Ықылас ОЖАЙҰЛЫ. МЕН АБАЙМЕН ЖӘНЕ «АЛАШ» ИДЕЯСЫМЕН «АУЫРЫП» ҚАЛҒАН ҚАЗАҚПЫН!

- Ықылас аға, сізді қазақтың  мың  әнін  жадында сақтап, нақышына келтіре орындайтын  әнші  әрі  біраз ән мен күйдің авторы, яғни сазгер деседі. Сондай-ақ ақынсыз, журналистсіз және Абай мен алаштануда өзіндік еңбегі бар ұстазсыз. Осынша өнердің барлығы қайдан дарыған? Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастайықшы… 

- Мақтауымды тым асырып жібердіңіз-ау деймін.  Әуелі туған жерім хақында  аз ғана ақпар бере кетейін.  Мен Алтайдың арғы бетіндегі  Байбесік (Баян-Өлгей) шәрінің,  Алтай  деген ауылында 1981 жылы дүниеге келгенмін . Әке-шешем қарапайым ғана жандар.  Дәлірек айтсақ, екі қойшының махаббатынан төрт бұрымды,  үш кекілді жаратылдық.  Мен соның сүт кенжесі, яғни жетінші перзентімін. Әкем қазақтың ескі сөзін ұстаған адам еді. Ағайын-туыс жиналған басқосуларда сағаттар бойы қара өлеңді суырып айта беретін. Менің бес жасымда  әкеме жай (найзағай) түсіп бір ажалдан  қалғаны бар. Есесіне Алланың аспан оты аяулы әкемнің денсаулығын ұрлады. Сол соққының салдарынан қос құлағы ауырлап, әзер еститін болып қалды.  Құлағынан  қорғалайтын болса керек, содан бастап сөзге  сараң болып алды.  Біздің ақсақалдардың айтпайтыны жоқ қой.  Замандастары келіп:  «Әй, Ожай, сені Алланың өзі атып  өлтіре алмады. Енді саған ешқандай   ажал жоқ», – деп қалжыңдап отыратын.  Сол әкемнен былтыр қоңыр күзде айырылып қалдым. Жетпіс жетісінде дүниеден озған әкем екі жыл төсек тартты.  Қадери-қалімше алақаныма салып аялап бақтым. Ең соңғы демі үзілер шағында құлағына шаһадат айтып  өз қолыммен аттандырдым.  Өлмес пенде жоқ қой.  Кейде  баласының алақанынан аттанған әкеде арман жоқ екен-ау деп ойлаймын.  Осыны ғаламат  іс тындырғандай өзіме медет тұтатын  кездерім де болады.  Қазір құдайға шүкір, ортамызда  анам, үш балам мен жарым бар  бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Тұңғышымыздың  есімі – Міржақып.  Атын  ырымдап өзім қойғанмын.  Одан кейінгісі  – Хақназар.  Атын атасы қойған.  Әзірше кенжеміз болған қызымыздың есімін Алаш көсемі Әлиханның анасы Бегім ханымның құрметіне  Бегім қойдым.

1993 жылы Алланың жазуымен  Атажұртқа ат басын бұрдық.  Бұл  өз алдына  бір жеке хикая. Келген жеріміз  арғы бабаларымыздың мекені болған  ШҚО, Зайсан ауданы, Көгедай  ауылы болатын.  Сол жерден мектепті тәмамдап, 1999 жылы  Астанадағы  Еуразия  Ұлттық университетіне «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша оқуға түстім.  Бір жазбамда: «Бұрнағыны  тізбегенде,  мешін жылы мешел халге түсіп  қалжырап тұрған қазақты  репрессия жарақаты  реанимациядан бірақ  шығарды.  Қазір де қазақ жансақтау бөлімінде (өмір мен өлім арасында) жатыр. Қатты соққыдан қыруар  қан жоғалтқан  бұл миләттің миы шайқалып, тілі күрмелді (Өз тілімізден  өзіміз сөйлей алмай отырған  бүгінгі бейшара бейнеміз осының салдары). Ендеше есінен танған  қазақтың ажалына араша, қаны мен жанына  донор болар  жанкешті  азаматтар  қажет-ақ, шіркін» деп айтқан едім.  Осы сөзім сөз. Мен шеттегі әр қазақ баласын  Алаштың  шашылған  құты мен ырысы,  жаны мен  қаны деп түсінемін.

