Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ: Қазақ халқы Шыңғыс хан әулетiне қарыздар

 

Қазақ хандығы – 550

– Биыл бiздiң Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өтуiмiз – өте қажеттi шаруа деп бiле­мiн. Бұл қазiр бiз үшiн өте өзектi, өте зәру мәселе болып отыр. Себебi бұған дейiн, тiптi осының алдында ғана қазақ тарихы туралы неше алуан алыпқашты әңгiмелер болды. Биiк мiнберлерден: “Бiзде хандық болған жоқ, мемлекет бол­ған жоқ, шекара да болған жоқ” деген ұшқары пiкiрлер айтылды. Оны өзiмiз ғана айтып қоймай, көршi ел­дердiң идеологтары iлiп әкетiп, бiздi ашық табалап, қорлаған кездерi де болды. “Бұл қазақта бұрын мемлекет болмаса, шекара болмаса, жеке хандықтары да болмаса, бұларға тәуелсiздiк не керек дегендi ашық айта бастады. Осыны Ресейдiң Лимонов, Жириновский сияқты шовинист идеологтары ғана емес, одан үлкендерi де айтты. Ресей президентi В.Путиннiң сөздерi сағат-минутына дейiн менде жазулы. Бұл, айналып келгенде, қазақты қорлау, табалау, намысқа тиiп, кемсiтуден басқа ештеңе емес. Қазақта ел болмаған, жұрт болмаған, хандық болмаған деген сөз – бiздiң бүкiл тарихымызды жоққа шығару ғой. Егер бiз дәл биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпесек, ол бiздiң елдiгiмiзге, тәуелсiздiгi­мiзге сын болар едi. Бұл әлгi қазақта ел болмаған, мемлекет болмаған деген жалалы сөздерге дер кезiнде қай­тарыл­ған жауап болды. Мұны бiр деңiз.
Ал ендi бiздiң Қазақ хандығы қалай құрылды, ол үшiн қандай алғышарттар жасалып едi деген мәселеге келсек, мұның алдында Алтын Орда деген үлкен қағанат, империя болды ғой. Бұл – Шың­ғыс ханның өсиетi бойынша, немересi Батудың тұсында құрылған қағанат. Орыстар “Алтын Орда” деп атаса, басқа елдер “Қыпшақ мемлекетi” деп атаған. Оның билiгi үш ғасырға созылды. Бүкiл XIII-XIV және XV ғасырдың ортасына дейiн. Оған Еуразия түгел қарады. Бүкiл Орта Азия, Едiл бойы, бүкiл Кавказ, Иран, Ирак, Днепрге дейiн, бүкiл Ресей түгел “Алтын Орда” аталған қыпшақ мемлекетiне бодан болып тұрды.
Еш нәрсе де мәңгiлiк емес. XV ғасырдың басында Алтын Орда да ыдырай бастады. Өзара алауыздық, таққа талас, билiктiң әлсiреуi бiрте- бiрте империяның ыдырауына әкеп соқтырды. Сонымен, бодандықтан құтылған Ресей өз алдына Мәскеу князьдығын негiз еткен жеке мемлекет болып бөлiнiп шықты. Алтын Орданың негiзiн құраған хандықтар ендi Едiл бойындағы Қазан хандығы (қазiргi татарлар), Астрахань маңындағы Ноғайлы хандығы, Қырым хандығы болып паршаланып кеттi. Ал Орта Азияға келсек, Жошының әулетi, Шағатай әулетi Ақ Орда, Көк Орда болып еншi бөлiстi. Бүкiл Мәуреннақыр Шағатай ұрпағына қараса, қазақ даласы Жошы ұрпағының үлесiне тидi.
