Мерей ЕРМҰҚАНОВ: "Шыңғыс ханға ең жақыны моңғолдар"

Моңғолия жайлы сөз қозғалса, көбіне Шыңғысқан  дәуіріне және  ”Шыңғыс хан – қазақ па?” деген мәселеге келіп тоқталады. Ал бүгінгі Моңғолия, оның астанасы Улан-Батордың тыныс-тіршілгін қызықтырған жандар үшін, жуырда іс-сапармен аталмыш елге бас сұққан, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы, қазақтілді блогер Мерей Ермұхановтан алған сұхбатымыз қызықты болуы мүмкін.

 

IMG_8003

 - Моңғолия еліне барған сапарыңыздың мақсаты неде?

- Сапар жұмыс бабымен болғандықтан, ел аймақтарын аралауға мүмкіндік туа қойған жоқ, Моңғолияның астанасы – Ұлан-Батордың басында ғана болдық.  Сондықтан асқан объективті пікір деп ұға қоймассыздар. Бірақ бір айтарым бар енді.

Моңғолия – ерекше ел. Жолға шығарда әзіл-шыны аралас, «Е-е-е, Моңғолия ма?..» деген скепсистер болған бәзбіреулер. Олай дейтұғын ел емес.

Ал сапар мақсаты – Азия жастар Ассамблеясының бас Ассамблеясының отырысы. Тұрақты мүше болып табылмайтын біздің елдің атынан барып, нендей ұйым, не жиын екенін аңдап, мүше болу мәселесін шешіп келуге бардық. Азия жастар федерациясы мен Бүкіләлемдік жастар федерациясына мүшелік жөнінде де. Делегация құрамында – үш жігіт. Оның үстіне, жергілікті қазақтармен жүздесу де ойда бар еді.

Жергілікті қазақтармен жүздесу ойларыңыз іске асты ма, көріп қандай ойға келдіңіз?

- Көрдік. Жалпы, қуанып қайттық. Түйген нәрсеміз де көп болды.

Біраз азаматармен таныстық, білістік. Сауатты, қабілетті жандар. Қонақжай. Біразы салыстырмалы түрде жақсы қызметте, өнер, бизнес, мемлекеттік қызметте жүргендері бар. Бұл кісілер – шынымен тегін емес болуы керек, өйткені, бөтен елде «Тең болсаң, кем боласың; артық болсаң, тең боласың». Ол жақта да солай.

Көп іс-шараларға араласады, белсенді. Тек бәрінің ниеті түзу болғанымен, адам деген әртүрлі ғой. Бірлік, ауызбіршілік жетпей жататындай көрінеді.

Ұлан-Баторда мемлекеттік елшімен кездесіп, моңғол құрылтайы (Парламент) депутатының  тартуын алдық. Жалпы, 2 қазақ депутат бар ол жақта.

Одан бөлек биліктегі партияның жастар ұйымы, қазақ жастарының одағы, т.б. ұйымдармен де жүздестік.

- Моңғолиядағы қазақтар ата салтын еліміздегі қазақтарға қарағанда әлдеқайда мықтырақ ұстанатындай көрінеді. Сол қаншалықты рас, Улан-Батордың бүгінгі қазақ тұрғынының бейнесі қандай?

- Ауыл қазағы – ауыл қазағы, қала қазағы – қала қазағы сияқты. :) Ұлан Батордың қазақ тұрғынының мен көрген бейнесі – классикалық қала тұрғыны. Бірақ орысша сөйлемейді… Қалжың.

Көбінің түбі Баян-Өлгий екенін атап өту керек. Яғни аймақтан астанаға ұмтылған біздікілер сияқты келген азаматтар. Салт-дәстүрді, әрине, бекем сақтайды. Мұнда азшылық психологиясының ойнайтынын атап өту керек. Біздің елдегі азшылық ұлттардың ұйысуы, өзінің ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысуы секілді о жақтағы қазақтар да идентификациясына бекем. Ал біз не… «Е, ел ішіндеміз ғой, мен ұстанбасам да қанша адам бар…» деген діт.

