Гүлхан СІРГЕБАЕВА: "МЕН ОРЫНДАУШЫҒА ЕМЕС, ӘНГЕ МӘН БЕРЕМ"

Әп-әдемі болып сахнадан, телеарналардан көрініп жүр едіңіздер. Көрермендер сіздерді жоғалтып алғандай...

– Иә, көрінбей кеткеніміз рас. 2014 жылы ешқайда шықпадық. Себебі де жоқ емес. Дәулет аздап ауырып қалып, бір қорқытып алды. Дәулеттің денсаулығына байланысты сөйтіп  үзіліс болды. Шүкір, қазір жағдайы жақсарды. Қызу жұмысқа кірісіп те  кеттік. Реперуарымызға жаңа әндер қосылып жатыр. Ақын, сазгер, әнші Индира Елубаеваның сөзіне жазылған сазгер Паша Лидің «Сағыныш демі» деген әнін жаздырып жатырмыз. Біздің ән қоржынымызда халық әндері де, халық композиторларының әндері де, ретро әндер де бар. Атап айтсақ, Кеңес Дүйсекеев, Алтынбек Қоразбаев, Мұхтар Шахановтың әндері бар. Тыңдармандарымызды жаңа альбомымызбен қуантсақ деген ойымыз бар.

 – Дуэт қашан құрылып еді өзі?

 – 2009 жылы «Гүлдер» ансамблінің қырық жылдығында Дәулет Болатбаев екеуміз Жеңіс Сейдоллаұлының «Бақыт жолы» деген әнін айтып шықтық. Тыңдармандар өте жақсы қабылдады. Екеуміз де сол ансамбльде жеке әнші болып жүрген кезіміз. Бірге ән айтайық деген ойымыз да болған емес. Әріптестеріміз де дауыстарыңыз үйлесіп тұр дегендей ой-пікірлерін айтып жатты. Сөйтіп, 2012 жылы дуэт құрылды. «Көзіңнің мөлдірін-ай» деген халық әніне бейнеклип түсірдік, телеарналардан бердік.

 – Бізде жігіт пен қыз дуэт айтса, қосып қояды ғой. Сіздерді де қосады...

 – Біз дуэт болып құрылған кезде өзара келіскенбіз: Тек қана шындықты айтамыз деп! Себебі, тыңдармандарды, яғни көрермендерді алдауға болмайды. Біздің арамызда үлкен достық бар, жігіг пен қыздың сезімі емес . Жігіт пен қыздың арасында достық болмайды деп те жатады, ол түсінікке, қабылдауға байланысты. Біз өнерде не  көшеде танысқан адамдар емеспіз. Бізді табыстырған дуэт те емес. Біз төрт жыл бірге оқығын группаластармыз. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында, үлкен шаңырақта таныстық. Басқа да достарымыз бар, араласып тұрамыз. Осы сұрақ алдымыздан көп шығады. Ғаламторға шығып кеткен суреттерге байланысты сұрақтар екі есе көбейді десек, өтірік айтпаймыз. Бірге суретке түскеннің айыбы жоқ деп ойлаймын. Түркияның екі қаласы: Анталья мен Стамбулда, Қытайдың   Пекин, Шанхай, Санья қалаларында жүрген кездегі фотолар. Арнайы демалуға емес, жұмыс барысымен бардық. Стамбулда «Дүниежүзілік қазақтар құрылтайы» өтті, сонда Дәулет екеуміз концерт бердік.  Дүкендерді де бірге аралатйтын кездеріміз болады. Себебі, сахналық киімдерді бірге таңдауға тиіспіз. Менің көйлегім оның жейдесімен не галстугімен үйлесім табуы керек, түстер бір-біріне сәйкес келуі керек деген сияқты...

 – Сізге сөз салушы жігіттер көп пе?

 – Өнерде, сахнада жүрген қыздар өз-өзінен әдеміленіп, сұлуланып кететіні бар. Менің де өзіме тән сүйкімділігім бар шығар. Содан болар, көңілін, ниетін білдіріп жататын жігіттер көп болмаса да, бар. Бірақ оны өнеріме деген ықылас-құрметтері, өнеріме ғашық жігіттер деп түсінемін. Өнердің құдіреті сол, назарда жүресің. «Өнер жолы- ауыр жол, алып жүрсең – тәуір бол» демей ме?!

  – Өзге адамдардың бойынан не іздейсіз?

 – Өз басым тұрақтылықты өте қатты жақсы көремін. Бағалайтыным да, іздейтінім де сол шығар. Сосын үнемі жақсы көңіл-күйде жүретін, жан-жағына мейірім-шуағын шашып жүретін жандар ұнайды.

 – Өмірде ұстанатын қағидаңыз бар ма?

 – Бала кезде естіген сөздер құлағыңда қалады ғой. Менің ата-анам ұстаздар. Анамның көп айтатыны: «Адамның бір жақсы қасиеті үшін, жиырма кемшілігін кешіруге болады». Осыны үнемі айтады және менің ойымда жүреді. Кешірімді болу керек. «Еңбек – бәрін жеңбек» дегенді және «Жұмсақтық –  бәрінен күшті» деген үнділердің халық мақалын ұстанамын.

