Фарида Мерхамитқызы: Өзiме ұнаған iспен айналыс­тым.

 

Кәсiпкерлiк – кез келген адамның қолынан кел­мейтiн iс. Онымен әйел адам түгiлi, қолынан iс келетiн ер-азаматтың өзi айналыса алмайды. Себебi, кәсiп­керлiк ақылдылық, еңбекқорлық пен ептiлiктен бөлек төзiмдiлiк тәрiздi қасиеттердi талап етедi. Осындай қасиет­тер бойынан табылған әйел заты ғана өз iсiн ашып, кәсiбiн дөңгелетiп әкетедi. Сондай кәсiптi өз бетiнше жүргiзiп, ал­ғысқа бөленiп жүрген­дердiң бiрi – «Ерке-Нұр» кәсiпорнының президентi, «Үздiк кәсiпкер әйел» Фарида Мерхамитқызы. 1997 жылы негiзi қаланған «Ерке-Нұр» компаниясы ұлттық киiм-кешектер тiгумен айналысады. 1993 жылы Қытайдан оралған қандасымыз Фарида Мерхамитқызының бастамасына таңдай қағасың.

 

«Ерке-Нұрға» аяқ басқанымыз сол едi, жан-жақтағы ұлттық нақыштағы сәндi көйлектер, камзолдар, бешпенттер мен шапандар көз жауын алды. Ұлттық нақышқа бөленiп, ұлттық рухымыз ас­қақтай түстi. Бiздi жылы лебiзбен қарсы алған Фарида Мерхамитқызының күнделiктi киiмiнiң өзi ұлттық реңк пен ою-өрнекпен әсем әдiпте­лiптi.
– Бұл – өзiмнiң бастамам болды, – дейдi ол. Өйткенi бастапқыда матамен жұмыс iстеген едiм. Сосын неге өзiм киiм тiкпеске деген ой келдi. Алғашқы кезде туыстарым қарсы шықты. «Дүкенде да­йын киiм-кешек толып жатыр. Мұның бәрiн қалай өндiре­сiң?» дегендей әңгiмелер айтылды. Бiрақ өзiм қайтсем де осы iстi дөңгелетiп әкетем деген мақ­сат қойып, белдi бекем будым.
– Неге ұлттық киiм-кешектер тiгудi таңдадыңыз?
– Бастапқыда менiң iсiме күмән келтiргендер көп болды. Алайда халық жақсы нәрсенi жақсы қабылдайды деп түйдiм. Ұлттық нақышты таңдауымның себебi, әкем өнер адамы болды. Өнер ұжымын басқарды. Оның үстiне әсем сахналық киiмдер бала кезiмнен ұнайтын. 23 жасымда ұлттық киiм тiгу арманыма айналды. Бұған бiр жағынан ұлттық жiгер болу керек шығар. Себебi, бұл киiмдер өте ме, өтпей ме, оған басым қатқан жоқ. Өзiме ұнаған iспен айналыс­тым.
– Бәрi неден басталды?
Алғашқыда шағын тiгiн цехынан бастадым. Уақыт өткен са­йын өндiрiс дамыды. 1999 жылы ассамблеяда қазақ қауымдастығы жанынан көрме ұйымдастырдық. Оны көрген лауазымды адамдар таңдай қақты. Сөйтiп, кейiнiрек күнделiктi киiм тiгуге көштiк. Ал 2000 жылы шағын кәсiбiмiз ЖШС болып құрылды. Жолдасым Талғат екеумiз ақылдасып, «Ерке Нұр» деген атты таңдадық. Себебi ұлдарымыздың аты – Еркебұлан және Нұрсұлтан.
Бүгiнде «Ерке-Нұр» ел iшiнде ғана емес, шетелде де танымал қазақстандық брендке айналды. Фарида Мерхамитқызының ай­туына қарағанда, «Ерке-Нұр» өнiмдерi шетелдiк президенттерге талай мәрте сыйланыпты. Компания «Алтын сапа» белгi­сiне ғана емес, шетелдiң басқа да байқауларында үнемi үздiк болып танылып жүр.
– 2004 жылы «Ерке-Нұр» сән театрын құрдық. Сән коллекция­сын насихаттадық. 2007 жылы «Ерке-Нұр» атты сән журналын шығардық. 2007 жылы «Ерке-Нұрдың» қазақ-қытай тiл кол­леджiн аштық, – деп Фарида Мерхамитқызы жетiстiктерiн тiзбелей түстi.
– Осы iстiң басы-қасында жалғыз жүрсiз бе, әлде қол ұшын берiп жүргендер бар ма? – деп сұрадық.
– Маған тiрек болып жүрген жолдасыммен бiрге жұмыс iстеймiз. Күйеуiмдi 90-жылдары Қазақстан Ғылым академиясы жұмысқа шақырды. Алғашқыда сонда жұмыс iстедi. Кейiн менiмен бiрге жұмыс iстейтiн болды. Ол артқы шепте, мен алдыңғы шепте дегендей. Киiмнiң түрлерi, оны нарыққа шығару жұмыстарын мен атқарам да, өндiрiс, қаржы мәселесi күйеуiмнiң мойнында.
– Әйел адамға кәсiппен айналысу қиынға соқпай ма? Осындай кәсiппен шұғылданатын әйел адамға қандай қасиеттер керек?
– Әйел адам үшiн кез келген салада жұмыс iстеу оңай емес. Менiң жұмысым киiм бизнесi болғ­андықтан, жаныма жақын. Өз басыма ұнайды. Бiр қиындығы, балалармен көп уақыт өткiзе алмаймын. Бiрақ үнемi күйеуiммен бiргемiн. Қазiр балаларым ержеттi. Алдыңғысы – университетте, артқысы – мек­теп­тiң 8-сыныбында оқиды.
Ал әйел адамға қандай қа­сиет керек десеңiз, ең алдымен, бiлiм керек. Қиындыққа төтеп бере алатын төзiмдiлiк, шыдамдылық қажет. Осыны алып жүретiн адамда ақыл болуы тиiс. Кiшiпейiлдiк пен ең­бек­қорлықты да ұмытпау керек.
Өнеркәсiптiң аты жеңiл болғанымен, шын мәнiнде бұл – ауыр өнеркәсiп. Бүгiнде жеңiл өнеркәсiптi дамыту үшiн шикiзат жоқ дегендей уәждер айтылып жатыр. Бiрақ мен онымен келiспеймiн. Шикiзатты сырттан алуға болады. Тек қиындықтан қорықпасаң жарағаны.
 
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!