Жүрсін ЕРМАН: "Айтыс – елді ажырататын емес, біріктіретін өнер"

Елордада «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Мәңгілік ел – мұратым» атты «Алтын домбыра» республикалық аламан айтысы өтті. Екі күндік аламан додада «Алтын домбыраны» Балғынбек Имаш еншілеген болатын. Дүбірлі додадан кейін белгілі ақын, отыз жыл бойы рухани өнердің көшін сүйреген Жүрсін Ерманға бірер сауал тастадық. 

– Жүрсін аға, «Нұр Отан» партия­сының қолдауымен Астанада Тәуел­сіздік күні қарсаңында екі күн бойы дүбірлі айтыс өтті. Бұл айтыстың би­ыл­ғы жаңалығы неде?

– Айтыс – елдің басын біріктіретін қа­сиетті өнер. Өздеріңіз де байқаған болар­сыздар, кешегі айтысқа қаншама көрер­мен жиылды. Конгресс-холлда ине шан­шар орын болған жоқ. Екі күн бойы елорда төрінде ұлттық мереке жасады де­сек те, артық айтқандық емес. Айтыс – ел­дің еңсесін көтеретін, тізесін бүктірмейтін киелі өнер. Айтыс өзінің осы функциясын жақсы атқарып шықты деп ойлаймын. Соңғы бірер жылдың көлемінде айтысты «Нұр Отан» партиясы өзінің қарамағына алды. «Нұр Отан» партиясы – еліміздегі жетекші партия. Парламенттің тоқсан пайы­зы «Нұр Отан» партиясы фракция­сының мүшелері. Айтыстың сөзі өтімді екенін түсініп, партия өзінің құралына ай­­нал­дырып отыр. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Ақын­дар белгілі бір деңгейде бүгінгі қоғамдағы қордаланған мәселе­лерді ортаға салуға тырысады. Айтыс – мәселені шешіп тас­тауға мін­детті емес. Айтыстың мақсаты – мә­селені көтеру арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру. 

– Айтыста сөз болған мәселелер, ақын­дар көтерген ұсыныстар қанша­лық­ты ше­ші­мін табуда?

– Айтыспен өмір сүріп жүргеніме отыз жылдан асып кетті. Осы жылдар ішінде айтыс арқылы шешімін тапқан да мәселе­лер болды. Мәселен, Алматыда «Алматы ақшамы» деген газет шығады. Кезінде Ал­ма­тыда «Вечерний Алматы» деген орыс­ша газет қана болған. Айтыс үстінде ақындар «Қазақтың астана­сында неге қазақша газет шықпайды?» деп мәселе көтерген. Сол кездегі орталық комитет мә­селені оңды шешіп берді. Қазір «Алма­ты ақшамы» газеті үлкен ұлттық газетке айналды. Болмаса, үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында үлкен айтыс өткіздік. Қарауылдан Семейге қаты­найтын жолдың жағдайы өте нашар екен. «Абайдың жолын түзеу «Абай жолын» жазудан да қиын боп тұр» деп ақын­дар сахнада мәселе көтерді. Ай­тыс­қа қатысып отырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орнынан көтеріліп, «осы мәсе­лені шешеміз» деп уәдесін берді. Бір жыл­дың ішінде Абай ауданы мен Семейдің арасындағы жол жөн­делді. Міне, нақты нәтижелер. Айтыс­тың негізгі міндеті – шаруашылық мә­се­лелерін шешу емес. Қоғамдық пікір туғызу, мәселені қою. Осы тұрғыдан келгенде, айтыс қызметін адал атқарып келеді және атқара да береді деп ойлаймын. Қайталап айтайын, біз әлі жас мемлекетпіз. Тәуелсіздігіміздің 23 жылын енді ғана атап өтіп отырмыз. Бұл тарих үшін азғантай ғана кезең. Біздің мемлекет­тік құндылығымыз жаңа ғана қалыптасып, экономикамыз енді ғана сабасына түсіп, халықтың жағдайы енді ғана жақсарып келе жатыр.  

– Отыз жылдан астам айтыстың ба­сы-қасында жүрсіз. Өңір-өңірлерді ара­лағанда жарқ еткен дарынды жас­тар болса, соны айтыстың сахна­сына шығаруға тырысатын едіңіз. Бұл мін­детті бүгін қалай орындап жүрсіз?