–  Бала кезіңізде ақын немесе әнші боламын деп  еш армандамаған екенсіз. Керісінше, палуан болыпсыз. Тіпті күрестен үлкен жарыстарға қатысыпсыз. Спортқа қызығушылығыңыз  қалай  басталған еді?

– Моңғолияда  күрес ерекше дамыған өнер. Екінің бірі, егіздің сыңары күреседі десем, асылық айтқандығым емес. Сол әсер етті ме екен қайдам, мен де өзімше ағаларыммен  жағаласып өстім. Түсімде тек қана күрес көретінмін. Моңғол күресінің бір ерекшелігі салмақ таңдамай күресе бересіз. Мәселен, сіздің салмағыңыз 42 килограм болса да 140 килограм палуанмен шаршы алаңға шығасыз.    Ең алғашқы бақ сынауым бірінші сыныпта оқып жүргенімде болды. Алтай ауылының он жылдық орта мектебінде наурызға байланысты-ау деймін, оқушылар арасында  күрес ұйымдастырылды.  Жас арасын ескергені болса керек, балаларды екі топқа бөлді.  Бірінші мен бесінші сынып аралығындағы балаларды бір топқа топтастырса,  алты мен оныншы сынып оқушыларын өзара күрестірді.  Мен кейде тең, кейде жығып кетіп жүретін,  сабақ  үлгерімі өте нашар болып,  бесінші сыныпты екі жыл бойы оқыған көршімнің баласынан  ғана жығылып қалдым. Бірінші орынға он төгөрг(теңге) берсе, екінші орынға сегіз төгөрг (теңге) берді. Бұл  ең алғашқы қол жеткізген  жүлдем еді.  Мұндай ақша ұстап көрмеген мен пақыр қалтамдағы сегіз теңгені түсіріп алмасам жарар  еді  деп, екі аттаған сайын бір тексеріп  үйге келгенім әлі күнге есімде.  Екінші есімде қалғаны –  жүлдеге  екі  қой алғандығым.  Бұл атажұртқа  қоныс аударғаннан кейін болды. Келген жеріміз алдымызға  бес жүз саулық беріп  Зайсанның бір қиырындағы Қараүңгір деген бөлімшенің Сарытолағай деген жеріне апарды.  Жыныс қарағай іші.  Аң біткен алдыңдағы аядай ғана бұлақтан су ішетін көрікті мекен. Сол Қараүңгіріңіз көрнекті жазушы,  керемет көсемсөзші Марат Қабанбайдың туған ауылы екендігін кейін білдім.

Оқиға былай болды. Кыркүйекте қолдарына темір шелек көтерген үш мал дәрігері мен  онға жуық мектеп оқушысы біздің үйге сау ете қалды. Бақсақ, мал ұрықтандыруға келген адамдар екен. Мал ішінде өссек те мұндайды алғаш көруіміз. Жаңағы балаларды соған көмектесуге әкеліпті. Бес күнде бес жүз саулықты әзер дегенде қолмен ұрықтандырып біттік. Соған күйіп кеткен Қуанар деген тілінің шақпасы бар бір жездеміздің « шіркін-ай, жиырма адамның  талтақтап  бес күн бойы істеген бұл  жұмысы  бір қошқардың  бір-ақ  күндік сайраны  екендігіне басы жетпеген қайран  ғана үкімет-ай» дегені есімде қалыпты.  Жұмыс бітіп етке тойған   үш дәрігер  балалардың арасында  күрес ұйымдастырды. Келген оқушылардың түгелін ұршықша иіріп,  екі қой иеленіп жүргенім осы кез ғой. Мектеп қабырғасында  да жаман  болғаным жоқ. Өзім оқыған Зайсанның мектеп-интернатында  атаманы мен атақтысы бар,  мен  деген оқушылардың түгелін дерлік  жауырынын жер иіскеттім.  Содан мынау бала «басқа шауып,  төске өрлеп»  қайда бара жатыр деп өзара ақылдасса керек,  жаңағы атамандардың  оншақтысы  жабыла келіп  тулақша тепкілеп кеткені бар. Екі күндей тұра алмай жаттым.  Бұдан кейін не күресейін деп  өз-өзіме ант беріп, палуандықпен  біржола  қош  айтысып  кеттім.

