Саадет ТҮРІКӨЗ: "Өзімді бақытты ететін нәрсені іздедім"

Түркияда туған, Швейцарияда тұратын әйгілі музыкант, әртіс Саадет Түрікөз өз бақытын, өмірлік жолын бала кезінде баруды арман еткен қазақ елінің дәстүрлі сазынан, әндерінен, әдет-ғұрпынан тапқан. Қазір қазақ әуені Саадет концерттері арқылы Еуропа, Америка, Азия, Африка елдерінде естілуде. Ол ұлтты сақтайтын оның өнері деп есептейді.

– Сіздің өнеріңізді музыканың бір ғана түріне жатқызу қиын. Біресе кәрі қазақтың күңіренісін, енді бірде қыздың анасына сағынышын, тағы бірде ғашық жігіттің мұңын ұлттық нақышта әртүрлі кейіпте, әрқилы әуенде, сан түрлі дауыста бересіз. Сонда сіз қай жанрда өнер көрсетесіз? 

– Мұны еркін импрови­зациялық, эксперименттік, аван­гардтық музыка деуге болады. Но­таға жазылмайтын нәрсе. Бөлек жанр. Сахнада өнер көрсетіп тұрған сәтте маған қазағымның ойлары, өмiр сүрген халдерi, суреттерi көп келедi, соны жеткіземін. Күшті өзімнің ішкі түкпірімнен, тамырымнан аламын.

– Ана тілі, әдет-ғұрпы, та­рихынан осында тұратын қазақ­тардың өздері ажырап қалған кеңес дәуірі тұсында атажұртыңыздың мәдениеті жайлы мәліметтерді қайдан алдыңыз?

– Түркияда бала күнімде 4-5 мың қазақ бір жерде отырып, бір-бірімізбен араласатын едік. Әке-шешем, барлығы қазақша сөйлейтін. Бізде қазақша кітап, мектеп, теледидар болған жоқ. Бірақ бірге өмір сүргенде көргендерім, тыңдағандарым бар. Ауыл айтыстары, шілдехана, той-томалақтар сондай бір әдемі көріністер еді. Кейбір қасиеттер атадан бізге берілген. Қалғаны елестетумен келеді. Егер мені тыңдаушылар ондағы айтылғандарды өздері бастан кешкендей күйге енсе, өзімді бақытты сезінемін. 

– Түркияда тудыңыз, Еуропада тұрасыз. Неліктен әлемге танымал емес дәстүрлі қазақ әуендерін өнеріңізге арқау еттіңіз?

– Маған сол сұрақты көп адамдар қояды. «Дауысың бар ғой. Неге поп музыкаға бар­майсың?» дейтіндер де табылды... Қазақ әуені жаныма жақын. Тегіміздегі, қанымыздағы, ген­нің ішіндегі қазақшылық өне­рімді шығарудағы қазынаға айналды. Сыртта диаспора болып жүргендер көп нәрсеге басқаша қарайды. Қазақстаннан көп алыста жүрміз. Белгілі бір ой, аңсау, елестету болады екен. Ән салып тұрғанда қазағымның ескі, көне, архаикалық бір көріністері, түсініктері жадымда жаңғырады. Олар маған сондай жақын келді, содан өзімді таптым. 

– Шынымен, сіз осы жолға түскенге дейін әртүрлі салада бағыңызды сынап көріпсіз... 

– Өз-өзімді іздеп, алдымен психиатрия саласында медбике болайын деп, бір жыл оқуына барып, одан оны тастап кеттім. Сосын журналистика мектебін тәмамдап, диплом алып, Щвей­цария басылымдарында жұмыс істедім. Одан кейін жапондық шиацу терапиясы курсын бітірдім. Сол уақытта маған ақырын-ақы­рын шабыт келе бастады. «Маған не жақсы?» деп ойланып жүрген уа­қытта «дыбыспен жұмыс іс­тей­­мін» деген іштей тоқтамға кел­дім. Өйткені шығармашылық, өнер­паздық менi бақытты етеді деп ойла­дым. Сосын жасым отызға таяған­да, музыканы тауып, өзіме оны жол еттім.

– Оған не түрткі болды? 

