Абзал МҰХИМОВ: "Аралдың суы толатын күн алыс емес"

Жақында өткізген онлайн-конференцияға келіп түскен сұрақтарға берген жауаптарының ықшамдап, назарларыңызыға Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов Сансызбайұлының сұқбатын ұсынамыз!

 

  1. Арал ауданы әлеуметтік-экономикасы дамыған ауданның бірі болып есептеледі. Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз?

Елбасының жергілікті атқарушы органдардың алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру нәтижесінде ағымды жылдың басынан аудан экономикасының қарқынды дамуына қол жеткіздік. Әр елдің экономикалық жағдайы көбінесе оның өнеркәсібінің даму деңгейіне байланысты. Өйткені өнеркәсіп - ұлттық экономиканың негізін қалаушы, барлық елдердің экономикалық даму деңгейін сол анықтайды.

Аудан дамуының басымдықтары Ел Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сай айқындалды. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға және жаңа жұмыс орындарын құруға,  аудан экономикасын әртараптандыруға  бағытталған басымды жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған.  

Ауданда экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгерілеуде.

 

  1. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламары аясында аудан бойынша қандай жобалар іске қосылды?

Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында 2013 жылы 5,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, 2014 жылы 6,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 106,8 пайызды құрады. 2015 жылдың 5 айында 2,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда: «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцилендірілген сода өндіру» жобасы және «Аралым» ЖШС-нің «Диверсификацияланған көпсалалы ауылшаруашылық кешені» жобасы.

Аудан бюджетінің толығуына қомақты үлес қосатын шағын кәсіпкерлікте қарқынды дамып келеді. 2014 жылы аудандағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3252-ге жетіп, 2013 жылмен салыстырғанда 205 бірлікке, 4921 адам жұмыспен қамтылып 358 адамға артты. Сонымен қатар, 2014 жылы шағын және орта бизнестен түскен салық сомасы 544,2 млн. теңгені құрап, 191,2 млн. теңгеге, өндірілген өнім көлемі 1789,3 млн. теңге болып, 665,9 млн. теңгеге өсіп отыр.

Индустриялық-инновациялық даму ел экономикасының өсуіне және инновациялық әрекеттер саласында өндірістік кәсіпкерлікті орнынан тұрғызуға, әрі қарай дамытуға қолдау беретін басты шара. Осы орайда, басты бағыт, аймақтың табиғи ресурстарын, жер қойнауы байлықтары, шикізат құрамын нақтылап, оны кезең-кезеңге бөліп игеруде жоғары технологиялық өнімге, оның ішінде экспорттық өнімдерге ауыстыру және аймақтық ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасын өсіру болып табылады.

Соңғы кездері ауданда бұрыннан қордаланған проблемалық мәселелер шешімін табуда. Уақыт талабына сәйкес аудан халқы жаңаша талпыныс жасауда. Бүгінгі таңда, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында біршама оң өзгерістер бар. Тоқтап тұрған өндіріс  орындары іске қосыла бастады, жұмыс істеп тұрғандарының өндіріс көлемі артып, кемшіліктері айқындалды.

Осы мақсатта аудан орталығындағы көптен бері тоқтап тұрған бидай өңдеп, ұн шығаратын элеваторға инвестор тартылып, іске қосылды. Бұл элеватордың қуаттылығы тәулігіне 180 тн бидай тартып, одан 150 тн ұн шығаруға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда, «Ранар» ЖШС-і «Аралым» ұнын және мал азығындық жемін сатылымға шығаруда. Алдағы уақытта, экономиканы әртараптандыру мақсатында осы кәсіпорын базасында 10 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олар: нан зауытын, кондитерлік өнімдер зауыты, құрама жем зауыты, астық қамбасы, ұн  тарту комбинаты, жарма тарту комбинаты, макарон зауыты, жылыжай салу жобасы, мәйекті гидропон тәсілі арқылы жасыл жем өндіру және өсіру кешені және көкөніс сақтау қоймасын салу жобалары болып отыр.

Аталған 10 жоба Арал қаласында салынып жатқан индустриялық аймаққа орналастырылатын болады. Сонымен қатар, аталған аймаққа «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасы мен «Жаңа Арал» ЖШС-нің «Тері және жүнді алғашқы өңдеу өндірісі» жобасы орналастырылатын болады. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында индустриялық аймақ құру үшін қаланың солтүстік-шығыс бетінен 16 га жер бөлінді. Арал қаласының солтүстік-шығыс беткейінде кәсіпкерлік мақсаттағы өндірістік аймақтың инженерлік инфрақұрылымының құрылысына 210,4 млн. теңге бөлінді.

