Әуезхан ДАРИНОВ: Дағдарыста кiмге қол жаярсың?

“Қазақстан фермерлер” одағының жетекшiсi Әуезхан Даринов “Жас Алаш” тiлшiсiне берген сұхбатында (2005 ж, наурыз) ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдар өз саяси партиясын құрмақ ниетi бар екенiн айтқан едi. Парламентте iрi холдингтер мен компаниялардың сөзiн сөйлейтiндер болғанымен, орташа деңгейдегi шаруалардың жоғын түгендейтiндер жоқ. Партия сол мiндеттi атқаруы керек деген-дi. Жаңа партия құру бастамасы не болды, ол партия қашан дүниеге келедi? Оқырмандардың осындай сауалдарын Ә.Дариновпен кездескенiмiзде алдымен ортаға салдық.
– Партия құру үшiн ең әуелi 10 адамнан ынталы топ сайланып, саяси партия құруға қа­жеттi құжаттарын дайындап, Әдiлет министрлiгiне хабарлама жолдайды. Осыдан соң ми­нистрлiк оны бекiткенi жайлы құжат бередi. Содан кейiн екi айдың iшiнде ұйымдастыру ко­митетi құрылтайшылар съезiн өткiзуi тиiс. Бұған әр облыстан бiр мың адамнан қатысуы шарт. Жалпы, аймақтардың атсалысуы 60 пайыздан кем болмауы мiндеттi. Айталық, Қазақстанда 14 облыс болса, заң бойынша бұл науқанға 8 облыстың өкiл­дерi (60 пайызы) қатысуы талап етiледi. Осы жиында партияның атауы мен ережесi және бағдарламасы белгiленiп, оның басшылық ұйымы құрылады. Сосын төрт айдың iшiнде құрылтайшылар съезi өткенi жөнiндегi құжат Әдiлет министрлiгiне жiберiледi. Партияны тiркеу үшiн әр облыстағы филиалдары мен өкiлдiктерiн қоса есептегенде, оның мүшелерi 40 мың адамнан кем болмауы керек. Мiне, көрiп отырсыз, осындай ұшан-теңiз жұмыс бар. Оның барлығын жүргiзу үшiн адам күшi керек екенi белгiлi. Бiз­дiң осында отырған 4-5 адамның оған шамасы кел­мейдi. Мысалы, Шымкент, Қызылорда секiлдi аймақтар бұған қазiр белсен­дiлiк танытып отыр. Ал солтүс­тiктегi облыстар әзiр­ше қозғалар емес. Ал егер бұл жұмысқа әрбiр облыстан шаруалары бар, басқасы бар дегендей, қолдау­шылар жұмыла кiрiсiп кетсе, партияны құруға болар едi.
– Биылғы егiн орағы басталып та кеттi, жағдайларыңыз қандай?
– Егiн жылдағы мөлшерде се­бiлдi, шығымы да жаман емес. Диқандардың жанар-жағармайлары жеткiлiктi. Бiрақ көктемде ауа райының қолайсыздығына байланысты 10-15 күнге кеш себiлдi. Жаз қаншалықты аптапты болғанымен, егiн әлi толықтай сарғаймай тұр. Ендi осыны шығынсыз жинап алу үшiн, қазан, қараша айлары жауын-шашынсыз болуы керек. Егер қазан жауынды болса, онда жағдай қиынға айналады. Әсiресе, Солтүстiк Қазақстан облысында. Былтыр өзiңiз бi­лесiз, егiннiң 20-30 пайызы орыла бастаған кезде, күн райы бұзылып кетiп, алқаптар қар астында қалды. Жалпы, болжам бойынша егiннiң шығымы сол­түстiк облыстарда биыл гектарынан 30-40 центнерден айнала ма деген ойымыз бар.
– Жалпыға белгiлi, кезiн­де Ке­дендiк одақ­қа кiрдiк. Бiрақ Ресейден арзан тауар мен азық-түлiк тасылып, өзiмiз­дiң кәсiпкерлер мен шаруалар дағдарысқа ұшы­­­рап қал­ды. Тiптi елiмiздегi сүт өң­деу кәсiпорындары Ре­сей­дiң құрғақ сүтiн пайланады екен. Осының кесi­рiнен жер­гi­­лiктi шаруалар ондаған тонна сүтiн өткiзе алмай, амалсыз далаға төгiп жатыр. Ауыл шаруашылығы ми­нистрi қайда қарап отыр?
– Бұны шеше қою бiздiң қо­лымызыдан келмейдi. Қазiр осы мәселе жөнiнде экономистер өз ұсыныстарын айтып, Ұлттық кә­сiпкерлер палатасына жазып жатыр. 
Мұндайда, әрине, бiр адам кiнәлi болуы керек деп ойлаймыз. Сосын бәрiмiз жабылып Ауыл шаруашылығы министрi А.Мамытбековтi ғайбаттаймыз. Қазақстанда Мамытбековтi менен көп сынаған адам жоқ шығар. Бiрақ оның қолында тұр­ған ештеңе жоқ. Ол да үкi­меттiң нұсқауын орындаушы ғана. Ол қазiр бәрiн көрiп, тү­сiнсе керек. Үкiметке де үз­дiксiз ұсыныстар жасап жатыр. Бiрақ оның бәрi бiрдей орындалмайды. Мысалы, ауыл шаруашылығына жоспарланған субсидияның 60-70 пайызы ғана қолға тиiп отыр...
– Кезiнде Кедендiк одақ деп шуласып едiк, ендi ДСҰ-ға кiрдiк деп дүрлiгiсiп жатырмыз. Бұдан кейiн халымыз тiптi қиындап кетпей ме?
