Сейсенбі, 07 Шілде 2015 00:00

Бақыт ҚАЙЫРБЕКОВ: "Көрермендер қазақ киносын көргісі келеді" Таңдаулы

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(1 Дауыс беру)

Жаңа лауазымына кіріскен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков БАҚ-қа алғашқы сұхбатын берді. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Бақыт Ғафуұлы отандық киноиндустрияның қай жері ақсап тұрғанын, осы салаға қандай өзгерістер енгізу қажеттігі жайында өз ойымен бөлісті.

 


- Құрметті Бақыт Ғафуұлы, бұл «Қазақфильм» киностудиясына басшы болып келгелі сіздің баспасөзга берген алғашқы сұхбатыңыз ба?

- Иә, кейбір БАҚ өкілдері менің «үнсіздігімді» айтып жатты, бірақ оның объективті себептері бар.

Алдымен, кино өндірісінің қазіргі үрдісін егжей-тегжейлі түсініп барып, содан кейін келешек жоспарыммен бөлісуді жөн санадым. Әрине, уақыт қажет болды, республика киноиндустриясының көш басында тұрғаннан кейін «Қазақфильм» жұмысы өте ауқымды. Ерекшелігіміз жайлы айтып бастарыңызды қатырғым келмейді, негізінен бұл көп бейінді өндіріс - өзіне тән шығармашылық және технологиялық үрдістері бар кинофабрика десе болады.

Соңғы жылдары киностудия Мемлекет басшысының қамқорлығының арқасында аяғынан тік тұра бастады, барша жұрт «Қазақфильмнің» өркендей бастағанын байқады. Қажетті аппаратура сатып алынып, ғимараттарға жөндеу жүргізілді, кино жобаларды қаржыландыру ұлғайды, бұл отандық киноның халықаралық аренада қайта алға жылжуына мүмкіндік берді, кино фестивальдарда жүлделі орындар иелене бастады. Өздеріңіз білесіздер,   жоғары сапалы заманауи аппаратура, түсірілім, монтаждау алаңдарымен жабдықталған қажетті ғимарат болмаса сапалы фильм түсіру мүмкін емес.

- Есіңізде болар, биылғы мамыр айының басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Қазақфильм» бюджетін пайдалану тиімділігіне қатысты сын айтты. Оны жою үшін қандай шаралар қабылдануда?

- Мемлекет басшысының орынды сынын ескеріп, киностудия қызметінде біз құрылым мен штаттық кестені қайта қарастырып жатырмыз. Бізге  киностудияға жан жүрегімен берілген, оның тағдырына алаңдайтын шығармашыл, кәсіби мамандар қажет.

Әрине, біздің бюджет ел ішіндегі жағдайларға, әлемде орын алып жатқан оқиғаларға байланысты түзетіліп жатыр. 2015 жылғы бюджеттің секвестрленгені белгілі. Дағдарыс кезеңінде киноға қарай қадам жасау оңай емес. Бірақ, Мемлекет басшысы айтқандай, біз бүгін дағдарыстан кейін қалай өмір сүретінімізді ойлауымыз қажет. Осы қиындықтарға қарамастан, мемлекет кино саласына қолдау көрсетуде. Біз мұны дағдарыстан кейінгі  келешегімізге инвестиция ретінде қабылдаймыз.

Жоспарларымызға келер болсақ, бұл жаңа жобалар: «Қазақ елі» (режиссер - Рүстем Әбдірашев) тарихи көп сериялы телевизиялық көркем фильмі, «Анаға апарар жол» (режиссер - Ақан Сатаев) фильмі. Жуырда Астана мен Алматыда Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» және Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» тарихи киноленталарының премьерасы өтті. Олар күзде кеңінен прокатқа шығады. Жыл соңына дейін экранға тағы үш-төрт премьера ұсынамыз. Қалғаны келесі жылға қалады. Қарқынды ұстап тұруға тырысып жатырмыз.

Сіздің пікіріңізше, қазақ киносының дамуына не кедергі?

- Көрермен қазақ киносын көргісі келеді. Біздің киностудиямыздағы ең үздік фильмдердің көрермен көңілінен шығуының басты себебі осы. Көрермен отандық өнімді көру үшін біздің режиссерлерімізге кешіріммен қарайды, олардың жұмыстарындағы «ұсақ дүниелерді» ескермей, бағалауға тырысады. Бұл өкінішке орай, олардың картиналарының толыққанды көркем туындыға айналуына кедергі болуда.

Қазақстандық киноны жоғары көркем туынды жасаудан бұрын, көбіне авторлық көзқарас іздеуге бағытталған «фестивальдық» деп санайды. Біз әрине көп жанрлы киноны жақтаймыз, алайда мемлекеттің қаражаты қоғамға қызмет етуі керек. Біздің фильмдеріміз қазақстандық аудитория мүдделеріне, діліне, құндылықтарына негізделуі тиіс. Бұл туралы министр кинематография бойынша көркемдік кеңестің бірінші отырысында айтқан болатын. Әрине, министр дұрыс айтады. Менің ойымша, бұл проблеманың негізі толыққанды қазақстандық киносыншылардың жоқтығында. Заманауи киноға бағыт-бағдар болатын құндылықтар мүлдем жоқ. Бұл проблема біздің кинематографқа ғана емес, біздің дамуымызға көп әсер ететін ресейлік киноға да тән. Абырой болғанда, әдебиеттегі детективтер, эротикалық романдар дәуірін еңсердік, алайда бұл «коммерциялық» өнімді ресейлік арналар көрсетуді жалғастыруда, оны Ресейге қарағанда, Қазақстан көбірек көретіні де шындық. 