Биылғы жылы Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы аясында 4 жоба субсидияланып, 1 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды. Сондай ақ, химия өнеркәсібін дамыту мақсатында Жақсықылыш кентінде каустикалық және кальции қосылған сода өндіру зауытын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда зауыттың  техникалық экономикалық негіздемесі әзірленуде.

 

  1. Ауданға тартылып жатқан инвестиция көлемі туралы айтсаңыз?

2013-2015 жылдар Арал ауданы үшін өсу, өркендеу, даму кезеңі болып тарихта қалмақшы. Бұл кезең ауданның даму тарихында жаңа жобалардың бастау алуымен ерекшеленді.

Ауданда іске асырып жатқан ірі көлемдегі жобалар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы, «Жезғазған-Сексеуіл» шойын жол құрылысы, «Бозой - Шымкент» газ құбырын тарту жұмыстары ауданымызда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырды. 2013 жылы негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 51,0 млрд. теңгені, 2014 жылы 24,2 млрд. теңгені құрады.

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы бойынша  құрылыстың І-ші кезеңі сәтті аяқталып, Кіші Арал суға толуда. Кіші Аралдың суының тұздылығы азайып, оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының теңізде өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. 1990 жылдары тек қана балықтың екі ақ түрі болды, ол камбала глосса және балтық майшабағы. Ал қазіргі кезде балықтың 22 түрі ауланады. Бірнеше талқылаулардан кейін, Арал теңізін бір деңгейлі етіп қалдыру жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі таңда, жобаның ІІ кезеңі басталады деп күтілуде.

Ауданымыздың оңтүстігі мен солтүстігін түгел басып өтетін, аудан көлеміндегі ұзындығы 213 шақырымды құрайтын күре жол – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы жүргізілді.

«Жезғазған-Сексеуіл» шойын жол құрылысы Қарақұм өңіріне жеткізілді. Өткен жылы осы құрылыстың ашылу салтаны болып, қазіргі таңда ұзындығы 116 шақырымды құрайтын жолдың бойынан станса, темір жол бекеттері бой көтеріп, көптеген инфрақұрылымдар салынуда. Бұл жол бойында өндіріс пен бизнес құрылымдарының дамуына қолайлы жағдай жасалуда.

Ауданға тартылған инвестицияның басым бөлігін құрайтын «Бозой - Шымкент» газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, көптен бері қордаланған мәселе шешімін тауып, биылғы жылы Арал қаласын газдандыру жұмыстары басталды, жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.

 

  1. Ауыл шаруашылық аудан экономикасының маңызды салаларының бірі екені белгілі. Ауданда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылуда?

Аудан экономикасын қалыптастырудағы өз үлесі бар, халықтың басты тіршілік көзі – мал шаруашылығы саласында малдың генофондын сақтай отырып, мал басы мен одан алынатын өнімдердің елеулі өсуі көңілге қуаныш ұялатады.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2013 жылы 3,2 млрд. теңгені құраса, 2014 жылы 3,7 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрап, аудан Қызылорда қаласы мен басқа аудандар ішінен бірінші орынға шықты.  

Елімізде бүгінде бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмай, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт алған кезеңде кәсіппен айналысам деушілерге барлық мүмкіндіктер жасалған: қаржылық, ақпараттық-кеңестік қолдау жұмыстары жолға қойылған. Сондықтан, қазіргі таңда мал өнімдерін, балық өнімдерін өңдеу, ұқсату, басты міндет болып отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, өткізуді жолға қоюға аудан мүмкіндіктері әлде қайда зор. Жүнді түтіп, иіріп, тоқу, тігін цехтарын ашу, тері өңдеу, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, жергілікті қымыз, шұбат өнімдерін ыдысқа құйып сату жұмыстары қолға алынуда.

 

  1. Ауыл шаруашылығында ірі қараның етті бағыттағы тұқым табынын көбейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, ауылдағы мал өсіремін деген ағайынға мол мүмкіндік береді. Бағдарламалардың жүзеге асыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

Мал шаруашылығында барлық мал басы түрінен тұрақты өсім болып, ірі қара саны 42641 басты, жылқы 22236 басты, түйе 20437 басты, қой мен ешкі 95836 басты құрады. 2013 жылмен салыстырғанда ірі қара малы 103,8 пайызға, қой мен ешкі 102,7 пайызға, жылқы 108,4 пайызға, түйе 103,1 пайызға артты.

