Сенбі, 28 Наупыз 2015 00:00

Резо ГАБРИАДЗЕ: "ҚАЗАҚТЫҢ ҚИЫНДЫҚТА ТАСТАМАЙТЫН ҚАСИЕТІ ҰНАЙДЫ" Таңдаулы

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(1 Дауыс беру)

Резо ГАБРИАДЗЕ, КСРО Мемлекеттік және Руставели атындағы сыйлықтың лауреаты

Биылғы жылды Грузия елі «Қазақстанның Грузиядағы туризм жылы» деп жариялап, қазақстандық БАҚ өкілдерін шақырған еді. Бізге елдің мәдениеті мен тарихына қатысты жерлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен жете танысудың сәті түскен. Грузиндердің ежелгі мәдениеті мен тарихын көріп, елдің мақтанышына айналған белгілі тұлғаларымен де кездестік. Сапарымызда аты әлемге белгілі Резо Габриадземен кездесіп, сұхбат алған елдік. Қария 78-ге келсе де ширақ, шығармашылығын дамыту үстінде екен.– Менің достарым көп, соның ішінде қазақтар да бар. Бірақ Қазақстанға жолым түспеді. Егер де сіздерден шақыру болып жатса, қуана-қуана барар едім. «Сталин­град» деген спектаклімнің бір көрінісінде соғысқа қатысқан өрімдей жас қазақ солдатының жан дүниесіндегі эпизод көрсетіледі. Орыс тілінде жазылған. Біз осы спектакльмен қайда болмадық, жердің барлық түкпірін араладық десем, артық емес. Көрермендер жылы қабылдады. Сұхбат беруді көп ұната бермеймін. Сіздер Қазақстаннан келді деген соң ғана келістім, – деді бізді ақ жарқын көңілімен қарсы алған Резо қария.

 

– Қазақ өнері мен мәдениеті  өкілдерімен байланысыңыз бар ма? 

– Әрине, бар. Қазақтарды аса құр­меттеймін. Солардың ішінде Америкада тұратын танымал азамат Тимур Бекмам­бетов­ке құрметім ерекше. Онымен жиі араласып тұрамын. Дарынды режиссер,  азаматтығы ерен.   Талантын ел мойындаған.  Бойында көп адамдарға берілмеген қабілет бар. Суретшілігі өз алдына бөлек әңгіме. Ол бекерден-бекер Лос-Анджелесте жүрген жоқ. Тимурдың атағымен мақтанудың өзі неге тұрады?! Сіздер Тимур Бекмамбетовпен мақтануларыңыз керек. 

Өзім Кутаисидің педагогикалық институтын және Тбилиси университетін тәмамдағам. 1967 жылы Мәскеудің жоғары сценарийстер мен режиссерлер курсында оқыдым. Бізбен бірге КСРО-ның әр түкпірінен келген жазушылар болды. Олардың арасында мықты қаламгерлер аз болған жоқ. Қазақстаннан жазушы Қалихан Ысқақов та оқыған. Сендер оны жақсы білулерің керек, үлкен жазушы. Сол жылдардың өзінде ол танымал болды. Біздің курстағылар оны ерекше құр­меттейтін. Қашан көрсеңіз де күліп, көңілді жүретін.   Қалиханмен соңғы жылдары жиі араласа алмадым. Алайда оны ұмытқан емеспін. Ал Тимур мен үшін аса қымбат. Себебі біздің қарым-қатынасымыз бен достығымызға 25 жыл болды. Досымның үлкен суреткер екенімен мақтанамын. 

– КСРО кезінде режиссер, киносценарист ретінде 35-тен астам фильмді дүниеге әкелдіңіз. Олардың арасында «Не горюй», «Мимино», «Чудаки» және «Кин-дза-дза», «Необыкновенная выставка» атты тамаша туындылар бар. Ал театрдағы жаңашыл­дығыңыз туралы не айтар едіңіз?

– Бұл театр ойламаған жерден дүниеге келді. 1981 жылы осы ғимаратты сатып алып, алғашында кішкентай театр ашсам, одан кейін шеберханамда жұмыс істеймін деп шешкенмін. Ақырында бәрі өзгеріп шыға келді. Кейінірек Тбилисиде ма­рионеток театрын аштым. Театрдың ре­жиссері, қойылымдардың авторы, оның көркемдеу жұмысы дегеннің бәрі – менің мойнымда. Көмекке ешкімді шақырған жоқпын. Бастапқыда ойым үлкендер үшін қуыршақ театрын ашу еді. Сол ойым жүзеге асты. Кішкентай сахнада «Альфред және Виолетта», «Бриллиант маршала де Фантье», «Осень моей весны», «Дочь им­ператора Транезунда» атты спектакльдер өмірге келді. Енді суретшілік пен мүсін­шілікке ораламын деп жүргенде, ойдан ой туып, қойылымдардың үздіксіз жалғасуы театрды әлемге танытты. 

