Шапағат ОРЫНБАЕВ: «Мақсатымыз — «шымкенттік» деген стереотипті жою болатын…»

 

Ш.Орынбаев: «Мақсатымыз — «шымкенттік» деген стереотипті жою болатын…»
Биыл еліміздегі жас режиссерлердің бірі Жәнібек Жанқараев «Потому что Шымкентский» деген кинотуындысын көпшілік назарына ұсынған болатын. Комедиялық жанрда түсірілген фильмді алғашында киносыншылар жершілдікке негізделген деп айыптаған. Дегенмен, кино авторлары мен оған түскен актерлар фильмде ешқандай трайболистік көріністердің, тіпті, ондай ойдың да жоқ екендігін айтты. Басты мақсат — қоғамда қалыптасып қалған «шымкенттік» деген стереотипті жою дейді картина авторлары. 

Бұған дейін таратылған ақпараттарда аталған фильмнің қаржылық тұрғыда өзін толықтай ақтағандығын айтқан болатынбыз. Ал, оның негізгі мақсаты орындалды ма? Бұл жайында басты рольді сомдаған актер Шапағат Орынбаевтан сұрап көрдік.

— Фильм режиссері Жәнібек Жанқараев жобаның қаржы жағынан өзін-өзі ақтағанын айтқан болатын. Ал, аталған киноның қаржыдан бөлек өзге де мақсаттары болды. Сол мақсатқа жете алдыңыздар ма?

— Жасыратын несі бар, «шымкенттік» десе үрке қарайтындар елімізде әлі де баршылық. Біз сол стереотипті бұзғымыз келді. Бәріміз қазақпыз, қазақстандықпыз. Басты мақсатымыз – елді бірлікке шақыру. Бірлікке шақырудың түрі көп қой, біз оны комедиялық жанрмен жүзеге асырғымыз келді. Бір фильммен барлық мәселені шешіп жіберуге болмайды, бірақ үлес қосуға болады ғой. Сол тұрғыдан алғанда біздің мақсат орындалды.

Қаржы жағын ақтағаны былай тұрсын, тіпті, айтарлықтай табыс алып келді. Қанша табыс екенін Жәнібектің өзі айта жатар.

— Осы кино көрерменге жол тартқаннан кейін Kino.kz порталында дау шықты. Дауды шығарған сайт оқырмандары еді. Яғни, бәзбіреулер фильм авторлары мен актерларына қоқан-лоқы көрсетіп, түрлі балағат сөздер жазды. Сіздің өзіңізге жеке шығып, қорқытып-үркіткендер болған жоқ па және бұл дау неден пайда болды?

— Иә, осындай келеңсіздіктің орын алғаны рас, тіпті оны ақпараттық порталдар жарыса жазып жатты. Фильм продюсері Әлішер Қайратұлына хабарласып, ол кісіні балағаттап, қорқытқан адамдар болды. Ал, менің жеке басыма ешкім даумен шыққан жоқ. Негізі мұндай келеңсіз жайттарды сайттардың өздері ұйымдастырады, ақша талап ету мақсатында әрине. Бәлкім өзге де себептері бар шығар, мен ол жағын білмедім.

— Бұған дейін комедиялық жанрдағы бірер фильмнің режиссері болдыңыз. Актерлығыңыз да бар. Алдағы уақытта қай жолды таңдамақсыз?

— «Потому что Шымкентский» фильміне мен тек актер ретінде қатыстым. Оның режиссерлығына немесе сценариіне мүлдем араласқаным жоқ. Алда не болатынын уақыт көрсетер. Ал, қазір біз бірнеше жобаның түсіріліміне дайындалып жатырмыз. Олардың қатарында «25 теңге» фильмінің үшінші бөлімі, Бекзат Саттарханов туралы кинокартина және бірқатар бейнеклиптер бар. Сонымен қатар, жақында көрермендерге Жайдарман жігіттерімен ұйымдастырған «Көз тимесін» телешоу бағдарламасының тұсауы кесіледі.

— Ендеше, бастамаларыңызға сәттілік тілей отырып, уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет айтамыз!

Дана Сағынбек

Дереккөзі

 

 

 

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!