Мұфтах Диарұлы: «Ашкөздiк азапты апатқа ұрындырады»

Жер қойнауына озбырлықпен қол сұғуға жаны қас азамат, үлкен ғалым Мұфтах Диарұлы осылай дейдi.

Қазақ геологтары қара шаңырағының негiзiн салушылардың бiрi, ҰҒА академигi, ҚР минералды ресурстар академиясының академигi, “Экология” халық академиясы академигi, Атырау мұнай және газ институты профессоры, геология, минерология ғылымдарының докторы, аймақтық экологиялық проблемалар ғылыми орталығының директоры Мұфтах Диарұлы ДИАРОВТЫ елге ежiктеп таныстырудың қажетi шамалы. Ол – Каспий мұнайын жабайы ашкөздiкпен емес, ғылыми тұжырымға негiзделген мөлшермен алу керегiн тынбастан дәлелдеп келе жатқан жалғыз ғалым. Жердiң тұзды қабаттарын зерттеумен ұзақ жыл үздiксiз айналысқан Диаровтың қоршаған ортаны қорғау жолында айтқан терең фактi мен сараптамаға негiзделген ойларын шетелдiк инвестордан бастап отандық бишiкештерге дейiн мойындайды. Өмiрге не үшiн келдiм, артыма не қалдырып кетiп барамын деген миында санасы бар өзектi жанға қойылатын сауалға академиктiң жауабы даяр. 300-ден астам ғылыми еңбегi бар, 17 кiтап жазды. Бәрi де ұрпақ үшiн, ел игiлiгi үшiн. “Экология және мұнайгаз комплексi” 9 томдық монография сериясының соңғысы аяқталу үстiнде. “Каспий теңiзiнiң Қазақстандық секторындағы жаға айлағының жануарлар әлемi” кiтабы қазақ және орыс тiлдерiнен басқа, ағылшын тiлiнде де жарық көрдi.
 
Көзiн бiр нүктеге қадаған Мұфтах Диа­ров сөйлеп отыр. Ғалымның сәл қарлығыңқы, бiрақ нық, бiрқалыпты дауыс ырғағынан оның қандай көңiл-күйде екенiн аңғару қиын. Ренiшi де, қуанышы да бетiндегi қатпарлы әжiмдер мен ойлы көздiң астарында жатыр.
– Жер қыртысын зерттей бастағаннан берi маған өмiр бойы бiр iшкi дауыс маза бермейдi: қайдан және не себептi пайда болған? Содан соң жауап тапқың келiп, оның физикалық және химиялық құрамын зерттей бастайсың. Бiрақ минералдар түзiлуiнiң геохимиялық заңдылығын зерттей келе бiр нәрсеге көзiм жеттi. Табиғат үшiн шекара жоқ. Адамдар жердi континенттерге, мемлекеттерге бөлгенмен, табиғат үшiн ол – бiртұтас организм. Мәселен, саз бен құм, алтын мен платина, бiрақ табиғат бұлай бөлмейдi. Олардың құрылу механизмi бiреу. Әр минералды үлкейтсек, кiшкентай ұяшықтары бар кристалдық торлардан тұратынына көз жеткiзу қиын емес. Кез келген тастың сол ұяшықтарын миллиард есе ұлғайтсақ ол өлшемi 10-8 см ангстрем болатын төртбұрыштардан тұрады. Мен бұл кристалды торлардың құрылымын, әлемде қандай минералдардың кездесетiнiн зерттедiм. Жер қыртысында 4000 минерал бар, жер шарында 121 таукен түзiлуi бар, әңгiме өте терең, – деген ол сәл үнсiз қалды.
Бiрақ Мұфтах Диарұлы да басқа да сирек кездесетiн талант иелерi тәрiздi өзi жайлы айтуға келгенде өте сараң болып шықты. Менiң ғалымның адами портретiн ашқым келiп қой­ған сауалдарыма қысқа ғана жауап берген ол, ғылыми тақырыптарға қарай ойыса бердi.
 
МЕРКАПТАННЫҢ САЛДАРЫНАН АТЫРАУДА СУИЦИД КӨБЕЮI МҮМКIН
– Содан соң менi жердiң үстiңгi қабатындағы өзгерiстер қызықтырды. Күннiң жер қыртысына әсерi қандай? Адам өмiрiн қайткенде жақсартуға болады? Мәселен, ХХ ғасырдың басында жер бетiнде 1,660 млрд адам өмiр сүрсе, қазiр олардың саны 7 миллиардқа жуық­тайды. 2050 жылы 10-11 млрд болуы мүмкiн деген болжам бар. Ал жер қабатының ерекшелiгi сол, оның планетадағы құрғаққа тиесiлi бөлiгi тек – 29 пайыз, қалған 71 пайызы – сулы бөлiк. Сонда адамдар қайда тұрмақ?
