Ауыт МҰҚИБЕК: "Қазақ көшiне мемлекеттiк сiлкiнiс керек"

Салақ келiннiң тiрлiгiндей күйге түскен қазақ көшiнiң бүгiнгi жайы көңiл көншiтпейдi. Дүниежүзiне тарыдай шашылған қазақты тарихи Отанына қайтаруға билiк әу баста құлшына кiрiссе де, соңғы жылдары қажетсiз заттай ысырып қойды. Шетте жетiм баланың күйiн кешiп жүрген қара көздердi елге оралту, бұл үшiн мемлекеттiк тұрғыдан күш жұмсау таптырмас шара-тұғын. Әттеген-айы, басы тәп-тәуiр басталған қазақ көшiнiң соңы сиырқұйымшақтанып кеттi. Әсiресе, бүгiнде Қытайдағы қазақтардың маңдайынан соры арылмай тұрған жайы бар.

– Қазақ көшi 4 себептен тоқырауға ұшырады, – дейдi редакцияға келiп, сұхбаттасқан “Балдырған” журналының бөлiм меңгерушiсi Ауыт Мұқибек. – Мәселен, 10 күн толды Қытайдағы қандастарымыз көмек сұрап, зар жылауда. Қазақстанға келу үшiн виза аштыра алмай әлек. Түсiнген адамға, дәл осы мәселе тек қана Қытайдағы қазақтың емес, бүкiл қазақтың мәселесi. Бiр-ақ уыспыз ғой, бiр-ақ уыс. Неге осы төрт көзiмiздi түгендеуге асықпаймыз?
Дәл қазiр Үрiмжiде Қазақ­стан­ға келу үшiн 10 мың адам кезекте тұр дейдi. Шындығында, Қытайдағы қазақтың тарихи Отанына келуiне Қазақстанның өзi қолдан қақпа жасауда. Осыдан 10-15 жыл бұрын шекарадан емiн-еркiн өтетiн едi. 1 жылға виза ашатын. Соңғы жылдары 3 айға – 1 рет, көңiлi түссе 3 рет виза ашатын болды. Сонда бiр адам жылына 4 рет тiркелуi қажет. Мұндайда жеңнен жалғасқан жемқорлыққа жол ашылады, ашылғанда да қаулап ашылады. Бұл кедергiлер­дiң бәрi де бүгiнгi қазақ көшiнiң басы-қасында жүргендердiң ұлт­тық сана-сезiмi жоқтығында. Тiптi президенттiң бiр шаңырақтың астына жиналыңдар деген жарлығына қарсы әрекет деген сөз.
– Сыртқы iстер министрлiгi президенттiң жарлығына қарсы жұмыс жасап жүр ме сонда?
– Әрине, басқа кiм болушы едi. Тоқтат дедi емес пе, виза ашуды. Сұмдық емес пе? Халықты бұлай әуреге салудың не қажетi бар? Мына байтақ жер үшiн шеттегi қазақтар алтынмен тең. Шетте жүрген қазақтар да өзiнiң тарихи жерiнде тiршiлiк етуде. Түрлi себептермен жер өзгенiң меншiгiнде кеттi. Олар да азаттық үшiн бiр адамдай күрескен жандар. Мұның бәрiн ұмытуға бiздiң құқымыз жоқ. Қазақтың тәуел­сiздiк алуына олардың да үлесi бар. Оларға рухани жағынан көмектесуге мiндеттiмiз.
– Сiздiңше, қазақ көшiнiң тоқырауына және қандай кедергiлер бар?
– Соңғы 5-6 жылдың iшiнде көш тоқырады. Басқа елдердi қайдам, Қытайдағы қазақтың көшiп келуi өте күрделi мәселеге айналды. Мәселен, кезiнде Қазақстаннан бiлiм алу үшiн Қытайдан 1500 қазақтың қаракөзi келдi. Бүгiнде олардың саны жүзден әрең асады. Мұны бiр деңiз. Екiншiден, 6 жыл толды. Ең тиiмдi тәсiл мемлекеттiк шақырту тоқтады. 6 жылда Қытайдан бiр де бiр қазақ ресми түрде көшiп келген жоқ.
Әрине, көш тоқтамайды. БҰҰ-да көшi-қон туралы халықаралық заң бар. Онда кезiнде түрлi себептермен бөлiнiп-жарылған отбасылар қосылу қажеттiгi көрсетiлген. Ал қазақ неше рет бөлiндi? 60-жылдары бiр бөлiндi. Шекараның арғы жағында баласы, бергi жағында анасы қалған отбасылар да болды. Қазақ көшi басталып тоқырағанға дейiн тағы бөлiнiп, жарылдық. Егер осындай отбасылар­ға Қазақстанның заңы қамқорлық жасамаса, халықаралық заң­ға жүгiну қажет. Егер бұлай қол қусырып отыра берсек, алдағы 10 жылда қытайдың қазағынан көз жазып қаламыз.
– Нелiктен?
– ХХ ғасырда 6 миллион деген қазақ 2 миллионға түсiп қалған жоқ па? Бүгiнде тәуелсiздiкке қол жеткен кезде 1,5 миллион қазақтан айырылып қалу қаупi төнiп тұр. Бұған Қытайды кiналауға болмайды. Қытай – iргесiн бекемдеп алған ел. Ондағы қазақ табиғи түрде жұтылып кетедi. Мәселен, отаршылдық саясатының нәтижесiнде қазақ жерiнде тұрып, қаншама қазақ орыстанып кетке­нiн ұмытпау қажет. Соның салдарынан әлi күнге тiлдi, дiндi ретке келтiре алмай жүрген жайымыз бар. Егер елiмiздiң болашағы мығым болсын десек, шетелдегi қа­зақтың оралуына жол ашуға тиiспiз. Олар Қазақстан үшiн дайын қазына. Кезiнде депутат Бекболат Тiлеухан шетте жүрген 10 отбасын туған жерi Жанарқаға көшiрiп, қол ұшын берсем, басқа да депутаттарға, әкiмқара­ларға шамасы келгенше қолғабыс етiңдер деп дәрiптесем, осылайша ұлттығымызды көрсетсек деген ниетiн айтты. Бiрақ мемлекеттiк шақырту тоқтап қалғандықтан бастама жайында қалды. Әйткенмен, ел құлағы – елу. Дәл осы бас­тамамен тарихи Отанына оралуға ниеттенгендер 10 емес, одан 10 есеге көбейiп кеттi.