– Мен осы міндетімнен әлі де айны­ған жоқпын. Қазір айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасымын. Осы міндетті атқару барысында облыстарды жиі аралаймын. Дарынды жастарды көріп жүремін. Былтырғы жылы «Қа­зақтың айтыс ақындары» деген бір том анық­тамалық кітап шығардық. Біздің есебіміз­де 150-дей ақын бар. Солардың арасында сахнаға дайын отырған, пісіп қалған жастар да бар. Әсіресе, Ақтөбе облысынан төрт-бес ақынды кездестір­дім. Оның бәрін айтысқа қатыстыра алмадық. Марат Ахметов, Ершат Қай­мол­­динов, Қайнар Алакөзов, Аян Сейі­тов сияқты дарынды ақындар бір ғана Шалқар ауданынан шығып отыр. Одан бөлек, Шымкент, Қы­зыл­орда, Павло­дарда қаншама дарынды жастар бар. Екінші бір үлкен мәселе, ай­тыс ақында­рын тәрбиелеуіміз керек. Құдай дарын бергенімен, сол талантты ұш­тау деген дүние бар. Ақынға білім керек. Айтыс ақындары мен жыршы-тер­ме­шілердің халықаралық одағының ұйым­дасты­руы­мен өткен жылы Таразда ғылыми-прак­тикалық конференция өтті. Кон­фе­ренцияға білікті мамандар, ғалым­дар қатысып, пікірлерін ортаға салды. Он екі мәрте шеберлік сыныптарын өткіз­дік. Ақынның киім киісінен бастап, сөз сап­тауы­на, мақамына дейін талқыла­дық. Уәжге уәж қайтару деген не? Со­ның бәрі шеберлік сыныптарында айтылды. Айтыс дегеніміз – суырып­салмалық өнер. Қайым­­дасып айтуға шеберлігін жетілдіру. Ол үшін ақын саясаттан бастап, әлеуметтік өмірге дейін барлығынан хабардар болуы керек. 2013 жылы Мәдениет министрлігі Айтыскерлер одағына бес миллион теңге­дей қаржы бөлді. Биылғы жылы министр­ліктің мүмкіндігі келмеді. Ал­да­ғы 2015 жылы да жұмысымызды жалғастырамыз деп отырмыз. «Нұр Отан» партиясының фрак­циясындағы депутаттар қолдау көр­сетіп жатыр. Депу­тат Алдан Смайыл «Өнер­дің бар­лық түрлеріне мемлекет қам­қор­лық көр­сетуде. Айтыстың мәртебесін көте­ріп, неге мемлекеттік қамқорлық көр­сет­песке? Айтыс өткізу үшін жұртқа алақан жайғызбай, мемлекеттен ақша бөлдіртіп отыруға жағдай жасауымыз қажет» деді. Кешегі айтысқа қатысқан вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың да бұл мәселелерді құлағы шалды. Үкі­меттің «көмектесеміз» деген ниетіне риза болып отырмыз. 

– «Елімізде 150-дей айтыс ақыны бар» дейсіз. Кейбір деректерде 250 ақын деген пікірлер айтылып жүр. Мұ­ның қайсысы шындыққа жана­са­ды?

– Олай болуы да мүмкін. Мен тек одаққа мүшелерді ғана айтып отырмын. Жалпы, талапкерлер көп. Ел болған соң таланттар шықпай тұрмайды. Жақында ғана «Нұр Отан» партиясы Өскеменде айтыс өткізді. Сонда Серік Қуанғанов деген ақын қатысты. Студент бала екен. Төрт сөзі түгел, жарқылдап тұр. Олар қа­зір мүше болмағанымен, ертең ай­тыстың беткеұстар қаймақтары болады деп ойлай­мын. 

– Белгілі бір уақытта айтыс ақыны сахнадан кетуі керек пе?