Ықылас Ожайұлы

Ықылас Ожайұлы

Өлең жазудан бұрын сіз оқушы кезіңізде айтысқан екенсіз. Облыстық айтыста жүлдегер болсаңыз,  республикалық  оқушылар арасында өткен айтыста бас жүлдені иемденіпсіз.

- Оныңыз рас. Тәуелсіздіктің алғашқы кезінде жұрттың баба өнеріне сусап қалғандығы ма  айтыстың ең дәуірлеп тұрған шағы болатын. Оразәлі мен Бекарыстардың  ол кезі студенттік шағы-тұғын. Ауыл адамдары үшін айтыс ең бір тамашалайтын теледидарлық көрсетілім еді.  Бізде осы ағаларымызға қарап еліктеп бақтық.  Ең әуелі  ауыл, аудан арасында айтысып көзге түсе бастадым. Жасырып неме керек, алғашқы айтысымызды жазып алып жаттап айттық.  Барлығы тәжірибенің негізінде болады ғой. Суырып салып айтуға содан кейін машықтана түстік. Айтысқа алғаш баулыған ұстазым  атамекенге  көшті бастап әкелген ақылманымыз  Идеят  атамыз болса, екіншісі жанашырым,   Көгедай мектебінің «қазақ тілі мен әдебиеті»  пәнінің оқытушысы, аяулы ұстазым  Бибікен апай болатын. Құдайдың құтты күні айтысамын десем өтірік айтқандығым емес.  Жаздың  үш айын  қой жаюмен өткізетін мен жазғанның жалғыз ғана ермек ететіні осы айтыс пен кітап болатын.   Айтысты жаныммен жақсы көрдім.  Бұл сіз үшін сенбестік те болар. Бірде ағашпен айтыссам, бірде астымдағы  атыммен айтысамын. Сөйтіп жүріп күннің қалай батқанын да аңдамай да  қалатын кездерім болатын.  1997 жылы облыстық айтыстың жүлдегері болсам,  1998 жылы  Өскемен қаласында өткізілген Республикалық оқушылар айтысының бас жүлдегері болдым.  Қазіргі  қазақ айтыс өнерінің мақтанышына айналып жүрген  Ринат Зайытов пен  Рүстем Қайыртай бәріміз бірге шыққан едік. Ең басты қарсыластарым да осы жігіттер болатын.  Бірақ неге екенін білмеймін, студент болғаннан соң, Тыныштықбек пен Есенғалидың, Жәркен мен Мейірханның  өлеңдерін оқығаннан кейін менің айтысқа деген тәбетім мүлде тартпай қалды.

- Неге?

- Оның себебін айттым ғой жаңа.  «Өркениетті позия әлемі»  деп жеке үй тіккен батыс пен шығысты  айтпағанда өзіміздің  екімыңжылдық дала жырының өзі  менің ақыл-есімді тас-талқан етіп жіберді.  Содан шығар  ойым басқа арнаға түсіп кетті. Сөйтіп өлеңге (поэзияға) ойыстым. 2008 жылы «Адырна» деген алғашқы жыр жинағым жарық көрді.

Мен айтысты поэтикалық журналистика ғана  деп түсінемін.  Немесе екеуара дайындалған сахналық қойылым десем де болады.  Қазіргі қазақ айтысын  тоқырауға ұшырады деп айтсақ асылық болмас еді. Жиырма жыл бойы құлақты сарсытқан ескі әуендер мен тізесі шыққан бірнеше тақырыптарды қайыра айтудан жалықпаған айтыскерлерден шыныменақ  аллергия бола бастадық.  Дәл қазір айтысты аяғына дейін көруге шыдамым жетпейді. Бүгінгі қазақ айтысы қандай болу керек еді? Бүгінгі қазақ айтысы  тым болмағанда маңғыстаулық қайқының бірі Қашағандардың деңгейінде болу керек еді.  Оған  қайдам.  Біз де айтыстан хабары бар  адамбыз. Көріп біліп отырмыз. Жұртты алдаудың ешқандай  қажеті жоқ.  Бүгінгі айтыс  – жаттаудан ғана тұратын таза театрлық көрініс. Сосын айтыскерлерге  көбірек оқып,  көп іздену керек.  Айталық, саясатты жырлау үшін  академиялық болмаса да соған жуықтау  экономикалық сауат қажет. Мәселен, Храпунов отырған кезде ақындарымыз  оны жер-көкке сыйғызбай мақтаған еді.  Биліктен кетіп еді,  тарпа бас  салып  жамандай жөнелді.  Осы мА  айтыс?!  Бұл енді өнер емес,  конъюнктура  немесе  ғайбат десек те болады.  Саясатты айтқан екенсің, әбден, түсініп, біліп айт! Жұрттың эстетикалық танымын түзеуде айтыстың  үлесі үлкен.  Осыны айтыскерлеріміз түсінсе  екен деймін.