Осындай бөлiнiс кезiнде көшпендi қазақ руларының басын құраған Орыс ханның ұрпақтары Әз Жәнiбек пен Керей хан Шайбанилердiң үстемдiгiнен iрге бөлiп,қазiргi Жамбыл облысы аумағындағы Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығының дербес туын тiктi. Әрине, ол жерге 200 мың шаңырақ бiрден келе қалмаған. Керей мен Жәнi­бектiң соңынан ерiп, бiртiндеп жинала берген. Бiз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтiп жатырмыз, бұл дегенiңiз – 1465-тен бастағанымыз. Ал, 1465-те хандық нығайған кез. Ал ендi бiраз тарихшылар алғаш көшiп келiп, ту тiккен 1456 жылдан бастау керек дейдi. Олай есептейтiн болсақ, 550 жылдығы емес, 560 жылдығын атап өткен болар едiк. Бiрақ тарих үшiн он жылдың ары-берiсi жоқ. Ол кезде Же­тi­су аймағы Моғолстанның жерi болып есептелетiн. Бүкiл Қашқария, Ұлы жүздiң Дулаттары Моғолстанға қарап тұрған. Анығында, бұл қазақ руларының шоғырланған жерi едi. Сондықтан Әз Жәнiбек пен Керейдiң өз туларын неғұрлым қазақ ортасына әкелiп тiгуi тегiн емес. Сонымен, Көк Ордаға негi­зiнен, отырықшылар қараса, Ақ Ордаға көшпендiлер иелiк еттi. Қазiр қазақ рулары көптеген түрiк мемле­кеттерiнiң құрамында жүр. Ал егер сол жылы Әз Жәнiбек пен Керей хан Қазақ хандығының туын тiкпесе, Қазақ хандығын құрмаса, кiм бiледi, қазiр кiмнiң босағасында отырарымызды... Бiз Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау өте қажет, әрi өте маңызды мәселе дедiк. Оның екiншi жағы тағы бар. Бiз осы тойды тойлай отырып, қазақ тарихында бүгiнге дейiн бұрмаланып келген, айтылмай келген қатпарларды ашуымыз керек. Керей мен Жәнiбек қазақтың хандығын құрған қазақ екен. Ендеше, оның арғы жағында кiмдер бар? Оның әкесi кiм, бабасы кiм? Олар кiмнiң әулетi? Олар, әрине, Шыңғыс ханның әулетi. Қазiр шежiрешiлер Әз Жәнiбек пен Шыңғыс ханның арасын есептеп бере алады. Әлде он ата, әлде сегiз ата. Ал Шыңғыс хан кiм? Осы күнге дейiн бiз жалған түсiнiкпен, отаршылдардың зорлап таңған тәлiмi­мен жүрiп келдiк. Шыңғыс хан моңғол екен дедiк. Ол түрiк те емес, қазақ та емес дедiк. Әйтеуiр, ұлы қағанды қазаққа, не түрiкке жолатпау жағында болдық. Шыңғыс ханды түрiк халқына қоспау, түрiктердi бiрiктiрмеу – алдын ала жоспарланған саясат болатын. Ал қазiр жаңа деректер ашылып жатыр. Моңғолдың құпия шежiре­сiн немесе Рашидаддиннiң тарихи еңбек­терiн орысшаға аударғанда қасақана терiс-қағыс аударған ғой. Шыңғыс ханның түрiк екенiн айтатын жердi әдейi қалдырып, сызып тастап отырған. 
– Демек, қазақ халқы төрелер тұқымына қарыздар десек те бол­ғандай-ау. Әсiресе, Қазақ хандығын құрып, жеке мемлекет жасап бергенiне. Бiрақ сол төре тұқымы сол мемлекеттi аяғына дейiн неге ұстап тұра алмады?
– Төрелер қазақ халқының iшiнде, тек Қазақ хандығында ғана бар. Шыңғыс ханды “моңғол” дедiк қой кезiнде. Бiрақ қазiргi Моңғолияда Шыңғыс ханның бiрде-бiр әулетi жоқ. Шыңғыс хан төре деген рудан шықса, Моңғолияда төре деген ру атымен жоқ. Төренi төбесiне тұтатын халық– ол бiздiң қазақтар ғана. Төренi төрге отырғызу, төреге билiк беру басқа ұлттарда жоқ. Төрелердi құрметтейтiн ел бiз ғана. Өйткенi төре бiздiң қазақ ортасынан шыққан. Қазақтың бiр руы. Сонау Шың­ғыс ханнан берi төре тұқымы бiздiң түрiктердiң басын құрап, ел билеген ру. Сол төрелерге билiк берге­нi­мiз өте дұрыс болған. Содан кейiн-ақ қазақ өзара таққа таласуды қойған. Үш жүз болып, қырық ру болып, тайпа болып, таққа мен отырамын демеген. Небiр дүлдүл билер (Төле би , Қазыбек би секiлдi), одан қала берсе, соңында қалың елi бар Қабанбай, Бөгенбай секiлдi батырлар да “мен хан боламын” деп билiкке таласпаған. Өйткенi бұл – әбден бекiп қалған заң. Қазақты төрелер билеуi керек. Бұл өте дұрыс шешiм болды. Әз Жәнiбек пен Керей­дiң ұрпақтары: Керейдiң ұлы Бұрындық, Әз Жәнiбектен тараған Қасым хан, одан Хақназар хан, одан Тәуекел хан, осылай кете бередi. Әз Тәукеге дейiн, Абылайға дейiн, одан Кенесарыға дейiн. Ал осылардың бәрi де қазақ халқы үшiн, қазақтың басын құрау үшiн еңбек еттi.
– Олардың барлығы қазақ тiлiн­де сөйледi ғой?
 – Әрине. Хандардың ана тiлi – қазақ тiлi болды. Ол жайында тарихи құжаттар жеткiлiктi. Өз халқы үшiн басын берген хандар басқа ұлттарда кездеспейдi. Мысалы, Салқам Жәңгiр майданда мерт болды, Хақназар хан да майданда қаза тапты. Ал Тоғым хан 1530 жылдары қан майданда тоғыз ұлымен бiрге қаза болған. Бұлардан басқа қазақ үшiн қан майданда басын берген сұлтандар қаншама! Сондықтан бiз төрелерге, Шыңғыс әулетiне қарыздармыз. Дер кезiнде ел болғанымыз үшiн, ұлт болғанымыз үшiн. Бiздi қорғап қалғаны үшiн. Және олар қазақты ғана қорғап қалған жоқ, өзге де түрiк халықтарын қоса қорғады.
– Төрелер ауызбiрлiктен неге айырылды? Алауыздық неден туды?