– Бұл мәселе жиі қозғалады. Біздің біраз сақайып қалған Серік Құсанбаев, Баянғали Әлімжанов, Аманжол Әлтаев сияқты ақындарымыз айтыстан қол үзіп қалды. Белгілі бір уақытта немесе белгілі бір жасқа жеткенде ақынның сахнадан кетуі қажет деп есептемеймін. Жамбыл, Сүйін­бай ақындар өле-өлгенше қолынан дом­бырасын тастаған жоқ. Ақын неге айтыс­тан кетуі керек? Мәселен, айтыспен қош­та­сып кеткен Аманжол Әлтаев осы жылдың аяғында Қарағандыда «Жекпе-жек» айтыс өткізгелі отыр. Сахнаға қай­тып оралды. Меніңше, ақынның кетуіне бір ғана себеп бар. Айтыстың жасаруына байланысты оның интеллектуальдық дең­гейі де өсіп кетті. Айтыс өнерінің деңгейі жазба поэзиямен жымдасып кетті. Соның көшіне ілесе алмаған ақындар ғана ептеп шектетіліп жатыр. Шығармашылық по­тен­циалы жоғары ақындар айтысқа қайта оралуда. Шын ақын, талантты ақын өзінің дарынын халыққа қызмет етуге неге жұм­са­масқа?! Сондықтан ешкімді шетқақ­пай­лап, шеттетіп жатқанымыз жоқ. Өзі шет қалып жатса, ол ақынға шарасыз­быз. Амалымыз жоқ. Әйтпесе, ақындық деген қанмен кіріп, сүйекпен кететін дүние. 

– Кейде көпшіліктің арасында «Пә­лен айтыскерді айтысқа шығармай қой­ып­ты» немесе «Түгеншені әдейі қатыстырмай қой­ып­ты» деген пікірлер де айтылып қалады. Бұған қалай қарай­сыз?

– Кешегі айтыс – Тәуелсіздік кү­ніне арналған қабырғалы айтыс болған­нан кейін, бұған елдік сөзді айтатын ақындар­ды күттік. Біздің кейбір ақын­дарымыз «жұл­дыз» ауруымен ауырады. Содан кейін кейбір ақындар көбіне-көп елді шула­татын арзан дауларға барады. Асүйде ай­тылатын сөздерді сахнада айтып, абырой жинаймын деп ойлайды. Олай абырой жинай алмайды. Ол ай­тыс­тың ажарын да кіргізбейді. Кейбір ақындардың сахнаға шыға алмай қа­луы­ның себебі сондықтан. Оның несін жасырамыз? Сахнада есті сөз айтуы қажет. Айтыс – елді ажырататын емес, біріктіретін өнер. Осы талапқа сай кел­меген ақын шеттетіліп қалатыны рас. 

– Ғылыми-практикалық конфе­ренция­лар, шеберлік сыныптары өткі­зіл­гені дұрыс та шығар. Айтыскер ма­ман­дарды тәрбиелей­тін мектеп ашу, институттарда арнайы фа­куль­теттер ашу қажет деп ойламайсыз ба?

– Кезінде Мырзатай Жолдасбеков Гумилев атындағы Еуразия университе­тінде ректор болып отырған тұста ар­найы бөлім ашты. Төрт-бес ақын сол бөлімді бітіріп шықты. Кейінірек ол бө­лім жабы­лып қалды. Биыл Айман Мұсаходжаева басқаратын ұлттық Өнер академиясында «Айтыс» деген бөлім ашылды. Оған төрт бала грантқа түсіп оқып жүр. Бұл мемле­кеттің жасап отырған үлкен қамқорлығы. Алдағы уақытта мұның аясы кеңейеді деп ойлаймын. Бөлек оқу орындары ашыл­маға­нымен, жаңағыдай бөлімдердің жұмыс істеп отырғаны қуантады. Ай­тыс, қалай десек те, қоғамда бар құбы­лыс. Оған ешкім көз жұмып қарай ал­майды. Сондықтан мемлекет мән беріп, ақын­дарды оқытып, тәрбиелеп жатса, оның несі артық? Тіпті айтыс академия­сын ұйымдастыру деген де идеялар ой­ымызда жүр. Бұл – болашақтың шаруа­сы. 

– Кезінде телеайтыс ұйым­дас­ты­ры­лып отырды. Одан бөлек, жекпе-жек айтыстар да жиі өткізілді. Қазір дәс­түр­лі айтыстың түрлері азайып, ауқы­мы тарылып қалған секілді. Не себепті?