- Жақында ғана «Қамшы» сайтының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған байқауына қатысып, поэзия номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алдыңыз. Мұндай жыр-додаларына жиі қатысып тұрасыз ба?

- Қатыспадым десем Құдайға күнәлі болар едім. Жеңілежеңіле жүрекке әбден тиді ғой. Ер-азаматтың намысы болады. Кейде күресті тастамағанымда  дәл мұндай жеңілістің дәмін  татпас едім  деп те пұшайман болған кездерім болды.  Ол енді әдебиетке қарағанда әлдеқайда әділетті ғой. Ақыл-ой жарысында «әділет» дегеніңіздің өзі бір қызық ұғым екен.  Осындайда Тұрсынжан (Шапай) ағамның  айтқандары есіме түседі . Расында, әдебиет –  азшылықтың мүлкі. Мүшәйраның әдебиетке ешқандай қатысы жоқ. Мұны ашық айта аламын . Өлеңді мүшәйра деп ойлап жүргендер өздері  білсін.   Мүшәйраны  ұмытқалы қашан еді.  «Қамшының» төңірегіне топтасқан   бауырларым осы бір жолы  қатысып көрсеңіз қайтеді деген соң бақ сынаған едім.

- Аға, өлеңдеріңізді оқыдым. Өлеңдеріңіздің барлығы  ұлттық құндылықтарға тән,  ел мен жер, сондай-ақ  философиялық тақырыптарға  толы. Неге махаббат тақырыбында өлеңіңіз жоқ?

- «Еркек деген ел жайын ойлаушы еді, мінезін қайдан таптың ұрғашының» деген Тыныштықбек ақынның бір сөзі бар.  Ер-азамат  елім,  жұртым деп өмір сүру керек қой.  Ешкімнің көңіліне келмесін, еркек адамның жылап-сықтап  өлең жазып  отырғанын онша  түсіне қоймаймын.  Әр ақынның өзіндік табиғаты болады.  Сондықтан маған  ел,  этнография,  иман, таным, тақырыптары  әлдеқайда  жақын.  Ал махаббат  (бұл жерде ғашықтық дегеніміз жөн секілді)  тақырыбына қанша оқталсам да  өлең  жаза  алмай-ақ қойдым.

- Тағы бір мақалаңызда «Емлесі  (жазылуы) қазақша дегеніңіз болмаса, ойын (мазмұнын) адам түсінбейтін, бейнебір тәржіма іспетті тексіз (генетикадан ада) өлеңдер қаулап кетті» деген едіңіз.  Бүгінгі қазақ поэзиясының бет алысына көңіліңіз тола ма?  Неге  күңгірт өлеңдер қаптап кетті?

- Сын, әмәнда,  опа беретін жанр емес. Өкінішке қарай, қазіргі  сын  ақынның өлеңіне емес, өз басына арналып кетті ғой. Сын жоқ жерде кілең мақтаулардың өмірге келетіні айтпасақ та түсінікті. Қазір өзіңнен бір мүшел кіші  буынға  ағаларымыз   адам көтеріп тұра алмас,  бас айналдыратын мақтауларды аямастан төгіп жатыр.  Осыған кәдімгідей  қайран қаламын.  Мен  кеше ғана дүниеден өткен кемеңгер  Әбіш Кекілбаев ағамыздың  «бүгінгі қазақ поэзиясының тереңдігі төмендеп, техникасы өсіп кетті» деген пікірімен толыққанды келісемін. Ал сіздің «Неге күңгірт  өлеңдер қаптап кетті?» деген сұрағыңызға келер болсам,  бұл тек қана талантсыздықтың ісі  деп айтқан болар едім. Негізінде өлеңді сіз жазбайсыз,  жаздырады.  Өлеңдегі ең басты шарт ой ғой. Ойы жоқ өлеңді өлең деп айпасақ та болады. Қазір не көп  сөз құраушылар көп . Мұны музыкада (аранжировка)  әрлеуші  дейді.  Музыка дегеннен шығады, дауысы жоқ әншілер қайтеді? Жетпеген жерін басқа нәселермен бүркемелегісі келеді.  Ысқырады,  секіреді,   билейді,  тәнін жалаңаштайды,  сөйтіп дауысының мүмкіндіктері жетпеген тұстарын басқа эффектілермен жауып жіберуге тырысады.  Поэзиядағы күңгірттікті қарапайым ғана түсіндірер  болсақ, осындай- ақ нәрсе. Қолдан күшене отырып  құрап алып,  күрделілікке балап жүрген бұл күңгірттікті  феномен ретінде қараудың  ешқандай  қажеті жоқ деген ойдамын.

