Қайрат НҰРТАС: "Cапалы жазылған ән әншіні жарнамалайды"

Танымал әнші Қайрат Нұртас «Свобода Слова» газетіне сұхбат берді. Қайрат өз шығармашылығындағы соңғы жаңалықтармен бөлісіп, газет тілшілерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Қайрат Нұртас: «Халықтың махаббаты бәрінен қымбат» -

Жақында белгілі ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов «бұдан былай сіздің Ресейге де танымал болғаныңызды» айтты. Жалпы, Қазақстаннан сырт қандай елдерден шақыртулар, ұсыныстар түседі. Өзге елдерде тыңдарманыңыз бар ма?

Андрей Малаxов мырзаның мен үшін жанкүйер болғанын өкінішке орай ол кісі өз еліне аттанып кеткеннен соң естіп білдім! Маған білдірген  сенімі үшін алғыс айтамын!

Дегенмен оның сөзін өз қандастарымның маған деген маxаббатынан, сенімінен жоғары қоя алмаймын! Себебі, бүгінгі дәрежеге Алланың қалауымен өз қазағымның жүрегінен орын алғандықтан жетіп отырмын деп ойлаймын.

Сонымен қатар біраз жылдан бері Қытай Халық Республикасының он шақты қала­сында шығармашылық кешімді беріп жүрмін. Жыл сайын ол жақтағы тыңдармандарым үлкен қуанышпен күтіп алады!

Моңғолиядағы қандастарға да өз өнерімді көрсетіп жүрмін. Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстанға да жылына бір рет ат басын бұрып тұруға  тырысамыз.

Екі жылдан бері Омбыдан да шақырту алып жүрміз. Татарстаннан да бірнеше ұсыныстар түсіп жатыр. Алла қаласа, бауырлас Түрік елінде де қазақтың әнін шырқап қалуым мүмкін. Қазір сол жақтан келген шақырту бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Былтыр Ресейдің Омбы қаласында ән кешімді ұйымдастырдым. Концертім ерекше аншлагпен өтті. Себебі, бұл аймақтарда қазақ көп тұрады. Тиісінше, қазақтың әні мен өнеріне сусап жүрген тыңдарман да көп.

Омбы қазақтары ұлттық дәстүрді ұмытпа­ған екен.

Бұл менің Омбы қаласында алғаш рет өнер көрсетуім еді. Алыстағы ағайынға: «Сіздерге жиі келуге тырысамын. Иә, көп жағдайда жұмыс жоспарларыма байланысты уақытым бола бермейді. Дегенмен де бұл қалада өнер көрсету маған арман болатын. Себебі, Омбы бұл қазақтың қаласы, қазақтың жері» деп бұл қалаға әлі талай оралатынымды айтып кеттім.

Жақында «МузТВ» премиясының арнайы сыйлығы – «Қазақстанның үздік жыл әртісі» аталымында жеңімпаз атандыңыз. Сыйлықты иеленген сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз?

Иә, әрбір адамның өз арманы бар. Өз еліңде мұндай деңгейдегі сыйлық алу менің ғана емес, Қазақстандағы әрбір әншінің арманы деп ойлаймын. Бұл жүлдеге ең алдымен Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен ие болдым және осы додада маған қарсылас болған әр әнші мықты талант. Олардың алдағы жобаларда топ жарып шығуына тілектеспін.

Жалпы бұл премияның қазақстан­дық әншілер үшін маңыздылығы қандай, қалай ойлайсыз?

Меніңше, маңызы зор. Неге десеңіз, бұл жай ғана сыйлық емес. Көршілес екі мемлекеттің мәдениетін біріктіріп, әншілерін бір-бірімен жақын таныстыратын және де бір сахнада бірігіп ән салуға мүмкіндік беретін үлкен жоба. Мұндай музыкалық байқаудың біздің елде өтуі де үлкен жетістік.

Жақында «Нұр Отан» партиясының қатарына қосылдыңыз. Бұл да аса маңызды қадам. Алдағы уақытта елдің қоғамдық-саяси өміріне араласпақ жоспарыңыз бар ма?

Кесіп айтпай-ақ қояйын, барлығын уақыт көрсетер. Дегенмен, еліміздің дамуына, бейбітшілігінің нығаюына менің септігім тие алатын болса,аянып қалмаймын!

Әнші болсын болмаса басқа да мамандық иесі болсын елдің қоғамдық-саяси өмірінен сырт қалмауға тиісті.

Ал «Нұр Отан» партиясының қатарына Қазақстан Республикасына, өзімнің туған жеріме, туған Отаныма титтей болса да пайдамды тигізу үшін өттім.

«Нұр Отан» – Елбасымыздың партиясы, барлық бастаулар қазақстандықтардың жасампаздығы мен оларды біріктіруге арналған, оны әрқайсымыз білеміз. Сондықтан мен өз елімнің болашағы үшін жасампаздық жолға түсу мақсатында нұротандықтардың қатарында болуды шештім.

Осы партияның сапында болу мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Осы артылған сенімді ақтауға барынша тырысып бағамын!