 – Ең соңғы төрелердiң бiрi – Кенесары хан азаттық жолында басын бердi ғой. Бәрi жабылып жүрiп, орысы бар, қоқаны бар, қырғызы бар, ақыры қақпанға түсiрiп, басын жойды… ХIХ ғасыр басында хандық жо­йылғаннан кейiн төрелердiң өз арасында алауыздық болғаны рас. Ол алауыздықты кiм туғызды? Орыс отаршылдары. Бiреуiне жем тастап, екiншiсiн шетке қағып, үшiншiсiне қысым жасап. Аға сұлтан дейтiн мансап шықты. Шыңғысы бар, Құдаймеңдесi бар, Бөкейi бар, аға сұлтандықты мiсе тұтты, соған разы болды. Орысқа қарайтын болып, бодандықты қабылдады. Ал Қасымның әулетi оған келiспедi. Орыс­қа қарсы Қасым төренiң бас көтере­тiнi, Кенесары көтерiлiсiнiң шығатыны сондықтан. Төрелер осы бертiнге дейiн күрестен тайған жоқ. Мысалы, Шоқанды алайық, оның орнын немен толтырасың? Одан кейiнгi Әлихан Бөкейхановты алайық. Бүкiл Алаш жұртының көсе­мi. Алаш идеясының туын көтерушi. Бұл – олардың ата-бабасынан келе жатқан қасиет.Мен өткен жылы “Ханның басы қанша тұрады?” деген повесть жаздым. Кенесарының қолға түсуi, опасыздардың сатып кетуi. Рүстем төре мен Сыпатай батырдың кеше әскер әкеп қосып, бүгiн шайқас алдында жылыстап шығып кеткенi. Қоқан мен қырғыздың қалың әскерi алдында ханның мың ғана сарбазбен қоршауда қалуы, ақырында қолға түсiп, қалай өлгенi туралы. Бiрде серiктерi Кенесарыдан сұрайды ғой “Жеңемiз бе, жоқ әлде жеңiлемiз бе?” деп. Сонда Кенесары “Мәселе жеңiсте емес, егер бiз ақырғы демiмiз шыққанша күреспесек, азаттық үшiн алыспасақ, елден ұят болар едi. Аруақтардан ұят болар едi. Ертең атамыз Абылайдың аруағы алдында не бетiмiздi айтамыз?!” деген. Осы сөзде Кенесарының бүкiл мақсат-мұраты тұр. Ал ендi өзара алауыздық болса, бұл – орысқа бейiм­делiп, мансапқа сатылып кеткендер­дiң iсi. Оны да ыдыратып отырған – Ресей империясы. Олар ақша мен сый-сия­пат­қа рубасыларын сатып алып отырған. Генералдар Ұлы жүз рубасыларымен, қырғыздармен тiл бiрiктiрiп, мынадай тор құрған ғой. “Бiз Кенесарыны Арқа жақтан ығыстырып қуайық, сендер мына жерде қақпаны ашып отырыңдар” деген. Iшiнде Рүстем төре бар, Сыпатай батыр бар, барлығын бiр жыл бұрын генерал Вишневский жинап алып, шен берiп, шекпен жа­уып, арнайы тапсырмамен таратқан. Мiне, осы сценарий бойынша Кенесары қолға түстi. Күшi басым жауға шамалары келмедi. Ал Әлихан Бөкейха­нов­қа келсек, балшебектерге ол да төтеп бере алмады. Ол үшiн оларды кiнәлау­ға болмайды. Себебi импе­рия­да қарудың барлық түрi болды. Көк темiр құрсанған әскерге қарсы не iстейсiң? Кенесарының Жетiсуға келуi – жетiс­кендiктен емес, уақытша болса да бой тасалау. Бiр ғана үмiт болды, қырғыздарды көндiрiп, соңымнан ертем деп ойлаған. Өйткенi олар Қоқанның қоластында бодан болып отырды ғой. Содан ке­йiнгi үмiтi – оң­түстiктегi, Сыр бойындағы қазақтарда болатын. Бiрақ ол ойы да жүзеге аспады. Соңынан ередi деген рулар кербағып қалды. Қырғыздар екiжүздi­лiк танытып, сатып кеттi. Тө­релердiң жолы болмаған себебi сол.