– Біз алғаш айтысты бастаған кезде ақындар айтысының ізі суып қалған кез болатын. Суырыпсалма өнердің бар екенін дәлелдеу үшін айтыстың шағын формаларын қолдандық. Қайымдасып айтысу, өтірік өлең айтысы, жұмбақ айтыс болды. Кейін іріктеле келе, уа­қыттың талабына жауап беретін айтыс­тың үш-ақ түрі сақталып қалды. Бұл – қыз бен жігіт­тің айтысы, түре айтыс және сүре айтыс. Ұсақ-түйек жанрлар уақыттың жүгін кө­те­ре алмай қалды. Айтыскерлер одағында «Бұрынғыдай облысаралық айтыстарды бастасақ» деген идея айтылып жүр. Әр облыстан төрт-бес ақын шығарып, облыс пен об­лысты айтыстыру. Ол айтысқа ақын­дардан бөлек, жыршы-термешілер қаты­сып жатса, құба-құп! Әрі әр облыс өзінің намысын қорғап, қамқорлық жасар еді. Оның бәрі қаржыға тіреледі. Наурыз айында наурыз айтысты спорт тақырыбы­на арнасақ деген ойымыз бар. Әр ақынды бір Спорт федерациясы қамқорлығына алып, солардың киімін кигізіп, әрқайсысы сол ақынға демеу­шілік көрсетіп, ортаға шыға­рып, спорт тақырыбына айтыс жаса­са, қандай күшті болар еді! Әрі спорт­шыла­рымыз да насихатталар еді. Күні кеше Алматы­да ауыр атлетикадан өткен әлем чем­пионатында қазақтың қарша­дай баласы Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпио­ны атанды. Ұлттың рухы қалай көтеріліп қал­ды?! Жазира Жаппарқұл күміс жүл­дегер атанғанда, қалай қуандық?! Бұл айтыс жас ұрпаққа өнеге болар еді әрі спортшыларымыз да дәріптелер еді. Мұндай айтыстың несі жаман?! 

– «Алтын домбыра» дәстүрлі айтыс мерекесіне айнала ма?

– «Алтын домбыра» биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл бір жылда өткі­зіл­ген айтыстардың қорытындысы. «Алтын домбыра» ережесі бойынша, үш рет жеңімпаз болған ақынға «Алтын домбыра» мәңгілікке беріледі.

– «Мәңгілік ел – мұратым» атты ке­шегі айтысты «Қазайтыс» сайты тіке­лей таратып отырды. Айтысты көре алмағандар сайттан тыңдап, құлақ құрышын қандырды. Айтыскерлер одағының жеке сайты бар ма?

– Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының жүргізіп отырған арнайы сайты бар. «Айтыскерком» деп аталады. Бірақ қаржы аздау болғандық­тан, мұның жұмысын дұрыс жолға қоя алмай отырмыз. Бір жылдың ішінде 1984 жылдан бері өткізілген тарихи айтыстардың бар­лы­ғын дерлік осы сайтымызға салдық. Сайттың ауқымын кеңейту, жұмысын жеделдету мәселесі қаржыға тіреледі.

– «Алтын қорда» алғашқы айтыс­тар­дың толық нұсқасы сақталып қал­ған ба?

– Негізгі айтыстардың көбі сақтал­ған. Арасында бірен-саран әртүрлі себептер­мен жойылып кеткен айтыстар болмаса, негізінен айтыстардың дені «Алтын қоры­мызда» бар. 

– «Алтын қорда» сақталып қалған ай­тыс­тарды таспаға жариялау, көрер­мен­ге тарату ісі неге қолға алынбай отыр?

– Бұған дейін мүмкіндігім келген уақытта айтыстарды 11 бейне таспаға түсі­ріп шығардым. Оның әрқайсысында бірнеше сағаттық айтыстар жинақтал­ған. Әлі таспаға түсе қоймаған айтыстар же­терлік. Оларды таспаға түсіріп, көп­ші­лікке таратқымыз келеді. Қытай­да қаншама қазақ айтысты тамашалай ал­май отыр? Сол қандас бауырлары­мызға арнап, сапалы бейнетаспалар шығар­ғымыз ке­леді. 

