Роза Бағланова: "Мен қазақтың жiгiттерiне ғашық болдым..."

 Ән мен сұлулық бәйгесiнiң тәжiн қатар киген Алаштың ай маңдайлы аруы, әлемдегi ең әдемi әйелдердiң бiрi, Ұлыбританияда әр жыл сайын өтетiн “Әлемнiң әйгiлi әйелдерi” атағын жеңiп алған мега-жұлдыз, қазақ ханымы Роза Бағланованың өмiрден озғанына да екi жыл болды. Бұл сұхбат 1992 жылы Роза Тәжiбайқызының 70 жылдық мерейтойына орай “Қазақ теледидары” мен “Оcтанкино” арналарынан көрсетiлуге тиiстi бағдарламалардың аясында арнайы дайындалған едi. Түрлi себептермен эфирге берiлмей қалды. Әншi мен журналистiң бiрнеше мәрте кездесу нәтижесiнде даярланған осы сұхбаттың жазбаша түрiн (бейнетаспадағы нұсқасы өзiмде сақтаулы тұр) оқырманы көп “Жас Алаш” газетiне ұсынуды жөн көрдiм.
 Аты аңызға айналған ханыммен дидарласу бала кезiмнен бергi арманым едi.Себебi, әншi жайлы ата-анамнан жастайымнан көп естiгем-дi. Роза Тәжiбайқызы 1960-жылдары Аралға ән сапарымен келгенде бiздiң үйде қонақта болған. Анамның айтуынша, содан берi әкем әншiге ғашық екен...
...Cәтi түсiп, әкем ғашық болған, әлемдi тамсандырған хас сұлудың алдында, мiне, мен де қобалжып отырмын..
– Роза Тәжiбайқызы, әлем­дi түгел араладыңыз. Қай мемлекеттiң iлтипатын бөле-жара еске аласыз?
– Жер бетiнде мен бармаған ел, ән айтпаған сахна аз шығар. Қай елге барсам да, сол елдiң бiр әнiн үйренiп қайтатынмын. Чехословакия сапарында бiр қарт адам iздеп келдi. Өзiн Новакпын деп таныстырды.Қолында менiң суретiм басылған журнал мен раушан гүлдестесi бар. Ол: “Қызым, даусыңды жұрт ерекше деп мақтайды. Мынау – менiң халқымның әнi “Биле-биле”! Дос­тығымыздың белгiсi болсын, өз елiңе ала бар” деп, ән жазылған күйтабақты ұсынды. Әндi ақсақалмен қосылып бiрнеше рет қайталап айттым. Ертеңiне “Би­ле-биле” әнiн словак тiлiнде концертте орындадым. Көрермендер қошемет бiлдiрiп, залдағы халық маған бiрнеше мәрте қосылып, сахнадан жiбермей қойды. Мен айтып жүрген “Биле-биле” атты словак полькасының тарихы осындай.
Сол сапарда Прага мен Вена қалаларында менiң екi метрлiк биiк портретiм iлiнiп тұрды. Венадағы кезектi концерт аяқтал­ған соң 9-10 жастар шамасындағы бала мен жас әйел сахнаға көтерiлiп, маған баланың салған суретiн ұсынды. Ол менiң су­ретiм едi. Әйел былай дедi: “Балам көшеге iлiнген сiздiң суретiңiздi көрiп, маған балмұздақ әперме, менi мына тәтенiң концертiне апар деп, сiздiң афишадан көрген суретiңiздi салды. Сiзге ескерткiш болсын”, – деп су­ретiмдi сыйға тартты.

АҚШ сахнасында 1957 жылы ән айттым. Кеңестер елiнен келген әншiлердiң құрметiне дас­тар­қан жайылды. Мен қонақасы кешiне қазақтың ұлттық киiмiн киiп кiрiп барғанымда менi көре салып, 100 шақты музыкант “Ах, Самара-городокты” құйқылжыта тарта жөнелдi. Оркестрге қосылып, әндi орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы айрықша iлтипат көрсеттi.