– Шыңғыс хан туралы да талас­ты пiкiрлер көп…
– Шыңғыс хан жайында әлiге дейiн таласып жүрмiз, бiрақ оның түрiк екенi айдын анық. Бұдан кейiн “Шыңғыс хан моңғол” деген сөздi айтпауымыз керек. Бiздiң баспасөзде, не көркем шығармада ондай сөз айтылмауы керек. Ал ендi iшкi таласқа келсек, бiреулер оны қият деп, ендi бiреулер жалайыр деп жүр. Бұл ендi маңызды нәрсе емес. Алдымен түрiк болсыншы. Қият та –түрiк, жалайыр да –түрiк. Бәрi қазақтың рулары. Мұхтар Мағауин 4 томнан тұратын Шыңғыс хан туралы кiтап жазып жатыр. Шыңғыс ханның түменбасылары мен барлық нояндары, мыңбасылары түгел түрiк екен. Бiрде-бiр қалмақ, бiрде-бiр моңғол жоқ. Орыстардың өз есебi бойынша, Бату ханның 250 мың әскерiнiң iшiнде төрт-ақ мың моңғол тектi сарбаз болған. Оның өзi таза моңғол емес, бергi шет­тегi ойраттар. Мен Ресейде шығатын “Новое время” деген газеттен оқыдым: “Бiздi 300 жылға жуық моң­ғол-татарлар билеп тұрды” деймiз. Бiрақ орыс тiлiне енген бiрде-бiр моңғол сөзi жоқ, ал оның есесiне мыңдаған түрiк сөздерi енiп кеткен екен. Сонда бiздiң моңғол деп жүргенiмiз түрiк болғаны ма?” деп сұрақ қояды газет. Тарихта өзi сөйлеп тұратын осындай айғақтар көп. Бiз соларды iске асыруымыз керек. Ең бастысы, Шыңғыс хан секiлдi бабамыздан безбеуiмiз керек. Ондай ұлы баба әркiмнiң маңдайына бiте бермес! Басқа кiмнiң Шыңғыс хандай бабасы бар екен? Шыңғыс хандай данышпен қолбасыдан, Шыңғыс хандай ұлыдан кiм қашады? Бiз, яғни қазақтар ғана қашыппыз. Бұл ендi отаршылдардың тәлiмi, ықпалы ғой. Шыңғыс хан мен түрiктердiң басын қоспау, түрiкке жолатпау, Шыңғыс ханды айдаладағы қауiп-қатерi жоқ моңғол елiне телiп беру – арыдан ойлаған неткен зымияндық десеңшi! Ал моңғол екi миллионға жаңа толды. Шыңғыс ханнан берi тоғыз ғасыр өттi ғой. Шыңғыс ханның тұсында шағын тайпа моңғолдар ел санатына әлi кiрмеген-дi. Қазiр Шың­ғыс ханның дайын даңқына ие болып отыр.
– Ұлыбритания, Испания, Жапония елдерiнде өздерiнiң билеушi әулетiн әтуерлеп, қадiрлеп ұстайды ғой. Сол секiлдi бiзде де…
– Жоқ! Мен олай ойламаймын. Өткенде бiреулер хандықты қайта құру керек деп әңгiме қозғағаны рас. Бiрақ қазiр хандықтың да, төрелердiң де заманы өттi. Олар тарихта өз рөлдерiн ойдағыдай атқарды. Ал қазiр дүниеге демократия үстемдiк етiп отыр. Демократия бiзге де жат емес. Бiз тумыстан демократияшыл елмiз. Дала демократиясы. “Дарабоз” атты қос томды романымда шамам келгенше соны көрсетуге тырыстым. Қазiргi екi палатадан тұратын парламент Қазақ хандығы тұсында да болған. Абылай тұсында Хан кеңесi мен билер кеңесi қатар жұмыс iстедi. Абылай билер кеңесiн бiраз шектедi. Хан кеңесiнде рубасылар, қолбасылар, батырлар шықты бiрiншi қатарға. Ал билер жер дауы, жесiр дауы секiлдi iшкi мәселе­лердi қарады.Мысалы, Абылай өз атынан ешкiмдi өлiм жазасына кеспеген. Кейiн қырғыздарды шауып, ел iшiне кiрген­де, әр манаптың үйiнiң қасында дар ағашы тұр дейдi. Демек, әр манап өзiне жақпаған адамды сотсыз-ақ дар­ға аса беретiн болған. Абылай осы дарағаштарын жинатып алып, өртеткен екен.
Әуелгi әңгiмемiзге оралайық. Керей мен Жәнiбек – немерелес, Орыс ханның ұрпақтары. Екеуi келiп Қазақ хандығын құрды. Керейдiң жасы үлкен болғандықтан, оны хан сайлады. Бiрақ әскери қолбасылық Жәнiбекке жүк­телдi. Жалпы, Шыңғыс ханнан келе жат­қан бiр үрдiс бар. Мұрагерлiк тәр­тiп. Мысалы, хан өлген соң оның баласының хан болуы шарт емес. Билiк немере iнiсiне немесе ағасының баласына, әйтеуiр таланты, бiлiмi, батырлығы асып тұрған басқа адамға ауысуы керек. Мысалы, Әбiлмәмбет қайтыс бол­ғанда, орнына өзiнiң ұлы Әбiлпейiстi қоймай, аталас немере болып келетiн Абылайды хан сайлады. Бұл – әсiлi, Шыңғыс ханнан келе жатқан үрдiс. Кейбiреулер Әз Жәнiбектен кейiн оның ұлы Қасым хан болды дейдi. Ал шындығында, Әз Жәнiбектен кейiн Керей­дiң ұлы Бұрындық, Бұрындықтан кейiн Қасым хан болды. Қасым хан әрi жа­уынгер, әрi дипломат, әрi өте ақылды, кемеңгер кiсi болған. Ол кезде қалмақпен соғыс әлi бастала қоймаған. Ол көбiнше оңтүстiктегi өлкелердi, Сырдың бойын азат ету машақатымен жүрдi. Және жаңағы ноғайлыны берi тарту, мына жақта Қиуа, Қоқаны бар, Бұхара хандығымен тiресу. Олар баяғыда Қазақ хандығынан бөлiнiп қалған руларға есе-теңдiк бермей, Шайбани тұқымы қазаққа қайта шапқан кездерi бар. Солардан қорғану, Сыр бойындағы қалаларды қайтарып алу, осының барлығы Қасым ханның тұсында жүзеге асқан.“Қасым салған қасқа жол” атты заңдар топтамасын шығарған. Қасым хан 1520 жылдары қайтыс болады. Осыдан кейiн Қазақ хандығы едәуiр әлсiредi. Арада 2-3 жылдан билiк құрған бiр­неше хан өттi. Тек Хақназардың тұсында ғана Қазақ хандығы қайта көтерiлдi.