– Шет елдерде де жұмыс істегеніңізді білеміз. Қай елдерге жолыңыз түсті?  

– 90-жылдары Швейцария мен Францияның театрында жұмыс істедім. Кино саласында әдебиеттен дәріс бере жүріп, екі драмалық «Какая грусть-коец аллеи» атты пьесаны Швейцарияның Лозанна қаласында, ал «Кутаисиді» Парижде қойдым. Екі қойылымда атақты актерлер – Питер Брук, Натали Пари, Бакари Сангари және басқа танымал артистер ойнады. Осындай керемет актерлермен жұмыс жасау, шығарма­шылығын мен ізденісіме үлкен серпіліс әкелді. 

– «Сталинград» атты спектакліңіз қай жылы дүниеге келді?

– Спектакль 1994 жылы «Волга туралы ән» деген атпен Тбилисиде сахналанса, кейін «Сталинград шайқасы» деп өзгертілді, қазіргі күнде «Сталинград» деген атпен қойылып жүр. Оның премьерасы 1996 жылы Францияның Дижоне қаласында, 2001 жылы бірінші рет мәскеулік премьерасы өтті. 2002 жылы АҚШ-тың Линкольн орталығында премьерасы болды. Содан кейін 2010 жылы театр гастрольдық сапармен Нью-Йоркке бардық. Бұл пьесаның қайсы елде қойылғанын айтпай-ақ қояйын. Спектакльдің бірінде қазақ солдатының жан дүниесін бейнелейтін эпизодты кіргізгенмін. Ол эпизодта қазақ жауынгерінің  ата-анасына жазған хаты бар. Хат соғыстың ауыр жағдайын және солдаттың туған жері мен ата-анаға деген сағынышын баяндайды. Осы сюжетті көрген көрермен өмірдің шындығын сезінеді. Қойылымды көпшілік жылы қабылдады. Тіпті көрерменнің спектакльге құрметінің ерекше артқанын байқадым. Спектакль соңында көрермендер сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісті.  Бұл – менің қолымнан келген ең бір жемісті еңбегім деп бағалаймын. Пьеса соғыс туралы ғана емес, нағыз шынайы өмірді көрсетеді.  Өмірдің мәні мен мағынасын көрермендерге жет­кізуді мақсат еттім. Сталинград көркемдік композицияға құрылған. Онда сурет, кино, поэзия, драма  бар. Өмірдегі қайғы мен қуаныштың сюжеттерінен тұрады.

– Ұлы Отан соғысы жылдарында сіз неше жаста едіңіз?

– Кішкентай болдым. Сегізге тол­мағанмын да. Соғыс баршамызға ауыр тиді. Дүниенің бәрі бүлініп, ғимараттар мен үйлердің көбі қирап жатты. Отқа оранған үйлермен бірге адамдар да жоғалып жатты, үйленбеген жастардың тағдыры мен үйленгендердің тоғыспаған өмірі кімге де болсын оңай тиген жоқ. Оны көзіміз көрді. Біздер шағын қалада тұрдық. Онда 75 мың тұрғын болыпты. Соғыстан кейін ол қалада соның үштен бірі қалса керек. Ол жыл­дардың картиналары менің есімде және көкейімде. Көп адамдардың жүрегінде қара дақ болып қалды. Оны еске алу – маған өте ауыр. 

– Сіздің театрыңыз әлемнің көп елінде гастрольде болыпты. Қазақстанға неге келмейсіз?

– Әрине, Қазақстанға барғым келеді. Қазақстан туралы естігендерім өте көп. Ертеректе Ташкентте бір кинофестивальға қатысқаным есімде. Ал Қазақстан әзірге маған ертегі болып тұр. Мәдениеті мен әдебиетінің алысқа кеткендігін естіп жатырмын. Дәм бұйырса, сіздердің елдеріңізге барып, спектаклімді көрсетсем деймін. Қазіргі кезде Грузия мен Қазақ­станның арасындағы экономикалық қарым-қатынас жақсарып, қанатын кең жаюда. Әлемді шарлаған театрыммен Алматыда, одан кейін Астанада болсам деген ойым да бар. Біздің театрдағы ұжым шағын. Шағын болғанымен көтерген жүктері салмақты дер едім. Театр гастрольмен Францияда бес рет болса, АҚШ-тағы фестивальдарда екі рет, Еуропаның барлық елдерінде, Мәскеу мен Санкт-Петербургте және Сеулде өткен фестивальдерге қатысып қайттық. Өнер  барлық халықтарға ортақ дер едім.

– Кино мен театр саласында еңбегіңіз бөлек те, суретшілігіңіз бен мүсіншілігіңіз бір төбе. 