 – Жетпiсiншi жылдары орыс әншiлерi “Батыста Роза Бағлановаға экзотика деп қарайды” деп айтып қалыпты. Шындығы қалай едi?
– Мен қайда жүрсем де, қазақтың әнiн ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киiмi мен салт-дәстүрiн де өзiммен бiрге өмiр бойы серiк еттiм. Кезектi бiр сапарымда Ұлыбритания елiндегi әйел басшының бiрi (Елизавета патшайым – Ұ.И.) “Қазақ әйелдерiнiң киген киiмiне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киiм байлық пен талғамды аңғартады”, – дегенi бар. Сол жолы “киiмiне қарай қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады” деген сөздiң мағынасына көзiм жеттi. Киiмдерiмдi Орталық Ко­митеттiң тапсырмасымен арнау­лы шеберлер тiгетiн. Бiрақ түсiн, үлгiсiн өзiм таңдадым.
Будапештке барғанда үлбi­реген дүрия жiбектен тiгiлген көйлек кидiм. Көйлектiң етегi мен жеңi толқын тәрiздi үш қатар желбiр. Әннiң әуенiмен қозғалған сайын, көйлек майда самал соққандай тербелетiн. Белдiң қыналып келген тұсына кемер белдiк тақтым. Белдiк таза күмiстен жасалып, алтынмен апталған.Сол бiркиер көйлектi кигенде, қуыршақтай болып жайнап шыға келетiнмiн.
– Сiзге әлемнiң қай шаһары ерекше шабыт бередi?
– Алматы.
– Будапешттегi дүние жүзi жастарының әлемдiк ән са­йысы туралы “Жанарынан нұр шашқан Шығыстың қып­ша бел перiштесiне ешкiм тең келмедi”, – деп жазыпты Бель­гия газетi “De Standa­ard” 1949 жылғы қараша айындағы санында. Қазiргi әншi қыздардың талғамы мен сахнадағы бейнесiн қалай бағалайсыз?
 – Мәдина, Роза, Мақпал талпынып жүр. Iзденедi, табиғат берген дауыстары бар...  
– Роза Тәжiбайқызы, орын­­дауыңыздағы қай ән жүрегiңiзге етене жақын, айрықша?
– “Таң самалы”, “Ақ маңдайлым”, “Әдемi-ау” – ғажап әндер. Махаббат, сұлулық, сезiм... 
– Сiзге сезiмiн бiлдiрген ер-азаматтар аз болмаған болар?
 – Иә, болса болған шығар. Бiрақ мен оларға онша сене бермейтiнмiн.
 – Нелiктен?
– Ер-азаматтың жаратылысы солай, айналайын. Өзiнiң әйелi­нен басқалар оларға керемет көрiнедi.Үйiне барған соң сенi ұмытып кетедi.
– Сонда махаббат қайда қалады? 
– Шын махаббат басқа болады, ол сезiмге сен тәуелдiсiң.
– Бiлетiндер Сiздi Сталин ұнатыпты дейдi ғой?
– Сталиннiң үйiнде арнайы шақыртумен үш рет болдым. Үш ретiнде де сол бiр кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйiнде үш ретте де байлық, барлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау едi. Екi сөзiнiң бiрi – “совет халқы, хал­қым”. Ол кiсi менi ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айт­ты.“Әйелге қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да шашын қос бұрым етiп өрiп қояды, саған жарасқандай олар да сондай ажарлы көрiнедi” деп қалды. Ол да пенде, еркек, сезiмi бар, әдемiлiктi көретiн көзi, әндi еститiн құлағы бар. Сталин қазақтың сән-салтанатын паш еткен үстiмдегi ұлт­тық киiмге де ұзақ қарады. “Грузин қыздары да ұлттық киiмде соншалықты әдемi көрiнедi” деп қайталап айтып қалды. Мен темiрдей қатал, жарты әлемдi аузына қаратқан құдiреттi адамның көзiнен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы құрметiн байқадым.
– Бұл қай жылдар едi?
