Мейрамбек БЕСПАЕВ: "Көп әйел алуға қарсы емеспін"

Оның қоңыр үнін тыңдамайтын қазақ кемде-кем. Қазақ эстардасындағы шоқтығы биік нағыз әнші. Кейде сырт көз «көкірек көрінеді» дейді. Алайда, ол өзін жұлдыз емес, қазақы қоңыр тіршілікті аңсайтын қара баланың бірімін деп қана санайды. Шындығында, біз сахнадан ғана таныған Мейрамбек Беспаев қандай адам?

– Мейрамбек, тілеулес тыңдармандарыңызды ауырып бір қорқытып алдыңыз. «Мейрамбектің денсаулығы әлі сыр беріп жүрген жоқ па?» дейді ел. Жалпы денсаулығыңыз қалай?

         – Енді ауырып-ауырып болдық қой, екі жылдай уақыт өтті. Қазір дәрігерлердің қарауындамын, берген дәрілерін ішудемін. «Ауру айтып келмейді» дейді. Адам ет пен сүйектен жаралғаннан кейін, бұл да қалыпты жағдай шығар. Адамның адамнан айырмашылығы жоқ, тек діні мен тілі, дәстүрінен басқа.

         – Бала күніңізден халықтың көз алдында жүрдіңіз, қолпаштау, марапаттаулар да көп болды сізге. Қазір орда бұзар отыздан астыңыз. Нақ ақыл тоқтатып, салмақты, салиқалы ой айтатын жастасыз. Осы сіз өткен күннен не ой түйдіңіз?

         – Бәлкім, бала күнімде «жұлдыздық ауруымен» ауырдым-ау деймін. Өткен күндерде балалық та, шалалық та болды. Ал қазір «жұлдыз» болу, еркелік көрсету деген қасиеттерден аулақпын. Өйткені, бұған уақыт та жоқ. «МузАРТ-тың» алға қойған жоспарлары көп, бізге тек жұмыс істеу керек, жұмыс істеу керек.

–       Балалық шағыңыз несімен ерекшеленеді?

– Кішкентайымнан әр түрлі өнер иелерімен араластым, ел көрдім, жер көрдім. Бір сөзбен айтқанда, балалық шағыма айтар шағымым жоқ, өте қызықты өтті. Кептер асырағанымды білетін шығарсыз. Кептерге қырғидай тиетін болған соң мысықты ұнатпадым. Ол дәурен тәтті естеліктерге толы келмеске кеткен күндер ғой. Ата мен әженің еркесі болдым. Олар өз ауыздарынан жырып, бар дәмдісін маған берді. Адамның әр жастағы кезеңі өз қызықтарымен ерекшеленіп тұрады.

–       Отбасында неше жансыздар?

–       Менен кейін екі қарындасым бар. Мен үйдің тұңғышымын.

– Ұлдан жалғызсыз, яғни, қара шаңырақтың иесісіз. Ата-анаңызбен бірге тұрасыз ба?

– Мен қаладамын, әке-шешем Алматының іргесіндегі «Жаңа тұрмыс» деген ауылда тұрады. Себебі, мен іссапарда жиі боламын. Бала кезімнен бөлек тұрып, өз бетімше өмір сүруге үйренгенмін. 1989 жылы Алматыға біржолата көшіп келдім десем де болады. Күләш Байсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында оқыдым. Интернат – мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Нәтижесінде, өз басымды өзім алып келе жатырмын. Жалғыз ұл деп, мені өбектей бергенде, кім біледі, мен өмірдің қыспағына шыдас бермес пе едім?! Өнер – мені жастайымнан қайыспауға, мұқалмауға үйретті. Әлбетте, ата-анамның жандарында көбірек болуға тырысамын. Кеше түнде Пекиннен келдім. Тап қазір ата-анамның амандық-саулығын біліп келе жатқан бетім.

–       Ата-анаңыздың жастары нешеде?

– Әкем 1952 жылғы, анам 1953 жылғы. Алпысқа да жақындап қалыпты ғой.

– Әнші емес, қарапайым адам ретінде өзіңіздің жалықпай әңгімелейтін, сыр-сұхбат құрғыңыз келетін тақырыбыңыз бар ма? Өзіңіз әңгімелескенде жандырып жіберетін, жаныңызға жақын тақырып қайсы?

– Әрине, өнердің қызығы мен шыжығын енді-енді түсініп келе жатқандықтан, осы тақырыпта еркін әңгімелескен ұнайды. Мені сахна әлемі қызықтырады.

–       Ал әдеби әлеммен қаншалықты жақсы таныссыз?