Ауданда түлікті асылдандырудың 4 бағыты бойынша 8 шаруашылық жұмыс жасауда. Атап айтқанда «Құланды» ЖШС, Тұрарбек, Берекет, Көктем, Байдаулет, Несібе, Ықылас, Бек шаруа қожалықтары. Сонымен қатар, ауданда 10 қолдан ұрықтандыру пунктері жұмыс жасап келеді.

2013 жылы мал және егін шаруашылығына республикалық және облыстық бюджеттерден 53,0 млн. теңге субсидия алынса, 2014 жылы барлығы 120,4 млн. теңге  субсидияға қол жеткізілді.

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011-2014 жылдар аралығында 33 бас бұқа мен 484 бас аналық сиыр сатып алынды. 2015 жылы 150 бас аналық сиыр мен 5 бас бұқа сатып алынатын болады.

«Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 8,5 млн. теңгеге 313 бас қой мен 18 бас асыл тұқымды қошқар алынды.

«Құлан» мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауданда жұмыстар жасалып жатыр.

2014 жылдан бері 54,0 млн. теңгеге 178 бас аналық, 23 бас асыл тұқымды айғыр алынды. 2013 жылы 235 гектар жерге, 2014 жылы 241 гектар жерге егін еккен болсақ, 2015 жылы 253 гектар жерге егін егілді. Оған қосымша Ақбай алқабындағы инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді игеру мақсатында, күз айларында қосымша 500 гектар жерге мал азығындық дақылдар егуге жұмыстар жасалуда.

 

  1. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аудан көлеміндегі деңгейі қандай ?

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бойынша 2013 жылы 532,7 млн. теңгеге 6 жоба, 2014 жылы 528,0 млн. теңгеге 7 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, осы 2 жыл ішінде Қамыстыбас, Шижаға, Сексеуіл елді мекендерінің, Арал қаласының ішкі жолдары орташа жөндеуден өтті. Қарақұм, Аралқұм, Қамыстыбас елді мекендерінде емханалар салынды. Арал қаласындағы №220 орта мектебі, Шижаға елді мекенінде №57 орта мектебі, Мойнақ бастауыш мектебі, Сексеуіл кентінде №87, №177 орта мектептері мен «Жауқазын» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Осы жобаларға 314 адам жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның екінші бағыты ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету бойынша 2013 жылы 156 адам 360,0 млн теңге көлемінде несие алса, 2014 жылы 173 адамға 461,9 млн теңге несие берілді.

Бағдарламаның үшінші бағыты оқыту және қоныс аудару арқылы  жұмыспен қамтамасыз ету бойынша 2013-2014 жылдары қайта даярлау курсына 23,0 млн теңге бөлініп, 195 адам жолданды, біліктілігін арттыруға 2,7 млн теңге қаржы бөлініп, 36 адам оқытылды, кәсіптік даярлау курсына 16,8 млн теңге қаржы қаралып, 103 адамға жолдама берілді.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 45,4 млн теңге қаржы қаралып, 317 адамға жолданды, жастар тәжірибесіне 50,0 млн теңге қаралып, 336 адамға жолдама берілді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2013-2014 жылдары 2880 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 3889 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде, ресми жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға тұрақтады.

 

  1. Ауданда мектептер мәселесі қалай шешімін табуда?

2013-2015 жылдары 1790 баланы қамтитын 11 мектептің және 390 баланы қамтитын 2 балабақшаның құрылыстары салынды.

2013 жылы ұлттық бірыңғай тест қорытындысымен орташа балл аудан бойынша 70,91 болса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 72,71 балл, 2015 жылы 81,47 балды құрады. 2013 жылы 4 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат», 2014 жылы 6 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат», 2015 жылы  9 «Алтын белгі», 4 «Үздік аттестат» иегерлері анықталды.

 

  1. Денсаулық сақтау саласы бойынша жаңа ғимараттар пайдалануға берілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба ма?

Соңғы 3 жылда денсаулық сақтау саласында 3 дәрігерлік амбулаториялар салынып пайдалануға берілді (Абай, Аралқұм, Қамыстыбас). Сексеуіл кентінде  аусымына 100 адам қабылдайтын емхана мен 40 орындық ауылдық аурухана құрылыстары жүргізілуде. Аудандық перзентхана күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарды жалғастыра береміз.

