Сенбі, 28 Наупыз 2015 00:00

Ерлан Біләл: "Бала тілінде көбірек сөйлесек дейміз"

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Белгілі актер Ерлан Біләлдің Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына көркемдік жетекші болып тағайындалғанына көп болған жоқ. Драма театрдың сахнасында талай-талай сүбелі рөлдерді ойнаған актердің бұл жаңа белесі. Жастар театрының жаңа маусымының шымылдығы ашылатын күн алыс емес. Осы орайда, балалар мен жасөпірімдер театрының көрерменіне жаңа маусымда ұсынар сыйы қандай? Нендей жаңалықтар дайындап отыр? Біз бұл сауалды Ерлан Біләлге қойған едік. 

– Ерлан, сіз ұзақ жылдар Мұхтар Әуезов атындағы академиялық дра­ма театрда еңбек еттіңіз. Талай спек­такльдерде басты рөлдерді де сомда­ғаныңызды білеміз. Жастар театрына көркемдік жетекшілік қызметке кел­діңіз. Рөлдеріңізді тастау, ұзақ жыл­дар қызмет еткен театрыңызбен қош­тасу оңай болмаған шығар. Шешім шығарарда қиналған жоқсыз ба?

– Бұған дейін де әкемтеатрда актер бола жүріп, басшылық қыз­метті қатар алып жүрдім. Сондық­тан, екі театрдың арасында сонша­лықты алшақтық, айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Бұл да театр. Мен театрдың ішіндемін. Басқа салаға ауысып кеткен жоқпын. Сол жақтағы басшылықтың қалауыме­нен өз рөлдерімді ойнап тұрамын. Ешқандай рөлімді тастағам жоқ. Бұл театрда да өзіміз білетін, елге танымал, дарынды актер аға-апа­ларымыз қызмет атқарған. Ол кісі­лердің көбінің көзін көрдік. Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Әми­на Өмірзақова, Қасым Жәкі­баев сияқты дарындарды көрдік. Мұхтар ағаммен бірге дубляж жа­саған кезіміз де болды. Бүгінгі буын өкілдерімен де жақсы таныспыз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Сол себепті, екі театрдың арасындағы айырмашылықты сезінгем жоқ деп айта аламын. Өзім білетін адам­дардың ортасында, сол өнерде, сол театрда жүргендей сезінем. 

– Жалпы, жастар театрының сах­насында ойнаған кезіңіз болды ма?

– Ойнаған кезім болған жоқ.

– Жастар театрында қойылған спектакльдерді жиі тамашалайтын ба едіңіз?

– Академиялық театрдың ре­пер­туарындағы спектакльдерде рөл­дерім көп болды. Сондықтан, спектакльдерді жиі тамашалауға мүмкіндік болмады. Премьералар кезінде келіп тұрдым. Жаңадан шы­ғып жатқан спектакльдерді үзбей көруге тырыстым. 

– Өзіңіз айтқандай, театрдың теа­трдан айырмасы жоқ. Басты ерекшелік – аудиторияда. Жастар теа­тры балалар мен жасөспірімдердің ыңғайына қарай спектакльдер қоя­ты­ны белгілі. Балалар аудиториясына арналған спектакльдерде рөл ойна­ғыңыз келе ме? 

