Ринат ЗАЙЫТОВ: «МЕНІҢ ҚҰДАЙ БЕРГЕН ЖАЛҒЫЗ МЕМЛЕКЕТІМ БАР!»

- Ринат, біріншіден бәйгең құтты болсын! Бүгінгі жеңісіңе қуаныштымыз. Бұрынғы айтыстарыңда артық-кем айтылған шумақтарың ғаламторға тарап кеткелі сен туралы әңгіме көбейді. Мемлекетке, Елбасыға, «Нұр Отанға» дұшпан қылып көрсеткісі келгендер де болды. Бүгін, міне, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен айтыстың Бас жүлдесін иелендің. Сонда араларыңда татулық орнады ма?

- Араздық болды деудің өзі артық шығар. Мен артық-кем айқаныммен жоғарғы биліктің тарапынан жауап ретінде ештеңе айтылған да, жасалған да жоқ. Егер нағыз дұшпан көріп, өкпелі болса «жауап» бергісі келсе биліктің күші де, қауқары да бар ғой. Жоғары жақтан «Ринатты айтысқа қатыстырмаңдар» деген бұйрық келді деп біраз айтыстан шеттеткені рас. Бірақ кім біліп жатыр, ол бұйрықты кім берді, қайдан берілді? Мен жоғарғы жақтағы кісілердің тойларында да, басқа жиындарында да бірге болып жүрмін, бірақ солардың біреуі айтпайды «Ринат, сені біз бөгеп жатырмыз» деп. Болмаса, жасыратыны жоқ, күнде болмаса да, Президентпен айына бір рет кездесетін адамдармен де араласамын. «Сені Елбасы жек көреді» деп солардың біреуі айтпайды. Бірақ осы әңгіме қайдан шығады? Қазақ «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дейді. Біреудің атын, іс-әрекетін пайдаланып, өзінің заңын орнатқысы келетін адамдар бар. Сондай адамдар «Жоғарғы жақ айтты» деп қарамағындағыларға бұйрық береді. Ол байқұстар сосын шапқылай жөнеледі. Қысқасы, дәнекер болудың орнына бәлекер болып отыр.
Менің осы жауабымның дәлелі бүгінгі айтыста көрінді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ағамыздың өзі айтып отыр ғой «Мен бұрын Ринатты танымайды екенмін» деп. Демек, мені танымайтын кісілер мен жайлы бұйрық бермейтіні ақиқат қой. Бұрын атымды естіген шығар мүмкін, бірақ бүгін сахнада танысып отырмыз. Мен де ашығын айттым, «Мен ешкімге жау емеспін, елге дұшпан емеспін» деп. Менің Құдай берген жалғыз мемлекетім бар. Ол-Қазақстан!
Жалпы, Ту, Елтаңба, Әнұран, Елбасы деген нәрселер мемлекеттік символдар ғой. Егер біз өзіміз тұрып жатқан үйімізді жақсы көретін болсақ осы мемлекеттік символдарды сүюге де, құрметтеуге де міндеттіміз! Басқа біреу бізге өзінің жақсысын әкеп бермейді.
Енді бұған дейін бір-екі рет мен жайлы теріс ақпарат таратқандардың жолы болған шығар, бірақ әрнәрсенің ақ-қарасы ашылатын кезі болады ғой.
Бүгінгі айтыс маған жүлдесімен маңызды емес. Менің ішімде жатқан айтсам деп жүрген сөздерімді айтқаныммен және соны естісе екен деп жүрген кісілердің естігенімен маңызды болды.


- Дегенмен, осы айтыста тәтті айтқандарың да, қатты айтқандарың да болды. «Нұр Отан» партиясының өкілдері, депутаттар шымбайына батса да түсіністікпен қабылдады. Сен де көп нәрсеге түсініп, ымыраға келіп, ыңғайға көнгенің ғой?
— Мен айтысқа кеше шыға салып, бүгін «жалмауыз» боп кеткен жоқпын. Жемістің өзі көгеретін уақыты болады, пісетін уақыты болады, сосын шіритін уақыты болады. Ақынның ойы да солай. Бір айтқанда жетпесе, екі айтқанда жетпесе, іште қалай болғанда да жеткізем деген ой пайда болады. Келе-келе менде бір ғана мақсат пайда болды. Ол — менің ешкімге жау емес, дұшпан емес екенімді дәлелдеу. Сол жолда айтқан нәрсені бір естімегесін, қатты айтқың келеді, екі естімегесін одан да қатты айтқың келеді. Біреуге қатты, біреуге ақырын тиетінін ойламадым емес, ойладым.
Ал, қазір ортақ мәмілеге, ортақ шешімге келетін уақытта мен өз тарапымнан кеткен қателіктер үшін және менің сөздерім қатты тиген кісілерден қорыққанымнан емес, жалтақтап, жағымпазданғындықтан емес, шынайы түрде пенделігім пәрмен алып кеткен сәттерім үшін кешірім сұраудан қашпаймын. «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» деген Құлмамбет сияқты ақынмын деп айта алмаймын. Менің де кем түскен, артық кеткен жерлерім болғанын мойындаймын.
- Соңғы сұрақ, бүгінгі айтыста Елбасының атына, «Нұр Отан» партиясының атына біраз жақсы шумақтарыңды арнадың. Осының барлығы өзіңнің жүрек сөзің бе, жоқ әлде айту керек болды ма?
— Мен біреудің бұйрығымен өлең айтпаймын. Өзімнің тұрып жатқан үйімді Мемлекетімнен, президентімнен бөліп қарай алмаймын. Олардың барлығы бір-бірімен байланысты нәрсе.
Әр бала өзінің әкесіне де арызын айта алады ғой. Жоғарғы билік басында отырған кісілерге халықтың атынан өкпе-назымды айтатын болсам, ол – дәл сондай қарақұрым халықтың жеткізгісі келетін арманы, назы. Одан артық ештеңе жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

AITYSKER.COM

 

 

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!