– Бұрын аграрлық секторға жалпы iшкi өнiмнен 6,2 пайыз көмек берiлiп келсе, ендi ДСҰ-ға кiргеннен кейiн, ол 8 пайызға өспек деп жоспарлануда. Егер бұл шынымен iске асып кетсе, онда осы салаға үлкен көмек болар едi. Әдеттегiдей құр уәде деңгейiнде қалып қойса, жағдай қиынға айналары сөзсiз.
Экономикалық реформалар кезiнде қиыншылықтар болмай тұрмайды. Бiрақ ешбiр мемлекетпен араласпай, алыс-берiс жасамай, есiгiмiздi тарс жауып алып қалай отырамыз, экономикалық ынтымақтасу деген бәрi­бiр болатын нәрсе. Кезiнде Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiргеннен кейiн Оңтүстiк Кореяның экономикасы қатты құлдырап кетiп, қайта қалпына келген. Оны сол елдiң кәсiпкерлерi өздерi айтады. Сондықтан шағын шаруашылық ұстайтын адамдарға да шыдап бағу керек. Дүниежүзiлiк дағдарыс келе жатыр. Барлық салада жаппай қысқартулар жүрiп жатыр. Ендi жұмыссыздық деңгейi көтерiледi. Шама келсе, қолдағы малдан айырылмаған жөн. Мұнай мәңгiлiк емес, күндердiң күнiнде ол да бiр бiтедi. Оны бiз көрмесек те, ұрпақтарымыз кө­руi мүмкiн. Ұлттық қорға да ауыз салып жатырмыз. Ертең үл­кен дағдарыс келсе, кiмге қол жа­йып жүремiз, тым болмаса дастарқанда аузымызға салатын өз тамағымыз болғаны дұрыс қой.
Қазiр дамыған елдерге қа­рап, корпоративтi басқару әдi­сiн қолданамыз деп жатырмыз. Яғни, мемлекеттiк заңнан бөлек, әр саланың өзара қарым-қатынасы, бiр-бiрiне көмегi, бiрлiгi болу керек деген сөз. Қазақ атамыз “Бiрлiк болса – тiрлiк болады” деп тегiн айтпаған шығар.
– Дұрыс екен. Ал жалпы осы “Фермерлер одағы” шар­уалар үшiн нақты қандай түйiндi мәсе­лелердi шешiп бердi деп айта аласыз?
– Айтайын. Мысалы, бiр­ың­ғай жер салығын өзгертпеуге қол жеткiздiк. Егер ол өзгерер болса, өзiнiң есепшiсi жоқ байғұс шаруалар күн сайын са­лық комитетiнiң есiгiн тоздырумен болар едi. Сосын ол жерде отырған шенеунiктер “ақ­шаңды төле, мен жасап бере­мiн” деп, ауылдан барған қазақтардың қалтасын қағып, есiн алар едi. Дегенмен, министр­лiк­пен келiсу арқылы осыны өзгертпеуге қол жеткiздiк.
Одан соң ұлттық экономика министрлiгi бұрын 49 жылға жал­ға берiлген жерлердi бiр жылдың iшiнде сату керек деген ұсыныс жасады. Бұл – ауыл шаруашылығы үшiн үлкен апат. Әйтеуiр Мамытбеков бiздi қолдап, бұрынғы 49 жыл мерзiм қалдырылды. Ал егер сатылатын болса, ақшасы бар кез келген адам шаруаның жерiн сатып алып қоюы мүмкiн едi. Ендi шамасы бар адамдар 49 жылдың iшiнде өздерi сатып ала алады. Жердiң сату бағасы мен тәртiбi әлi реттелген жоқ. Алатындар 10 жылдың iшiнде сатып алуы керек дейдi жоғарыдағылар. Қа­зiр осы мәселе жөнiнде дау көп. Айталық, менiң өз жерiмiнiң әр гектары – 24 мың теңге. Жалпы бағасы 24 миллион болады делiк. Олар осының жартысын қазiр төле, қалған жартысын 10 жылға созамыз дейдi. Шаруалар үшiн бұл да қиын нәрсе. Ен­дi осының жеңiл жағын iздес­тiрудемiз.
Ауылдық жердегi шағын шаруашылық ұстайтын ағайындар үшiн тағы бiр жасаған игiлiктi iсiмiз бар. Бұрын банктiк несиенi үлкен серiктестiктер мен компанияларға ғана беретiн едi. Ендi ұсақ шаруаларға да беруге қол жеткiздiк. Осының арқасында олардың жағдайы бiраз кө­терiлiп қалды. Осылайша қолдан келгендi жасаудамыз. Дегенмен қазiргi экономикалық қиыншылық, теңге бағамының құлдырауы ауыл шаруашылығына да өзiнiң керi әсерiн тигiзбей тұрмайды,– дейдi Әуезхан Кемешұлы.
Бiздiң түйгенiмiз: жер өң­деу­мен айналысатын шаруашылықтардың жағдайы жаман болмайтын секiлдi. Себебi, биылғы егiннiң шығымы жақсы болып, оны доллар бағамына сәйкес дұрыс бағаға сата алса, диқан қауымы өзiнiң жыртық-тесiгiн жауып, келесi жылдың науқанына дайындық жасай алады. Ал тек қана мал өсiрумен айналысатын шаруашылықтардың жа­йы қиынға соғатын түрi бар. Олай дейтiнiмiз, ДСҰ-ға мүше болмай-ақ, Кедендiк одақтың кезiнде шеттен келiп, сауда орындарын басып кеткен ет пен сүт өнiмдерi ендi көбеймесе, азаймайды. Сонда жергiлiктi ет пен сүт өндiрушiлер не iстемек?
 
Сайлау БАЙБОСЫН
 
 

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!