Баян-Өлгийде ұлан-асыр той болатыны белгілі, ал астананың өзінде, мысалы, Наурыз мерекесі кеңінен тойланады. Оған елшілік те атсалысады, наурыз көже, т.б. атрибуттары сақталады. Білуімше, оған халхалар да кеп қатысады.

- Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін алғашқы жылдардан бастап шетелдегі, әсіресе Моңғолия, қазақтары елге орала бастады. Сіздің ойыңызша, қазір Моңғолияда тұрып жатқан қазақтар неге осы күнге дейін туған жерлеріне оралмай жатыр? Олардан елге қайту жайлы ойларын сұрадыңыз ба?

- Сұрадым. Қарсы емес, жақ. Бірақ бұл дүние медальдың екі жағын қамтиды. Біріншіден, біршама қандастар қайтып келіп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша аймақтық бөлініс принципіне сай елге кеп орналасып жатыр. Олардың барлығы әлеуметтік тұрғыдан қолдау алып жатыр. Әрине, кем-кетігі де бар, ол жөнінде баспасөзде арагідік шығып қалады. Алайда, «Дайын асқа – тік қасық» қылып, бәрі даяр болуы да тиіс емес шығар.

Екінші жағынан, тура осы Моңғолиядан аса үдере көш болуы шарт емес деп ойлаймын. Сирек, бірақ осындай, Қазақстанға аса бір ұмтылып тұрмаған қазақтар бар. Және онда тұрған еш әбестік жоқ. Моңғолдар – кеңқолтық халық, ол жақта демократия. 23 партия бар, парламентте 6-7 отыр, екі партия басым күшке ие, кезектесіп жеңіп тұрады. Ешкіммен шаруасы жоқ, өзімен өзі мамыражай өмір кешкен халық. Мысалы, мен тіпті парковка емес, жай тұрған Президент көлігінің қасында суретке түстім.  Өзге ұлттарға қысымшылық жоқ, еңбек пен білімге мүмкіндік бар. Өзге ұлт демекші, қазақтан басқа өзге ұлт жоқтың қасы ол елде. Конституциясының өзінде, қателеспесем, екі ұлт көрсетілген. Оған кезінде қазақтан шыққан білікті заңгерлердің себі болған шығар.

Жалпы, көп қазақтар тым тәуір өмір сүріп жатыр, ол мекен де ғасырлар бойы атамекеніне айналды. Дәлірек айтсақ, елге мүмкін бұлардың ұрпақтары келер…

Дегенмен, мына бір-екі нәрсені атап өткім келеді. Соңғы кездері халхалар аздап «недовольно» болып жүрген сияқты. Біздің елде өсіп-өніп, ішіп-жеп, еңбек етіп, енді кете салдыңдар деп… Бізден кетіп жатса, біз қуанар ма едік, қалай ойлайсыз?… Екіншісі, мына бір оқиға, рас-өтірігін білмеймін. Моңғолиядағы қазақтар біршама – епті, пысық жұрт. Елге «Нұрлы көшпен» барған бірер азамат, құжатын өткізіп, тіркеліп, қоныстанатын болып, миллион қаржы алады. Кейін қайтадан Моңғолияға келе салып, өмір сүре береді. Енді – афера ғой кәдімгі. Осыны Елбасыға жеткізіп бармай ма «Солай да солай» деп… Сонда Елбасы қолдамаса да айтыпты деседі: «Елдің ақшасын өзге ұлттар, компаниялар, неше түрлі байлар жеп кетіп жатыр ғой,  оның қасында өз қазағым ғой…» деп…

IMG_7803

- Моңғолияға Астанадан тікелей рейс бар ма? Сіз қалай жеттіңіз? Билет құны, виза?