 

  1. Туризм саласын Аралда дамытуға болатындығы жиі айтылады. Алғышарт ретінде жасалып жатқан жұмыстар бар ма?

Аудан экономикасын дамытудың басты бір көзі болып табылатын, жалпы көлемі 494 гектар жерді құрайтын «Қамыстыбас-Арал» демалыс аймағын құру жұмыстары жасалуда. Қамбаш көлінің жағасында 80-ге жуық нысан бой көтеруде.

Осы орайда, «Саутс Ойл» компаниясы 20 гектар жерге 100 орындық «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығын салып,  пайдалануға берді. 2014 жылы демалыс алаңының сыртқы инженерлік желілерін жүргізуге  облыстық бюджеттен 374,4 млн теңге қаржы қаралды.

Туризмді дамытудың тағы бір жолы - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің Арал ауданына тиесілі 1240, 1338, 1358, 1361, 1435 шақырымында сервистік нысандар салу көзделуде. Атап айтқанда: «А» санаты бойынша «Баттойл» ЖШС, «В»  санаты бойынша ЖК Жандәулетов, «С» санаты бойынша «Нұрдәулет» ЖШС-і, ЖК Абибуллаев Талғат пен ЖК Бедер Қадірберген талапқа сәйкес сервистік нысандардың құрылысын салатын болады.

 

  1. Теңіз жағасындағы аудан халқының басты тіршілік көзі – балық шаруашылығы. Жыл өткен сайын жергілікті халықтың несібесіне орай, су маржанын аулау көлемі артып отыр. Балық шаруашылығын дамытудағы жоспарларға тоқталсаңыз?

Кезінде аудан экономикасының негізгі тірегі болған өңдеуші өнеркәсіп салаларын қайта қалпына келтіріп, импорт алмастыратын және бәсекеге лайық өнімдерін өндіруге жарамды, жаңа бағытта қалыптастыру мақсатында – ауданда Балық консорциумы құрылды. Бүгінде Арал ауданында балықты өсіру мен аулау ісі ғана емес, сонымен қатар сол өнімді өңдеу ісі де жақсы жолға қойылған. Өңірде заманауи тұрғыда салынған балық өңдейтін 4 зауытта 300-ден астам адам жұмыспен қамтылып отыр.

2013 жылы 5161 тн балық ауланып, 1121 тн балық өңделсе, 2014 жылы ауданда барлығы 5792 тн балық ауланып, 2547 тн балық өңделді. Яғни өңделген балық 2,6 есеге артты. 2015 жылы балық аулау лимиті 8321 тн құрап отыр.

 

  1. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы халықтың ерекше қолдауына ие болған бастама. Азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрылған бағдарламалар негізінде атқарылған жұмыстармен бөліссеңіз?

«Қол жетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджет қаражатына тұрғын үй салу тәжірибесі бар. 2013 жылы 15 арендалық тұрғын үйлер салынса, 2014 жылы 12 тұрғын үй салынып, пәтер кезегін жылдар бойы күткен тұлдыр жетімдерге, мемлекеттік қызметкерлерге, асыраушысынан айырылған жанұяларға табыс етілді. Соңғы 5 жылда бюджет қаражатына 62 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

Ауданда арендалық тұрғын үйлерді салумен қатар,  салынғалы жөндеу көрмеген кондоминимум нысандары бар. «Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы» аясында 2014 жылы Арал қаласындағы көппәтерлі 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. 2015 жылы 8 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

  1. Ауыз су мәселесі қашан да өзекті тақырыптардың бірі болып, күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселенің шешілу реттілігі қалай болады?

Алтын бесігіміз – ауылдың ажарын аша түсетін игілікті жұмыстар үздіксіз жалғасуда. 2013 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз суға 708,0 млн теңге, 2014 жылы 91,0 млн теңге қаржы бөлініп, елді мекендерді ауыз су жүйесіне қосу, ауыз су жүйесін қайта жаңғырту мен кеңейту жұмыстары жүргізілді. Соңғы 3 жылда қосымша 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды (Райым, Ескіұра, Үкілісай, Бекбауыл, Қызылжар, Құмбазар, Шөмішкөл, Ақшатау).

 

  1. Қаланың экономикалық тиімді жұмыс істеуі тұрғысынан алып қарағанда, аудан саясатының негізгі ажырамас бөлігі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту екені белгілі. Бұл жөнінде не айтасыз?