– Мұнай кенiштерiн игеру барысындағы экологиялық проблемаларды ғылыми фактiлермен дәлелдеп келесiз. Мұнайгаз кен орындары жайлы зерттеулерiңiз де жеткiлiктi. Бiр қарағанда, мамыражай демалып, басқалар тәрiздi жер дүниенi шарлап, саяхаттап немесе мемуарлар жазып жататын уақыт та жеткен сияқты. Бiрақ демалмауыңызға не себеп?
– Менiң деңгейiмдегi тұзды қабаттар геологиясы саласында маман жоқ десем, ешкiм асыра айтты демес. Сондықтан өзiмнiң жылдар бойы бойыма сiңiргенiмдi, үйренгенiм мен түйгенiмдi берiп кетуге үлгеруiм керек. Жерiмiздiң байлығын өндiрумен айналысып жат­қан шетел­дiктер “көшпендi ел” деп санағандарымен, нақты жағдай бiз үшiн шын мәнiнде алақандағыдай анық екенiне олардың көзi жетуi керек.
Жер бетiндегi тiршiлiк өте ұзақ эволюциялық процестер нәтижесiнде сақталды. Бiрақ жер тiршiлiктi қалай сақтап қала алды? Ғылымда анықталғандай 3 км тереңдiкте жердiң су белдеуi басталады, содан соң 1600 км биiктiкте гелий коронасы, одан 600 км соң озон қабаты, ары қарай статосфера, тропосфера, атмосфера, гидросфера болып кете бередi. Бiз осы бiр кiшкентай алаңқайда тұрмыз. Бұл табиғи процестер жердiң үстiңгi қабатын қорғайды. Қазiрде күнге үлкен ядролық әсерлер бар. Аса үлкен жылу жерге барып жиналып жатыр. Күннiң аса белсендi фазасы 2012 жылы аяқталады. Магниттiк дауылдар да – жер қыртысының қорғаны. Соңғы уақытта осы табиғи қорғаныстар бұзыла бастады. Реактивтi ұшақтардың, ракеталардың ұшуы салдарынан озон белдеуiнде аса үлкен шұңқырлар пайда болды. Ал озон қабаты әр аймақта әртүрлi деңгейде орналасқан, мәселен жердiң бiздiң аймағымыз орналасқан бөлiгiнде ол сәл жоғарырақ, ал солтүстiкте немесе оңтүстiктегi полиске жуық маңда жер қабатына жақын, бар болғаны 20-22 км ғана қашықтықта орналасқан. Сол себептi жердiң жоғары қабатына радиация­ның қосымша салмағы түседi. Ракеталардың ұшырылуы кезеңiнде үлкен мөлшердегi химиялық қосындылар ауаға таралады. Бұрын ауаға таралып жатқан бiрнеше жүздеген химиялық қосынды туралы айтылып жүрсе, бүгiнде олардың саны 2 млн-ға жеттi. Бiрақ оны ешкiм де зерттеуге тырыспайды. Өйткенi ол қымбат әрi өте қиын шаруа. Кеңес одағы кезiнде химиялық қосындылардың, әсер ету уақыты, концентрациясы және қандай құрамда адамға зиянын тигiзе бас­тайтыны анықталатын едi. Суда 804 элемент болса, ауада – 429 элемент, топырақта 32 элемент бар екенi анықталған. Бүгiнде жер қыртысындағы химиялық элементтер саны артып барады. Ал республика бойынша тек азот, күкiрт, азот тотығы, көмiрқышқыл тотығы, күкiрт қышқылы тәрiздi санаулы ғана элемент түрлерi зерттелiп келедi. Ал шын мәнiнде өкiнiшке қарай, көп жағдайда ауаға 30-40 элемент таралады. Бiрақ оларды да ешкiм зерттеп отырған жоқ. Тiптi кейбiр мұнай құрамында аса жоғары улы заттар бар, мәселен, Теңiз мұнайында меркаптан бар. Меркаптанның шектеулi мөлшерi 10-6 мг аспауы тиiс. Олар Қарашығанақ, Жаңажол, Теңiз, Ақтоты, Қашаған кенiштерiнiң қай-қайсысындағы тұз асты мұнай қабаттарында бар. Ең өкiнiштiсi, әлi күнге дейiн бiздiң облысымызда оны анықтап, зерттейтiн анализатор жоқ. ТШО өз зертханаларында зерттеген болып жатыр. Қоршаған ортаға әсер етудiң алдын ала бағалау бойынша 15 млн тоннадан 450 кг улы заттар шығарылады. Адамдар уланып жатқанымен, облыс­та қоршаған орта, ауаның ластануын дәл анықтауға басшылық жасап отырған ешкiм жоқ. Осы тұз асты қабаттарынан алын­ған мұнайды АМӨЗ өңдеп, дайындап жатыр. Оларда да меркаптан болғанымен, бiрақ қанша екендiгi туралы мәлiмет жоқ. Одан да қорқынышты диоксин тәрiздi басқа да химиялық элементтер шоғыры зерт­телмейдi. Ал АМӨЗ аумағында күкiрт­қышқылы мүңкiп тұрады, адамдар тұншығып отырғанымен, зауыт “бiз де бәрi қалыпты” деген мәлiмдеме жасайды. Ол – жабық мекеме, оларды қолынан ұстап алып, көзiне шұқып көрсететiн кiм бар?
