Жақсылық Үшкемпiров: "Қайта жастарға осындай қызмет етiп жүргенiме қуанамын"

 
Грек-рим күресi бойынша Олимпиада биiгiн бағындырған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпi­ров 60-қа толды. Мерейтойын өзi айтқандай “ел-жұрттың арасында” атап өткен қазақ палуанын құттықтай барып, әңгiмелескен едiк. Әкемiз қатар Жәкеңнiң жүрiсiне еремiз деп, алқынып та қалдық. Қимылы сондай ширақ. “Менi күнiне екi шофер тасиды. Өйтпесе жұмыс бiте ме? Мен үйдiң бiрiншi қабатынан үшiншi қабатына үш рет көтерiлiп, түскенше балаларым, келiндерiм шаңыма iлесе алмай қалады” дедi. Мұнысын қимылдарынан-ақ байқадық. Өте жылдам Жақсылық ағаның баратын жерлерi, атқаратын шаруалары көп. Оның қасында бiр шопыр күнi бойы iлесiп жүрсе, болдырып қалатыны анық ендi.
ҚЫТАЙДА ҚАЛҒАН IЗ

 
– Аға, сiз кезiнде Қытайда бапкерлiк қызмет атқардыңыз. Жолыңыз қалай түстi?
– Елiмiз тәуелсiздiк алардан бұрын едi. Мен күрестiң классикалық, Аманжол Бұғыбаев еркiн күрестен Қытайдың Үрiмжi қаласында қызмет еттiк. Негiзгi мақсат – сол жақтағы қандастарымызға күрестiң қыр-сырын үйрету болатын.
– Еңбектерiңiз ақталды ма?
– Әрине, Әлем, Олимпиада чемпион­дарын шығармасақ та, Азия бiрiншi­лiк­терiнде топ жарған палуандарды баулыдық. Екi жарым жылдай жүрдiк. Шәкiрттерiмiздiң әлгiндей жетiстiгiн көргенде, төгiлген тердiң зая кетпегенi деп санаймыз.
– Кезiнде балалар спорт мектебiн басқарғанда, сiздiң жылы кабинетiңiздi балаларға жаттығу үшiн босатып бергенiңiздi ел әлi айтып жүр. Осындай қиын-қыстау шақта бапкер болып жүрiп, бiрден кәсiпкерлiкке ойысып кетуiңiзге не себеп болды? Әлде, чемпионнан бiлiктi бапкер шықпай ма екен?
– Бұл елiмiздiң егемендiк алған кезi ғой. Аяғынан қаз тұрған мемлекеттiң қиналған шағы едi. Бiз де аттан түсiп, жаяу жүрiп қалдық. Қызмет те болмады. Ел басына осындай күн туып тұрғанда қарап қалған болмас деп, көп ойланбастан ауылшаруашылығына үлес қосу мақсатымен осы шаруаны дөңгелеттiк. Сөзiңнiң де жаны бар. Қанша жерден мықты спортшы болғаныңмен бапкерлiк салаға келгенде, кәдiмгiдей шатқаяқтап қалады екенсiң.
– “Бизнеске кетуiмнiң себебi – өкшебасар артқы буынға қолдау көрсету” депсiз.
– Ол да бар. Кезiнде бiз жарыстар­ға қатысып жүргенде бейтаныс адамдар қазы-қарта, қымыз әкелетiн. “Сонда бұларды бiзге кiм әкелiп жүр?” деп ойлайтынмын. Қазiр өзiм де сөйтемiн, халықаралық сайыстарға шығарда мал сойып, қымызын берiп, жаттығу арасында ақыл-кеңес айтып, аттандырып саламыз. Мен оны мiндет үшiн iсте­мей­мiн. Қайта жастарға осындай қызмет етiп жүргенiме қуанамын.