Автокөлік қызметінің негізгі көрсеткіштері бойынша біршама ілгерілеушіліктер байқалып отыр. Атап айтқанда, 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда жүк тасымалы 101,7 пайызға, жүк айналымы 100,0 пайызға,  жолаушы тасымалы 110,9 пайызға, жолаушы айналымы 110,7 пайызға артып отыр.

2013 жылы жол жөндеу жұмыстарына 348,4 млн теңге, 2014 жылы 398,0 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде Арал қаласындағы жалпы ұзындығы 11,45 шақырым болатын 13 көше 200,0 млн теңгеге асфальтталды. 2015 жылы жол жөндеу жұмыстарына 93,5 млн теңге қаржы қаралып отыр.

 

  1. Соңғы жылдары Арал қаласы көріктеніп келе жатыр. Қаланы абаттандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баян етсеңіз?

2013 жылы абаттандыру жұмыстарына 184,0 млн теңге қаржы бөлінсе, 2014 жылы 296,0 млн теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, аудан орталығы - Арал қаласының орталық көшелері кеңейтіліп, бордюрлер салынды. Арал қаласындағы 4-ші ықшам ауданы, темір жол вокзалының маңы абаттандырылды. Аллея мен скверлердің қоршаулары жаңартылды. Арал қаласындағы Ж. Нұрпейсов көшесіне брусчаткадан тротуарлар салынды.  Әбілқайырхан мен Бақтыбай батыр көшелерінің қиылысында, қалалық мәдениет үйі жанынан скверлер салынды. Арал қаласында 4 ойын алаңы пайдалануға берілді. Қосымов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында сағат орнатылды. Арал қаласының орталық көшелеріне 6 жаңа үлгідегі аялдамалар, қаланың кіре берісіне қақпа, орталық алаңда сахна орнатылды.

2015 жылы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 190 млн-ға жуық қаржы қаралды. Бұл жұмыстарға Арал қаласындағы «Тағзым» алаңын абаттандыру жұмыстары, орталық алаңдағы «Құрметті азаматтар» аллеясы абаттандыру жұмыстары,          Арал қаласына кіре беріс қақпаға (арка) жарық шамдарын орнату жұмыстары, Т. Есетов атындағы саябақты абаттандыру жұмыстары, Арал қаласындағы аллеялар мен скверлердің қоршауларын жөндеу және абаттандыру, Арал қаласының 40 жылдық Қазақстан, Алматы, Ш.Уалиханов, Қазыбек би, Бекетай би, Нұржаубаев, Әйтеке би көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қамбаш көлі жағасына брусчатка төсеу, электр жарығын, автотұрақ жасау жұмыстары жасалуда. Сексеуіл кентінде саябақ салу, Арал қаласының кіре берісіндегі және Абай мен Ш. Уалиханов көшелері бойындағы қорымдарды қоршау жұмыстары жүргізілді.

 

  1. Арал шағын қалалар қатарында екені белгілі. Шаһарды көріктендіре түсу үшін нендей жұмыстар атқарылады?

Арал қаласының зор келешегінің бір айғағы, ол «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасының» І кезеңінің аяқталып, ІІ кезеңінің басталуына бет алғандығы. Арал қаласына жетіп қалған Кіші Арал теңізінің толуы, Арал қаласы территориясынан, маңынан жақын өтетін мұнай, газ құбырларымен қатар Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу темір жолы, республикалық, мемлекетаралық автомагистралының салынуы, соған байланысты жұмыс істейтін әр түрлі мекеме, құрылымдардың ашылуы Арал ауданның келешегінің жарқын болашағының зор екендігін көрсетеді.

Онымен қоса аудан орталығы - Арал қаласы шағын қалалар қатарына жатқызылып, қазіргі таңда қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отыра, 2016-2030 жылдарға арналған даму бағыттары  айқындалды. Осы жылдар аралығында 51,0 млрд-тан астам қаржыны құрайтын 48 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Онда мұнай және газ өндіруді қолға алынып, шағын және орта бизнесті дамыту, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімдерін өңдеу, кальцийлендірілген сода өндірісі негізінде химия өнеркәсібін дамытуға аса мән берілетін болады.

Алда атқарылатын шаралар негізінде Арал ауданы Қызылорда облысындағы балық шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, логистика мен қызмет көрсету салалары дамыған, динамикалық еңбек нарығы мен халқының жоғары деңгейдегі әл-аухаты бар орталық болатын болады.

 

Сұқбат

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!