– Ал Есiм ханның қандай ерек­шелiгi болды? “Есiм ханның ескi жолы” деп неге айтады?
– Еңсегей бойлы ер Есiм. “Еңсегей” деп ұзын бойлы, алып тұлғалы адамды айтады. Ал Есiм ханның ескi жолы дегенi – бұдан бұрын да заңдар болғанын бiлдiредi. Есiм хан өте қатал адам болған. Жоңғар қалмақтарымен соғысты алғаш бастаған сол. Жоңғар­ға соғыс ашып қана қоймай, олардың бiр бөлiгiн бодандыққа түсiрген. Есiмнен бұрын, Тәуекелдiң тұсында да ойраттардың бiр бөлiгi қазақ хандығына алман төлеп тұрған. Есiм ханның тұсында Ташкенге бек қойған өзiнiң туысқаны Тұрсын хан бүлiк шығарғанда, Ұлы хан Ташкенге жорық жасап, Тұрсын ханның басын алады. Бүлiкке қатысқан Қатаған руы аяусыз жазаланып, бiр бөлiгi Қашқария жерiне ауып кетедi. Сөйтiп, Қатаған мен Шаныш­қылы рулары Есiм ханның қаһарына iлiгедi.
– XVII ғасырдың орта тұсында қазақ даласына жоңғарлар келе бастапты. Жалпы, Қазақ-жоңғар соғысы туралы, Салқам Жәңгiр тұсындағы “Орбұлақ шайқасы” туралы не айтасыз?
– Бiз жоңғардан неге жеңiлдiк, неге Ақтабан шұбырындыға ұшырадық? Шынында да, бiздiң қазақ жоңғардан неге жеңiлдi? Сан жағынан жоңғарлар қазақтың үштен бiрiндей ғана. Осы жеңiлiстi бiздiң тарихшылар әртүрлi түсiндiргiсi келдi. Бiреулер айтады “Жоңғар жорыққа шыққан уақыт көктем болатын, ат арық, мал төлдеп жатқан кез едi” деп. Екiншi бiреулер “қалмақтар соғыс жарияламастан, тұтқиылдан бас салыпты” дейдi. Ал шынтуайтына келгенде, осының екеуi де себеп бола алмайды. Көктемгi көкөзек шақ қалмақ пен қазаққа бiр­дей. Екеуi бiр белдеуде жатыр. Екеуi де – алдындағы төрт түлiкке, мал сү­месiне қараған ел. Қазақтың аты арық болғанда, қыс бойы жоңғардың атына бiреулер сұлы берiп семiртiп қойып па? Сондықтан ол себеп бола алмайды. “Шабуыл аяқ астынан болыпты, бiз бiлмей қалыппыз...”. Бұл да хандарды ақтайтын сөз емес. Егер сенiң ата жауың басып кiргелi тұрғанын бiлме­сең, несiне хан болып отырсың?! Барлаушыларың қайда? Анығында, шетелге барлаушы жiберу Абылай тұсында ғана жүзеге асқан. Ақтабанның ащы сабағын Абылай ғана пайдаланды.
Әз Тәуке сөз жоқ, ақылман хан болды. Ел iшiн жақсы басқарды. Бе­делдi билердi маңайына топтап, “Жетi жарғыны” жаздырды, заң шығарды. Өз заманында бұл   iлгерi басу болды. Бi­рақ Әз Тәукенiң де мүлт кеткен жерi бар. Бұл өзiмен аталас, бақталас сұлтандарды билiкке жолатпау үшiн, оларды әлсiрету үшiн, әр жүздiң басына сұлтандарды қоймай, билердi қойды. Ұлы жүзге Төле бидi, Орта жүзге Қазыбек бидi, Кiшi жүзге Әйтеке бидi қойды. Демек, негiзгi билiк билердiң қолында болды. Билер де ақылды адамдар, ел iшiн жақсы бiледi, бiрақ ол кiсiлер жауынгер емес едi. Жаугершiлiк заманда елдi батырлар, сұлтандар басқаруы керек едi. Ал Әз Тәуке оларды бақталасым деп тауып, билiктен ығыстырды. Осы билер заманында қазақтың жауынгерлiк рухы қатты төмендеп кеттi. Осыны жоңғар қонтайшысы Сыбан Рабдан бiлiп отырды. Және оның әскерi де дайын болатын. Осының алдында ол Үрiмжiнiң арғы Баркөл деген жерде қытай әскерiнiң шабуылын күтiп отырған. Алайда, сол 1722 жылы қытай императоры Ган Си өлдi де, қара жамылып, жоңғарға шабамыз деп отырған жоспарын бiр жылға тоқтатты. Ал қонтайшы дайын тұрған әскердi қазақ даласына жапты да жiбердi. Оларға олжа керек едi. Қалың әскердi қамдау керек, ас керек, ат керек. Сөйтiп, бей­қам жатқан қазақтың билерi мен дарынсыз хандары қапыда қалғаны рас. Ол кезде Әз Тәуке өлген, оның орнына Қайып хан, Батыр сұлтандар таласты, Кiшi жүздi Әбiлқайыр, Ұлы жүздi Жолбарыс билеп тұрды. Нәтижеде қазақ жоңғардан оңбай жеңiлдi.