– Оның рас. Балалар мен жас­тар­ға арналып қойылғандықтан, бұл жерде специфика бөлек. Бала­ларға көбірек спектакльдер қойы­ла­ды. Алғаш театрға келгенде, өзі­міз де балаларға арнап, ертегілерде ойнадық. Нақты осы театрда ойна­мадым десем де, гастрольдік сапар­ларда балаларға арналған шығар­маларды ойнап жүрдік. Сондықтан, балаларға арналған спектакльдерде рөл ойнау аса қиын емес деп айтар едім. Бұл басқа сахна ғой деген тү­сінік менде жоқ. Рөлдер болып жат­са, неге ойнамасқа? Бірақ менің қа­зіргі жұмысым, «өзім рөл ой­наймын, өзім спектакль қоямын» деген мәселеден тұрмайды. Театр­дың репертуарын, театрда ойнап жүрген актерлердің толыққанды репертуарда болуын, сол кісілердің мұң-мұқтажын ойлау – менің не­гізгі мәселем. Бұған дейінгі актерлік өмірімде «рөл ойнамадым ғой, ана рөлді ойнауым керек еді» деген мәселелер болған емес. Алдымызда тұрған мақсаттардың негізгісі – балалар мен жасөспірімдерге ар­нал­ған спектакльдердің санын кө­бейту. Жаңашыл бағыттағы жаңа режиссерлік шешімдер, жаңа қойы­лымдар санын арттыру. Жас актер­лердің өсуіне, рөл ойнауына жағдай жасау – негізгі міндетімізде тұр. 

– Театрдың репертуарымен та­ны­сып үлгерген шығарсыз. Репертуар сіздің көңіліңізден шықты ма?

– Авторлардың пьесаларын оқып та, танысуға болады. Қандай спектакльдер қойылатынын білген­менен, қойылымдарды толық көріп шығуымыз керек. Қойылымдардағы актерлік қарым-қабілет қандай, орын­дау деңгейі қандай? Бұрын премьера кезіндегі бірді-екілі көр­генім, ешқандай нәтиже бермейді. Қазір бәрін сараптап, көріп шы­ғуым қажет. Бізде көркемдік кеңес бар. Режиссерлер кеңесі жұмыс іс­тейді. Бәріміз кеңесе отырып, спектакльдердің деңгейін әлі де бағалайтын, бағамдайтын боламыз. Сондықтан, қазір «мынау ұнайды, мынау ұнамайды» деп айту, дұрыс емес пікір деп ойлаймын. Көркем­дік шешімін, актерлік орындалуын қадағалап қараған соң, пікір айтқа­нымыз дұрыс. 

– Соңғы кездері репертуардың жұтаңдығы туралы көбірек айтылып жүр. Бұл пікірге қалай қарайсыз? 

– Репертуар жұтаң деп айтпас едім. «Репертуар жұтаң» деп ауызды қу шөппен сүртетін ештеңесі жоқ. Дәл осы театрда толыққанды ре­пер­туар бар. Балаларға арналған спек­­такльдің аздығы – ол шындық. Бала­ларға арналған спектакльдер жоқ деп айта алмаймын, бар. Бірақ, саны аз. Балаларға арналған дүние­лерді көбейту – басты назарымызда тұр. 

– Режиссерлердің аздығы да кейбір театр басшыларын алаңдатып отырғаны шындық. Қазір шетелдер­ден режиссерлер келіп, спектакль қоя бастады. Өзіңіз ойнаған Отелло­ны ресейлік режиссер қойғанын біле­сіз. «Қорқыттың көрі» спектаклін де литвалық режиссер қоймақ. Бұл орайда, жастар театры қандай шешім таппақ?

– Дәл қазір біреуге сын айтудан аулақпын. Әр театрдың ұстанған сая­саты, бағыт-бағдары бар. Тәжі­рибе алмасуда шетелдерден режис­сер шақыру да қажет. Жастар теа­трын алар болсақ, бұл театр сырттан режиссер шақыртуға қаншалықты мұхтаж?! Мұны біз театрда сарапқа салып көреміз. Әйтеуір шақырды деген осы екен деп, бас-көзі жоқ, режиссер шақыруға болмайды. Оған қаражат керек емес пе? Мүм­кіндік керек. Бізде қазір жұмыс іс­теп жатқан режиссерлердің қойы­лымдары да соншалықты жаман емес. Ол қойылымдардың арасында халықаралық деңгейдегі фестиваль­дерге қатыса алатын, бәсекелесе алатын режиссерлік шешімдер бар. Мұрат Хаджиевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуын» алып қараңыз. Келісімшарт негізінде жастарды ша­қырып, спектакль қойғызу, біз­дің негізгі жоспарымызда бар. Ше­телден іздемей-ақ, өзімізде дарын­ды жастар жетеді. Жаңа күннің талабына сай, режиссерлік шешім көрсете алатын режиссерлер бар. Қазір біз сондай дарынды жастар­мен жұмыс істеудеміз. Бұл бір-екі айдың көлемінде шешіле салатын дүние емес. Өзіміздегі режиссер­лер­дің де жаңа, тың дүниелер алып келетініне кәміл сенемін.