Алматы облысы, Балқаш ауданына қарасты Жетiрауан деген ауылдың мектебiне үнемi қарайласып тұрамын. Спорттық құрал-жабдықтармен қамтып, әлiм­нiң жеткенiнше қаржылай да қолдау көрсетемiн. 
– Сiздерден соң 1996 жылы Атланта олимпиадасында Юрий Мельниченко күрестен алтынға қол жеткiздi. Содан берi үш додаға қатыстық. Бiрақ сол биiк әлi бiздiң палуандарға алдырмай келедi. Мұның себе­бi неде? Әлде спортшылар әл­сiз бе?
– Олай деуге болмас. Бiздiң жерiмiз кең. Жуырда Оралға бардым. Қазақстан бiрiншiлiгi өттi. Алматы мен арасы үш жарым мың шақырым. Ал Шығыс Қазақстаннан барсаң, бес мың шақырым жол өндiруiң керек. Көрдiң бе, қаншалықты шалғай? Жердiң қашықтығынан көптеген жастар бара алмайды. Түпкiрдегi ауылда қорада жаттығып, ешқандай бапкердiң нұс­қауын­сыз, спорт мектебi түгiлi бiлiм алатын ордасы құлағалы тұрған ауылдағы бала қалай Қазақстан бiрiншi­лiгiне қатысады? Ол ештеңе емес, Алматының iргесiндегi кейбiр ауылда да спорт үйiрмелерi жоқ қой. Осындай келеңсiз­дiк бойын бұла күш керген, бiр тасты бiр тасқа соғатын Толағайларды тұсап жатқан жоқ па?
Мен мұның екiншi себебiн халық санының аздығымен байланыстырамын. Көршiмiз Ресейде 150 миллион адам өмiр сүрсе, жерiнiң кеңдiгi тоғызыншы орында тұрған Қазақстан тұрғынының саны 15 миллионнан сәл-ақ асады. Соған қарай есептесек, жiгiттердiң тәуелсiздiктен бергi өткен олимпиадаларда алған күмiс, қола медальдарының өзi үлкен олжа. Бiрақ қазiргi жастардың көбi жалқау. Мен   кейде палуандарға ақылға салып, кейiген кейiпте айтып та қоямын. Олар қазiр бақытты ұрпақ қой. Тәуелсiз елде. Өзi би, өзi қожа. Сонда да кейде жал­қаулықтары тартып тұрады. Спортқа негiзi 10 жылыңды ғана сарп етесiң. Одан кейiн бiттi. Шау тартып, қайрат-қарымың да сарқылып, қабiлетiң де көмескi тарта бастайды. Сондықтан сол мөлшерлi жылдың iшiнде өзiңдi спортқа түбегейлi бейiмдеуiң керек. Ақша, атақ, даңқ, марапат дегендi алдыңғы орынға қойсаң, бiттiң. Қазiргi спортшылардың басым көпшiлiгi “жеңсем, ақшаға көмiлiп, байлыққа кенелем” деп тұрады. Кейде олар­ға: “Неге мына сайыста жеңiлiп қалдың?” – десем: “Ой, аға келесi жарыс бар ғой. Соған қатысып, ұтамын” деп ертеңге ысыра салады. Бұлай бола ма? Қандай сайысқа түссең де “соңғы жарысым, жеңбей кетпеймiн” деп өзiңе серт беруiң керек.            
 Алдымен спортты жоғары қой. Намысыңды жаны, елдiң атын аспандат. Қал­ғаны өзiңдi iздеп келедi. Құдайға мың да бiр тәубе, мен спортты қалай құрметтесем, ел менi дәл солай қадiрлейдi. Спортта бiрiншi дүние ойлауға болмайды.
– Оралда өткен ел бiрiншiлiгiн көргенiңiздi айттыңыз. Бiз Лондонда кiмдердiң жолына үмiтпен қарай аламыз? Белдесу өнерiнде сiздi тұщындыратын кiмдер бар?