– Осыдан бiр он жыл бедерiнде Атырау халқының денсаулығы жайлы жан шошырлық мәлiметтер келтiрген болатынсыз. 2001 жылы 4200 жаңа туған жас нәрестенiң 756-сы аяқ-қолдарында жабыс­қан қосымша саусақтармен, қасқыр ауыз, қоянжырық, Даун ауруы патологиясымен дүниеге келгенi, гендiк деңгейдегi мутация процесi туралы ескерту жасаған едiңiз. Жаңа деректер бар ма?
– Өкiнiшке қарай, тұрғындар денсау­лығы жайлы объективтi мәлiмет жоқ. Ал өзгерiс тек нашар жағына кетiп барады. Соғұрлым мұнай көп өндiрiлiп, атмосфераға тастанды заттар құрамы көбейе түскен сайын, оның зардабы да ұлғайып барады. “Қор қарғысы” деген ұғым пайда болды. Менiң пайымдауымша, бiзде Кох таяқшасын жұқтырғандар қатары артып барады. Неге? Ђйткенi бұл адамдардың организмiнде жинақталған химия­лық қосындылар салдарынан туберкулез ауруы да ерекше берiктiк қасиетiне ие болған, олар ендi дәрi ықпалына бағынбайды. Қолданыстағы препараттарға төзiмдiлiгi артқан десе де болады.
Ұлттың генетикалық дамуы алда үлкен өзгерiске түседi. Өйткенi меркаптан генефонға мiндеттi түрде әсер етедi. Ђз-өзiне қол салу көбейедi. Себебi меркаптанның химиялық құрамы есiртiкi тәрiздi әсер етедi. Адамдар психикасы тұманданады. Оған мысал да келтiруге болады. Бiрнеше жыл бұрын 40 жас шамасындағы ер адамның қымбат көлiгiмен Жайықтың ең терең тұсына батып кеткенiн ел бiледi. Тағы бiр жас әйел қолындағы баласымен әдейi барып, суға батып өлдi. Осындай адам еркiнен тыс жайттар көбейедi.
 
ҚҰСТАРДЫҢ ОБАЛЫН КIМНЕН СҰРАЙМЫЗ?!
– Мұфтах Диарұлы, Атыраудың қазiргi экологологиялық ахуалы жайлы не айтасыз?