– Музыканы әруақытта жақсы көретiнмiн. Арнайы білім алғым келіп, консерваторияға барғанымда, онда жасқа қатысты белгілі бір шектеулер бар екенін біліп, райымнан қайтуға тура келді. Содан 1986 жылы Германиядағы Кельн қаласында қазақтардың тойына шақырылдым. Сырттан қонақ болып келгендіктен, ән айтуымыз керек. Әннің сөздерін есте сақтай алмайтынмын. Сосын есіме түскен бір әуенді орындадым. Жиналған қазақтар мені «опера әншісі» деп шығарып алды. Сол кезде «дауысым бар екен ғой» деген ойға келдім. Бірақ музыкант болуға апарар жолды білмедім. 1990 жылы өзіміздің Цюрихте үлкен ресми кеш өтті. Мен түбіттен жасалған, ұрып, дыбыс шығаратын аспаппен бала кезімде үйренген «Сәулем-ай» мен «Қамажайды», бірден өзім ойымнан шығарған екі-үш әнімді орындадым. Сол кезде көпшілік қызығушылық танытып, маған музыкант ретінде жұмыс істеуге ұсыныс жасалды. Мектепке бармай-ақ сахнаға шыға алатынымды ұқтым. Сосын бір жыл импровизациялық музыка мектебіне барып, тәжірибе жинап, таныстар тауып, ақыры музыка кәсібіме айналды. 

– Сіз алдымен медбике, сосын журналист, тіпті шығыстық емші болдым дейсіз. Кейін кейбіреулерге түсініксіз көрінетін музыка жанрын таңдадыңыз. Бәрін жаңадан бастай беруден қорықпадыңыз ба? 

– Бұрынғы істерімнен рақат таппадым. Әрине, таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйiме келіп, теледидар қарап, жалақымды алып, жүре беруге де болар еді. Бұл тіпті қолайлы да. Бірақ мұндай жайлы өмір маған ұнамады. Мені бақытты қылатын нәрсені іздедім. Турасын айтайын. Қазіргі жолым жеңіл емес. Әйтсе де, өнерім мені бақытты етіп отыр. Әйел бола тұра өз жолымды таптым.

–  Сіз үшін ең қиыны неде болды сонда? 

– Түсінесіз бе, бұл музыка поп, джаз, рок сияқты емес. Кей­бір адамға ұнайды, біреулерге ұнамайды. Көп жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ өзіме бақыт сыйлаған өнеріме сендім. Өз өнерім арқылы ұрпағыма бір нәрсе беруді ойладым. Ата-бабамның, әке-шешемнің жеңіл болмаған өмір жолдарының жаңғырығын басқа жерлерге, мемлекеттерге жеткізейін дедім. Атамның, апамның жат жұртта қашып жүрген өмірінің қиын болғанын, бәрібір түбіміздің құрымағаны жайлы толғандым. Өз өнерімді тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге арнағым келді. Қазақтың қазынасы арқасында жұмыс істеп отырмын. Қазаққа ризашылығым шексіз. Оны әлемге жеткізу ойымда бар. 

– Бұл сіздің миссияңыз ба?

– Миссия деген сөзді жақсы көрмеймін. Тым әсіре естіледі. Өнер жолында маңыздысы – басқаға бірдеңе беру. Егер жастар «әнімнің ішінен бір нәрсе көрдік, ішіміз жыбырлады, сезіндік» десе, бұл қандай жақсы?! Сахнада музыкант әуенді естіген, көрген адамдармен бірге тоғысады. Тыңдаушылар энергияны алып отыр екен деп ойлайсыз, шын мәнісінде, олар да маған береді.

– Сіз жақында сол қолы кесілген ана туралы әуенді орындадыңыз. Тосын көріністер ойыңызға қайдан келеді?

– Мен оны түс ретінде көрдім. Сол көрген түсімді үнмен шығардым. Ал «Кәрі қазақты» өзім жаздым. Ол «атажұртымда қалай болады екен?» деген ойдан туындаған. Қазақ ұлтының келешегі, өткені туралы толғаныс. 

– Кейбіреулер сіздің сол көрі­ністеріңіздің астарында мағына, символ жатқанын айтады...

– Ол – жақсы нәрсе. Өнерде бір жақта – өнерпаздың ойы мен дүниетанымы, екінші жағында тыңдарманның өз түйсігі мен қабылдауы тұрады. Сол арқылы ол өзінің өмірінің мағынасын түсіне алады. Музыка жалғыз бiр адамды емес, басқаны да ойландыруы тиіс. Бұл – тамаша нәрсе!

– Сіз қазақ мақамына салған әуендеріңізді басқа елдерде де орындап жүрсіз. Басқа ұлттар мұны қалай қабылдайды?

– Концерттерім Солтүстік Африка, Мексика, АҚШ-тың көптеген штаттарында, Италия, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Жапония, Қытайда, өзіміздің Шығыс Түркістанда, басқа да көптеген жерлерде қойыл­ды. Биыл Үндістанға ба­рамын. Импровизациялық музыканы барлық елде бағалайды. Көбіне басқа музыканттармен, түрлі аспаптармен жұмыс іс­тейміз. Мысалы, жақында кон­серваторияда аккордеонның сүйемелеуімен орындаймын.

– Қазақша ғана айтасыз ба?

– Қазақша да, түрікше де. Сосын наурызда «modern dance» пайдалана отырып, сахнаға шы­ғамыз. Ливанда гитараға қосылып өнер көрсетеміз. 