– 1949 жыл. Жастар мен сту­денттердiң Будапештте өткен халықаралық фестивалiнiң лауреаты атандым. “Ах,Самара-городокты” айтып, бас бәйгенi алып қайтқан бетiм болатын. КСРО елiнiң атағын асырған сәтiм ғой.
Орамалым батар-батпас,
Қалқып қана ағады.
Сүйген жарым сүйер-сүймес,
Уақыт өтiп барады.
Ах, Самара, жас қала... (Әннiң бiр шумағын айтты...)
Р.Бағланова. 1963 ж
– Бiлетiндер тағы да Сiзге қарап тамсанғандар қатарында мемлекет және қоғам қай­раткерi Дiнмұхамед Қонаев, жазушылар Шыңғыс Айтматов, Сәбит Мұқанов, Мұх­тар Әуезов, Бауыржан Момыш­ұлы, Жұбан Молдағалиев, авиа­ция генерал-майоры, Кеңес Одағының екi мәрте Батыры Талғат Бигелдинов секiлдi аяулы тұлғалар және Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун секiлдi мемлекет басшылары да бар дейдi? 
– Иә, айтады. Айтады ғой... Ол азаматтардың бәрi жылы көзқараспен қарады. Дiнмұха­мед Ахметұлы – елдiң маңдайына жаратылған асыл азамат, ардақты аға мен қарындас ретiнде сыйластықта болдық. Зухра жеңгемiзге бiреу бiрдеңе дедi ме, бiлмеймiн, бiраз маған қырын қарап жүрдi. Димаш ағаның жары Зухра тамаша жан едi. Дiнмұхамед Ахметұлы маған әрдайым оң көзiмен қазақтың ән жаршысы, халқының ерке Розасы деп қана қарайтын.
Талғат батыр ғой, батырға бәрi жарасады. Өнерге кiм қызықпайды? Ол азаматтарды аға деп сыйлағаным рас... Жұрт та айта бередi ғой кейде... Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун әнiмдi тыңдады, дастарқандас болдым.
– Сiзден қамқорлық көр­ген, шапағаты тиген адамдар аз болмапты, Сiзге қол ұшын бергендер болды ма?
– Жалпы, менiң өмiрiмде ерекше iз қалдырған адам – әжем. Жан-жақты талантты адам едi. Тамаша дауысы бар әншi болатын, поэзияны, әсiресе, қазақ эпосын ерекше жақсы бi­летiн, он саусағынан өнерi там­ған iсмер едi. Сыр бойының дүлдүл ақындарының жырларын жатқа айтатын. Дәл бiздiң елде­гiдей сөз шеберлерiн кез­дес­тiре алмадым. Менiң әнге деген ықыласымды марқұм әжем ерте байқапты. Ол кiсi халық әндерiн де жақсы айтушы едi. Қандай әндi болсын бiр рет айтса, мен қағып алам,өзiне қайтып айтып берсем, қуанып ағынан жарыла­тын. Менiң қызым әншi болады деп мақтап, қанаттандырып қоя­тын. Анам Ақкүрiш те тамылжыта ән салатын. Мектеп ауылдан шалғай болатын. Ол кезде қыс аязды, бет қаратпайтын боранда анам менi көрпеге орап, аяғыма байпақ кигiзiп, басыма шарқат байлайтын. Бiрде жаяу, бiрде шанамен мектепке барамыз, киер киiм, iшер ас болса да жоқ. Күнде бiр адам өлiптi де­ген­дi естимiз. Бала болсам да аштан өлген адамдарды көзiм­мен көрдiм.
Мектеп бiтiрген соң 1939 жы­лы Қызылорда педагогика инс­титутына түстiм, бiрақ кенеттен әкем қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға орай сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауыстым. Осылай күнкөрiс қамымен туған елден жыраққа, Ташкентке солай кет­кенмiн... Әдетте үйдiң тiршi­лi­гiн жасай жүрiп, ән салатын әдетiм бар едi. Өмiрде күлiп жүрген, ән салып жүрген қандай жақсы. Әлi есiмде, есiктiң алдын сыпырып жүрiп әндеткен қыздың даусын естiп, өзбек филармониясының директоры “ән айтқан кiм?” деп iздеп келдi. Менiң әншiлiк өмiр жолымды, бағымды ашқан Кари Якупов әка едi. Содан Кари әканың көмегiмен Ташкент филармониясындағы мемлекеттiк әйелдер ән-би ан­самблiнде әншi болдым. 1941 жылы Мәскеу консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кеттi. Сол ансамбльмен Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсе­тiп, 1945 жылы 9 мамырда Бер­лин­дегi жеңiс концер­тiне қатыстым. Мен өзбек халқының қамқорлығын көп көрдiм.