 – Жастар өсiп келедi. Жоқ деп аузымызды ку шөппен сүртуге болмайды. 
Қазiргi белдесiп жүргендерден Алмат Кебiсбаев жақында ғана Ташкенттегi Азия ойындарында чемпион атанды. Аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тiнәлиевке ризамын. Былтырғы Гуанжоуда өткен Азия чемпионатының жеңiмпазы. Өзi албырт болса да, дереу шешiм қабылдай алады. Табанды күреседi. Мiне, осылар ертеңгi күнi бiз жаққан жеңiс отын лаулата беретiнiне бек сенiмдiмiн.
 
ҚАРЫЗДАН ҚҰРАЛҒАН КӨЛIК
– Дiнмұхамед Қонаев сiздi “Бiр жапырақ Жақсылық” деп атапты. Қазiргi Олимпиада чемпиондарының алған қаражаттарын бiлемiз. Олимпиада чемпионы 250 мың, күмiс жүлдегер 150 мың, қола жүлдегер 70 мың көк қағазды уыстап алады. Үй де берiледi, көлiк те мiнедi. Сiз Мәскеуден оралғанда, сол кездегi билiк қалай қарсы алды? Қандай марапат ұсынды?
– Саған бiр қызықты естелiк айтып берейiн. Мәскеу олимпиадасындағы ал­ғашқы кездесуiм үш дүркiн әлем чемпионы, екi рет Еуропа чемпионы атанған румын палуаны Александрумен өттi. Шынымды айтсам, қатты шаршадым. Құр сүлдем ғана қалды Жеңiлу деген оңай. Ұтылсаң, бiттiң. Елге қайтасың. “Қайтсем де жеңем” деп шыққам. Жеңдiм, сосын өз-өзiме келе алмай үш сағат тынықтым. Сол жылдары елiмiздегi комсомол коми­те­тiнiң бiрiншi хатшысы Қуаныш Сұлтанов болатын. Қасыма келдi де: “Жақсылық, қазiр Министрлер кеңесiнiң төрағасы Бәйкен Әшiмов сенi алғашқы жеңiсiңмен құттықтауға келедi”, – дедi. Бәйкен аға өзi асықпай сөйлейтiн кiсi едi. “Жеңiсiң құтты болсын. Ендi ары қарай да тоқтама. Чемпиондыққа жет” деп лебiзiн бiлдiрiп жатыр. “Жасым 29-да, мен жеңiлу үшiн емес, чемпион атануға келдiм. Мына Мәскеу олимпиадасында қарсыластарымның бәрiн жеңбесем, өлемiн!” деген сөз аузымнан шығып кеттi. “Қой, өйтiп айтпа. Сен қазаққа керексiң. Одан да бiзден не қалайтыныңды айт. Жеңгенiң үшiн қажетiңнiң бәрiн де беремiз,”– дедi. Не сұрасам деп ойланып алдым да: “Арнайы келiп, жеңiсiммен құттықтап, елдiң ықыласын жеткiзгенiңiз үшiн үлкен алғыс айтамын. Маған қазiр бiр кесе қымыз берiңiзшi,” – дедiм. Бәрi дуыл­дасып кеттi. Қымыз да табылды.
Елге келген соң не беретiнi белгiлi – 5000 сом. Қонаевтың қабылдауында болдық. Алтын жалатылған қол сағат бердi. Одан кейiн пәтер берiлдi. Жаттықтырушыларым да үйлi болды. «Жигули» мiнгiздi. Ол заманда көлiктiң падишасы «Волга» (ГАЗ-24) болатын. Оның құны –14900 сом. 1 доллардың бағамы 86 тиынға тең. «Жигулидi» 6000 сомға сатып алатынсың. Мен олимпиада чемпионы болғаным үшiн алған сыйақыға қоса «Жигулиiмдi» сатып, қарызданып-қауғаланып жүрiп, «Волга» сатып алдым. Ал қазiргiлер ше, 250 мың доллар алады. Қымбат көлiк мiнедi. Жер де бередi. Мен 6 сотық жердi 1986 жылы Алматының iргесiндегi Қарғалы деген ауылдан алғам. Онда да жүгiрiп жүрiп, құжаттарын өзiм бiтiргем.