– Бұрындары қолға түскен кітапты талғамай, көп оқи беретінмін. Алайда, қазір әдебиетті қатты оқимын деп жалған айтпай-ақ қояйын. Себебі, интернет, ұялы телефон дегендер сананы  улап барады. Шама келгенше, діни кітаптар, хадистер оқимын. Қазір сондай болып қалдық. Ол да бір жақсы дүние. Санаторийге жатқанда міндетті түрде телефон, интернетті өшірем де, әдеби кітап оқимын.

–       Өзіңізге жиі демалыс жариялап тұрасыз ба?

– Менің қазіргі денсаулығыма байланысты кем дегенде жылына екі-үш рет санаторийге демалу керек. Онсыз болмайды.

– Сізді қазақтың намысты жігіттерінің бірі деп білеміз. Жалпы сізді қандай ой қатты мазалайды?

– Жалғыз мені емес, көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген адамды қазіргі қоғамымыздың түйткілді мәселелері толғандырмай қоймайды. Тәуелсіздік алған жиырма жылға жуық уақыт ішінде өзіміздің қазақша музыкалық теле-радиомызды жасай алмағынымызға, тіліміздің жетім баланың күйін кешіп келе жатқандығына қынжыламын. Басылымдарымыздың барлығы бір-біріне ұқсайды, ешқандай ерекшелік жоқ. Құдайға шүкір, өсіп келе жатырмыз, бірақ, өте баяу. Кеше ғана Монғолияға, Пекинге барып келдік. Монғолияда қазақтар көп екен, алақандарына салып күтті. Онда қазақтарға ешқандай қысым байқамадым. Керісінше, біздің елімізде қазақтарымыз өгейсініп жүреді. Монғолияда жиырмаға жуық телеарна бар екен, өздерінің тілін, өнерін, салт-дәстүрін насихаттайтын. Ал, Қытайда қателеспесем қазақ тілінде 3 телеарна бар екенін жақсы білесіз. Қараңызшы, ұлтқа, ұлттың өнеріне  деген керемет жанашырлық. Біздің Қазақстандағы қазақтардың халі аянышты.

– Сіздіңше, қазақ тілінің, қазақ өнерінің осындай халге жетуіне кім кінәлі?

– Билігіміздің әлсіздігінің жемісі. Биліктегілердің жеріне, тіліне, ең бастысы ұлтына жанашымастығының салдары бұл. Қарапайым халық мүддесін ойлап жатқан ешкім жоқ. Билік басындағылардың басым көпшілігі қазақ тілін білмейді. Өз тілін білмегендерден не үміт, не қайыр болады?

– Сіз қазір патриот қазақтың образында сөйлеп отырсыз. Министр, депутат болатындар «орын-тақтарына» жайғасқанша, құр сөзбенен қара халықты алтынмен аптап, күміспен қаптайды. Ал егер де, сіз кенеттен депутат болдыңыз делік. Депутат болсаңыз, осы айтқандарыңызды орындай аласыз ба?

– Ол жерде былай, мәселен, он депутат болса, оның жетеуі – орыс тілді. Ол жетеу қалған үшеуді «жеп» қояды ғой. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген осы. Әрбір депутат парламентке шынымен халық қалаулысы болып барса, мұндай сорақылық орын алмас еді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын есте сақтауымыз керек. Депутат болмай-ақ, кез келген қарапайым адам ұлты үшін жаны ашуы тиіс. Патриот болу үшін депутат болудың қажеті жоқ. 

– Сіздің замандастарыңыз, қазақ жастары кім? Оларды қалай көргіңіз келеді?

– Бізде патриоттық сезімімізді оятатын мықты-мықты ата-бабаларымыз, тұлғаларымыз бар. Алайда, олардың ерлігіне, елдігіне көп үңіле бермейміз. Мысалыға, Монғолиядан Шыңғысханның аттың үстінде тұрған ескерткішін көрдім. Әлемдегі ең еңселі, тұғырлы ескерткіштердің бірі. Тұғырының биіктігі – 40 метр. Көздің жауын алады. Бізде Махамбет болса –Махабеттің ауылына, Қарасайды Шапыраштылар қоныстанған Ұзынағаштың маңына ескерткіш етіп орната саламыз. Неге бізде әлі күнге дейін Абылайханның бір қарағанда рухты оятатын айбатты ескерткіші жоқ?!

Құрығанда, балалар тамашалайтын керемет мультфильм де жоқ. Менің кішкентай қызым шетелдік «Лентяева» деген мультфильмді көреді. Ол орысша. Бірте-бірте орысшаланып барады. Ұрпағымның келешегі үшін уайымдаймын. Балаңды қанша қазақша етіп тәрбиелегің келсе де, оған біздің қоғам мүмкіндік бермейді. Жай ғана қуыршақты алайықшы, басып қалсаң, орысша, ағылшынша сөйлейді. «Сәлем» деп қазақша сөйлетсе болмай ма?!