Өзбекстаннан Қазақстанға келуiме тiкелей себепшi болған – ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев. Мәскеуде Жоғары партия мектебiнде оқып жүрген ол Өзбекстан атынан ән салып жүрген қазақ қызы бар деп естiп, арнайы iздеп келдi. “Перизаттай қыз екенсiң, қарағым! Өзбекстанда не бiтiрiп жүрсiң?” – дедi өктем дауыспен. Қандай келбеттi жiгiт едi. Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келдiм. Маған әкемдей қамқоршы болған бiртуар азаматтың жақсылығын қалай ұмытайын. Будапештте өткен ән жарысына менi мәпелеп қосқан да Жұбан аға болатын. Қалқам, мен жұрт ойлағандай Роза болып, қолымды жылы суға малып, әдемi көйлекпен сахнаға аспаннан аяғым салбырап түсе қалған жоқпын. Өзiм туралы небiр жағымсыз сөздер де естiдiм.
– Сiздi қажытқан қандай өсек?
 – 1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, майдан даласында бетiмдi снарядтың жарықшағы жанап өтiп, көзiме зақым келдi. 1979 жылы екi көзiм бiрдей көрмей қалды. Алдымен Жаратқанның, содан соң дәрiгерлердiң құдiретiмен, әйтеуiр, жанарымды сақтап қалдым. Көпшiлiкке топырақ шаша алмайсың, “көзiн әдемiлеймiн деп пластикалық операция жасатып, соқыр бола жаздапты...” деп жұрт гуiлдеп жүрдi...
–Үнемi халықтың құрме­тiне бөленiп жүресiз. Кейде осындай шақта айналаңыздағы адамдардың мұң-мұқ­тажын, Сiзге деген қарапа­йым жандардың ықыласын байқамай қалатын секiлдiсiз. Әлде, мен қателескен шығармын. Қалай ойлайсыз?
 – Пендемiн ғой, мүмкiн, солай болуы...
– Киiктiң үйiрiлген
лағындай
Ойнақшып тәттi әндерге
басуын-ай!
Таулардан, өзендерден,
 мұхиттардан    
Үнiнiң кiдiрместен
 асуын-ай!..
Сiзге арналған жыр жолдары. Жазушы Сәбит Мұқановтың осы жыр жолдарын сол кездегi шыққан газет беттерiнен алдым. Сондай-ақ алуан ұлт өкiлдерi, ақындар мен композиторлар шығармаларын сiзге арнапты. Солардың бiрi 1950 жылы “Огонек” журналының желтоқсан айындағы санында орыстың атақты композиторы Василий Павлович Соловьёв-Седой сiзге арнаған әнi туралы жазыпты...
– Иә, маған арналған ән-жырлар баршылық. Соловьёв-Седойдың ән арнағаны рас (жадырап күлдi). Бiрде Мәскеуде ке­зектi ән сапарында “Ах, Самара- городокты”, “Самовары-самопалы”, “Темная ночь” әндерiн Борис Бэрнестен бұрын орындап шықтым. Соловьёв-Седой маған арнайы келiп, бетiмнен сүйiп: “Ты, черноглазая, я обязательно для тебя песню сочиню. Ты прекрасная...” – дедi. Көп ұзамай “Тальяночка” әнiн жазды. Әнiн Соловьёв-Седойдың өзi жазса, сөзi – ақын Андрей Фатьяновтiкi.
Ия,...Играй, играй, рассказывай,
Тальяночка, сама
О том, как черноглазая
Свела с ума..., – (Роза Тәжi­байқызы осы жолдарды керемет бiр шабытпен айта жөнелдi.) 
