтынын айттым. Менiң үйсiз жүрге­нiмнiң өзi – осының бiр дәлелi. Дегенмен, мен – өз бағамды бiлетiн суретшiмiн. Жеке коллекциясы бар, өнердi түсiнетiн танымал азаматтар менiң суреттерiмдi аттай қалап алғызып жатады. Мұнысы менiң шығармамды бағалағаны болса керек. Академияда ұстаздық еткеннен алатын жалақым пәтерақыдан артылмайды. Сондықтан салған суреттердi кейде сатып, бiр жыртықты жамауға тура келедi.
– Әңгiмеңiзге рақмет.                                                       Дереккөзі
 
Сұхбаттасқан Е.Биеке.    
 
«Құрбандық»
 
«Кенесары хан»
 
«Кәмелет»
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!