Сейсенбі, 22 Қыркүйек 2015 00:00

Ерлан БІЛӘЛОВ: «Мынаны орындадым, енді демалып ала­­йын» дейтін тоқмейіл сөз біздің теат­ры­мызға тиесілі емес. Таңдаулы

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Ерлан БІЛӘЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры:

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің алғашқы кезеңін Елорда төрінде атап өттік. «Мәңгілік ел» атты театрландырылған қойылым көрермендерге қазақ тарихының ең жарқын беттерін ашып көрсетті. Елбасымен бірге ел қуанышына ортақтасуға келген Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаев пен Әзірбайжан Республикасының президенті  Ильхам Әлиев, стадиондағы 4000-нан астам қатысушы және миллиондаған Қазақстан азаматтары мен әлем халқы жанарын тайдырмай тамашалады. Қазақ мемлекетінің мәртебесін асқақтатқан осы шарадан кейін ұлтын сүйетіндер шарықтаған көңілінің эйфориясын әлі баса алмай жүрсе, прогрессивті ойлайтын, оң өзгерістерге бүйрегі бұратын басқа көршілеріміз де жылы қабылдағандарын жасыра алмай жүр. Алда – ұлық шараның екінші кезеңі күтіп тұр. Осы орайда ұйымдастыру жұмысының басы-қасында болып, айдан астам уақыт артистерді жұмылдырып, халықтық шараның абыройлы өтуіне атсалысқан М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләловтен мемлекеттік ауқымдағы мәдени шараларды өткізу мәселесі туралы айтып беруін өтіндік. 

 – Халық мінсіз атқарылған істің нә­ти­же­сін ғана көреді, ал оның арғы жағында қа­ра терін ағызып, кімдердің қалтқысыз қызмет ет­кенінен бейхабар күйі қалады. Осыншама ауқымды әрі ғажайып шараны ұйым­дас­тыру­шылардың бірі ретінде Мәңгілік ел идеясы туралы және оған жұмсалған күш, еңбек, ба­сы-қасында жүрген жауапты азаматтар ту­ралы өзіңізден сұрап-білгенді жөн көрдік.

– Биылғы жыл мерейлі белестер мен мерекелі тойлардың тоғысқан тұсы болып отыр. Татулықтың тал бесігі мен тұрақ­ты­лық­тың берік тұғыры болып отырған күллі Қа­зақстан халқы тұтастығын танытып, қа­зақ хандығының 550 жылдығын халық­тық мерекеге айналдырып абыроймен атап өтті. Сәтімен біткен іске сүйсінгеннен ту­ған болуы керек, мұндайда «Болар істің ба­сына, жақсы келер қасына» дейтін қа­зақ­тың әдемі сөзін көп ретте игілікті істі иін қандыра жасап жүрсе де, кісілігі кіші­пейіл­ділікпен көмкеріліп, «азаматтық бо­ры­шым» дегеннен аспайтын азаматтарға ар­нағанын байқаймыз. Бұл айтулы оқи­ғаны атап өтуге еліміздің белгілі тарихшы ға­лымдары, қаламгерлері, өнер, мәдениет өкіл­дері ғана емес, Отан дейтін ұғымға сер­гек қарайтын, еліміздің абыройы мен бе­де­лін бәрінен биік қоятын үлкен кабинет­тер­дегі лауазымды тұлғаларымыз бас­қа­ратын ірілі-ұсақты мекемелерден бастап жеке­ле­ген отаншыл азаматтарымызға дейін тұтас тартылып, жүкті жұмыла көтерді. Алғаш ұлт ұясы – Ұлытау топырағында Елбасымыз тебіреніп тұрып тапсырған бұл міндетті атқаруды еліміздің Мәдениет және спорт ми­нистрлігі өз мойнына алып, содан бас­тап Мәңгілік ел идеясы айна­ла­сындағы жо­баларды іске асыра бастады. Мемле­кет­тілікті нығайтуға үндейтін, отансүйгіштікке баулитын, азаматтық және ұлттық құн­ды­лық­тардың ортақ жүйесін қалып­тас­тыра­тын бұл