– Сөз жоқ, ұлттық, мемлекет­тiк мүдде тұрғысынан қарағанда қазақ көшiн жандандыру өте қажет, кезек күттiрмей шешудi талап ететiн мәселе. Қазақ үшiн аса маңызды көштiң жолын кесiп, мемлекеттiк көшi-қон шақыртуын тоқтатуға кiм, немесе кiмдер мүдделi болған сонда?
– Ешкiм нақты жауабын бермейдi. Ол көшi-қон заңсыз болып, тоқтатылған дейдi.Заңсыз болса 15 жылға дейiн прокуратура қайда қарап отырған?
– Құзырлы орындар қай заңға сiлтеме жасайды?
– Ешқандай. Бастама көтерiл­ген­нен соң көшiп келуге ниеттi 130 шақты отбасының тiзiмiн жасап, құзырлы орындарға хат жолдадым. Атап айтайын: ҚР Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы Аслан Мусинге, үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке, бұрынғы Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевқа, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы Орал Мұхамеджановқа, ҚР Парламент Сенатының бұрынғы төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа, “Нұр Отан” ХДП төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматулинге, сол кезде Көшi-қон комитетi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құрамында болғандықтан, министр Гүлшара Әбдiхалықованы құлағдар еттiм. Көшi-қон комитетi Iшкi iстер министрлiгiнiң құрамына кiрген­нен соң да хат жолдадым. Сұм­дық! Ши сындырып, 130 қазақ отбасына алаңдаған бiр пенденi көргенiм жоқ. Мiне, осыдан-ақ қазақ көшi қаншалықты құлдырап кеткенiн таразылай берiңiз.
Бүгiнде Көшi-қон туралы заң парламентте талқылануда. Бұл заңның 20 жылдан берi халықты әуреге салған тармағы бар. ҚР азаматтығын алғаннан соң оралман статусы жойылады деген. Егер азаматтықты алсаң, мемле­кеттiк көмектен құралақан қаласың. Ұсыныс жасадық. Статусты 3 жылға ұзарту жөнiнде. Бiрақ бiрнеше депутаттар қарсы шығыпты. Ата Заңға қайшы, азаматтардың бәрi тең құқылы деп. Ата Заңымыз қатып қалған жоқ қой. Мәселен, “Отанымыздың болашағы, ұлтымыздың тағдыры, келешегiмiз үшiн” деп прези­денттiң өкiлеттiлiгiн ұзарту үшiн заңға бiр емес, екi рет өзгертiп, толықтырулар енгiздi емес пе? Ендi қазақ үшiн өте қажеттi көштi жандандыру үшiн неге өзгерту енгiз­бейдi? Кеше ғана Мәсiмовтi депутаттар 100 пайыз дауыспен сайлады. Қазақтың тағдырын да дәл осылай дауысқа салу қажет. Сонда көш түзеледi.
– 100 пайыз көрсеткiшке жету үшiн президент тағы бiр рет белсендiлiк танытып, қазақ көшiн қолға алуы қажет шығар...
– Президент шетелдегi қазақ қара шаңырақ Қазақстанға келсiн, бiр қазақ бiр қазақты шақырсын дедi. Бiлек түрiп жұмысқа кiрiсу үшiн осының өзi жетпей ме?
Сондай-ақ, көшi-қон саласында жұмыспен қамту мәселесi тағы бар. Әсiресе, шетел қазақтарын мемлекеттiк қызметке тартуды қолға алған жөн. Бейжiңде, Мәскеуде оқыған талай қазақ екi қолға бiр күрек таба алмай, далада қалғанын бiлемiн. “Тыңшы” деп жала жауып, кеудесiнен итер­гендi, қаны қазақ азаматтарға сенiмсiздiк бiлдiрудi қою қажет. Президенттiң, әкiмқаралардың бiр көмекшiсi, тiптi күзетшiсi қандас­тарымыздың iшiнен шығуы қажет. Нақтылы жағдайды бiлетiн, жанымен түсi­нетiн адам болуы тиiс. Бұл елдiгiмiзге пайдалы. Өзге елде өгей­сiнiп жүрген қазақтың еңсесiн көтеру үшiн таптырмас идеология.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Әңгiмелескен
 
Дилара ИСА      
 
 
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Соңғы рет өзгертілді: 12/06/2015

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!