– Бір кездері айтысқа Амангелді Ерме­­гияевтың, Өмірзақ Сәрсеновтiң жиі демеу­шілік танытқанын жақсы білеміз. Соңғы кездері демеушілік жа­сау мәселесі қалай қолға алынып жүр?

– Шындығын айтқанда, қазір ай­тыс­ты қолдап, демеушілік танытып жүрген азаматтар жоққа тән деп айтуымызға болады. Кешегі айтыста бір ғана демеуші болды. Ол – Дәулет Тұр­лыханов. Қазір экономикамыз дамып кетті дегенімізбен, біздің ұлттық өнерге жаны ашитын қазақ­тардың қалтасында ақша аздау ма деп ойлаймын. Ақшаның көбісі орыстілді­лердің қолында. Олар біздің ұлттық өнері­мізге, оның ішінде айтысқа пысқырып та қарамайды. Сондықтан бізді қазір демеп жатқан билік қана. «Нұр Отан» партиясы жыл бойы айтысқа қолдау жасады. Шілде айында Алматы қаласында «Өз еліңде сұлтан бол!» деген айтыс өткіздім. Сахнаға шыға алмай жүрген жастардың басын қостық. Демеуші табылмады. Жалғыз Хұсайын Омаров қана жекелей қолдау көрсетті. Қалған демеушілердің көбі қазір айтыстан сырттап кетті. 

– Айтыс ақындары мен жыршы-терме­шілердің халықаралық одағы­ның жеке кеңсесі, бас қосатын орны бар ма?

– Бір жыл бойы Мәдениет министр­лігінің қарамағындағы «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының ішінде отыр­дық. Қазір ол жерден көшіп кеттік. Одақ­тың арнайы кеңсесі де жоқ. Айтыс­керлердің ор­тақ бас қосатын орны жоқ. Таяу күндер­де вице-премьер Бердібек Сапарбаев республикадағы шығарма­шылық одақта­ры­ның басшы­ларымен кездесу өткізбек. Сол кездесу­ге бізді де шақырып отыр. Сон­да осы мәселелерді көтеретін бола­мыз.

– Еліміздің түкпір-түкпірінде жүр­ген, айтыстан қол үзіп кеткен ақындар әлі де сізбен байланысып тұра ма?

– Еліміздегі барлық ақын менімен байланысып отырады. Кез келген ақын маған хабарласып, мәселелерін айтып, той-томалақтарына шақырып, мұң­дарын жеткізіп отырады. Айтыскер­лердің халық­аралық одағының облыс­тарда өкілдіктерін ашамыз ба деп ой­ла­ғанбыз. Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Асқар Мыр­зах­метовтың қолдауымен Шымкентте өкілдігіміз жұмыс істеп отыр. Нұрлан Но­ғаевтың қолдауымен Батыс Қазақстанда өкіліміз жұмыс істеуде. Шығыста да өкілдіктері­міз бар. Бұл ақындардың басын қосып, тәрбиелеп, сахнаға даярлайтын ұйым ғой. Ол ұйым енді ғана аяғынан тік тұрып келеді. Одақтың жұмысын ақын­дардың өзі қоғамдық негізде атқарып отыр. Сайттың жұмыстарымен де ақын­дар айналысуда. Ізбасарларым, шә­кірттерім бар. Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсен­ғазин, Еркебұлан Қай­назаров сияқты жігіттер осы одақтың жұмысын қоғамдық негізде атқарып жүр. 

– Айтыстың көшін сүйрегеніңізге отыз жылдан асыпты. Шаршаған, шар­шатқан кезеңдер болды ма?