- Аға, сіз дәстүрлі әншісіз. Мыңдаған халық әндерін жатқа біледі екенсіз. Оның барлығын қай уақытта үйреніп үлгеріп жүрсіз? Әлде музыкалық біліміңіз бар ма?

- Менің ешқандай музыкалық білімім жоқ.  Бұл енді  қазақтың танымы мен руханиятына деген ғашықтықтан туындаған шығар.  Әншілерден Жүсіпбек пен Манарбектің ,  Ғарифолла мен  Дәнештің, Жәнібек пен Мәдениеттің, күйшілерден  Әбікен мен Мағауияның,  Қали мен  Рысбайдың, Төлеген мен Генералдың өзге де  есімдері  аталмай қалған алыптардың  үнтаспаларын жаным сүйіп тыңдағанымнан шығар, ән менен күй  санама өзінен-өзі жатталып қалды.  Мен өз халқымның өнерін  идеал санайтын адаммын.  Алдыма ордалы отыз жасқа келгенге дейін қазақтың мың әні мен мың күйін, оның  рухани жазбаларын  қалай да толығымен меңгеруім  керек дегенді  бұлжымас қағида  етіп қойдым.  Сөйтіп «Бабалар сөзі» деген сериямен шыққан жүз томдықты толығымен оқып шықтым. Бәрібір бұл халықтың дүниетанымына бойлап жете алмайтынымды білдім. Дүниенің жұмбағы мен хикметі, кісілігі мен иманы  ҚАЗАҚ  деген бір  сөздің ішінде ғана тұр. Бұл ешқандай да эмоция емес. Отызымда мен осыны түсіндім. Ондағы мақсатым, ат шығарып атақ алу емес еді.  Қазақ болуды Жаратушы  тәлейіме жазғандықтан,  мен  әр қазақ баласы  өз халқының өнері мен тарихын  білуі  керек дегенді ғана негізгі мақсат тұттым.

- Сондай-ақ сізді сазгер, күйші  дейді ғой. Қандай әндеріңіз бар? Ол әндеріңізді қазір қандай әншілер орындап жүр ? Күйлеріңізді ше?

- Ойбай-ау, бұл енді қалай болар екен.? Абай жарықтық «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ғой.  Қазақтың  дегдар  ұлдары Ақселеу Сейдімбек пен кеше ғана дүниеден озған Таласбек Әсемқұловпен  ғұмырымда  аз-кем дәмдес болдым. Мүмкін, осының шалығынан ба екен,  ептеп ыңылдайтыным бар.  Сіз айтып отырған ақын, әнші, сазгер деген ұғымдарды өзіме қабылдауға, шынымды айтсам,  әлі күнге дейін жүрегім дауаламайды.  Жиыны жеті  әнім мен екі күйім бар.  «Қоңыр» деген күйімді Ардабек деген мықты күйшінің кешімде орындағаны бар. Ал әндерімді әзірге  ешкімге ұсына қойғаным жоқ.  Бүгінгінің дауылпаз әншілерінің  бірі әм  бірегейіне санайтын Толу (Толғанбай) мен  Еркін Шүкіманов ағаларыма   ұсынсам ба деген  ниетім бар.

- Қазір Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде оқытушы болып жұмыс істейді екенсіз. Журналистикадан неге кетіп қалдыңыз?