Сан жағынан өзiмiзден үш есе кем, кеше ғана Тәуекел ханға бодан бол­ған қалмақтар бiзден аямай өш алды сол жолы. Ол кезде қалың ел Сыр бойында, Арыс пен Шу алқабында қыстайтын-ды. Сол жерде отырған қазақ руларын бiрден басып қалды ғой. Әркiм әр жаққа бассауғалауға тура келдi.
Тарих ғылымы ешкiмнiң бет-жүзiне қарамауы керек. Бәленшенiң көңiлiне келе ме, түгеншенiң беделi түсiп қала ма... демеу керек. Тарихи шындық бар­­­­­­­­­лығынан биiк тұруы керек. Жалпы, жоңғарларға қатысты бiзде қате көр­сетiлiп, қате тойланып жүрген жайлар аз емес. Мәселен, Батыр қонтайшының Салқам Жәңгiрге шабуыл жасайтын тұсы. Жаңа “Орбұлақ” деп қалдың. Негiзiнде, Орбұлақта ешқандай шай­қас болмаған. Шайқас қай жерде бол­ған? Қырғыз шекарасында, Қарқарадағы Санташ асуында. Өйт­кенi Батыр қонтайшы осының алдында Енесайдағы қырғыздарды көшiрiп әкелген, үш мың түтiн. Бала-шағасына мал бақтырып, еркегiн әскерге алған. Ендi Алатаудағы мына қырғызды алып кетуге келе жатты ғой. Аз емес, 50 мың әскермен. Иә, қырғызды көшiрiп әкетуi де мүмкiн едi, егер қазақтар араша түспесе. Шайқас мына Кегеннен қырғызға асып түсетiн Санташ асуында болды. Осыны бiздiң кейбiр жiгiттер “бiздiң ауданда, Орбұлақта болған” дейдi. Қарқара жайлауы олар үшiн бөтен бе сонда? Орбұлақта қазылған окоптың орнын көрген-мыс. Жалпы, қазақ пен қалмақ окоп қазып соғыспаған ғой. Бұл туралы дау болмауы керек. Атты әскерге қажетi – қылыш пен найза, садақ пен айбалта. Ал ол жерде окопқа ұқсатып қазылған iз бар екен. Ол окоп емес, ертеде аңдарды қа­мап ұстауға арналатын аранның орны. Соны кейбiреулер окоп деп жұртты шатастырып жүр. Биылғы хандықтың 550 жылдығы кезiнде осы      сияқты қате­лiктердi түзетуiмiз керек.
– XVIII ғасырдағы қазақтың ең ауыр қасiретi– Ақтабан шұбырынды, осы қасiрет қазақтың қақ жарымын алып кеттi дейдi. Аягөз, Бұланты, Аңырақай шайқасы тура­лы не айтасыз?
– Бұлантыдан бастайық. Ақтабанның кезiнде Абылай ханның өзi Үрге­нiштен бiр-ақ шығыпты, шешесiмен iлесiп, ауған елмен бiрге кете барған ғой. Ол кезде Абылай 12 жастағы бала. Артынан Ораз аталық iздеп барып, оны елге алып қайтады. Сөйтiп, Абылай ел басына төнген ауыр қайғыны сезiнiп өстi. Кейiн жеңiлiстiң себептерiн шұқшия зерттегенi сондықтан. Ораз аталықпен бiрге алдымен оңтүстiкке келедi. Бiр жылға жуық Төле бидiң түйесiн бағады. Онда бүкiл оңтүстiк өлкесi жоңғардың қоластында. Төле бидiң бiр кереметi, ол жоңғардың ұлы қонтайшысы Қалдан Серенмен тiл табысып, жоңғарға алман төлеп тұратын болып, халықты ешқайда бостырмай, елiн де, жерiн де сақтап қалды. Төле бидiң Қалдан Серен атынан Тәшкен уаялатына (1733 жылдан 1745 жылға дейiн) 12 жыл бек болатыны осы кез. Тарихты бiлмейтiн бiреулер “бұл – Төле биге күйе жаққандық” деп менiмен әлi күнге дейiн қырғи-қабақ. Ол Төле биге күйе жағу емес, қайта Төле бидiң ұлылығын ашу ғой. Өз елiн ешқайда бостырмай, жан-жаққа бытыратпай ұстап тұру – оңай шаруа емес.