– Режиссерлердің дені драматур­гия мәселесінің ақсап тұрғанын ай­тады. «Заманауи шығармалар жоқ­тың қасы» деп байбалам салып жүр­­­­­гендер де бар. Бұған қалай қарай­­сыз?

– Драматургияның кішкене ақ­сап тұрғаны рас. Драматургтермен сөйлесіп, біздің бүгінгі мұхтаж бо­лып отырған дүниелерімізді, яғни балаларға арналған ертегілерді, қойылымдарды жазуға тапсырыс беру ойымызда бар. Актуальды мә­селелерді көтеретін, бүгінгі күннің мәселесін қозғайтын, бүгінгі күннің ойын жеткізетін дүниелердің керек­тігін біз айтып жүрміз. Мүмкін, ал­да­ғы уақытта бұл мәселені жүзеге асырудың жолдарын қарастыратын шығармыз. 

– Жақсы шығармаларға, бала­ларға арналған пьесаларға байқау өткізу ойларыңызда жоқ па?

– Алдағы уақытта жақсы шы­ғар­маларға арнап, байқау өткізетін де болармыз. Әзірге бұл мәселелерді талқылап, жоспарлар құрудамыз. Сол жоспар бойынша, театр негізгі жұмыстарды атқаратын болады. Ең алдымен репертуарымызды сарап­тап, келешекте қойылатын дүние­лерді реттеп алмақпыз. 

– Актерлік дарыныңызды көрер­мен жақсы біледі. Режиссерлік ше­шім жасау, жаңашыл қойылымдар қою өз жоспарыңызда бар ма? 

– Режиссерлік мамандығым да бар. Жоғары режиссерлік курсты тамамдағам. Режиссура деген де оңай шаруа емес. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, әзірге өзім рөл ойнап, өзім спектакль қоямын деуден аулақпын. Мендегі қазіргі мақсат басқа. Оның бәрі екінші-үшінші кезекте тұрған мәселелер.

– Режиссерлігіңізді бағамдап кө­рер болсаңыз, қай шығарманы қояр едіңіз?

– Негізгі мұндай жоспарды құ­пия сақтаған дұрыс. Жарияла­ғанды аса ұната бермеймін. 

– Әуезов театры өз маусымын «Отелломен» аяқтағанын білеміз. Өз «Отеллоңыздың» кемшілігін байқай алдыңыз ба?

– Отелло – рөл ретінде өзінше бір төбе. Бұл ұлы туындыны Шекс­пир жазған, Әуезов аударған. Одан кемшілік табу мүмкін емес. Біз айт­пасақ та, ғасырлар бойы дәлелденіп келген дүние. Бүгінгі актерлік өмі­ріме Отелло тағы бір белес болды деп айтар едім. Әрине, режиссерлік шешім аса көңілімнен шықты деп айта алмаймын. 

– Режиссерлік шешім ұнамаса, неге бас тартпадыңыз?

– Жұмыс бастала салысымен, оның қандай болатынын білмейсіз. Режиссер соңғы шешімін соңғы ми­нуттарда айтуы мүмкін. Рөлді жар­ты жолда лақтырып кете ал­майсың. Оны да дұрыс емес деп санадым. Актер ретінде сол ұсынылған рөлге шама-шарқымша, өз үлесімді қос­тым деп ойлаймын.

– Птушкинаның пікірінен кейін қандай ой келді?