– Елiмiздiң барлық басқа аумақтары тәрiздi облысымызда көлiктердiң саны жыл санап артып келедi. Олар мемлекеттiк және жеке тұлғалардiкi болып жiктелгенiмен нақты есеп жоқ. Жанармайдан да күрделi құрам бөлiнедi. Ал бiзде шамамен 50-60 мың машина бар, олардың ауаға шығаратын зиянды қалдықтары жылына 120 мың тоннаға жетедi. Мәселен, мемлекеттiк көлiктерге кететiн бензин есебi арқылы зерттеу жасауға болады, ал жеке тұлғалардың қанша жанармай тұтынатынын ешкiм бiлмейдi. Ол статистикалық есепке енбеген, оларды ешкiм анықтамайды, сондықтан Атырау облысы республикалық шеңберде экологиялық жағынан жақсы болып көрiнедi. Бұдан бөлек мұнай кенiштерiн игеру барысында үлкен мөлшерде iлеспе сулар бөлiнедi. Оларды қалдық сулар деп атайды. Теңiз кенiшiнде осындай улы заттарға толы қалдық сулар жиналатын 4 полигон бар, ол Аджипте де, АМӨЗ­-де де бар. АМӨЗ-дiң сасық сайының өзi не тұрады? Бiзде климат өте ыстық. Сондықтан булану мөлшерi – 200 пайыз қаншама зиянды заттардың ауаға таралып, адам организмiне сiңiп жатқанын ойлай берiңiз. Мұндай шешiлмеген мәселе көп. Мәселен, мұнай өндiру барысындағы жұмыстардан жануарлар әлемi көп зардап шегiп жатыр. 2005 жылы Қашағанда мұнара жанғанда аз көлемде болсын ауаға лас заттар тарады. Түнде бұл жалын­ға талай құс түсiп өлген. Ол туралы 3 ай өте бiлдiк. Олардың қаншасы өлгенi жайлы мәлiмет жоқ. Былтыр Қайран, Ақтоты кенiштерiндегi дренаж суларына 700 шағала батып кеттi. Олардың кейбiрi шала-жансар болған екен. Бiрақ ешкiм көмек көрсетпеген, себебiн бiлмеген. Шетелдiк компаниялар “бiз Қазақстан игiлiгi үшiн бәрiн жасап жатырмыз” дегенiмен, олар iштей басқаша ойлайды десем, ешкiм менi сөкпес. Мәселен, ТШО басшылығы 3-4 жыл сайын бiр ауысып отырады. Не үшiн? Денсаулығын ойлап, әрине. Ал шетелде қоршаған ортаға бақылау қызметтерi жақсы дамыған. Арнаулы тәуелсiз орталықтары бар. Табиғатқа төнген қауiп жайлы түскен қоңырау­дан соң апат аймағына тiкұшақтармен барып тексеру жүргiзедi. 
– Мұнай компанияларына көп сын айтасыз. Олардың сiзге қарсы айтар аргументтерi қандай?
– Шетелдiктер менiң айтқандарымның шындығын iштей болсын мойындайды. Әлбетте, егер дұрыс жазбаған болсам олар менi бая­ғыда сотқа берген болар едi. Өйткенi менiң қолымда зерттеуден өткен бұлтартпас фактi бар.
 
“ӨНДIРIЛЕТIН МҰНАЙ КӨЛЕМI 30 МЛН ТОННАДАН АСПАУЫ КЕРЕК”
Мұфтах Диарұлы бiр сәт басын сүйеп үнсiз қалды. Даңқ пен билiктiң ыңғайлы сәттерiнен бас тартып, ғұмырын Атыраудың аптап ыстығы мен ызғарлы желiнде жүрiп, зерттеу жасауға бел буған ғалымның дархан көңiлi елiнiң ертеңiне әлi де сенедi екен. Ол тiптi тағы бiр жиырма жылдан соң ел дамуының басқаша сипат алатынына үмiттенедi. Билiк басына жаңа адамдар келедi, елдiң экономикалық дамуының жаңа жоспары жасалады деп ойлайды.
– Жаңа қоғам жаңа құндылықтарын тудырып жатыр. Сарапшылар бiзде жабайы капитализмнiң дамып келе жатқанын айтады. Батыстағыдай қоғам қалыптасқанша әлi бiр жарты ғасырдай уақыт керек. Қазiр адамдар әлi тойына қойған жоқ, олар ашкөздiкпен тек өздерiн ойлап қарпуда. Байлар тағы байи түскiсi келедi, бәрi қылмыс пен кландық жүйенiң деңгейiнде дамып жатыр. Сондықтан бiздегi капитализм әзiрге мешкей күйiнде. Ендi бiр 20-30 жылдан соң байлар шын мәнiнде тойынып, нағыз бай болғанда “маған мұншаманың керегi қанша, басқаларға да берейiн, бас­қа шаруаны дамытуға да үлес қосайын” деп ойлануы мүмкiн.
Алдымен инфрақұрылымды дамыту керек. Атырау мұнайлы қала атанғанымен, дертке шалдыққандар емделетiн, бойы­на сiңген уды шығарып, ағзасын шынықтыратындай арнаулы үлкен сауықтыру орталықтары жоқ. Тiптi қалада бiрде-бiр саябақ жоқ. Өте үлкен көлемде көшеттер отырғызылып, жылыжайлық селек­ция­ларды дамытса. Мұнайлы аймақтарда кеңестiк кезеңде болған аудандық коэффи­циенттер қайта енгiзiлуi керек. Бұл мұнай компанияларының тұрғындар денсаулығына келтiрген залалының өтеуi болар едi. Қазақстанның жерi ұлан-ғайыр. Бiрақ оны барынша жасылдандыру керек. Әзiрге елдегi маңында өндiрiсi жоқ таза қала тек Астана болып отыр. Ал басқа, мәселен, Алматы көлiк газының астында тұншығып жатыр. Алматылықтардың қанында мырыштың әдеттегi мөлшерден 4 есе жоғарылығы анықталған. Өскеменде металлургия зауыты салдарынан, күкiрт, полиметалл, оңтүстiкте фосфор қоспасы, Қарағандыда көмiр тозаңы, айта берсең тiзе беруге болады.