идеяны өмірлік ұстанымға айнал­дыру­дың нақты әрі төте жолы ретінде кө­рі­нетін осы шараны дайындау барысында олар күн-түн демей, аяғынан тік тұрып қызмет етті. Ұйымдастырушылық жұ­мыс­тың тізгінін өз қолына ұстаған министр Арыс­танбек Мұхамедияұлы бастап, вице-ми­нистр Ғалым Ахмедияров, Мәдениет ми­нистрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уә­лиев, мәдениет және өнер істері депар­та­ментінің директоры Ақтоты Райым­құлова секілді руханиятымыз бен өне­рі­міздің басында жүрген жанашырларымыз қажырлылықтың үлгісін көрсетіп, ойдағы жо­баларының орайын келтіру жолында жұ­мыс ырғағын бір күн де босаңсытқан жоқ. «Қазақта мемлекет те, мемлекеттілік те болмаған» деген қиямпұрыс, қиғаш пі­кірлерге тойтарыс беріп, өзімізге де, өзгеге де мойындату міндетін қолға алған бұл құ­зырлы органның жүгі мен жауапкер­ші­лі­гінің қандай ауыр болғанын осыдан-ақ ба­ғамдай беріңіз. Министр А.Мұхаме­дияұлы­ның жетекшілігіндегі ұйымдастыру ко­митетінің бұл атаулы шараны мүмкін­ді­гін­ше кезекті рет той тойлау үшін емес, ой ой­лау үшін жасауға ұмтылғандығын көзі­қарақты жан өзі-ақ бағамдар деп білемін. Мұндай шараны ұйымдастыру үшін үлкен қарым-қабілет, дүниетаным, биік талғам керек. Бұл орайда Төлеубек Әлпиев, Асхат Мае­миров, Нұрқанат Жақыпбай, Елік Нұр­сұлтаннан құралған режиссерлік топ­тың шығармашылық идеясы мен ізде­ні­сі­нің нәтижесінде туған көңіл толқытарлық көрініс көптің көкейіндегісімен үйлесіп жатты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаруаның шашауын шығармай, керісінше, бүгінгі күннің талғамымен жарастырып жасағандарына Елбасымыз да, еліміз де, осы шараға қатысқан басқа елдің прези­дент­тері мен шетелдік қонақтар да куә болды. Шетелдік дегеннен шығады, біздің ел­дігімізді танытқан осы ауқымды шара ха­лықаралық сипат алып, дүниежүзіне әй­гілі ақпарат құралдарынан әлемге тара­тыл­ды. Әлем мерейі тасыған қазақты қайыра бір таныды. Ұлттық сезіміміз мөлтілдеп ша­расынан асқандай, дүрс-дүрс соққан отан­шыл жүрегіміз кеудемізді кернеп, сол ортада біз де тұрдық. Астанадан оралға­ны­мызда, жолымызда кездескен әрбір адам жүрегіндегі шаттығын жасыра алмай, там­санып, қолымызды қысып, құттықтап жат­ты. «Мынау біздің тарихымыз, мынау біз­дің тағдырымыз, мынау біздің еліміздің тұ­ғырының биіктігі, тарам-тарам тамыры­мыз­дың тым тереңге тартылғандығы, қа­зақ­­тың көл-көсір пейілі, пейілімізге бұ­йыр­­­ған берекеміз, осы молшылығымыз бен берекемізден ендігі жерде ешкім бізді айыр­­масын» деп ақжарма тілегін арнаудан шар­шамаған қазақты көрдік. Тіпті үнемі өнер тақырыбын қаузап жазып, талдап ай­ту­дан талмай келе жатқан Әшірбек Кө­пі­шев ағамыз театрға келіп, бір сағаттан ар­тық уақыт көңіл қуанышын бөлісті. «Ай­­­­­­на­лайын, Ерлан бауырым, стадионның ішін­де мен де болдым. Жүрегімді мақтаныш кер­негені сондай, өзімді ұмытып, асқақ се­зім алаулатқан жүзбен жан-жағыма қа­ра­ғанымда, айналамдағы адамдардың шын ықы­ласымен қуанғанын, көзіне жас алға­нын, ағыл-тегіл болып қуаныштан жы­ла­ға­нын көрдім. Бұл деген ғажап қой!» деп бас шайқап, тасқындаған көңілінің риза­шы­лығын айтып тауыса алмады.  