         – Әлбетте, әкелердің қызына деген махаббаты ерекше болады. Қызыңыз туралы айтып беріңізші…

         – Қызыма «Кімнің қызысың?» десең, «Әкемнің қызымын» дейді. «Әкеңнің қандай қызысың?» десең, «Ең тәтті қызымын» дейді. Қазақ екенін айтады. Өзі әкесіне тартқан, аппақ. Есімі Кәусар, жасы екіден асты. Іссапарда жүргенде хабарласам. Оның «Әке, сені сағындым» деген дауысын естіген кезде ұшарға қанатым болса, сол сәтте ұшып келгім келеді. Өзі сәнді киінгенді қатты ұнатады. Қызым – өмірдегі көзқуанышым, жұбанышым.

–       Ал жеңгеміз ше?

–       Жеңгелеріңіз Кәусардың тәрбиесімен айналысып үйде отырады.

– Көп әріптестеріңіз сізді «жүрекпен орындайды» дейді. Сонда жүрекпен орындау дегеніміз не? Әнші жүрекпен орындамаса да, әнші бола бере ме?

– Жүрекпен орындамау дегенді түсінбеймін. Мен әнді қалай түсінемін, солай орындаймын. Мына жерінде осы жұртты жылатайыншы деген ой жоқ менде. Алайда, қазіргі қазақ эстрадасында менен де мықты жақсы әншілер бар деп ойлаймын.

– Кезінде көптеген жас қыздар «Мейрамбек Беспаев» деген аурумен ауырды. Қазір де сізді қыздар жиі мазалай ма?

– Әр нәрсе өз уақытысымен жүреді. Бір кездері менің өнерімді бағалаушы қыздар «Мейрамбек, Мейрамбек» десе, қазір «Аға, аға» деп жатады. Мазаны жиі алатын қыздар әлі де бар. Сондықтан телефон нөмірін жиі ауыстырамын.

– Басылымдар «Мейрамбек Беспаевқа халық әртісі» деген атақ лайық деген бастама көтеріп еді. Осы құрметке өзіңізді қаншалықты лайықтымын деп санайсыз?Атаққа қалай қарайсыз?  

– «Халық әртісі» деген атақты қазір ресми түрде алып тастады ғой. Бірақ, мен ешкімнен осыны бастама етіп көтеріңдерші деп сұраған емеспін. Тіпті, кейін өзім тоқтау салдырдым. Қазақ үшін ешқандай ерлік істемедім. Қазақша ән салдым екен деп, әлденеге дәмелену, әлденеге таласу абыройсыз іс. Бірақ, осы күніме де Құдайға шүкір, Алтынбек көкеме және көмек қолын созған көптеген кісілерге рахмет. Өзім болдым, толдым дегеннен аулақпын.

– Қоразбаевтың қос құлыны Мейрамбек пен Тоқтарды ел бұрындары бірге жиі көретін еді. Ал қазір олай емес. Неге?

– Жақында ғана бірігіп концерт бердік қой. Ол Бейбіт екеуі өз шығармашылықтарымен айналысып жатыр. Мерекелерде бас қосып тұрамыз, телефонмен амандық-саулығымызды сұрасамыз. Ара-қатынасымыз әлі де бұрынғысынша.

– Баян Есентаеваның фильміне түсуге келістіңіз. Кино не туралы? Сізбен бірге басты рольді кім ойнайды?

– Кино шыққанда көре жатарсыздар. Бір әнші қыз туралы болады. Менімен бірге басты рольді Мөлдір Әуелбекова сомдайды. Екеуміз бірігіп ән де саламыз сценарий бойынша. Сондай-ақ, бұл фильмге көптеген өнер адамдары түседі.

– Әзірге бір ғана қызыңыз бар. Ал болашақта неше баланың әкесі болғанды қалайсыз?

– Мүмкіндігінше ұрпағым көп болса екен деп тілеймін. Баламыз көп болса, қазақ та көп болады.

– Кейбіреулер «көпбалалы отбасы болу үшін – көп әйел алу керек» дейді. Сіз көп әйел алуға қалай қарайсыз?

– Шама жетсе, неге алмасқа? Ұрпақтың көптігі үшін, Алла разылығы үшін алуға болады. Ал жай мақтан, дақбырт болса, ондай тірлік ер жігітке жараспайды. Дінімізде, салтымызда бар нәрсе ғой екі немесе одан да көп әйел алу. Тек деген жақсы ұғым бар қазақта. Тектіден текті туады. Мысалы, кезінде Құнанбай атамыз Ұлжан апамызды екінші әйел етіп алмаса, онда дана Абай туылмас еді ғой. Адам тағдырға, өткен ата-бабаларымыздың ісінің дұрыстығына сену керек. Көп әйел алуға қарсы емеспін.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Дереккөзі

 

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!