Димекеңе разымын. Ел басқарып тұрғанда да, өмiрiнiң соңына дейiн де жақсы қарым-қатынаста болдық. Бiр жолы өзiмен бiрге сол кездегi Шелек ауданына алып барды. Үлкен мерекеге орайлас­­тырған министрлер, әкiмқара­лар­дың жиы­ны екен. Көл-көсiр дүние, ағыл-тегiл   дастарқан жайылған. Шенеунiк­тер бiр-бiрiн асыра мақтап, дуылдасып-ақ жатыр. Сөз орайы келгенде Димекең: “Бұл дәурен де уақытша, ертең-ақ бастарыңнан бұлбұлдай ұшады. Атқарып жүрген лауазым да мәңгiлiк емес. Бәрi де ұмытылады. Арамызда есiмi елмен бiрге жасайтын Олипиада чемпионы Жақсылық Үшкем­пiров отыр” деп менi төрге оздырған. Көреген тұлғаның айтқаны айдай келдi. Қайда бармайын халықтың ықыласы ерекше. Соны сезiнгенде елжiреп кетемiн.  
– КСРО-ның iшiнде Шумаков, Аникин, Бозиндер сiздiң салмағыңыздың мықтылары едi. Ал елiмiзде лайықты қарсылас бол­ған кiм?
– Елiк Сұлтанғалиев талай састырған. Өзi халықаралық дәрежедегi спорт шеберi. Үш мәрте Одақ чемпионатында төртiншi орын алған. Ол заманда одақ бiрiншiлiк­терiнде алтыншы орынға дейiн жетсең, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi атағы берiлетiн.   
– Өкпеңiздiң керемет жұмыс iстейтiнiн дәлелдеп, су астында 4 минуттай отыра алады екенсiз.
– Бала күнiмiзден Таластың бойында ойнап өстiк. Өзiм суды қатты жақсы көретiнмiн. Күндiз кешке дейiн судан шықпайтынбыз. Мектеп бiтiрген соң Семейге оқуға тапсыруға екi жiгiт бардық. Вокзалдың маңайында пәтер жалдап тұрдық. Ұзақты күн Ертiске суға түсемiз. Бiр күнi жасы қырыққа таяу бiр жiгiт ағасы қасына жас балаларды жинап алып, суда жүзуден жарыстырып жатыр екен. “Мен де жарысайын” деп едiм, “Өзiң қай жақтансың?” – дедi. “Жамбыл облысынанмын”. “Онда су көрмей өскен екенсiң, Ертiстiң ағысына шыдас бермей ағып кетiп, бәлеңдi арқалап жүрермiз” деп жолата қоймады. Ақыры болмай, қатысу жарнасы 5 сомды төлеп, суға қойып кеттiм. Жүзiп келемiн, орта тұсқа келгенде шаршайын дедiм. Қарым да талды. Басымды көтерiп, жан-жағыма қарасам, айналамда ешкiм жоқ. “Озып кеттi ме” деп алдымды барласам, тiрi жан көрiнбейдi. Сөйтсем, қарсыластарымның бәрi шаңыма iлесе алмай артта қалыпты. Ал су астында ұзақ отыратынымды құрама командада жүргенде байқадым. Кез келген спортшы мен секiлдi су астында шыдас бермей шығып кететiн. Бұл менiң өкпем­нiң жақсы жұмыс iстейтiнiн бiлдiредi. 