Біздің театрымыз о бастан атына абы­ройы сай, тұғыры биік, туы желбіреген, өнер әлеміндегі асқақ атына қылау түсірмей ке­ле жатқан дара орда. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу кезінде де қара­пайы­мдылығы мен биіктігі жарасқан, ауыз­­біршілігі мықты театр екенін дәлел­де­ді. «Мынаны орындадым, енді демалып ала­­йын» дейтін тоқмейіл сөз біздің теат­ры­мызға тиесілі емес. Алпыстан астам артист ай бұрын Алматыдан Астанаға бірлікпен ба­рып, Елбасы өзі ұйытқы болған ұлық ша­раға бір адамдай болып атсалысты. КСРО халық артисі, ұлттық өнеріміздің дүл­дүл мақтанышы һәм бірегей тұлғасы Асанәлі Әшімов бастаған, Қазақстанның ха­лық артисі, режиссер Есмұхан Обаев аға­мыз қостап, театрымыздың тарландары Тұң­ғышбай Жаманқұлов, Нүкетай Мыш­баева, Торғын Тасыбекова, Сәлиха Қ­о­жа­қова, Ғазиза Әбдінәбиева қонақ ретінде ба­рып, қатысып қайтты. Оразхан Кенебаев, Саят Мерекеұлы, Төлеубек Аралбай, Айдос Бек­темір, Бауыржан Қаптағай, Бекжан Тұ­рыс ханды ақ киізге көтеріп, билер то­бын­да көрінгенде, төбеміз көкке екі елі жет­­пей, марқайып тұрдық. Бұл айтулы ша­радан біздің артистеріміз аса мол тә­жі­рибе жинақтап қайтты. 
– Тәжірибе демекші, алдымыздағы қа­зан айын­да Тараздағы үлкен шараның ба­сы-қа­сынан тағы да сіз басқаратын театр та­был­ғалы тұрған сияқты. Мәдени-тарихи іс-шара өткізуден мол тәжірибе жина­дыңыз­дар. Жам­был облысында өтетін не­гіз­гі жиынға әзір­ліктеріңіз қалай?
– Тараздағы шараның Астанада өткен ауқымды жиыннан айтарлықтай айырма­шы­лығы бар. Себебі, біріншіден, шараның өзі Астанадағыдай жабық стадионда емес, ашық алаңда өтеді. Сахнада, жабық ғи­ма­ратта жұмыс істеу бөлек те, ал стадиондық масштабтағы жұмыстың сипаты мен әсері, ау­қымы мен өлшемі – ол, басқа. Бұған де­йін театрландырылған көріністер, театр ар­тистерінің күшімен әлдебір үзінділер қойылса қойылған болар, бірақ ашық ста­дионда спектакль қойылған емес. Сон­дық­тан о шеті мен бұ шетіне көзің әрең талып жететін атшаптырым аумақта 500 адам қа­тысатын спектакль қоюдың да өзіндік ерек­шеліктері болады. Актерлеріміздің елор­дадағы шараға қатысып қайтуы бұл қойы­лымның да сәтті шығуына үлкен сеп­тігін тигізеді деп ойлаймын. Белгілі қалам­гер Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» атты пьесасының дайындығына артистеріміз Астанадан оралған күннің ертеңінде-ақ бел шешіп, белсеніп кірісіп кеткен болатын. Тек шығармашылық құрам ғана емес, көп­шілік сахнасы үшін бүкіл театр ұжымы, яғни техникалық жұмыскерлер, басқа цех­тың да қызметкерлері тегіс жұмыл­ды­ры­ла­ды. Бұдан бөлек, бұл қойылымға Жамбыл об­лыстық қазақ, орыс драма театрлары түгелімен, 260-тан астам жаяу және атты әс­кер, 140 биші қатысады. Төгілген тердің нә­­тижесі болатынын көрдік. Елбасы сая­са­тының нәтижесінде, елімізде ұлттық мә­де­ниет пен өнерге мемлекеттік қолдау жан-жақты жасалып жатқаны аян. Енді  біз, яғни шығармашылық ұжымдары, із­де­ністі күшейтіп, осындай сенім артылған жер­де тек аянбай жұмыс істеу міндеті ғана тұра­ды. 
–Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Мұның ендігі қазақ тағдырындағы маңызы мен ықпалы қандай болуы мүмкін?
– Өскелең ұрпақ өткені мен бүгінін ой­лап, алға басуы керек. «Ата-бабаларымыз ондай болған, мынандай болған» деген жа­лаң ұран, жалпы сөзден гөрі, солардың айт­қан сөзін, жасаған әрекетінің мазмұны мен астарын, түйінін руханиятымыз арқы­лы таныса, кітаптан оқып, экраннан тама­ша­ласа, сахнадан танып өссе, салмағын се­зі­не түсер ме еді? Адамға сана берілді, сол са­намен екшеп, зердесімен таразылап, жа­дына тоқыса, азамат ретінде қалыптасуына өлшеусіз септігін тигізіп, нағыз ұлт ұланы бо­лып өсеріне кәміл сенемін. Театр таңға­жайып қана емес, тылсым өнер. Ханда­ры­мыз, батыр бабаларымыз ел басына төнген қа­ра бұлтты қалай сейілтті, ұлан-ғайыр же­рімізді қалай сақтады, хан сайлауда қан­дай қилы тағдырды бастарынан кешірді, алмағайып кезеңдерден қалай аман өтті, ұлттың өмірінде ұйытқып жел, даламызда дауыл тұрғанда, мойытпаған не нәрсе бол­ды – ұрпақ осыны түсініп өсуі керек. Ел­ба­сымыз екі сөзінің бірінде айтатын «бір­лік, татулық, сенім» деген сөздер осы ай­­тыл­ған бар сауалдың жауабы болса ке­рек. Аталарымыз арман қылған ұлы асу­лар­дан өттік, мемлекеттілігіміз қалып­тас­ты. Енді басымызға мамыражай заман ор­нап, бақытты заман туғанда, өткенімізді не­ге қастерлемейміз, қадірін ұғынып, бала­ларымыздың құлағына неге күн сайын құйып отырмаймыз? Мынау өткізіліп жат­қан дүбірлі шара да өткеніміз бен бүгіні­міз­дің керемет байланыс тапқанын көрсететін айқын мысалы деп ойлаймын. 
–Бүгінде көпшілік арасында «театрлан­ды­рылған қойылым», «театрландырылған көрі­ніс» дегенді таптаурын болған ескі тәсіл­дер­ге жатқызатындар бар. Сіз бұған не дей­сіз?
– Бүгінгі күннің рухани толысқандығын һәм технологиялық озық жетістігін тари­хы­мызбен теңдей етіп өріп, өткен күнмен қабыстыруға пайдаланса, генетикалық жадымызда сақталған кешегі ақпаратты жаңаша жаңғыртса, ол қалайша таптаурын тәсіл болмақ? Компьютер терең иіріміне тарт­қанымен, адам одан да шаршайды, те­леарналар теңдессіз қызықтар көрсетіп, өзара жарысқанымен, күндіз-түні теле­дидар алдында көлденең жататын жал­қау­дың өзі жалықпай қоймайды. Сондайда адам ішінен табиғатын іздеп, тұма-таза­лық­ты аңсағанында, театр артистерінің өне­рі жан қалауын қанағаттандыра ала­тыны хақ. Театрды сүйетін жан мұны жақ­сы біледі. Ал әлгіндей ойдағы адамдар театр­дан тым алыс жүретін адамдар-ау деп топ­шылаймын. Театр болмаса, театр өнері бол­маса, кешегіндей күрделі шараны көп­ші­лікке қалай көрсетер едік? Мультфильм көрсетеміз бе, әлде бастан-аяқ концерт қо­йып береміз бе? Меніңше, театр актер­ле­рі­нің арқасында көздеген мақсаттың көп­шілігі орындауын тауып жатты. 