– Сiзбен қатарлас жүрген халық әндерiнiң шебер орындаушылары Людмила Зыкина, Лидия Руслановалар, орыс­тың қыз-келiншектерi, әншiлерi Сiздi қызғанбады ма? 
– Жоқ. Ондай пендешiлiктi байқамадым. КСРО халық әртiсi Лидия Русланова маған “Саратовские частушки”, басқа да орыстың халық әндерiн айтқанда былай дедi: “Молодец, Роза, учи наших русских как народные песни петь, как петь настоящие частушки”.
– Сiзден бiрдеңе сұрайын десем бата алмай отырмын...
 – Айта бер...
 – Адамдардың бойындағы ең асыл, ең ардақты сезiм – махаббат сезiмi. Махаббат, ғашықтық деген не? Өмiрде құлай ғашық болған кездерiңiздi еске алсаңыз. Сiздiң жүрегiңiз де бiр азамат деп соққан шығар?
– Қарап отырмай қай-қайдағыны қозғадың-ау. Әрине, менде де жүрек бар, сезiм бар. Әйел емеспiн бе?! Өнер адамы ғашық болмай жүре ме? Әлi де ғашықпын (күлiп алды). Бiрақ сезiмнен күштi ұят, ар, намыс деген құдi­рет бар. Одан аттасаң, абыройдан айырыласың. Халық өзi қаласа төрге шығарады, қаламаса төр­дегi басыңды босағаға сүй­реп тастайды.
Дегенмен, менiң шығармашылығымды зерттеп жүрсiң ғой, саған сенейiн. Телевидениедегi қыз-келiншектерге жайып жүрме (жақын отыр дегендей қолын соз­ды). Мек тек қазақтың жiгiт­терiне ғашық болдым. Жас кезiмде... аға ұнайтын. Өмiрден ерте кет­тi... (Апайдың өтiнiшi, өзiмнiң оған берген уәдем бойынша танымал тұлғалардың атын атай алмай отырмын – Ұ.И.)
– Қателеспесем, сiз тұр­мыста болдыңыз?              
 – Сұрайсың да, қателестiм бе дейсiң, iзiмнен қалмай қойдың ғой... Менен журналистер бақыт туралы сұрайды. Сен басқа бiрдеңелердi сұрайсың... Жалпақ қазақтың Розасымын. Ұлымның анасымын. Иә, тұрмыс­қа шыққанмын (сәл күрсiнiп алып, әншi әңгiменi басқа жаққа кiлт бұрды). Мен сахнаға жаралған өте бақытты әйелмiн.
– Сiздiңше әйелдi сүрiн­дiретiн не?
– Өтiрiк, өсек айту. Жасандылық. Күйеуiнiң басқан iзiн аңдуы. Өзiн күтпеуi, салпы етек әйелге айналуы.        
– Әйел қауымы сiздiң ажарыңызға қызыға қарайды. Қалай күтедi деп бiлуге ынтық.
– Гәп, адамның iшкi жанының тазалығында. Iшi арам, бiреуге қиянат ойлап, менiкi ғана дұрыс деп, бажылдап, беттен алатын әйелдердiң жүзiнен-ақ көрiнiп тұрады. Мен тамақты тойып iшпеймiн, қарным қанша ашып тұрса да, тартынып iшем. Бойым сұңғақ көрiну үшiн үнемi биiк өкше аяқ киiм кием. Тамақты тойып iшу – әдемiлiктiң жауы. Адам өзiн шектей алуы керек. Нәпсiнi тыю үлкен табыстарға бастайды. Бет, мойын, қол, шашыма пiсiрiлмеген сүтке жұ­мырт­қаны араластырып жағам, бiраз уақыттан кейiн жуып тастаймын. Бар сыр – сүт, айран, жұмыртқада...
– Сiз мүлдем крем жақпайсыз ба? Француз крем­дерiн де пайдаланбайсыз ба? 