Семейге оқуға түскен соң оқу басталды. Қысқы емтиханды шаңғымен жүгi­руден тапсырады екен. Мен шаңғы тебе алмаймын. Сосын күрес залының кiлемiн тiктiрiп қойды. Еркiн күрестен ұлты кәрiс пе, әйтеуiр, қазаққа келмейтiн оқытушы Ли Вин Хай студенттердi күрестiрiп жатыр екен. “Ей, казачок, мыналарды күре­сiп, жықсаң сынақтан өткi­земiн” дедi. Мұндайды мүлт жiберемiн бе, шетiнен жықтым. Хай қуанып, менi жаттығуға қатысуға шақырды. Ол менiң сабағыма көмектеседi. Мен қалалық, облыстық сайыстарда жеңiп, құрамаға iлiндiм.
– Сiздердiң замандастарыңыз украиналық Сергей, Андрей Белоглазов деген егiз палуандар болды. Екеуi бiрдей СССР, Әлем, Еуропа чемпионы, Мәскеу олимпиа­дасының жеңiмпазы болды. Бұл кездейсоқтық па, жоқ шынайы талант па?
– Иә, олар егiз едi. Қазiр екеуi де шетелде қызмет етедi деп естiгем. Еркiн күрес­тен бiрi 52, сыңары 57 келiде Мәскеу олимпиадасының чемпионы болды. Егер олимпиадада бiрi күмiс, екiншiсi қола алса таңданыс болмас едi. Егiз болған соң ба, бiр-бiрiнен қалыспайтын. Талантты палуандар, ешқандай бармақ басты, көз қыстымен жеңген жоқ. Барлық асуды еңбектенудiң арқасында алды.
– Мәскеу олимпиадасы дегеннен шығады, сол спорт салтанаты басталар тұста КСРО спорт басшылары қазақ бапкерi Қабден Байдосовты арнайы алдырыпты. Үйретерi көп, өнеге көрсетер маманды олар да бiлiп шақырған ғой.
– Әрине, Байдосовтың бiлiктiлiгiн бiледi ғой. Пайдасы көл-көсiр екенiн әбжiл Мәскеу көрмей қалушы ма едi. Ол кiсi – қазақтан шыққан тұңғыш спорт шеберi. Негiзiнен, еркiн күрес маманы. Менi Мәскеуде тiкелей өзi қадағалап, бау­лыды. Өкiнiштiсi, ертерек өмiрден озып кеттi. Он жылға жуықтап қалды жыл сайын Спорт және туризм академиясында Қабден ағаның атындағы турнир ұйымдастырылады.
– Сiздiң кiлемдегi ең жиi қолданатын әдiсiңiз қандай едi?
– Спорт тiлiнде “вертушка” деп атайды. Қазақша диiрмен әдiс дейдi ғой. Қолдан ұстап, айналдырып, лақтыру. “Бычок” деген әдiс бар. Иықпен ұрып, итерiп құлату. Осы екi тәсiлдi жиi қолданатынмын.
– Күреспен 1983 жылы Красногор қаласында өткен Спартакиадада қош­тас­­тыңыз. Сол кездегi белдесуде есiңiзден танып қалған екенсiз.
– Қарсыласымды 9:0 есебiмен жеңiп тұрғам. Жаңағы өзiме оңтайлы диiрмен әдiсiн қолданғанда тiзем басыма тиiп, есiм ауып қалды. Ары қарай не бол­ғанын бiл­мей­мiн. Үш күн есiмдi жия алмай емханада жатқанмын. Бұдан талып қалған соң күрестi қойып кеттi деген түсiнiк тумауы тиiс. Жасым келдi. Мамандығым ауыл шаруашылығы саласымен байланысты болғандықтан өз саламда еңбектенейiн дедiм.
 
БАҒА БIЛСЕ, ЧЕМПИОНҒА ДА МАЛ БIТЕДI
– Қазақ атам, қорадағы малының санын топтап айтқан ғой. Жаңа өзiңiз төрт түлiктiң бәрi менiң шаруашылығымда бар дедiңiз.