– Бiрақ адамдар жағынан наразылық байқалмайды.
– Әрине, халық бұл жағдайға разы емес. Президент “қазақтардың мен­талитетi сондай, олар бәрiне төзе бiлетiн халық. Белдерiңдi бекем буыңдар, жақсы кездер алда” деп елге үмiт отын жағумен келедi. Бiрақ Ақсарайда да кезiнде 1 млн тоннадай мұнай өндiрмек болғанымен, халық наразылығынан соң шетелдiк компания өзiнiң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазiр олардың тек 70 пайызы ғана жұмыстарын жалғастырып келедi. Әрине, ертең атыраулықтар да тұқымдарының құрып бара жатқанына көзi жеткенде қарап отырмайтын кез келедi.
 Ғалым ойын әрi қарай сабақтады. «Табиғатта шексiз нәрсе жоқ. Табиғат орны ойсыраған бостықты, өзiне деген қатал қарым-қатынасқа бой ұсына бермейдi. Менiң мақсатым да – осыны майдың буына бөккендерге түсiндiру», – дейдi.
– Мұнайды ала беруге болмайды. Ғылыми дәледенген кенiштi игерудiң шегi бар. Байлықты алу мен табиғатты сақтау арасында өзара тепе-теңдiк заңдылығы болуы тиiс.
Мұфтах Диаров көп томдық монографиясының соңғы кiтабында мұнайлы Атырау облысы үшiн атмосфераға шығарылатын тастанды заттардың шегi 80 мың тоннадан аспауы тиiс екенiн көрсетедi.
– Мен оны неге сүйенiп анықтадым? Теңiз кенiшi игерiле бастаған тұстары оның маңында тұратын Сарықамыс ауылының 3200 тұрғыны өмiрiне қауiп төнгендiктен көшiрiлген болатын. Олардың денсаулықтарының күрт бұзылуы атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар жылына 600 мың тоннаға жеткенде байқалған едi. Сарықамыстықтар арасында аурулар саны 90 пайызға артты, орташа өмiр сүру ұзақтығы бар болғаны 46 жасқа жеттi. Сол себептi қауiптi ауырт­палық (критическая нагрузка) 600 мыңнан 10 есе, 20 есе асқанда қандай жағдай болуы мүмкiн деген есептеулер жасалды. ТШО 1993-2009 жылдар арасында өндiрiлiген 1 тонна мұнайға шаққанда ауаға тараған зиянды қалдықтар 4 кг 990 гр құрайды. Ал “ЕмбiМұнайГаз” 2000-05 жылдар арасында 1 тонна өндiрген өнiмiнен – 3 кг 990 гр қауiптi қалдықтар ауаға тараған. Мәселен, 15 млн тонна өндiрiлiсе, 10 жылда, 20 немесе 30 жылда ауаға қаншама қалдықтар таралмақ? Осы орайда үкiметке мұнай өндiру көлемiн жылына 30 млн тоннадан асырмау туралы ғылыми ұсыныс айттым. Өйткенi табиғат өзiне жасалған қысым мен азап­қа төзе алмайды. Химиялық заттармен улан­ған ортада өмiр сүрiп, жұмыс жасау да қиынға түсетiн болады. Бұл жайлы шетелдiктермен талай айтысуға тура келдi. Мен тiптi оларға таңдаңдар: 20 жыл ауырып, содан соң тағы 20 жыл өмiр сүресiңдер, бiрақ сендерде ең соңғы маркалы машина да, зәулiм сарай да болады. Тағы бiр ұсыны: баспана да, көлiктерiң де бар, бiрақ 60 жыл ауырмай-сырқамай өмiр кешесiңдер дедiм. Егер қарқындарыңды азайт­саңдар, жергiлiктi халық та аурудан аман қалады. Тек сонда ғана аса қауiптi зиянды қалдықтар атыраулықтар өмiрiне қауiп төндiрмейтiн болады.
Мұфтах Диаровтың геология саласындағы ерекше таланты бiрқатар шетелдiк және отандық ғылыми орталықтар назарынан да тыс қалмаған. Оны бiрсыпыра орталық институттар, Бразилияға ББҰ сарапшы болуға шақырғанымен “өзге жерде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол” деген ұстанымынан ажырамаған академик Атыраудан тапжылған жоқ.
