Айқын ТӨЛЕПБЕРГЕН: «Мен де бір кездері сахнадан шеттетілдім»

– Айқын, әңгімеміздің әлқиссасын шығармашылығыңызда орын алып жатқан жаңалықтардан бастасақ...

– Жақында екі жаңа әніме бейнебаян түсірдім. Оның біріншісі, Әлнасыр есімді реппер жігітпен орындайтын «Асылым» әні болса, екіншісі, «Сағыныш» деп аталады. Бұл қос туынды махаббатты жырлайтын лирикалық шығармалар. Сонымен қатар, әншілердің қатысуымен ұйымдастырылған акция аясында еліміздің 66 елді мекенінде концерт қойып, шалғайда жатқан ағайынға өз өнерімізді көрсеттік. Өткен жылы Алматы қаласында өзімнің жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Бұйыртса, келер жылдың көктемінде астаналықтар мен қала қонақтарын концертіме шақырамын.
– Сіз белгілі бір ұлттық музыкалық жобада дәстүрлі және халық әндерін орындап, қазылар алқасының жоғары бағасын алғаныңыз есімде. Төл туындыларымызды сахнаға шығаруға неге құлық танытпай жүрсіз?
– Менің репертуарымда халық және халық композиторларының әндері бар. Бірақ мен ол шығармаларды той-томалақтарда, отырыс-жиындарда ғана орындаймын. Неге дейсіз ғой? Себебі, менің негізгі тыңдармандарым жастар. Оның үстіне, халқымыздың дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп, жұрттың құлақ құрышын қандырып шырқайтын өнерпаздар көп. Дейтұрғанымен, болашақта халық әндерін заманауи стильде жаздырып, көпшілік қауымға тарту еткім келеді.

– Ал ән қоржыныңыздағы туындылар өміршең бе?– Білмеймін. Алайда, өнер жолына енді қадам басқанда жазған «Как дела?» әнін сүйіп тыңдайтындар көп. Концерттерде халық дәл осы әнімді сұрап, бірге қосылып шырқап жатады. Меніңше, ырғақты әндерге қарағанда баяу лирикалық шығармалар елдің есінде ұзаққа сақталады.
– Десе де, «қазақтың ән өнері тарихында тап мына әнім қалады-ау», деп қай әніңізді атай аласыз?
– Жоқ, айта алмайды екенмін. Өйткені, тарихты жасайтын уақыт. Бүгінгі таңда қазақ эстрадасындағы әншілер өнер атты қазанда біте қайнасып, әркім шама-шарқы жеткенше ерінбей еңбектеніп, тынбай тер төгіп жүр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнерпаз ғана өз атын тарих беттерінде алтын әріптерімен жазып кетері сөзсіз.
– Бұл сұрақты қойғандағы мақсатым, қазіргі таңда салмақты салиқалы әндердің қатары сиреп кетті. Ел ішінде хитке айналатын әндердің басым бөлігі айыр қалпақты ағайындардікі. Осылай кете берсек, келер ұпаққа не береміз?
– Сөзіңіздің жаны бар. Алайда, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының орындауындағы поляктың «Сұлу қыз» әнін білмейтін қазақ жоқ. Егер әнші басқа этнос-өкілдерінің әндерін қазақы болмысқа сай орындап шықса, өзімізге сіңдіруге әбден болады. Қазір жарыққа шығып жатқан әндердің бәрі құлдырап кетті деп айтуға болмас. Оның ішінде де ауыз толтырып, мақтанатын шығармалар аз емес. Қазір әншілердің көптеп шығуынан, отандық сазгерлерге сұраныс артты. Композиторлардың жетіспеуінен болар, өзге ұлттардың туындыларына жаппай жармасып жатқанымыз... Егер ән әуезді, халықтың көңілінен шығатындай тың дүние болса, неге орындамасқа? Бұл жерде өнер адамдары авторлық құқықты қатаң сақтағандары жөн деп санаймын. Өйткені, жастардың арасында ғаламтордан көшіріп, өздері автор атанып жатады. Жуырда бір өзбекстандық композитордың әнін есітіп, есім кетті. Ең ақырында сазгерді тауып, заң жүзінде келісім-шартқа отырып, әнді өз меншігіме өткіздім.
– Айқын, «отандық сазгерлер ақшаға құнығып кеткен» деген пікірді жиі естиміз. Жасырын болмаса, бір әнді қаншаға сатып аласыз?
– Несін жасырайын, Болат Боранов, Ринат Ғайсинның бір әні 5000 мың АҚШ доллары тұрса, Арман Дүйсенов пен Ұлықпан Жолдасовтың әндерін 2000 мың долларға сатып алып жүрмін. Ал, қырғыз, өзбектің әндерін 400 долларға саудаласып жүрмін. Егер ән көңілімнен шықса, оның қанша тұратынына қатты мән бермеймін.
– Соңғы уақытта әншілеріміз оқыс оқиғаларға жиі тап болуда. Соның салдарынан Қайрат Нұртас сахнаға шыға алмай, телеарналардағы бағдарламалардың түсіріліміне қатыса алмай жүр. Бұл әншілерге жасалып жатқан саяси қысым ба?
– Үзілді-кесілді ештеңе айта алмаймын. Бірақ, Қайраттың Алматыдағы концерті жаппай қоғамдық тәртіпсіздікке ұласқаны өкінішті әрине. Оның үстіне, сол күні Елбасымыздың немересінің тойы өткенін білесіз. Негізі концерттің сәтті өтуіне және әншінің қауіпсіздігіне ұйымдастырушылар жауапты. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін өкінгеннен не пайда?
– Жалпы, осындай келеңсіздіктен соң өнерпазды сахнадан шеттеткен дұрыс па?
– Әрине, дұрыс емес. Бәлкім, Қайратты сахнадан 1-2 жыл шеттетулері мүмкін. Бірақ халық өзі сүйген өнерпазды өзі көтеріп, сахнаның төрінен орын береді. Уакыттан асқан шебер емші жоқ қой. Құдай қаласа, бәрі де реттеледі. Мен де бір кездері сахнадан шеттетілдім. Бірақ, бәрі де артта қалды.
– Қайратпен араласып тұратын шығарсыз. Қазір жағдайы қалай?
– Қазақта «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» - деген сөз бар. Қазір Қайраттың көңіл-күйі жаман емес. Әрине, кейбір телебағдарламалардың түсірімдерінде өнер көрсете алмай жүргеніне қапалы. Жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпейді. Тек сабыр ғана адамның қорғаны емес пе?