– «Адам аласы ішінде» демей ме? Біз қойылымға дайындық ке­зін­де де, қойылымның премьерасы кезінде де режиссердің ондай пікі­рін естіген жоқпыз. «Орыстан до­сың болса, айбалтаң қасыңда бол­сын» деген. Сол сөз өзінің дәлелін тапты-ау деп ойладым. 

– Жақында ғана жастар театры «Естайдың Қорланымен» Бакуге ба­рып қайтты. Одан бөлек, тағы қай елдерге гастрольдік сапармен шығу жоспарларыңызда бар?

– Нақты дәл қазір мына елге ба­рамыз деген түйінді сөз айта алмай­мыз. Фестивальдер болатын елдерді қарап отырамыз. Шарттарымен та­нысамыз. Одан кейін келісімшарт жасасамыз. Балаларға арналған шығармалардың фестивальдеріне де барғымыз келеді. Әзербайжан жұрты «Естайдың Қорланын» өте жылы қабылдады. Әндерін, сөзде­рін ешқандай аудармасыз түсініп, қол шапалақтап жатты. Олардың спектакльді тапжылмай тамаша­лауы жақсы қабылдағанының бел­гі­сі емес пе? Біз өте жақсы әсерде қайттық. 

– Қазақ актерлерінің өзге елдер­дің сахнасына шығуы кемшін. Көбі қазақ сахнасынан ұзай алмай жата­ды. Әлемдік сахнаға шығу қазақ ак­терлеріне қол жетпейтін арман деп ойлайсыз ба?

– Германияда шеберлік сабақ­тары өткізіліп тұрады. Әр елдің теа­трларының мықты актерлері, бел­гілі профессорлары өткізеді. Сон­дай мастер-кластарға қатысқа­ным бар. Германияға театрға жұмыс істеуге шақырған да кезі болды. Бірақ оған түрлі себептермен бара алған жоқпын. 

– Мәселен, Абайды Түркияның, не болмаса Әзербайжан сахнасында ойнар ма едіңіз?

– Әрине, неге ойнамасқа? Ха­лық­аралық фестивальдермен көп­те­ген елдерге бардық. Басқа елдерге барғанда көбіне өз тілімізде ойнай­мыз. Германияда неміс тілінде спек­такль қойғанымыз бар. Мұндай тәжірибелер бізде болды. Мұндай жобалар болып жатса, оған еш қиналмаймыз деп ойлаймын. 

– Жастар театрының сахнасы өз көрермендеріне биылғы маусымда қандай сый ұсынбақ?

– Балалардың қалауына ың­ғай­лы дүниелерді қойғымыз келеді. Оның бірі – «Маугли». Биылғы маусымның шымылдығын ашатын жаңа спектакльдердің бірі осы. 

– Актерліктен бөлек, сізді те­лера­налардан да жиі көреміз. Жүр­гізуші болған кездеріңіз де болды. Мұның бәрі мұқтаждықтан ба?

– Бір айлықпенен қалай отыра­сың? Сондықтан, концерт жүргізе­міз, киноға барамыз. Арасында той­ға шақырса, оны да атқаруға тура келеді. Бұл оның түбіне түсіп кеткен дүние емес. Концерт жүргізуге шақырып жатса, кештерді жүргізуге ұсыныс түсіп жатса, неге бармасқа?! Мұның бәрі мәдени шаралар емес пе? Оны жүргізгеннің еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Театрда ғана жұмыс істеймін, киноға түспеймін деп айта алмаймын. Мен театр және кино актерімін. Біз сахна тілін, сөз сөйлеу мәнерін меңгердік. Осының арқасында жүргізушілікке де қабі­ле­тіміз бар. Қолымыздан келетіні осы. Хирург болып, елге операция жасай алмаймын. Мен үй салатын құрылысшы емеспін. Сол себепті, қолымыздан келетін шаруаны атқа­рып, бала-шағаны асырауымыз ке­рек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС                                          Дереккөзі

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Оқылды 457 рет Соңғы рет өзгертілді: Жұма, 01 Мамыр 2015 11:15

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!