– Алматы облысының Жамбыл ауданынан 35 мың гектар жердi жалға алып, мал шаруашылығын өрiстетiп жатырмыз. Егiншiлiк, көкөнiс өсiру де бiрiзге түсiп келедi. Соның бәрiн 60-тай адам еңбек­ақысын алып, шаруаның тiгiсiн жатқызып, дөңгелетiп жүр. 1200 бас сиыр, 800 жылқы, 1000-нан аса қой, 300-ден аса түйе бар. 2004 жылы қолда iрi қараның басы 40-қа әрең толатын. Содан берi жетi жыл iшiнде мыңға жеткiзу айтар ауызға ғана жеңiл ғой. Бүгiнде сауын сиырдан гөрi етi тығыз, сойыс малының тұқымын көбейтуге көбiрек мән берiледi. 300 келiге дейiн ет беретiн сиыр тұқымы, үш жүзге тарта қазақтың ақбас сиыры, кезiнде Кеңес Одағы АҚШ-тан алдырып, Жаркент өңiрiне жерсiндiрiлген асыл тұқымды сиыр­лар “Жақсылық” шаруа қожалығында бар. Мал шаруашылығын алғаш қолға алғанда алдымен жылқы өсiруден бастадық. Жаңаарқа, Күршiм аудандарынан, Ресейдiң Таулы Алтайынан жүзден аса бие-байтал сатып әкелген едiк. Соған Мұғалжар тұқымына жататын 15 айғырды үйiрге қосып, жабы тұқымды жылқы басын көбейттiк. Бұдан алты жыл бұрын 60 бас жылқымыз бар едi. Дәл қазiр 28 айғырдың үйiрi өрiсте жүр. Жылда 1500 гектар жерге егiн егiледi. 500 гектарға жо­ңышқа өседi. Жаз шығысымен төрт ай шөп шабу науқаны басталады. Мiне, сол кезде ауылдың 80-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылады.                           
 – Мұқағали айт­қандай, “Алпысқа кел­дiңiз”. Осы уақыт­қа дейiн уысыңыздан шығып кеткен мақсат-мұрат, арман бар ма? 
– Артыма қарасам, жүрген жолымдағы же­тiс­тiктердi, еңсерген қиын­дық­тарды көрем. Көрем де, Аллаға мың да бiр тәубемдi айтамын. Арман орындалмай қал­ды екен деп қамыға беруге де болмайды. Халқым алақанында ұстап, аялады. Құрметтедi. Тойымды да елдiң iшiнде өткiздiм. Сый-құрметiн ешкiм де аянып қалып жатқан жоқ.
Арман дейсiң бе? Алдымызда Лондон олимпиадасы жақындап қалды. Мiне, осы спорттың басты бәсекесiнде қазақ елiнiң ұландары абыройымызды асырып, биiктен көрiнсе. Мендегi арман сол ғана.
Өткен өмiрге еш өкiнбеймiн. Қап деп қалатындай ешқандай өкiнiш болған емес. Осы күнге жетiп, қазақпен бiрге жасап келе жатқанымның өзi – бақыт.
– Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылына көгiлдiр отын жеткiзiп берiпсiз...
– Екi жыл бұрын қолға алғанымда көп адамдар сенбедi. “Нешелеген депутаттар уәде берiп, орта жолда қалған шаруа сенiң қолыңнан келе қояр ма екен” деген де мысық тiлеу болды. “Жеткiземiн” дегем. 2011 жылдың 4 маусымында ауылға газ тартылды. Бұған дейiн Мыңбаев ауылының көшелерiне жарық түсiрiп, жолын жөндеттiргем. Жақсылық дүниеқор болса, осы шаруалар атқарылар ма едi?
– Әрине, жоқ. Ауылшаруашылығын да дөңгелетiп, жеңiстерге жете берiңiз!
 
Сұхбаттасқан

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ.

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Соңғы рет өзгертілді: 04/03/2015

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!