Соңғы уақытта шығармашылы­ғыңыздағы соңғы жаңалықтар туралы аз естіп жүрміз…

Алдағы уақытта тыңдарманға ұсынар 3-4 әнім дайын тұр. Алла қаласа, ресми сайтымнан тыңдармандарым жақын арада жаңа әндерімді тыңдай алады. Әндерімнің мазмұны, тақырыбы махаббат жайында. Кезі келгенде халық өзі бағасын бере жатар.

Сонымен бірге әдеттегідей, күздегі шығармашылық кешке дайындық жұмыста­ры жүруде!

Шоу-бизнес демекші, қазір насихаты, жарнамасы мықты орындаушының өнімі де өтімді сияқты. Бұған қалай қарайсыз?

Мен мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын. Негізі, мұндай сауалдың өзі сапаны құртады. Себебі, кейбіреулер бұдан кейін «бастысы ақшам болса жетіп жатыр, қалаған әнімді жаздырып, қалаған бейнеклипімді түсіре аламын. Соны ай бойы, жыл бойы айналдырсам жетіп жатыр» деген ойға қалуы мүмкін.

Өнерде жүрген жылдарда түсінгенім: әнші әнді жарнамаламайды. Керісінше, сапалы жазылған ән әншіні жарнамалайды. Оны елге танытады. Сайып келгенде, бүгін сен жаздырған ән ертең хит болып жатса, саған жарнама өзі-ақ келеді.

Бірақ, әнің елге ұнамаса, күндіз-түні эфирден айналдырсаң да нәтиже бермейді.

Айталық, «Мария арман едің» әнін орындап жүрген бауырымыз өзіне ешқандай жарнама жасаған жоқ. Керісінше, ән әншінің жарнамасын жасады.

Былтырлары жеке дүкен, жеке журнал, жеке студия аштыңыз. Әншілікпен қатар кәсіпкерлікті де меңгермек ойыңыз бар ма?

Журнал туралы айтайын. Оны ашқан себебім, ел арасында маған еліктейтін, ұқсағысы келетін жастар көп екен. Ендеше «осы журнал маған еліктеген жастарға тәрбие құралы болсын» деген мақсатпен тұсауын кестім. Жай ғана жеңіл дүниелер жазатын журнал емес.

Егемендігіміздің басты құндылық екенін, бірліктің басты байлық екенін айтатын, имандылықты насихаттайтын журнал. Мұндағы мақсатым елдің есінде тек әнші ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлт бірлігіне, ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан азамат ретінде қалғым келеді.

«Маған еліктейтіндер» көп деп қалдыңыз…Шынымен де солай. Жалпы бұған қалай қарайсыз?

Бұл сауал маған бірнеше рет қойылды. Бір басылымға былай деп айтқанмын. Соны қайталап айтайын. Себебі, өзектілігі өлген жоқ.

Қыдырәлі Болманов ағамның бір сұхбатын оқығанмын. Қыдырәлі ағаның: «Ұлытау» сияқты топтардың көбеюі – бұл жобаның сәтті шығып, эстрадада өз орнын дөп басқаны, «Ұлытаудың» үлкен жетістігі»,– деп айтқан сөзі бар еді. Сондықтан мен де бұл құбылысқа тек қуана қараймын.

Алдағы мақсатыңыз қандай? Жоба-жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

– Бағындырар биігім алда деп ойлаймын. Бұл оңай емес. Биікке шығу – еңбек пен қажырлықты талап етеді . Ал сол биігіңде қалу одан да қиын. Оған соңғы жылдары нақты көзім жетті. Дегенмен алдымды кесіп айта алмаймын. Қандай жағдай болса да, Алла абыройдан айырмасын, елдің сүйіспеншілігі мен махаббатынан кенде етпесін. Сонда биіктерді бағындыру маған сөз болмас деген сенімдемін.

Әншілік өнерден тыс ел білмейтін тағы қандай қырларыңыз бар? Қолыңыз бос уақытта немен айналысасыз?

Бос уақыт тапшы ғой бізде (күліп).

Қазір әншілер тыңдарманымен әлеуметтік желі арқылы тілдесетін болды. Әлеуметтік желідегі белсенділігіңіз қандай?

Супер белсендімін дей алмаймын (күліп). Жұмыс кестесі өте тығыз. Оның үстіне көп уақытыңды «ұрлайтын» сияқты. Тыңдармандарым үшін негізінен «инстаграмды» қолданамын! «ВКонтакте» желісінде соңғы жаңалықтарыммен бөлісіп отырамын. Фан-клубым бар.

Түсінгенім, пікір жазушылардың өзі екіге бөлінеді. Бірі – іштарлықтан, көре алмағындықтан айтады. Ал енді бірі жанашырлықпен сөйлейді. Дегенмен, көре алмай сөйлейтіндерге қарағанда, тілеулестер, тілектестер көп. Олар менімен әлеуметтік желіде де тікелей байланыста. Өнерде де, өмірде де, әлеуметтік желіде де қолдап, демеп отыратын тыңдармандарға мың алғыс.

Есет КӨШЕБЕ

Дереккөзі

Тақырыбы өзгертілген

 

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!