- Иә, мен «Жас алаш» газетінің Астанадағы тілшісі ретінде, сондай-ақ «Нұр Астана» газеті мен республикалық «Сарыарқа» журналында үш-төрт жылдай қызмет істедім. Журналистикадан кеткенім жоқ. Ол мүмкін де емес. Қазіргі белгілі сайттар мен порталдарға аптасына болмаса да айына ең болмады дегенде бір мақала беріп тұрамын. Оқытушылыққа ауысуыма келсем қазақтың ең негізгі талмау тұсының ағартушылықта жатқандығын түсіндім. Күніне кем дегенде сексен баланың алдынан өтесің. Мұның  бірдеңені түсіндіремін деген адамға мүмкіндігі мол қызмет. Мен Абаймен  және «Алаш» идеясымен  «ауырып» қалған қазақпын. Жиі қайталап  жүретін бір сөзімді осы орайда тағы да қайыра айта кетейін. Әр қазақ баласының сүйгені Алла, сүйенгені әділет, қорғайтыны азаттық, қорқынышы надандық, ауруы Абай болуы тиіс.  Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі бар. Осы өлеңнің біз тек алғашқы жолынан әріге бара алмай жатамыз. Мағжан төмендегідей  «Алаш айбынды  ұраны,  Қасиетті құраны,  Алаштың олар құрбаны»  критерийлері орындалғанда ғана   «Мен жастарға сенемін»  дейді.  Ол үшін біз осы  атмосфераны  жастарға қалыптастырып беруіміз  керек қой.

- Оқытушылық қызмет атқарып жүргеніңізге бес жылдың бедері болыпты. Алға қойған мақсаттарыңыздың орындалатынына сенесіз бе?

- Әрине, сенбесем мұнда жүрмес едім. Идея заттанады.  Оған еш күмәніңіз болмасын.  Саны біраз, сапасын уақыт көрсете жатар, көптеген студенттерім   Қазақ  дүниетанымын,  тәуелсіз БАҚ-тың табиғатын,  Абай мен «Алаш» идеясы секілді жоталы ұғымдардың мәнін  кәдімгідей түсініп қалды. Зады, оқытушы дегеніміз бұйрық раймен сөйлеп,  бала сұрап баға қоюшы болмаса керек. Студенттеріммен  өте тығыз байланыстамын. Кейде үйіме апарып қондырып,  ағалық ақылымды айтамын.

XX   ғасырдың өн бойын шарпыған саяси бұлғақ  қазақтың рухани  деңгейін  басқа сапаға өткізіп кетті. Ең өкініштісі  сол зиялылар мектебін жойды. Бұл жайлы тіпті  ұзақ айтуға болар еді. Біздің ең басты мақсатымыз көкірек көзі ашық  көкөрім жастарға дұрыс бағдар беріп,  осы вакуумның орынын толтыруға еңбек сіңіру.

- Болашаққа жоспарыңыз?

- XX ғасырдың қазаққа тигізген қасіреті мол. Бір ғана ән өнеріне жасаған  қиянаттың өзін ғана айтып тауыса алмайсың.  Осыны өз жолына қойсақ па  деген ниетіміз бар.  Қазақтың ескі аңыздары мен ертегілерін қарап отырып   бізді мектептің мүлде басқаша оқытқандығына  көзім жетті. Қазақтың ашылмаған ендігі бір әлемі ЕРТЕГІЛЕРДЕ жатыр.  Келесі жылы Алла жеткірсе  отыз беске толамын .  Бұл – Серікбол Қондыбай жасаған жас. Осыны ойласам ар алдында  кірерге тесік таппай қиналып  кетемін. Жоспар көп. Істелмеген іс үшін сізге не дейін енді?..   Ет қызуымен артық кеткен жеріміз болса оқырманнан ғафу өтінемін.   Тек амандық болсын.

Сұхбаттасқан Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ

jezbuyda.kz


Сұқбатпен бөлісіңіз:

Submit to FacebookSubmit to Google PlusSubmit to TwitterSubmit to LinkedIn

Share this article

Пікір жазу

Жұлдызша (*) қойылған жерді міндетті түрде толтыру керек.

Біз туралы

Suqbat.kz сайты, қазақ тілінде түрлі тақырыптағы сұқбаттар жиынтығын ұсынады.

Бас редактор: Алтынбек Құмырзақұлы

Шеф-редактор: Ержан Жаубай

E-mail: suqbat.kz@mail.ru

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы сұқбаттар

Жазылу

Соңғы жаңалықты біліп отырғыңыз келсе, бізге жазылыңыз!