Өзіңізге ұнамайтын қасиетіңіз бар ма?

– Еріншектігім, жалқаулығым бар. Үйдің кенжесі болған соң, еркелеп өстім. Осы жаман әдеттерден құтылу үшін өз-өзімді тәрбиелеп жүрген жайым бар. 

 

 

   – Кітапты көп оқитын сияқтысыз. Оқығын кітаптарыңыз жайлы айта отырсаңыз.

 – Жастар кітап оқымайды деген біржақты пікір бар қазір. Оған алдымен әдеттену керек сияқты. Жоғарыда айтып өткенімдей, ата-анам мұғалімдер. Содан кейін болар, бала кезден кітап оқуға әдеттеніп өстік. Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» деген әңгімелер жинағын тауысқанмын. Жас жеткіншектерге соны оқуға кеңес берер едім. Сосын Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармаларынан бастап, есейе келе Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды жазушылардың біраз туындыларын оқыдым. Ұлы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің өзі бір төбе. Тәрбиелік мәні зор. Қазіргі кезде тек көркем әдебиет емес, шетел классиктерін, әлемді өнерімен тәнті еткен таланттардың мемуарлық еңбектерін қызыға оқып жүремін. Риччард Бах, Антон Чехов, Уильям Уокер Аткенсон, Айн Рэнд  есімдерін атай аламын. Аса қатты оқымысты емеспін, бірақ кітап оқығанды жақсы көремін. Бұрын оқыған кітаптарымды қайта парақтап та тұрамын.   

Магистратурада оқыпсыз. Ол кезде де біраз кітап ақтарған боларсыз?

 – Иә, 2010-2012 жылдары магистратурада оқыдым. Жеңіс Сейдолла, Айжан Нұрмағанбетова, Шұғыла Сапарғалиқызы сынды өнерлі жандар да сол жылдары магистратурада оқыды. Магистратурада оқ

 

ыған кітаптарым басқа кезде оқыған кітаптармен салыстыруға келмейді. Жетекшіме: «Өзімнің мамандығыма қатысты тақырып алсам» деп едім, қарсы болмады. «Эстрада орындаушыларының репертуарындағы дәстүрлі әндердің алатын орны» деген тақырыпты шамамның келгенінше зерттедім. «Өте жақсы» деген бағаға қорғап шықтым. «Алтын қорды» ақтардым, көп нәрсені түсіндім. «Әннің түпнұсқасы қайсы, алғашқы орындаушысы, қалай, қашан жеткен?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздедім.

   – Өзіңіз тыңдарман ретінде кімдерді тыңдайсыз?

   – Бала кезімнен Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, марқұм Мәдина Ералиеваны тыңдап өстім. Мен орындаушыға емес, әнге мән берем көбінесе. Музыканы көңіл-күйіңе байланысты тыңдайтын сәттерің, ойға кеткенде іздейтін әндерің болады. Немесе көп ән тыңдап кетіп, басқа әндер тыңдағың келеді. Сондай сәттерде Мәдина Ералиеваның әндерін тыңдаймын. Қазір ғаламтор деген жақсы, атын жазсаң, бәрі шығады.  Рамазан  Стамғазиев, Мейрамбек Бесбаев, Жұбаныш Жексенұлы ағаларымызды тыңдаймын. Әндірінен рух-жігер сезіліп тұртын, энергетикасы мықты Маржан Арапбаеваны айта аламын сосын.  «Қыздардың арасындағы «Мейрамбек Бесбаев» деген әзіл-шыны аралас бағалары бар Ақбота мен Мәдинаны тыңдаймын. Мәдинаның әрбір әні сезімге толы, ол ақын мен сазгердің ойын толығымен жеткізе біледі. Жастардан Мақпал Исабекова, Жанар Доғалова, Динара Сұлтан және «Ринго» тобын тыңдаймын. «Рингоның» продюсері Алуа Қонарованы жақсы адам, мықты кәсіпқой музыкант ретінде мойындаймын.  Ол кісінің өзінен бұрын пікірімен танысқанымыз бар. Біздің дуэтке өте жақсы пікірін айтты. Қандай көңіл-күйде жүрсем де, ән тыңдайтын адаммын. Құлақтың құрышын қандыратын әдемі, әсерлі әндер көп болсын деген тілегім бар.

 – Бәсеке болмаса болмайды деп жатады. Бәсекелес дуэттеріңіз бар ма?

 –  Онымен келіспеймін. Әркімнің өз орны, өз тыңдармандары бар. Сондықтан сұрақты сүйікті дуэттеріңіз дегенге бұрып алғым келіп тұр. Менің сүйіп тыңдайтын дуэттерім: Тоқтар мен Бейбіт, Жанболат пен Жазира, Бүркіт пен Аиша.

Эльенора ӘМІР

«Сұқбат» 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!