Михаил СААКАШВИЛИ: Ресей өзге елге тиiсу үшiн “мiндеттi түрде бiреулердi қорғап” шыға келедi

 

“Новая газетаның” шолушысы, жазушы Дмитрий Быков осы жақында ғана Грузияның бұрынғы президентi, қазiргi күнi Одессаның (Украина) губернаторы Михаил Саакашвилиден сұхбат алды. Осы сұхбаттан үзiндiнi назарларыңызға ұсындық.

 

– Сiздi В.Путин неге иттiң етiнен де әрмен жек көредi?
– Путинмен ешқандай өштiгiм де, қастығым да жоқ. Бәленiң бәрi Путиннiң империялық пиғылынан келiп өрбидi. Оңтүстiк Осетия. Абхазия... Мiне, кезiнде осыларды желеулетiп Ресей өзiнiң армиясын Грузияның шекарасына алып келiп қойды ғой. Бұл кезде Грузияны мен басқарып тұрдым. Тiптi Грузияны мен емес, кiм басқарып тұрса да, Ресей осыны жасар едi. Мәселен, Оңтүстiк Осетияда грузиндер мен осетиндер қалай орналасқан десеңiзшi? Дәл шахматтың тастары секiлдi. Мына ауыл – грузин ауылы ма, келесi ауыл –осетиндердiкi, онан кейiн – грузин ауылы, сонан соң тағы да осетин ауылы, осылай созыла бередi. Путиннiң “Осетиндердi қорғаймыз” дегенi – сылтау ғана. Жалпы, Ресей өзге елге тиiсу үшiн “мiндеттi түрде бiреулердi қорғап” шыға келедi, мұны қай-қайсымыз да ұмытпауымыз керек. Осетиндердi желеу етiп, Ресей Грузияны да ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келдi. Бiрақ бiз бұған жол бермедiк.
Айтпақшы, бiздiң көпшiлi­гiмiз “Ресей Украинамен кетiс­кеннен кейiн барып Қырымды басып алды” деп ойлайды. Ресей Қырымды басып алуды осыдан 10–12 жыл бұрын ойластырып қойған-ды. Құпия құжаттармен танысқаннан кейiн айтып отырмын мұны.
– Ресей Мариупольды алып қояды деп қауiп ойламайсыз ба?
– Ала алмайды! Сәуiр айында Ресейдiң Мариупольды алып қоюы әбден мүмкiн едi. Донецк, Луганск сияқты. Ал қазiр ала алмайды!
– Неге?
– Мариупольда 600 мың адам тұрады. Бұлардың бәрi соғысқа сақадай-сай. Бiрнеше қабат қорғаныс шептерiн жүргiзiп тастаған. Ең бастысы, бұлардың бәрi Ресейден әбден түңiлген. Ресейден көңiлi қалған. Ресеймен бiрге бұлар өздерiнiң еш­қашан көктемейтiнiн де, көгер­мейтiнiн де бес саусақтарындай бiледi. Сондықтан Ресеймен кез келген байланысты үзуге тырысып бағуда. Егер Ресей Мариупольды алғысы келсе, ең кем дегенде үздiксiз алты ай соғыс жүргiзуi керек. Бұған Ресей ендi бара алмайды, барғызбасы барғызбайды.
– Луганск мен Донецкiнiң ертеңi не болады?
– Кеңес әскерi Ауғанстанды тастап шыққаннан кейiн не болды? Ресейдiң әскерi кеткеннен кейiн де Луганск мен Донецкiде дәл солай болады. Украинаға қарсы күштердi Луганск мен Донецкiнiң тұрғындары өздерi-ақ жаныштайды. Олардың Украинамен баяғыдай тұтас бiр организм болатынына еш күмәнiм жоқ.
– Путин билiктен кеткеннен кейiн не болады?
– Өте қиын болады. Путин билiктен кеткеннен кейiн Ресейде 4–5 жыл хаос болады. Сонан кейiн Солтүстiк Кавказ Ресейден бөлiнiп шығуы мүмкiн. Татарстан мен Башқұртстан да “бөлiнемiз!” деп бiраз қиғылық салуы кәдiк. Ал Қиыр Шығысқа Қытай мен Жапония қазiргiдей емес, шындап көз тiгетiн болады...
КСРО құлағаннан кейiн не болды? Путин билiктен кеткеннен кейiн де осыған ұқсас оқиғалар орын алады. Өйткенi Путин тым асыра сiлтеп жiбердi. Асыра сiлтеуден кейiн мiндеттi түрде бүлiншiлiк болады.
– Сiз Грузияны басқарып тұрған кезде кiмдермен тiл табыса алмадыңыз?
– Мен көбiне шетелде оқып, сыртта жүрдiм ғой. “Кеңестiк зиялылардың (“советская интеллигенция”) кейбiр тiрлiктерiне қайран қалатынмын. “Вор в законе” дегендердi Грузиядан түгелдей аластадым. Сонда атақты бiр грузиннiң маған не дегенiн бiлесiз бе? “Сiз неге “вор в законе” деген атқа ие болғандарды Грузиядан аластадыңыз? Олар шiркеулерге жәрдем бе­рiп, мүгедектерге қол ұшын созушы едi ғой...” деп қар-а-а-ап тұр. Құдай-ау, қарақшылар мен қылмыскерлердiң қоғамға пайдасынан гөрi зияны шаш етектен екенiн неге ескермейдi? Неге ақыл таразысына салмайды?
– Сiздi “вор в законе” атау­лы жиылып, өлтiргелi жүр деп те естiдiк...
– Әйгiлi қарақшылардың Прагада өткен кезектi отырысында бұлар сондай шешiм қабылдапты да. Ал содан берi қаншама жыл өттi, менi неге өлтiрмейдi? Есiңiзде болсын, әрбiр қарақшы қорқақ келедi. Әсiресе, кәсiби қылмыскерлер өлердей қорқақ болады.
 
Дереккөзі
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!