– Өнер адамдарының мәдениеті жиі сын тезіне ілініп жатады. Тоқ етерін айтқанда, біздің эстрада жұлдыздары танымалдылықты көтере алып жүр ме?

– Индира, әншілердің бәрінің мәдениеті жоғары, мінсіз деп айтуға келмейтінін білемін. Оның үстіне, бес саусақтың бірдей болмайтыны тағы шын. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, эстрадамызда да олқы қылықтарын көрсетіп, жұртқа сүйкімділігін қашырып жүргендер кездеседі. Танымалдылықты кім қалай көтеріп жүргенін білмеймін. Көпшіліктің атынан жауап та бермей-ақ қояйын. Жеке өз басымды айтсам, әншілік мен үшін күнделікті жұмыс. Әрине, сахнаға алғаш шығып жүргенде, халықтың ыстық ықыласына мас болып, танымалдылықты көтеру қиынға соққанын жасырмаймын. Енді жас бала емеспін ғой. Киелі сахнада өнер көрсетіп жүргеніме 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Дәл қазір жүрегімде тырнақтың ұшындай тәкаппарлық жоқ (күліп).
Сіздің «Хабар» агенттігі арқылы көрерменге жол тартқан «Чемпион» бағдарламасына қатысып, жүлделі екінші орыннан көрінгеніңізді білеміз. Спортпен тұрақты шұғылданасыз ба?
– Мен бала күнімнен спортты жаныма серік етіп келемін. Жалпы, сахна әрбір өнер иесінен сұлулықты талап етеді. Сондықтан сырт келбетке мән беріп, үнемі формада жүруге тырысамын. Шынымды айтсам, соңғы жарты жылда спортпен айналысуға мүлде уақыт болмады. Бірақ, жақын күндері спорт залдарының есігін қайта ашып, ащы терімді төгемін (күлді).
– Айқын, «Сапалы қазақ» деген ұғымды қалай түсінесіз?

  – Менің әкем журналист, сатирик, ақын екенін білетін шығарсыз. Отбасымызда ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді бойымызға терең сіңіріп өстік. Өзім тілге, дінге, ділге өте-мөте берікпін. Алайда, сапалы қазақ болу үшін ұлттық болмысқа сай, өзге жұрттың ілімі мен ғылымын, тілі мен мәдениетін меңгерген жөн. Бір сөзбен айтқанда, ХХІ ғасырдың талабына толық сай болу керексің...
– Өзіңіз айтқан талаптың үдесінен шыға алмай, жүрген жігіттерге не айтасыз?
– Жалпы, қоғам ешқашан біркелкі болмайды ғой. Жігіттің де жігіті бар көрсең ісіне сүйсінесің. Кейбір ер азаматтардың ұсақ істерін көріп тағы налисың. Менің пікірімше, нағыз ер жігіт өз орнын табады және артына өшпес із қалдырады.
– Айқын, әңгімеңізге рахмет!

 

Индира БАЙҚОНЫСОВА

Дереккөзі

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!