- Астанадан тікелей рейс жоқ. Менің білуімше, Баян Өлгийге дейін рейс ашқан еді, адам аз боп, өзін ақтамағасын жапты ма, не сиреді ме, солай. Мен Астана-Бішкек-Ұлан-Батор-Бішкек-Алматы-Астана арқылы бағдары арқылы сапарлаттым, бірақ мұнда Алматы тұруы шарт емес, менің жағдайымда реті солай болып қалды. Бішкекке әртүрлі жолмен жетесіздер.  Бішкектен сервисі көңілге қонымды «Түркиш Эйрлайнс» (Стамбулдан келе жатқан ұшақ аялдама жасайды) алып барады. Билет құнын білмеймін. Бірақ «туда и обратно» алған электрондлық билетімде тоталы 154383 теңге деп тұр. J Ұлан-Баторға Мәскеу, Пекин арқылы да ұшуға болады, бірақ жол ұзақ, қымбатырақ, әрі Пекинге қосымша виза алу керек болады.

Моңғолияға виза алып керегі жоқ, Қырғызстанға да солай, әрине.

Менде мынадай оқиға болды. Шетелдік паспортымның мерзімі бітуіне бір жарым ай қалған еді. Оны ұмытып кетіппін. Бішкекке жеткенде, қырғыз кеденшісі «Сені Моңғолияға кіргізбейді» деді. Мен «Көрерміз» дедім. Жалпы мемлекеттерге кіруге паспортта кемі 1 жыл не 6 ай уақыт үнем мерзім болуы керек деген заң бар. Бірақ моңғолдың кедендік бақылауынан өтіп кеттім, әйтеуір. Ұзамай қайтамын дегенім сеп болған шығар, қанша дегенмен азиялық менталитет қой… Еуропада болса, сол жерде кейін қайтарып жіберер еді. Сондықтан паспортты тексеріп қойыңдар.

- Қандай қалаларда, елді мекендерде болдыңыз? Қала тынысы, қызмет көрсету деңгейі, негізгі тұрмыс-тіршілгі, қауіпсіздік, әлеуметтік деңгейі жайлы айтып өтсеңіз.

- Ұлан-батор және оның іргесі. Шыңғыс хан ескерткіші орналасқан ауыл.

Моңғолдар күреске мығым болып келеді, ұлттық спорт түрлдерінің бірі. Аңыз бойыншы бір мықты палуан қыз болыпты, бәрін жығып жүргенмен, оның қыз екенін ешкім білмеген деседі. Содан кейін жалаңаш денемен белдесуді шешкен екен. Палуанды халық қатты қадірлейді, күрес бір алаңда параллель өтеді, ұтылғаны шығып қала береді. Онда әлемдегі ең үлкен нақышты етік бар тағы. Қала тынысы – біршама, миллиондық қала, зәулім үйлер, фонтандар, ескерткіштер. Шыңғыс ханның культы, 5 жұлдызды отельдер, жоғары деңгейлі мейрамханалар, түнгі клубтар, демалыс орындары. Енді дамып жатқан ел, құрылыс көп. Кен орындары, жүн (кашемир) өндірісі дамуда…Сөйте тұра қаланың өзінде 40 пайыздайы әлі киіз үйлерде тұрады! Ал Ұлан-Батордан басқа ірі қала жоқ екенін ескерсек, ауылдарда киіз үй басым, әрине. Моңғолияның Ақордасы, Парламенті, Үкімет басы, бәрі бір ғимаратта орналасқан. Хат алмасуда бюрократия аз шығар, ә… Айтпақшы, депутаттарға келген хаттар кәдімгі әйнек витринада ашық сақталады. Парламентте найзалар тұр, олар биліктің белгісі, Шыңғыс ханның найзалары. Біреуі құлар болса ел құлайды деген аңыз бар. Әлеуметтік деңгейі әртүрлі… О жақта да байлар бар, о жақта да бомждар бар. Қала халқы қыдыруға кетәрі емес, кешкі асты үйде отырып ішкенше, мейрамхана, клуб аралағанды ұнататын сияқты. Ішеді. Қыдырады халық, жалпы!