Иә, алғашқы текетiрес Бұлантыда болды. Ол қазақтың бiршама ес жинап, Әбiлқайыр, Барақ секiлдi сұлтандар атқа мiнген кез. Қабанбай, Бөгенбай, Тайлақ, Саңырақ сияқты батырлар бас құрап, Бұланты бойында ал­ғаш рет жаудың бетiн қайтарады. Жоңғардың барлық әскерiн емес, әрине, сол жаққа барып қалған бiр бөлiм жасағын тойтарады. Осы жеңiс қазақтың рухын көтердi. Тегiнде, бiз жоңғардың басып алған жерлерiн жақсы бiлуiмiз керек. Қазiр жұртта сол туралы жөндi түсiнiк жоқ. Жоңғарлар бүкiл Шығыс Қазақстан облысын, бұрынғы Талдықорған облысын, Алматы облысын, Жамбыл облысын, Шымкент облысын Түркiста­нымен қоса отыз жыл бойы басып жатты. Бiр жыл емес, 5 жыл емес, 30 жыл. Сонда Орта жүз жағы, оның iшiнде наймандар Алтай, Тарбағатайды тастап, Арқаға ауып кеттi. Зайсанның, Тарбағатайдың қалай иен қалғаны жөнiнде Қожаберген жыраудың “Елiм-ай” жырында нақты айтылған. Жау қолында қалған жерлердi бiлу – сол кездегi хандар мен батырлардың еңбегiн бағалау үшiн керек. Мәселен, оқулықтарда 1941 жылы немiстердiң басып алған жерлерiн қара бояулы стрелкамен көрсетiп қоямыз ғой. Сол секiлдi жоңғардың да басып алған жерлерiн оқулықтарда белгiлеп қойсақ артық емес.
Алакөл мен Аңырақай шайқасы жөнiнде де қате түсiнiк бар. Бiз Аңы­рақай деген жерде қалмақты аңыратып тұрып жеңiппiз. Қалмақтар жылап, еңiреп, құрып кете жаздапты. Бұл – бекер сөз. Ол кезде басып алған жерлерiнен қалмақ әлi қайтқан жоқ болатын. Аңырақайда, содан кейiн Ала­көлде шайқас болғаны рас. Осы екi соғыс бiр жылда, бiреуi көктемде, екiн­шi­сi күзде болды. Алакөлдегi шайқас Абылайдың 20 жасында Шарышты жеңiп, алғаш көзге түскен кезi. Ал Аңырақай, Еңiрекей – қалмақты аңы­ратқан жер емес, қазақ жерiнiң ежелгi аты. Екi сайдың аузында жел аңырап тұрған жердi қазақ Аңырақай дейдi. Ал еңiске екпiндей аққан судың ағысын Еңiрекей деген. Осы жерлерде соғыс болғаны рас. 1730 жылдары теке­тiреске жарағанымыз, бiз осы жерге қалдырып кеткен жоңғар жасағының бiр бөлiгiмен соғыстық, негiзгi әс­керiмен емес. Ал жоңғардың негiзгi әскерi Баркөлде қытаймен соғысып жатты. Қалдан Сереннiң өзi де сол жақта жүрдi. Сол кезде осында қалдырыл­ған жасақтармен айқасып, жеңiп жүр­дiк. Ал түбегейлi қазақ жерiн жоңғардан тазарту жорығы 1750 жылдары басталды. Өйткенi 1741-1743- жылдары Абылай жоңғар ордасында тұтқында болды. Аз әске­рiмен қоршауда қалып, шарасыз қолға түскен. Қасында уақ Өтеген батыр бар. Ал тұтқыннан оны кiм босатты? Бiрнеше рет қазақтан делегация барады. Олардың арасында Өтеген батырдың туысы Ақшора би бар. Бұл кезде Абылай мен Қалдан Сереннiң арасы жақындасып қалған. Екеуi талай мәселе төңiрегiнде әңгi­мелеседi. Болашақта қазаққа ие болатын кiсi Абылай екенiн түсiнедi Қалдан Серен. Содан Абылайға жақын туысының қызын (Кенесарының әжесi, Қасым төренiң шешесi) берiп, жасау-жабдығымен, көп олжамен қайтарады. Демек, Абылай бұл жолы өзiн-өзi құтқарды. Өзiнiң бiлгiрлiгiмен, данышпандығымен.