– Адамды отаншылдыққа, елді сүюге тәрбиелеудегі театрдың рөлі, репертуарлық саясат, басқа да мәселелер бойынша биылғы маусымның бағытын айқындай алдыңыздар ма?
– Қазақта «Үрлей салып, көзің қалай бол­ды деме» дейтін бір тәмсіл бар еді. Өз ба­сым темірді қызған кезінде соққанды тә­уір көретін адаммын. Таразға апаратын тарту-таралғымыз бар, оның арғы жағында театрымыз 90-рет шымылдығын ашқалы тұр, осының бәрі репертуарлық саяса­ты­мызда да көрінісін таппақ. «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымының өзі театр үшін жаңа дүние. Ашық алаңда қоюға арналған осы спектакльдердің сахналық нұсқасын жасау режиссерге тапсырылып, жоспарға енгізілді. Тарихи тақырыптағы туындылар театрымызда бұған дейін де қойылды, әлі де сахнадан түспек емес. Ре­пер­туар мәселесіне келсек, жобалап отыр­ған дүниелер көп, биылғы маусымда да мәр­тебелі көрерменіміз бірнеше жаңа спек­такльдермен қауышпақ. Жарнамасын жер жарғызып, алдын ала айтқаннан гөрі, «арық айтып, семіз шыққанды», істің нәти­жесін көрсетіп, болатын кезде бір-ақ ұсын­ғанды жөн көретін қазақтың қатарынан­мын. Үлкен халықаралық деңгейдегі бәй­­­гелерге қатысып, қабілет-қарымын бай­қатып, талант жарыстырып, соған сәй­кес бағасын алып, жүлделі орын бел­гіле­не­тін салмақты додаларға қарай қадам бассақ де­ген ниет бар. Төл өнеріміз бен ұлттық әде­биетімізді, режиссурамызды әлемге та­нытудың бір жолы осы болар ма еді деп ой­лаймын. Театрымыздың Үлкен және Кіші залдары бар, соның бірінде репертуа­ры­мызда бұрыннан бар, көпшілік сүйіп кө­ретін спектакльдеріміз жүріп жатса, бі­рін­де фестивальдер мен байқауларға ар­нал­ған жаңашыл бағыттағы эксперимен­таль­ды дүниелер қойылса деген ойымыз бар. 
– Жоғарыдағы әңгімемізді түйіндей кет­сек, халық болып атап өткен шарада көз­дел­ген мақсат толығымен орындалды деп ой­лайсыз ба?
– «Біткен іске сыншы көп». «Толы­ғы­мен орындалды, орындалмады, орындай ал­майтын едік» деп біреуге ысыра салсақ, оны кім жасайды және қашан жасалады? Ал­ға қойылған міндет, белгіленген тап­сыр­маның бәрі орындалып, Елбасы тарапынан да, халықтан да жоғары бағасын алды. Та­рих қойнауында, дәуірлер қатпарында қал­ған өркениеттің көзін ашып, бүгінмен табыстыру бір күннің жұмысы емес және осы­мен шектеліп, тоқмейілсуге болмайды. Жеті мыңжылдық тарихымыздың бір бөл­шегін, Керей мен Жәнібекке қатысты бір кезеңін ғана көрсеттік. Бұл – бастамасы. Тари­хымыздағы өзге тұлғаларымызды тү­ген­деу парызы жалғасады деп сенейік. Та­рих­қа үңіліп, тереңіне бойлаймын, жа­сай­мын деген адамға ізденіс жетеді. Жол ашыл­ды. Ендігі ізденіс, елдік мұратты ас­қақ­татып, отансүйгіштік қасиетімізді ұш­тай түсу, біздің, шығармашылық орта­лық­тар­дың басты парызы болып қала бермек. 
– Әңгімеңізге рақмет!

 
Гүлден Тұрғанбай
Дереккөзі

 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn
Оқылды 564 рет

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!