Басып шығаруға арналған нұсқасы

Нұржан ТӨЛЕНДИЕВ: "ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ КҮЙЕУ ІЗДЕП ЖАРИЯҒА ЖАР САЛҒАН ЕМЕС..."

Нұржан ТӨЛЕНДИЕВ, «Алдараспан» театрының директоры


- Ассалаумалейкум Нұржан аға! Сізбен көрісіп, сұхбаттасып көкейімізде жүрген бірқатар көкейтесті сауалдарымызға жауап алатынымызға қуаныштымыз. Алғашқы сауалымызды қойылымдарыңыздан бастасақ. Бүгінгі қойылымыңыз өзге концерттеріңізден несімен ерекшеленеді?
- Бүгінгі концертіміздің ең басты ерекшілігі барлық қойлымдарымыз жаңа. Біздің жылдағы жарыққа шығатын әрбір қойлымдарымыз жаңаша тұрғыда болады. Мәселен, кез-келген әнші немесе өнердің өзге саласындағы жан болсын жылына репертуарына екі номер қосады, сол жаңа әндерін концерттің алдында бірінші шырқап алады да, арықарай өзінің ескі әндерін айта жөнеледі. Әрине, халықты былайша алдауға болатын шығар. Дегенмен, біздің өнердің ерекшелігі сонда, театр жанрында бір қойылған қойылымды екі қайтара қоя алмайсың. «Юмор» жанрында бір қойған шығарманы қайталасаң дәмі кетеді. Ондай жағдайда көрерменнің өзі «былтырғысын қайталайтын болса, неменеге келді» - деп айтып салады. Біздің басты мақсатымыз халықты жаңа туындылармен қуанту. Сол үшінде театр атағына ие болып жүр емеспіз бе? Ал, қойылымадарымызға келер болсақ, қазіргі таңда төл өнеріміз айтысқа тосқауыл қойып жатқаны баршамызға белгілі. «Айтыс өлді деген сөз, қазақ өлді деген сөз», осы мәселе бізді ойландырмай қоймады. Одан кейін, мына қоғамымызда орын алып жатқан «коррупция» мәселесінің де шарықтап бара жатқанын айтқанды жөн көрдік.
Тағы бір қоғамда белең алып бара жатқан тағы бір мәселе бар. Кейінгі кезде жасыратыны жоқ, шетелдің қалталы азаматтары біздің қара көз қыздарымызды өз елдеріне алып кетіп жатыр. Одан туған ұрпақ қазақ болмайды ғой? Міне осы мәселені алға тартып, қазақтың қаны, діні бұзылмасын деген мақсатта арнайы қойылатын арнайы көрінісіміз бар.
- Нұржан аға, сізді жалпы бүгінгі қазақ сатирасының тарланы десек артық айтқандық емес сірә. Өзіңіз өнер адамы ретінде айтыңызшы, бүгінгі сатирада көңіліңіз толмайтын жақтар барма?
- Енді, әрине көңілің толмайтын жақтары бар. Мәселен, қазіргі уақытта отбасыңмен бірге отырып, әзіл көре алмайсың. Себебі, киелі сахнаға шығып алып, ошақ басындағы немесе анайы сөздерді айтып жатады. Осы жағы қарыныңды қатты ашырады. Бір жағы бұрынғыға қарағанда бүгінгі сатира дамыған, кешегі кеңестің кезінде «Тамаша», «Бауыр-жан шоудан» өзге ештеңе жоқ еді ғой. Ал, қазіргі таңда Аллаға шүкір оннан асатын театрларымыз бар. Олардың бағасын беретін халық, оларға менің пәлен деп сын айтуға қақым жоқ. Алайда, жақсы да бар, жаман да бар, бұл өмір ғой.
- Нұржан аға, сіздің сатираңыз өзге сатираларға қарағанда әкім мен шенеуніктердің арасындағы кейбір келеңсіз жайыттарды тәтті әзілдермен жеткізіп жатасыздар. Неге көбіне осы жағына көптеп көңіл бөлесіздер?
- Әзіл деген өзі сонысымен дәмді емес пе? Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен кете беретін болсақ, ол «юморға» жатпайды. Айтатын жерде айту керек. Жасыратыны жоқ кезінде менің де бұдан аузым күйген кезім болған. Шенеуніктер мен «орган» қызметкерлеріне тисем деп, ойбай Нұржан ондай-мұндай деп сөзге қалып жататынмын. Алайда, сөзге қалады екенмін деп қоя салмаймын ғой. Алла тіл мен жақ бергеннен кейін, халық болғаннан кейін оны айту керек. Ал, егер айта алмайтын болсаң, үйде тыныш жату керек. Бүгінгі ақындарымызда сондай,оларға да шектеу қойып келеді. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»,- дейді. «Қызыл шоқтай қарыған, қазаққа тіл дарыған»,- деген емес пе? Ол масқара нәрсе Ғабит ағамыздың бір сөзі бар «Қай халықтың болса да, мәдениетін, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп жандандырып жіберуге жүз талат көптік етпейді, он талат аздық етпейді» деген. Өнерде жүрген азаматтарға олай қастандық жасауға болмайды. Әзілді әзіл деп, айтысты айтыс деп, ән болса оны ән деп қабылдау керек. Мәселен, шет елдерді қарасаңыз барлық жайыттарды айтып салады. Міне, демократия деген осы, ол жамандау емес қоғаммен бірге өмір сүру қоғамдағы болып жатқан жайыттарды жарыққа шығару. Міне, осылайша өзімізді өзіміз тәрбиелеуіміз керек.
- Қоғам деп жатырсыз ғой, осы қоғамды тәрбиеге шақыратын бірден-бір құрал көңілдір экран болып табылады. Айтып отырғанымыздай халықтың назарындағы көк жәшіктен көрсетіліп жатқан бағдарламалармен ондағы телесериалдарға деген пікіріңізді айта отырсаңыз. Жалпы осыларға көңіліңіз толады ма?
- Иә, дұрыс айтасың. Экранға шығып жатқан дүниелердің ішінде көңіл толмайтын тұстары жетіп артылады. Айталық, «Жар-Жар» деген бағдарама, сол менің шымбайыма қатты батады. Қай қазақтың қызы күйеуіз деп жарияға жар салып еді? Бұл біздің табиғатымызға тән қасиет пе? "Қызды қырық үйден тый" деген. Ал, сөйтіп отырған қыздарымыз экранға шығып, бір емес үш жігітті таңдағаны не деген масқара?! Өзімізге тән салт-дәстүріміз бар емес пе? Еуропадан көрген нәрсені бізге жасауға болмайды.
- Халыктың көзі, ауызы және құлағы саналатын БАҚ өкілдері жайында не айтасыз. Қоғамның тазартушысы саналатын бұқаралық ақпарат құралдары кешегі өткент төбебилеріміз секілді төрелікті айтып жүр ме?
- Әрине, айтатындары бар. Көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ, кейбір журналистеріміз, бар мысалы, қай уақытта ұйықтайсың, үстіңіздегі киім қанша тұрады – деген секілді мардымсыз сұрақтармен жоқ жерден сенсация жасағысы келеді.
- Күлкі жанрында қалам тербейтін өнер адамдарының өмірге әкеліп жатқан дүниелері қай деңгейде?
- Қазіргі таңда сатириктер жоқ деп айта алмаймын. Алайда, олардың жазған шығармалары сахыналық көрініске сай келе бермейді, көбіне монолог бағытына қарай бұрылып жатады. Сол себепті де сахыналық көрініске сай жанрларды өзіміздің жасауымызға тура келеді.
- Қандай да бір өнер ұжымы болмасын сахнаға алғашқы қадамдарын жасаған шақта, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара бірлесіп жұмыс атқарады. Содан халық алдына шығып таныла бастаса болғаны, ол ұжымның құрамы міндетті түрде өзгеру керек секілді. Осы жөнінде айта отырсаңыз?
- Әрине ол заңды нәрсе, «Өзі болған қыз төркінін танымас»,-дейді. Біз енді, өз құдығымызға түкірген ештеңеміз жоқ. Ол БАҚ өкілдерінің шығарып жүргені ғой. Уәлибек олай деп айтты, Нұржан бұлай дейді деп, өз саудаларын жүргізіп жүрген. Ал, ендібір Алла куә ғой бәріне «үрген итке үре берсем, аузымнан не қадір қалады» - деп, Абай атамыз айтпақшы, Уәкең екеуміз солай келіскенбіз біздің арамызда ондай келеңсіз жайттар болған емес, болмайды да.
- Ал, құрамдарыңыздан Нартай ағамыз көрінбейді ғой?
- Ол енді өзінің отбасылық жағдайына байланысты құрамымыздан кетуіне тура келді.
- Біздің ұжымға деген тілегіңіз.
- Қаламдарыңызға қуат берсін, шындықты айтыңыздар, еліміздегі орын алып жатқан әрбір келеңсіз жайттарды айта біліңіздер. Ұлтжанды азаматтарымыз көбейсін рахмет!

Қанат БАЙСОВ

Дереккөзі

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article