– Өнер саласында жолым болған адаммын. Бала кезімде сурет салумен шұғылданып, суретшілікке бет бұрдым. Туындыларымды ел біледі. Кейбір туындыларым Мәскеу, Санкт-Петрбург, Париж, Рене, Дижонде қойылған. Сол сияқты Мюнхеннің көрмесіне де қатыстым. Қолымнан шыққан туындыларымның көпшілігі әр мемлекеттің мұражайында сақтаулы. Сонымен қатар АҚШ, Ресей, Германия, Израиль, Франция мен Оңтүстік Кореядағы жеке адамдардың кол­лек­цияларында да кездеседі. Мәскеу қала­сындағы «Мадам Галифе» мейрамхана­сындағы жобама біраз уақытым кетті. Ал мүсін саласында Санкт-Петербургтегі фонтанкадағы «Чижик-пыжик» бейнесі. Оның бар болғаны – 11-ақ сантиметр, салмағы 5 келі. Дүниежүзіндегі ең кіш­кентай ескерткіш. Мен оны аңызға сүйеніп жасағанмын. Одессадағы анекдоттарға арналған мүсіндерде еңбегім қалса, басқа қалаларда да кездеседі. 

– Қазіргі шығармашылығыңыз жайлы не айтасыз? 

– Соңғы жылдары ештеңе жазған жоқпын. Киноны жастарға бердім. Солар еңбектенсін. Оларға кеңес беретін үлкен ақсақалдар бар. Үлкендерден жастар үйренсін. Қазір заман басқа, талап пен техника және монтаж жетілген. Бір сөзбен айтқанда, өткен уақыт пен қазіргі өмір сәйкес келмейді. Негізгі мамандығым – суретші. Киноға кейін келдім. Грузин­фильмін­де, Мосфильмде жұмыс істедім. Сценарий – бұл шын мәнінде драматургия. Драматургияның заңы қатал дер едім. Оны өз басымнан кешірдім.

– Өзіңіз жақсы көретін фильмдеріңіз бар ма?

– Әлемдік фильмдердің ішінде фран­цуздар мен америкалықтардың, ағыл­шындар мен италияндықтардың фильмдері жоғары деңгейде түсірілген. Сонымен қатар, ресейліктердің де тамаша киноларын айта кеткім келеді. Орыстар соңғы уақытта жақсы фильмдер түсіріп жүр.

– Ал қазақстандық фильмдер туралы не айтасыз?

– Бір өкініштісі, ештеңе айта алмаймын. 

– Қазіргі кезде өзіңіз сурет салумен айналысып жүрсіз бе?

– Иә, бос уақытымда сүйікті кәсібімді жалғастыруға тырысамын. 

– Жас келген сайын өмірге деген көзқарас пен мінез өзгере ме екен? 

– Мінез бен көзқарас қартайғанда басқа болады. Қартайғанда жан дүниеңді түсінетіндер басқаша ойлап, басқаша көзқараста болады. 

– Резо Леванович, сіз қай тілде жазып, қай тілде ойлайсыз?

– Тек грузин тілінде ойлаймын. Тілімде «грузинизм» болғандықтан, сөзім орысша. Демек, біріншіден, грузинше ойлап, содан кейін оны орысшаға аударамын. Екі тілді білу өте жақсы. Менің тыныс алуым Маяковскийдің сөзі. Ол Кутаисиден онша алыс емес жерде өсті. Оның сөзін грузин тілінде сезініп, грузин сөзінде оқимын, ол өте жеңіл. Шындығына келгенде, екі тілдімін. Менің тілім – грузин және орыс тілі. 

– Қазақтар туралы пікіріңіз қандай?

– Қазақтармен достықты бастау өте жеңіл. Бұдан кейін олар достықты ұзақ сақтай біледі, қиындықта тастамайды және үнемі қолдайды. Қазақтардың осы қасиеті маған ерекше ұнайды.

– Әңгімеңізге рақмет. 

 Біз сұхбатымыздан кейін ғимаратта орналасқан Марионеток театрымен таныстық. Театрдың сыртқы келбеті де ерекше. Театрдың жанында төрт-бес қабатты үйдің биіктігіндей төрт бұрышты мұнара тұр. Мұнараның ең биік шыңында сағат орналасқан. Сағат тілі жетіге келгенде, сағаттың іші ашылып, одан кішкентай қуыршақ бала шығады да, қолындағы балғасымен кешкі жетіні жеті рет ұрады. Одан кейін сағаттың астыңғы жағындағы тағы бір терезе ашылды. Одан вагон сүйреген пойыздың жүргенін көрдік. Ол да белгілі бір уақытқа шектелген. Бағананың көше жағына тіреу қойылған. Театрдың кішкене мейрамханасы тұрақты жұмыс істейді.  80 а­дамдық зал көрерменге лық толы болды.  Біздер «Рамона» спектаклін тама­шаладық. 

 

         Жексен АЛПАРТЕГІ     

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Оқылды 417 рет Соңғы рет өзгертілді: Сәрсенбі, 06 Мамыр 2015 08:27

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!