– Айтысқа қол сілтеген кездерім көп. Бірақ бұл айтыс та менің тағдырыма ай­налып кетіпті. Жарақатым жазылған­нан кейін, қанымды жалап аламын да, қай­тадан кірісіп кетемін. Өйткені мен атқар­масам, ешкім ештеңе істемейді. Неге дей­сіз ғой, 1992 жылдан 1997 жылға дейін, бес жыл бойы айтыспен айналысқан жоқпын. Өзім жұмыссыз жүрдім. Сол жылдары еш­кім айтысқа қолын созған жоқ. Ұмытылып қалып қойды. Қайтадан айтысқа келдім. Айтыс кемеліне келген кезінде тізгінін ұс­тауға, осының рахатын көруге тыраш­та­ну­шылар болды. Бірақ ешкім бей­не­тіне төзбейді. Айтыстың қара жұмысы көп. Ұйым­дастыру жұмыстары жүйке­ден жүйке қоймайды. Айтыс – халыққа қажет өнер. Досым Несіпбек Айтұлы: «Мен сені осы айтыстан қызғана­мын» дейді. «Неге?» десем, «сен жазба ақынсың. Шығар­ма­шы­лық қуатыңды біле­міз. Қаншама уақы­тыңды осыған тек­ке өткізіп жатырсың» дейді. Таяу күндері ұлттық Өнер акаде­мия­сының жанынан «Қазақ өнерінің антологиясы» деген сериямен 25 томдық кітап шы­ғайын деп отыр. Соның жеті томы жа­рыққа шықты. Сол жеті томдық қазақ­тың айтыс өнеріне арналды. Қытай­дағы, Өзбекстандағы бауырларымыздың айтыстары кітапқа жарияланды. 22 та­мыз­да Елбасымыздың Ұлытауда сұхбат берге­нін білесіз. «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде сұхбатқа байланысты насихат ма­териалдары жа­рия­ланды. Сол мақалалар «Ұлт ұясындағы ұлағат» атты кітап болып жарыққа шықты. Бұл кітапқа Ұлытау ауданының әкімі демеу­шілік танытты. Оның арасында ме­нің де мақалаларым бар. Кешегі айтыста осы кітап ақындардың көбіне ақпарат­тық бағдар болды. Ақын­дардың көбі кітап оқымайды. Газет-жур­налдар қарай бер­мей­ді. Білімін көтермеген ақын көшке ілесе алмайды. Балғынбек Имашевті шоу­мен деп кінә артып жүр ғой. Ол көп ізденеді. Білімді жігіт. Ай­тыстың көркін ашу үшін түрлі әдіс-айлаға барады. Бал­ғынбектің кей қатар­ластары айтыстан шығып қалды. Кешегі айтыста Балғынбек­пен терезесі тең айтысқан – Еркебұлан Қайназаров. Ақын үнемі ізденісте болуы шарт. Білі­мін жетілдіріп отырмаса, қарай­ып қалады. 

– Несіпбек аға айтқандай, өз шы­ғар­ма­шылы­ғыңыз тасада қалып қой­ған жоқ па?

– Бүгінгі күнге дейін 17 кітап шыға­рып­пын. Мәселе көп жазуда емес. Соң­ғы кездері жақсы дүниелерім шығып жатыр деп ойлаймын. Өлеңдерім туралы, шығар­машылығым туралы пікір жазбаған әріп­те­сім жоқ. Бақыт Сарбала, Темірхан Ме­дет­бек, Жәркен Бөдеш, Ұлықбек Есдәулет менің шығар­машылығым туралы жақсы пікірлерін білдірді. Жақсы пікірлерге іштей қуанып қаласың. Алдағы тұрған мақсат – 2015 жылы Мәскеуден орыс тілінде кітабымды шығарсам деген ойым бар. Түрік тілінде де шығарғым келеді. Өлең деген ғайыптан туатын нәрсе ғой. Оның үстіне, прозамен де айналысамын. Әсі­ресе, көркем публицистика, очерктер жазамын. Былтырғы жылы очерктерім «Гөй-гөй» деген атпен кітап болып шық­­ты. 

– Мемлекет тарапынан еңбегіңіз бағаланды ма?

– «Құрмет» ордені берілді. «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» деген атағым бар. Еңбегімнің бағалан­ғаны туралы мақтана айтатын бір дүнием бар. Республикалық деңгейде мүшәйралар өткізіледі. Үш мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алған менен басқа ақын жоқ. 1994 жылы Сәкен Сей­фул­лин­нің 100 жылды­ғында маған көлік мінгізді. 2011 жылы Мұқағали Мақа­таев­тың 80 жылдығында бас жүлдені жеңіп, көлік міндім. Ер Жәні­бектің 300 жылдығында бас жүлдені жеңіп алдым. Өлеңімді бағалап, жүлдені маған беріп жатқан болар. Әйтпесе біреуді жағалап, өлеңімді өткізген кезім жоқ. 

 Гүлзина БЕКТАС

 Дереккөзі

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!