- Моңғолияның белгілі альпинисі Жанарбек Ақби Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, 550 шың бағындыру туралы бастама көтерген болатын. Сондай-ақ, фейсбукте «Хандық 550жыл 550 Тау» атты қауымдастықта «21- тауға 21 күні түнгі сағат 21:00-де Қазақстан-Моңғолия жастары бірігіп Ұланбатырдың іргесіндегі Зайсаң тауына шықты. Моңғол елінде болған “Азия жастар” жыйынына қатысуға келген Қазақстаның “Жас Отанның” мүшелері Бауыржан Молдабек, Мерей Ермұқанов, Абылай Мұсабековтар бейресми “Моңғолия қазақ жастары” ұйымының төрағасы Айдос Шынаймен бірге осы ұйымның басқарма мүшелері Ы.Жардембек, А.Омарбек С.Шынарбек, Ш.Сейілбек, Р.Нағашыбайлар бірігіп екі елдің жастары Зайсаң атындағы тауға шығып Қазақтың көк байрағын желбіретті…» делінген, осы жайлы толықтыра өтсеңіз, Қазақстанда қайталау ойларыңызда бар ма?

- Мен бізде де әуесқой және кәсіпқой альпипистерді, саяхатшыларды, немесе этнографтар, студенттерді осы бастаманы қолдауға шақырар едім. Барлық ақпарат фейсбуктегі Қазақ Хандығына 550 жыл, 550 тауға шығамыз қауымдастығында бар.

- Орта есеппен моңғол адамының бейнесін сипаттап бере аласыз ба?

- Орта есеппен моңғол адамы – қазақ сияқты, тек көздері сығыр, реңдері аққұба, қоңырқай. Қыздары әдемі. 

- Тағамдары, ұлттық тағамдары қандай? Есіңізде ерекше қалған тағам түрі бар ма?

- Тағамдары түгелге жуық жеуге жарамды. О, Қытайдың тамағымен салыстырғанда айналайын. Сиыр етін көп жейді. Қымыз ішеді, арак (сүт негізіндегі жасалатын) және арақ ішеді. Нанды аз жейді. Әлде жемейді… Бірақ дұрыс соймайды, бауыздамайды, сондықтан қарап қойыңдар. Тіпті ресми банкеттердің өзінде спрайт, пепси сияқты газировкалардың дәуірі жүріп тұр. Ұлттық тағамдарынан ауыз тиюге көп мүмкіндік болған жоқ.

- Халқы қандай тілде немесе тілдерде сөйлеседі?

- Тілдері – моңғолша, жастар жағы ағылшынша біледі. Ересектері орысша ұғады, тура қартамыстары кәдімгідей біліп қалады. Олар кириллица қолданады, арагідік біздегі латыншаға көшу деген сияқты ескімоңғол жазуы жайлы айтылып қалады.

IMG_7748

 - Қаладан қалаға жету көлік, қонақ үйлер қызметі қандай?

- Қала аралық қатынас толыққанды дамыған деуге болмайды. Мысалы пойыз қатынасы кемшін. Батордан Баян өлгийге дейін автожолдан басқа жол жоқ, оның өзі тым ұзақ, әрі түгел көркем емес. Бірақ сіз сапар шеккіңіз келетін мекендерге мәселе туындамай бара аласыздар.

Қонақ үйлері 5-6 жұлдызды мықтыларынан бастап, 8 долларлық мотель-хостелдерге дейін бар. Аймақтарда одан қымбат болмас.

 - Сонымен сізше, Шыңғысқан қазақ па?

- Шыңғыс хан қандай шағын тайпадан шыққаны белгілі, ол тайпаның ұрпағына анау деп айту қиын, ең жақыны моңғолдар екені рас. Сондықтан, қанша ұлық тұлға болса да, өз басым таласуды оң деп санамаймын. Жүз пайыз дәлел ешқашан болмайды, себебі, тарих мен үшін ешқашан классикалық ғылым болған емес.

Сұхбат үшін көп рахмет Мерей!

Дереккөзі

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!