– Ата-анам кедей адамдар болды, соларға қарайладым. Ең бастысы, жерiмнiң байлығын зерттеп, халқыма көмектескiм келдi. Әрине, бұл шешiм маған экономикалық жағынан тиiмсiз болды. Мәселен, кезiнде Ақ ордаға көптеген ғылым саласындағылар шақырылып, пәтерлерге ие болып, материалдық жағдайларын жақсартуға қол жеткiзгенiмен, мен ол тiзiмге iлiкпедiм.
Шынын айтқанда, Мұфтах Диаров ол тiзiмге iлiгуге талпынбаған да. Ал мына айтқаны пенденiң емес, өз iсiне жанымен берiлген ғалымның шынайы әңгiмесi едi.
– Өткен жылы Атыраудағы көп көпiрдiң бiрiне облыс әкiмi Бергей Рысқалиев есiмiн берейiк деген ұсыныс айттыңыз. Жұртшылық бұл пiкiрдiң сiздiң аузыңыздан шыққанына таңғалғаны рас.
– Көпiр – өте күрделi мәселе. Оның үстiне, қалада көлiк саны артып барады. Мен тек эколог ретiнде оның еңбегiн объективтi бағаладым. Менi сол пiкiрiм үшiн “ендi әкiмге тиiспейтiн болыпты” дегендi айтқандар да болды. Бiрақ мен өз ойымды ашық айтудан бас тартқан емеспiн.
– Сiз КСРО-дағы ең алғашқы Каспий маңы ойпаттары мен Оңтүстiк Жайық маңы иектерiндегi борат мен калий тұздарының түзiлу және оларды iздеу ерекшелiктерiн ашқан алғашқы ғалымсыз. №99, 100, 102 элювиалдық борлар бар Индер күмбезi мен Сәтимолла бор кенiшiн де тұңғыш сiз аштыңыз. Бұл жұмыстарыңыздың қазiргi барысы қалай?
– Бор қорына байланысты өндiрiстi дамытуға қытайлықтар, америкалықтар мен үндiстер қызығушылық танытып отыр. Қазiр Сәтимолла кенiшiнде барлау жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Борға қарағанда мұнайды алу оңай, бұрғыласа шыға бередi. Ал бор қорын қазу керек, одан соң қорыту керек. Болашақта оны бәрiбiр алады. 15-20 жыл мөлшерiнде Индер маңынан бор өндiретiн жаңа инфрақұрылымды кенiштi қала бой көтеретiн болады.
 
ҒАЛЫМНЫҢ ОТБАСЫ
Мұфтах Диарұлы жұбайы Раиса Алексан­дровнаны 1955 жылы Индер кешендi геологиялық барлау экспедиция­сында кезiктiредi. Ол кезде Раиса Александровна бар болғаны 20 жастағы Мурманскiден келген жас маман едi.
– Әкем ерте көз жұмғандықтан, мен Мұфтахты ешкiммен салыстыра алмаймын. Ол отбасымызға өте қамқор және өз отбасын өте жақсы көредi. Балаларға келгенде тым мазасыз. Немерелер де ержетiп қалды ғой. Олар бiр жерде кiдiрiп қалса, келгенше ұйықтамай отырады, – дейдi Раиса Александровна.
Ол салты мен тiлi бөлек ортаға сiңiп кетудiң оңайға түспегенiн жасырған жоқ. Бiрақ Мұфтахтың туыстары мен достары менi жақсы көрдi және құрметтедi дейдi.
– Экспедиция кезiнде Мұфтахтың анасы бiзге көп көмектестi. Бiрақ балаларды бағып-қағу, тәрбиесi, бәрi менiң мойнымда болды,– деп еске алады Раиса Александровна. – Ол бас геолог болғандықтан жиi iс-сапарларға кететiн. Мұфтах тура анасына тартқан. Ол кiсi сондай қағiлез, пысық адам болатын.
– Сiздердi ғалымдар отбасы деп атауға әбден болады. Әлде мұның өзегi атадан балаға тарайтын тектiлiкте ме?
– Тек, ген дегенмен, оларды да тәрбие­леу керек қой. Бiрақ бала тәрбиелеуде ана бiр айтарлықтай рецебiм жоқ. Менiң түйгенiм, өз iс-әрекетiңмен үлгi болу керек. Мәселен, менiң кiтапқа үңiлiп отырғанымды көрiп, олар да оқуға ұмтылады. Бiздiң үйдiң балалары осылайша 5 жастан берi оқып-жазып үйрендi. Балаларымыз қатаң режиммен өстi. Кешкi 9-дан қалмай ұйықтайтын. Тек қазiр немерелерге келгенде сол тәртiп өзгердi,– деп күледi.