– Дүкеннiң кремiн пайдаланбаймын. 1949 жылдан берi Орталық Комитеттiң, бiрiншiлердiң әйелдерi мен қыздары жағатын, Кремль дәрiгерi, косметолог Ири­на Шилова дайындаған арнайы кремдi қолданам. Ол әйел маған өзi: “Ах, Самара-городок” әнiн орындағаның үшiн, Розочка, тек саған ғана жасап тұрам” – дедi. Осы күнге дейiн мен сол дәрiгердiң кремiн ғана қолданам. Бiрақ Ирина кремдi қалай жасайтын құпиясын ешкiмге айтпайды, құпиясын ашпайды.
– Халқымыз сiздi қазақтың бiрiншi сұлуы деп бағалайды. Замандастарыңыз, апа-сiңлiлер арасында кiм­дердi сұлу деп ойлайсыз, мойындайсыз?
– Өмiрде көрiп-бiлгендерiмдi түйiндесем, қазақта сұлулар бар. Мен көрген сұлулар арасында нағыз сұлу, жанымызда жүрген қазақтың хас сұлулары Шара Жиенқұлова, Гүлфайруз Исмайлова, Бибiгүл Төлегенова. Оларға ешкiм тең келмейдi-ау! Бiрi атақты бишi, бiрi актриса, талантты суретшi, әншi. Олар жаратылысынан, туа бiткен, боя­масыз сұлулар, жаны да, тәнi де мiнсiз жандар. Бiрақ оларды ер-азаматтар бағалай алды ма, жоқ па, ол жөнiнде айта алмаймын.
Менiң бiлуiмше, Гүлфайруз өмiр бойы актер Жантөринге ғашық болды. Гүлфайруз Нұрмұ­хан­ға қосыла алмағаннан кейiн өзге ұлттың жiгiтiнiң етегiнен ұстады. Мен ойлайтынмын, Гүл­файруз неге қызықты сол “сығырайған көзге” деп. Мен қателе­сiп­пiн, ол нағыз жiгiттiң сұлтаны, асқан талант иесi, көзi, экранда үндемей тұрған бейнесi, қайталанбас дара тұлға екен, оны уақыт көрсеттi. Асыл туған Гүлфайруз “әлгi көзге” тегiн ғашық болмапты... 
 – Сiз Гүлфайруз Мансұр­қызының өзге ұлттың жiгiтi­не тұрмысқа шықанына кө­ңiлiңiз толмайтын секiлдi. Қазақ зиялыларының басым бөлiгi “импортный” шешеле­рi­мiз­бен өсiп-өнiп отыр емес пе?
– Ол рас. Өкiнiшке қарай, ол аналарымыздан туған балалардың қазақ болғанын көрмедiм. Қазақ қызы ұяң, ибалы, сезiмiн жарқылдатпайды. Басқа да себептерi бар шығар...
– Сiз қаласаңыз, өзге ұлт­тың бiр алыбына шыға алар едiңiз. Солай емес пе?
– Мен онда қазақтың еркесi бола алар ма едiм? Бола алмас едiм.    
– Роза Тәжiбайқызы, атақ-даңққа, дүниеге, құрметке, ақшаға зәру емессiз. Сiзге не қымбат?  
– Менiң ең қымбатым – жал­ғыз ұлым Тәженiм. Мен халқымның арқасында ештеңеге зәру емеспiн. Қазақ деген халықтың еркесiмiн. Тағдырыма, елiме ризамын.
P.S. Соғы кездерi кейбiр журналистер Даланың ұлы қыздарының жалғасы, “Әлемнiң әйгiлi әйелдерi” қатарынан орын алған дара жұлдыз Роза Тәжiбайқызының атына бұралқы сөз (“Р.Бағланованың естелiк-ертегiлерiне сенбеймiн” және т.т.) айтып жүр. Бұны өз басым тарихқа, үлкендерге сенбеу, аруақты, өзiңдi сыйламау, сөз бағу деп түсiнем. Ақын Қадыр Мырза Әлi айтқан жоқ па едi: “Лайық емес адамға даңқ жоламайды” деп.
 
Ұлдай Ибадуллаева, тележурналист.                                  Дереккөзі
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!