Тарихшылар арасында тағы бiр қате пiкiр бар. Жоңғардың соңғы ханы Әмiрсана Абылайдың некесiз туған баласы дейтiндер де бар. Абылай тұт­қында жүргенде Ханшамен ойнап қо­йыпты-мыс. Бiздiң театрлардың бiрi сол қойылымды ойнап та шықты. Бекер сөз. Өйткенi Әмiрсана мен Абылайдың арасы он-ақ жас. Абылай 1711 жылы туса, Әмiрсана 1722 жылы туған. Анығы, Абылай тұтқында болғанда, Қалдан Сереннiң жиенi, тақ мұрагер­лерiнiң бiрi Әмiрсана онымен достасады. Қалдан Серен ол екеуiн бүкiл жа­ма­ғаттың алдында “анда” етедi. Екеуiнiң бiлектерiн қылышпен тiлiп, қанын араластырады. “Екеуiң анда болыңдар, дос болыңдар. Кiм бiледi, алда қазақ пен қалмақты не күтiп тұр­ғанын? Не жағдай болса да, бiр-бiрiңдi тастамаңдар!” деп, екеуiне серт байлатады. Кейiн Әмiрсана қазақ жерiне қашып келгенде, Абылай ханның оған пана болатыны содан. Бiз осы тектес терiс-қағыс мәлiметтерден арылуымыз керек. Абылай қалмақтың тiлiн бiлдi, дәстүрiн бiлдi. Қалмақтар бiздi қалай жеңiп жүргенiн зерттедi. Бар мәселе әскерде екенiн ұқты. Үйбасы бiр жауынгер шығаратын жоңғар деген ел – көшiп жүрген әскер екен. Олар бiз секiлдi жау келгенде ғана аттандап, ұран салмайды екен. Олар қажеттi уақытта, белгiленген жерге бiр мезетте,ту түбiне жиналуға дағдыланған. Осының барлығын Абылай тұтқында жүргенде үйренiп қайтады. Ал қытай жақтан шабуыл болғанда, Әмiрсана­ның Абылайды паналайтыны – сол андалық сертке сенгендiктен. Ол уақытта Абылай тыңшылары арқылы қытайлардың алпыс мың әскермен жоң­ғарларды бiржола жойып жiберуге дайындалып жатқанын бiледi де, 1754 жылы, Қытай шабуылынан бiр жыл бұрын, шешушi жорыққа шығып, қазақ жерiн жоңғардан тазартып үлгередi. Ал егер жоңғарлар бұрынғы басып алған өлкеде тұра беретiн болса, қытайдың қалың әскерi қазақ жерiн қоса жұтып жiберетiнi анық едi. Қытайлар ұлы жорыққа 1755 жылы аттанған болатын. Ал, Абылай 1752 жылы Сыр бо­йын, 1753 жылы бүкiл Жетiсуды, 1754 жылы Алтай мен Тарбағатайды жоң­ғардан тазартып үлгередi. Соң­ғысы – Қабанбай, Бөгенбай жорықтары. Азаттықтан кейiн Абылай мынадай жарлық шығарған. Азат етiлген жерлерге қолма-қол қоныстану керек. Өйткенi ол жерлерде сенiң қалаң жоқ, қамалың жоқ. Шекарадағы жерлердi бос қалдырмау керек.
Қытай жағы мәмiлеге оңай келе сал­ған жоқ. 1756 жылы Әмiрсананы ұстаймыз деген сылтаумен, қытайдың 40 мың әскерi екi тараптан келiп, қазақ жерiне басып кiрдi. Дардана және Хадахи деген екi қолбасшының бiрi Iленi жағалап, екiншiсi жоңғар қақпасымен өттi. От қарулы әскермен бетпе-бет соғысу мүмкiн болмағандықтан, қазақ әскерi мынадай айлаға көшедi. Қытайдың екi әскерi Балқашта түйiсiп, Арқаға қарай бет алғанда, Абылай Әмiрсананы ертiп алып, оларды Бетпақдалаға бастайды. Ара-тұра Әмiрсананы бiр көрсетiп қойып, қытай әскерiн соңдарынан ертiп, әбден шаршатады. Шөлге ұрындырады, мiнiс аттарын қуып кетiп, жаяу қалдырады. Әбден әлсiреген, ашыққан қытай әскерi бiтiм сұрауға мәжбүр болады. Ақырында мамыр айында келген әскер қыркүйектiң аяғында қақ жарымынан айырылып, елдерiне қайтады. Қалған 20 мыңдай әскер бiр-бiрiне мiнгесiп-ұшқасып, қазан айында Құл­жаға әрең жеткен екен. Келесi 1757 жылы басқа әскер келедi. Жаухой және Фуде деген генералдардың бас­тауымен. Олар ендi Абылаймен бiтiмге келуге тырысады. Келесi жылы Аягөз бойындағы “Мамырсу келiсiмi” осылай жасалды. Қытайдың қалың әскерi Қаратал бойында қалған. Ал генералдар Мамырсуда келiсiмге келедi де, Абылай ханды қолбасы батырларымен бiрге қонаққа шақырады. Абылай бiрнеше серiктес­терiмен Қаратал бойындағы қытай шатырларына барып, құрметтi қонақ болады.
1757 жылы күзде Абылай Бей­жiңге бiрiншi рет елшi жiбередi. Сол елшiлiк көп жұмыс атқарды. Келiсiм бойынша, қытай жағы Шәуешек, Құлжа және Үрiмжi қаласында қазақ үшiн базар ашатын болды. Оларға мал керек, жылқы керек, ал бiзге жiбек керек, дайын тауар керек дегендей. Сол уа­қытта Абылай қытайға қонысы жақын қолбасы Қабанбайға (онда Қабанбай Барлық тауын жайлап отырған) алғашқылардың бiрi болып қытай базарында сауда жасауды тапсырады. Қытай жылнамасында “1758 жылы 19 қыр­күйекте қазақтың Қабанбай батыры өз атынан 300 жылқы өткiзiп, сауда жасап қайтты” деп көрсетiлген. Осыдан кейiн екi ел арасында сауда-саттық қыза түседi.   
Әңгiмелескен
Мақсат Әдiлханов.

Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!