Раиса Александровна марқұм ұлы Мұратты еске алғанда жүзi жабырқап, мұңайып қалды. Ол да Ленинград электротехника институтына түсiп, кейiн оқуын Атырауда жалғастыр­ған. Алматыдағы ядролық физика институтында аспирантураны тәмамдаған. Облыстық телевидениеда талай танымал бағдарламалардың авторы, талантты журналист болды. Тек бiр әттеңi, өмiрден ерте кеттi.
Ал Дина Мұфтахқызы бүгiнде Атырау мұнай және газ институтында математикадан сабақ бередi, тәрбие жөнiндегi проректор.
Мұраттың жары Маржан да дайын тұрған доктор. Топономикамен байланысты ғылыми еңбегi қорғалар күн де алыс емес.
Мұфтах Диарұлы балалары жайлы айтқанда көздерi нұрға толып, жүзiн мақтаныш сезiмi билегенi аңғарылады.
– Динаш физика-математика ғылымдарының докторы. Оның қорғаған тақырыбы да күрделi болды – аспан денелерiнiң қозғалысы туралы. Ең бастысы, пара алмайды, ұжымында беделi бар. Ал немерелерiм менiң жолымды қуды деп айта алмаймын. Үлкен немерем Мәлика – Әл-Фараби атындағы қазақ мем­лекеттiк университеттiң механика-математика факультетiнiң математика және компьютерлiк модельдеу факультетiн тәмамдады. Екiншi немерем Тимур Еуразия университетiнiң есептеу техникасы және бағдарлау факультетiн аяқтап, Астанда жұмыста. Екеуi де шетелдiк компанияларда қызмет iстейдi. Ал Александр 10-сыныпта оқиды.
– Шөберемiз де бар. Ол Мәликаның ұлы – Инсан, қазiр 4-ке келдi. Сондай қызық, – деп Раиса Александровна әңгiменi жалғады.
– Академиктiң жары болу қиын шығар. Жалпы, бiр көргеннен ұнатып қосылдыңыздар ма? – деймiн шыдамсыздана сұрақтарымды жаудырып.
– Бiз Индер экспедициясына үш қыз болып келген едiк. Жастық желiк, жер-ел көру. Геолог– нағыз романтика толы мамандық болып едi ғой. Ол кезде қазақтан шыққан мамандар аз болатын. Бiрақ солардың арасында Мұфтах ерекше көзге түстi. Ленинградтық ғалымдар оның бiрдеңе бiлетiнiне басында сенiмсiздiк танытқанымен, оларды кейiн терең бiлiмiмен таңғалдырды. Мен өз өмiрiмдi тек отбасына арнадым десем болады. Геология саласында өзiмдi көрсете алмадым. Оған өкiнбеймiн де. Бiз жұмыс iстеген жылдары қиын болды ғой, дала жағдайында өмiр кештiк.
Әдеп пен тәрбие, iлiм мен рухани байлық бiрiншi орынға қойылғандықтан ба, Раиса Александровна бұл тақырыпқа аса тереңдеген жоқ. Оның өзi нағыз үлкен зия­лылықтың белгiсiндей болып көрiндi маған.
– Мұфтах Диарұлы үйде қандай?
– Ол отбасымыздың әр мүшесiне iлтипатты. Кейде менiң ренiшiмнiң себебiн бiлмесе де, кiнәнi өз мойнына алады. Мен бала кезiмнен шоколадты жақсы көретiн едiм. Бiр жолы Мұфтах маған соншама көп шоколад әпергенi сондай содан берi оны жемейтiн болдым. Маған сыйлықтар жасағанды ұнатады. “Өзiң таңдап ал” дегенмен, ылғи да оның таңдауы анағұрлым артық болып шығады.
– Бiр сөзiңiзде “Мұфтахтың психикасы қатаң” депсiз.
– Ие, компромиске келу оған қиынға түседi. Көп жағдайда мен мән-жайды бас­қа қырынан көрсетiп дәлелдеуге тырысамын. Әрине, әруақытта оның приоритетi бiрiншi орында тұрады. Дастарқан басында “аталарыңды тыңдаңдар, ол – үйдегi ең бас­ты адам, отағасы” деп айтып отырамын.
 Аздан соң академик әңгiмесiн әрi қарай сабақтады.