– Ал Қазақстанда ше? 

– Иә, бұған дейін Алматыда өнер көрсеткенмін. Астанаға алғаш рет келдім.

– Алғашқы әсеріңіз қандай?

– Астананың жері кең, ауасы таза, модерн стиліндегі архи­тектурасы әдемі, кейбір ғимараттарды безендіруде ою-өрнек араластырғандары ұнады. Жаңа мешітке бардым, дұға жасадым. Сондай әдемі істелген екен. Бәйтерекке шыққым келеді, жаңадан ашылған Ұлттық кітапханаға бару ойымда бар. Өз жеріме келгеніме бақыттымын. 

Тағы бір байқағаным, адамдар әлі орысша сөйлейді екен. Қазақ тілін біліп, қазақ жерінде қазақша сөйлеген кісілерді де көрдім. Ол да жақсы. Қазақ тілінің өрісін кеңейту керек деп отырмын. Өзімізден ұялмауымыз керек. Әдет-ғұрпымызды, дәстүрімізді, мұсылмандығымызды арттыра түсу қажет. Әрине, әлемге ашылып, көп нәрсені көру маңызды, бірақ өзгеге еліктеушілік керек емес. Қазақстанымыз тәуелсіз мемлекет болғанына 20 жылдан асты. Қазір өзіміз жайлы ойланатын уақыт жетті. 

– Сіз өзіңізді қай ұлтқа жат­қызасыз?

– Өз қанымызда – қазақпыз. Оны ешкім өзгерте алмайды. Менің ата-анам көшпенді болған. Семей жақтан шыққан қазақтар. Қытайдан Шығыс Түркістанға келіп, малын бағып, қымызын ішіп, етін жеп, майын жиып, табиғатта өмір сүрген адамдар. Үндістанда, Пәкстанда тігінші кәсібін меңгерген, кейін Түркияға келіп тұрақтаған. Он тоғыз жыл Ыстамбұлда қазақтармен бірге өмір сүрдім. Жасым ұлғайса да, сол он тоғыз жыл бәрін басып кетеді екен.

Түркияда туған соң, сол жердің де тілін білемін, әдетін көрдім. Түрікпіз десе де болады. Өйткені бір-бірімізге жақынбыз. Біз – қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, татар бәрінің келген жері – Орталық Азия. Бұл – нағыз түріктің жері. Тарихта солай. Сосын бәріміз бір-бірімізге жақын болғандықтан, тіліміз – ұқсас, дініміз – ортақ. 

Қағаз бойынша, тұрған жеріме қарай – щвейцариялықпын. Бірақ үйде – қазақ қызымын. Үйге қонақтар келгенде, еуропалықтар сияқты төрге шығып отыра алмай­мыз. Үлкендерге ізет біл­діруді, әдеп сақтауды, қонақ күтуді біле­міз. Ол – ескіден келе жатқан үр­діс. Менің де өнерім осы қазақы бол­мысымнан, таби­ғатымнан, ұлтым­мен үндестігімнен шығып отыр. 

– Қандай арманыңыз бар?

– Қазақстанға тыныштық пен қазақылықтың артуын тілеймін. Қазақстан – асыл қазына, өзінің халқы мен жері бар. Бала кезімізде сол жақтан келген бір адамды көру арман еді.  Әлі есімде, 1970 жылдары Түркияның Измир қаласында өтетін ЭКСПО көрмесіне Кеңес Одағынан қазақтар да келетінін естідік. Тоғыз жасар баламын. «Қазақстан келеді!» деп қуанып, бү­кіл қазақ  ауылы  автобусқа тиеліп, Ыстамбұлдан сол жаққа бардық. Есіл-дертіміз – атажұртымыздан келген қазақтарды көріп, амандасу. Сол жолы «Дос-Мұқасан» тобы­ның әндерін тыңдадық. Енді қазақ­тардың бірімен сөйлескіміз келіп, ұмтылғанымызбен, қоршаған орыс күзетшілері бізді жібермеді. Сөйтіп, олармен бір ауыз тілдесе алмай, үйге қайтқанымызды білемін... Қазір үлкен ілгерілеушілік бар. Соны ұрпақтарға айту керек. Себебі өз ұлтымыздың мәдениетін білмесек, мағынасын түсінбесек, ұлт ретінде жойылып кетуіміз ықтимал. Сон­дықтан мәдениет жағынан алға ілгерілеу қажет. Әрине, еліміздің дәулеті артсын, экономикасы өркендей түссін. Бірақ қазақ еркін­дігінің қадірін біліп, әрі қарай өсіп, өзін жоғалтпауы қажет. Өзге істемегенді өзі істеуі қажет. 

 
Айжан Көшкенова                                     Дереккөзі

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!