«Қыз Жібек» фильмі экранға шыққан уақыттан бері ұлттық сана-сезімді толыққанды жеткізетін туынды шыға қойған жоқ. Кинематографта өзінің ұлттық бейнесін іздеу - тұрақты үрдіс. Күрделілігі  - көпшіліктің қолдауымен ұтып кететін арбаудың ықпалына жиі түсетіндігінде. Жаңадан түсірілген фильмдерге қатысты көрермендер арасында керағар пікір қалыптасып жатады, бұл қалыпты жағдай. Кезінде «Қыз Жібекті» кино жұмысы емес, «опера» ретінде қабылдағанын да көпшілік қазір біле бермейді. Мамандар тиісті бағасын әлі бермеген барлық жаңа туындылар сынға түсіп жатады.  Осы кезде мықты кино сыншысы аса қажет. Егер сыншы болмаса, пікірлер «ұнайды, ұнамайды» деген деңгейге түсіп кетеді. Бізде операторлық жұмыс немесе монтаж шеберлігінің деңгейі бойынша ғана емес, табиғи дарынымен, өзінің энергетикасымен қуат беретін, сезім, ой драматургиясымен, ең көктейтесті мәселелерге талмай жауап іздейтін рухани қанық кеңістік деңгейі бойынша фильмдерді талқылауда кәсіби кино сыншылары жоқтың қасы. Бұл туралы айту ыңғайсыз болса да шындық осы...

- Ірі отандық киностудия алдында қандай жаңа міндеттер тұр?

- Киностудияның жаңа басшысы ретінде 2015 жылға арналған тақырыптық жоспарды іске асыру жұмыстарын жалғастырмақпын. Келешек жобалардың тұжырымдамаларын, сценарийлерін, режиссерлік экспликацияларды, драматургиялық қадамдарды игеру, алдыңғы жұмыстарды қарап шығу да біраз уақытты алуда.  Бұл кино өнерінде өзін көрсете білген авторлардың шығармашылық әлеуетін анықтау үшін аса қажет.

Жобалардың жоспарлы қаржыландырылуы маған да, көркемдік кеңестегі әріптестеріме де әлсіз сценарийлерден бас тартуға мүмкіндік бермейді.  Оларды пысықтап, қажетті деңгейіне дейін жеткіземіз немесе авторлардың өздері жобаларын лайықты деңгейге жеткізіп өзгерткенге дейін  ұстап тұрамыз.

Деректі кино мәселесін де ретке келтіруміз қажет. Мұнда жағдайды жаңа авторларды (сценарист, режиссер) тарту арқылы түзетуге тырысып жатырмыз. Бұл үшін сараптамалық комиссия құрылды, оған сол сала мамандары, белгілі кинорежиссерлар тартылды. Олар ұсынылған жұмыстардың артықшылығы мен кемшілігіне объективті баға береді.

Қымбатқа түсетін анимация да қаржыдан қағылып отыр. Оған ойын, деректі кинолардан қалған қаражат субсидияланады. Ал шығындарды есептесек, ақша артылатын түрі жоқ. Осыдан кейін бізде толыққанды анимация қайдан болады. Бүгінде «Мұзбалақ» жобасынан толық метражды мультфильм түсіру (Ресейде бұл кіріс түсіруде) жоспарлануда. Әзірленген 25-минуттық материал құнды туындыға берік база болады. «Когда оживают легенды» сериалын сапалы деңгейде жалғастыру қолға алынуда.

Кинопрокат проблемасы, кино туралы заңның жоқтығы күн тәртібінен түскен емес. Халықаралық кинонарыққа шығу үшін көрші Ресей, Қытай киностудияларымен бірлескен жобаларды іске қосу перспективалы болар еді. Бізде бұл жағынан атқарылған жұмыс аз. Алайда бұл істі тездетіп қолға алсақ, құба-құп болар еді.

- Мерейтойлық жылдың басты жобасы - Қазақ хандығының 550 жылдығы жайлы айтып берсеңіз?

- Бүгінде Президент идеясына негізделген Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жобаға баса назар аударылуда. Мемлекет басшысы жаңа ұрпаққа қазақ мемлекеттілігінің тарихи қалыптасу жолын жоғары сапада ұсыну қажет деп санайды. «Қазақ елі» 10 сериялы мега-жобасы ел тарихын зерделеудің көркем құралы ғана болып қоймай, жастардың Ұлы далаға деген қызығушылығын оятуы тиіс. Бастысы  - әр азаматқа өз елінің тағдырына бей-жай қарамай, әлемде еліне деген оң көзқарастың қалыптасуы үшін оған өзінің жеке жауапкершілігін сезіндіру.

Өздеріңіз көріп отырғандай, киностудия индустриясының стратегиясы - жаңа жобаларды өмірге әкелу, фильм өндірісіне жаңа күш тарту. 2016 жылға арналған фильмдер өнідірісінің тақырыптық жоспарын «Қазақфильмнің» жаңа тұжырымдамасына сәйкестендіріп жасаймыз, сонда біздің өнім басты өлшем -  уақыт пен көрермен талабына жауап беретін болады.

  - Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөзі

 

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Оқылды 601 рет

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!