– Қарап отырсам, бiздiң отбасымыз ылғи оптимист жандардан құралған екен. Iшерге тамақ болмаған кешкi уақыттарда анам “жарайды, “таңғы ас – тәңiрден” деп басу айтатын. Шынында ертеңiнде әйеуiр жейтiн бiрдеме табылатын. Олардың сол өмiршеңдiгiне әлi күнге дейiн таң­ғаламын. Кейiн ер жеткен сол сәттер туралы жиi ойлайтынмын. Бәлкiм ата-анам өзара айтысатын болар, бiрақ “бiзде анау жоқ” деген ұрыс-керiс естiмеппiн. Анам Нұрзиба етi тiрi, пысық адам болды. Қыстың қақаған аязы мен боранына қарамай, үй-үйдi аралап әкем жасаған бұйымдарды саудалайтын. Кейбiр орыс­тарға тiлi келмесе де, ыммен түсiндiрiп, үйге тамақ тауып әкелетiн. Соның арқасында бiз аштан аман қалдық. Отбасында 8 ағайынды болған едiк. Қазiр соның тек екеуi ғана бармыз. Үйдегi жоғары бiлiм алған жалғыз мен болдым. Кейiн студент кезiмде де әке-шешем отбасындағы түрлi қиындықтарға қарамастан менiң оқуыма бөгет болмауға тырысты. Мен олардың үмiтi мен сенiмiн ақтадым деп ойлаймын. Институтты тәмамдаған соң Индер ауданындағы тау-кен экспедиция­сына келдiм. Бiзге үй бердi. Мен ата-анамды, бауырларымды қолыма алдым. Сөйтiп 3 бөлмелiк пәтерде 9 жан бiрге тұрдық Әлi күнге дейiн бауырларыма көмегiмдi үзгенiм жоқ. Әкем 26 жасымда дүниеден өттi, ал анам бертiнде 1980 жылдары көз жұмды. Әкем менiң ғылыми еңбектерiмнiң жемiсiн көре аламады. Ал анам ерекше мақтанатын едi.
Мұфтах Диаров өзiнiң геолог болуына “Лениншiл жас газетiнiң тiкелей себепкер болғанын айтады.
– Аяқасты геолог болдым дегенiм дұрыс болар. 1950 жылы мектеп бiтiрiп жатқан кезiмiзде “Лениншiл жас” газетiнде “Менiң геолог болғым келедi” деген материал шықты. Соны оқыған сыныптас досым белгiлi ғалым Қасым Тұфхатов екеумiз бiрден геолог боламыз деп шештiк. Оған өкiнбеймiн. Геология – ғылымның ең қызық саласы. Ол кезде оқу үлгерiмiңе қарап аймақтарға бөлетiн едi ғой. Бүкiл одақ бойынша ұсыныстар болды. Бiрақ мен Индер ауданын таңдадым. Ал бергi жылдар өзiңе таныс.
Осылайша 26 жасар Мұфтах Диаров Индер тау-кен экспедициясының бас геологы болып тағайындалады. Кейiннен 1963 жылы кандидаттығын, ал 1972 жылы 39 жасында докторлық еңбегiн қорғады.
– Сiздi ғылыми жолға жетелеген кеңесшiңiз кiм?
– Мен аспирантурада оқығаным жоқ. Мүмкiндiк болмады. Ғылыми жұмыстарыма жетекшiлiк еткен де ешкiм болған жоқ. Тек өз еңбегiммен қорғап шықтым.
Мұфтах Диарұлының өмiр жолы мен Каспий маңы өлкесi тұрғындары өмiрi үшiн күресi – нағыз өнегелi жол. Кеңестiк дәуiрде одақ батырлары, еңбек, тың қаһармандарының БАҚ бетiнде кейде шынайы, кейде боямалы образы сомдалатын едi. Бiрақ Диаровтай өз ұлтының бiртуар ұлы жайлы қанша айтса да, қалай айтса да артық емес қой. Ең өкiнiштiсi, өзiн жарнамалауға келгенде академиктiң өзi де пәс. Ол бәзбiреулер құсап ешқашан кеудесiн соққан емес. Бiрақ күн сайын Атыраудың түрлi тастандылармен ластанған ауасын жұтып, мұнай-газ институтындағы алақандай кабинетiнде отырып елi үшiн, ұрпағы үшiн ұлан-ғайыр iс ат­қарып жүр.
Мұфтах Диарұлы сол кезде шетелдiк инс­титуттарға неге кетiп қалмады екен деп ойлаймын iштей. Бiрақ денемдi бiртүрлi   қорқыныш билейтiндей. Өйткенi Диаров кетсе, өлке экологиясын осыншама биiк деңгейде ғылыми тұжырымдармен кiм қорғамақ?
 
Сания ТОЙКЕН                 Дереккөзі
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!